Қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 3 тамыздағы № 286 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 6 тамызда № 23901 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 58-бабының 2-тармағына, 73-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес кейбір бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық саясат және тұрақты даму департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстардың жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрінің м.а.
А. Примкулов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрінің м.а.
2021 жылғы 3 тамыздағы
№ 286 Бұйрықпен
бекітілді

Қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 26.10.2021 № 425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 58-бабының 2-тармағына, 73-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және онда қоғамдық тыңдауларды өткізу тәртібі айқындалады.

      2. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылады:

      жұртшылық – бір немесе бірнеше жеке немесе заңды тұлға, коммерциялық емес ұйымдар, сондай-ақ қауымдастықтар, одақтар немесе өзге де бірлестіктер;

      мүдделі жұртшылық – қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша қабылданатын шешімдерде мүдделері қозғалатын немесе қозғалуы мүмкін немесе осы шешімдерді қабылдау үдерісіне қатысуға мүдделі жұртшылық;

      ықтимал әсерлер туралы есепті әзірлеуші – қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге лицензиясы бар жеке және (немесе) заңды тұлға;

      қоғамдық тыңдаулар – ашық жиналыстар өткізу, Бірыңғай экологиялық порталда (бұдан әрі – Портал) көпшілік талқылауларын жүргізу арқылы қоршаған ортаны қорғау және Қазақстан Республикасының тұрақты дамуы мәселелері қозғалатын мемлекеттік және басқарушылық шешімдерді қабылдауға қоғамның қатысу нысандарының бірі болып табылады.

      3. Қоғамдық тыңдаулар бойынша ақпаратты Порталда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының және Кодекстің 52-бабының 3-тармағында санамаланған салалардағы мемлекеттік бағдарламалардың жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдардың (бұдан әрі – әзірлеуші мемлекеттік орган) ресми интернет-ресурстарында орналастыру үшін, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша "Қоғамдық тыңдаулар" арнайы айдары құрылады.

      4. Порталды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы жүргізеді.

      5. Портал демалыс, мереке күндерін және жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы жұмыс істейді. Сағат 18.00-ден кейін келіп түскен сұрату хаттары мен қоғамдық тыңдауларды өткізу туралы хабарландыруларды тіркеу келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

2-тарау. Ашық жиналыстар арқылы қоғамдық тыңдауларды өткізу тәртібі

      6. Ашық жиналыс арқылы қоғамдық тыңдаулар мынадай кездерде:

      1) Кодекстің 52-бабының 3-тармағында санамаланған салалардағы мемлекеттік бағдарламалардың жобаларына, аумақтарды дамыту бағдарламаларына және елді мекендердің бас жоспарларына, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің жобасына қатысты стратегиялық экологиялық бағалау (оның ішінде трансшекаралық әсерлерді бағалау қоса жүргізілетін) жүргізу;

      2) ықтимал әсерлер туралы есептердің жобаларына қатысты қоршаған ортаға әсерді бағалау (оның ішінде трансшекаралық әсерлерді бағалау қоса жүргізілетін);

      3) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының үш жылдық перспективаға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеуі;

      4) мыналар бойынша мемлекеттік экологиялық сараптама объектілеріне қатысты мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыру:

      экологиялық рұқсат алу үшін көзделген, қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін I санат объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамалары;

      қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін II санаттағы объектілерді, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 165 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10666 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 165 қағидалар) бекітілген № 165 қағидалардың 9-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген өндірістік ғимараттар мен құрылыстардың өнеркәсіптік объектілерін, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілерді қоспағанда, өзге де құрылыстарды салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамалары бойынша жүргізіледі.

      7. Көзделіп отырған қызмет бір әкімшілік-аумақтық бірліктен (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттердің, ауылдардың) астам аумаққа әсер етуі мүмкін құжаттар бойынша қоғамдық тыңдаулар әрбір осындай әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында, оның ішінде:

      1) егер бүкіл республиканың аумағына қатысты болса – облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың әрбір әкімшілік орталығында және астанада;

      2) егер бірнеше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және (немесе) астананың аумағына қатысты болса – облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың әрбір әкімшілік орталығында және (немесе) астанада;

      3) егер бірнеше ауданның аумағына қатысты болса – аудандардың әрбір әкімшілік орталығында;

      4) егер бірнеше ауылдың (ауылдық округтің), кенттің, облыстық және аудандық маңызы бар қаланың аумағына қатысты болса – әрбір ауылда (ауылдық округте), кентте, облыстық және аудандық маңызы бар қалада өткізіледі.

      8. Көзделіп отырған қызметтің бастамашысы жұртшылық үшін қолжетімді болатын, ұсынылатын орындарды, қоғамдық тыңдаулардың басталатын күні мен уақытын көрсете отырып, қатысы бар аумақтың шегінде толық немесе ішінара орналасқан тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) Портал арқылы қоғамдық тыңдауларды өткізуге сұрату хатын жібереді.

      9. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары күнтізбелік он күн ішінде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізуге жіберілген сұрату хатын қарап, қоғамдық тыңдаулар өткізуді келіседі және осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көзделіп отырған қызметтің бастамашысына жауап хатты жібереді.

