"Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 24 ақпандағы № 137 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2022 жылғы 27 қаңтардағы № 28 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 17 наурызда № 27161 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 24 ақпандағы № 137 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10550 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      ""Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 39) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру қағидаларында:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 39) тармақшасына сәйкес әзірленді және электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) екіжақты аукцион әдісі – сұраныс пен ұсыныстың сараланған графиктерін салыстыру арқылы бағаны айқындауға негізделген электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізу тетігі;

      2) есеп айырысу ведомосы – орталықтандырылған сауда-саттық қорытындылары бойынша орталықтандырылған сауда нарығының операторы жасайтын және қызмет көрсететін банкке орталықтандырылған сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша өзара есеп айырысуды жүзеге асыру үшін жіберілетін құжат;

      3) жұптардың санын азайту – жасалған "сатушы-сатып алушы" жұптарының санын барынша азайтуды қамтамасыз ететін тетік;

      4) клирингтік баға – "бір күн бұрын" режимінде спот-сауда-саттықтың қорытындылары бойынша электр энергиясын сатып алу-сатуды есептеу үшін сұраныс пен ұсыныстың сараланған графиктерімен салыстыра отырып анықталған операциялық тәуліктің әрбір сағаты үшін электр энергиясының бағасы;

      5) қызмет көрсететін банк – электр энергиясының орталықтандырылған саудасы нарығының операторы айқындаған және сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша орталықтандырылған сауда-саттыққа қатысушылардың міндеттемелерін қаржылық реттеуді жүзеге асыратын банк;

      6) мәміле бағасы – "операциялық тәулік ішінде" спот-сауда-саттықтың сауда сессиясы барысында айқындалған электр энергиясының бағасы (талап етілген ыңғайласпа өтінімде көрсетілген баға);

      7) сараланған график – сауда-саттыққа қатысушылардың өтінімдерінде мәлімделген бағалар бойынша, ал бағалар бірдей болған кезде – олардың электрондық сауда жүйесіне түсу уақыты бойынша бір тәртіпке келтірілген тізімі;

      8) "сатушы-сатып алушы" жұптарының тізімі – "сатушы-сатып алушы" жұбы қалыптастырылатын электр энергиясының орталықтандырылған саудасы нарығының операторы жасайтын құжат;

      9) сауда-саттықта жасалған мәмілелердің тізілімі – спот-сауда-саттықта мәмілелер жасасуды және ортамерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдегі орталықтандырылған сауда-саттық бойынша мәмілелерді тіркеуді растайтын, орталықтандырылған сауда нарығының операторы жасайтын құжат;

      10) сауда-саттыққа қатысушы – электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығына қатысуға шарт жасасқан және электрондық сауда жүйесінде нарық операторы тіркеуден өткізген электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектісі;

      11) сауда-саттық лоты – энергия өндіруші ұйымнан электр энергиясының босату бағасы шегінде орталықтандырылған сауда нарығының операторы қалыптастыратын баға диапазоны;

      12) сауда-саттық операторы – электрондық сауда жүйесіндегі жұмыс бойынша электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығы операторының оқытуынан өткен және парольдерге рұқсаты бар, сауда-саттыққа қатысуға байланысты ақпаратты енгізуге құқылы электр энергиясының көтерме нарығы субъектісінің жауапты қызметкері;

      13) сауда сессиясы – сауда-саттыққа қатысу үшін өтінімдер беру жүзеге асырылатын, сондай-ақ электр энергиясының сатып алынған (сатылған) бағасын, көлемін және орталықтандырылған сауда-саттық қорытындылары бойынша "сатушы-сатып алушы" жұптарын айқындау жүзеге асырылатын процесс;

      14) төлемді қамтамасыз ету – жасалған мәмілелердің тиісінше орындалуын қамтамасыз ету болып табылатын, берілетін өтінімдегі электр энергиясы көлемі құнының мөлшерінде спот-сауда-саттықтардың өтуі басталғанға дейін қызмет көрсететін банкке салатын орталықтандырылған саудаға қатысушылардың ақшасы;

      15) үздіксіз ыңғайласпа сауда-саттық әдісі – келіп түскен өтінімдер қолда бар ыңғайласпа өтінімдер есебінен қанағаттандырылатын электр энергиясының орталықтандырылған саудасын өткізу тетігі;

      16) электрондық сауда жүйесі – электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізуді қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық, техникалық, бағдарламалық компоненттер кешені;

      17) электр энергиясының бағасы – орта мерзімді, ұзақ мерзімді кезеңдерге орталықтандырылған сауда-саттық барысында айқындалған электр энергиясының бағасы;

      18) электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығы – электр энергиясын қысқа мерзімді (спот-сауда-саттығы), орта мерзімді (апта, бір ай) және ұзақ мерзімді (тоқсан, жыл) негізде сатып алу-сату үшін ұйымдастырылған сауда алаңы;

      19) электр энергиясының орталықтандырылған саудасына қатысуға арналған өтінім – электр энергиясының бағасын, көлемін және жеткізу мерзімін көрсете отырып, электр энергиясын сатып алу (сату) үшін орталықтандырылған саудасына қатысуға арналған сауда-саттыққа қатысушының ресми өтініші (мәлімдемесі);

      20) электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығына қатысу шарты – электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектісі мен электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығы операторының арасында электр энергиясының орталықтандырылған саудасына қатысу туралы жасалатын жазбаша шарт;

      21) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізу графигі – электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізу күнін, басталу және аяқталу уақытын көрсете отырып жасалатын кесте.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.";

      8-тармақ алып тасталсын;

      22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Энергия өндіруші ұйым күнтізбелік айда өздері өндіретін электр энергиясы көлемдерінің 10%-ынан аспайтын көлемде энергия өндіруші ұйымнан электр энергиясының босату бағасынан асатын тариф бойынша спот-сауда-саттықта электр энергиясын өткізеді.";

      49-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "49. Энергия өндіруші ұйым электр энергиясына босату бағасын дербес, бірақ электр энергиясын өткізетін энергия өндіруші ұйымдардың тиісті тобының электр энергиясына шекті тарифінен аспайтындай етіп белгілейді.";

      63, 64, 65, 66, 67, 68, 69, 70 және 71-тармақтар алып тасталсын.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
Б. Акчулаков