      10. Осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес өткізу орны көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру нәтижесінде ықпал етуі мүмкін әкімшілік-аумақтық бірліктер аумағына жатпайтын, сондай-ақ өткізу күні мен уақыты демалыс және/немесе мереке күндеріне, жұмыс істемейтін уақытқа сәйкес келетін жағдайда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органы бас тартудың дәлелді себептерін көрсете отырып, қоғамдық тыңдаулар өткізуді келіспейді.

      11. Көзделіп отырған қызметтің бастамашысы қоғамдық тыңдауларды өткізу орнын, күні мен уақытын келіскеннен кейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымына портал арқылы мыналарды:

      1) осы Қағидалардың 12-тармағына сәйкес қоғамдық тыңдаулардың тақырыбына байланысты қоғамдық тыңдауларға шығарылатын құжаттар топтамасын;

      2) қоғамдық тыңдауларды өткізуді келісу туралы жауап хатты;

      3) мерзімді баспасөз басылымында қоғамдық тыңдаулар өткізілетіндігі туралы хабарландырудың уақтылы орналастырылғандығын растайтын құжатты (газет);

      4) кемінде бір теле немесе радиоарнада қоғамдық тыңдаулар өткізілетіндігі туралы хабарландырудың уақтылы орналастырылғандығын растайтын құжатты жібереді.

      12. Ашық жиналыс арқылы өткізілетін қоғамдық тыңдаулар үшін мынадай:

      1) Кодекстің 52-бабының 3-тармағында санамаланған салалардағы мемлекеттік бағдарламалардың, аумақтарды дамыту бағдарламаларының және елді мекендердің бас жоспарларының жобалары, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің жобасы, оның ішінде Кодекстің 57-бабы 4-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10) тармақшалары бойынша қысқаша және жинақталған қорытындыларды қамтитын стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің түйіні (стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептерге қатысты стратегиялық экологиялық бағалау, оның ішінде трансшекаралық әсерлерді бағалау қоса жүргізілетін жағдайда);

      2) ықтимал әсерлер туралы есеп жобасы, оның ішінде Кодекстің 72-бабы 4-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11), 12) тармақшаларында көрсетілген ақпарат жинақталған, қысқаша техникалық емес түйін (ықтимал әсерлер туралы есептердің жобаларына қатысты қоршаған ортаға әсерді бағалау, оның ішінде трансшекаралық әсерлерді бағалау қоса жүргізілетін жағдайда);

      3) үш жылдық перспективаға әзірленген қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобалары (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары әзірлейтін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларына қатысты);

      4) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілетін объектінің түріне байланысты міндетті мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілетін объектілерге қатысты:

      экологиялық рұқсат алу үшін көзделген, қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін I санат объектілерді салу және (немесе) пайдаланудың жобалау құжаттамалары;

      қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін II санаттағы объектілерді, оның ішінде № 165 қағидалар Қағидалардың 9-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген өндірістік ғимараттар мен құрылыстардың өнеркәсіптік объектілерін, өзге де құрылыстарды салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттама топтамасы ұсынылады.

      13. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынышты ұйымы екі жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген құжаттарды Порталда орналастырады және оларды ресми интернет-ресурста орналастыру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына жібереді.

      14. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде оларды өздерінің ресми интернет-ресурсында орналастырады.

      15. Қоғамдық тыңдауларға шығарылатын құжаттар Порталда және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының ресми интернет-ресурсында, сондай-ақ әзірлеуші мемлекеттік органның интернет-ресурсында танысу үшін орналастырылған күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей орналастырылады.

      16. Қоғамдық тыңдауларды ашық жиналыстар нысанында өткізу үшін, көзделіп отырған қызметтің бастамашысы жобаның атауы, қоғамдық тыңдаулар өткізілетін күні, орны мен уақыты міндетті түрде көрсетілген, еркін нысанда құрастырылған, қоғамдық тыңдаулар өткізілетіндігі туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде кемінде бір мерзімді баспасөз басылымында (газет) және қатысы бар аумақтың шегінде толық немесе ішінара орналасқан барлық тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің) аумағында таратылатын кемінде бір теле немесе радиоарна арқылы, сондай-ақ мүдделі жұртшылық үшін қолжетімді орындарда таратуды ұйымдастырады.

      17. Ашық жиналыстар арқылы қоғамдық тыңдауларды өткізу күні бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық тыңдаулар өткізілетіндігі туралы хабарландыру орналастырылатын күннен бастап жиырма жұмыс күнінен ерте емес уақытқа белгіленеді.

      18. Мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылық қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынышты ұйымына қоғамдық тыңдаулар басталатын күнге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей, қоғамдық тыңдауларға шығарылатын құжаттарға өз ескертулері мен ұсыныстарын жазбаша нысанда (қағаз немесе электрондық тасымалдағышта) жібереді.

      19. Келіп түскен ескертулер мен ұсыныстар Порталдың "Қоғамдық тыңдаулар" айдарында орналастырылады және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына ресми интернет-ресурсқа орналастыру үшін жіберіледі.

      20. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органының немесе әзірлеуші мемлекеттік органның өкілі жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде қоғамдық тыңдауларға қатысушыларды тіркейді.

      21. Қоғамдық тыңдаулар аумағында тыңдаулар өткізілетін әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органы немесе аумағында қоғамдық тыңдаулар өткізілетін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (ауылдар, кенттер, ауылдық округтер) әкімі аппараты өкілдерінің, немесе әзірлеуші мемлекеттік орган өкілінің төрағалық етуімен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган (I санат объектілері үшін), көзделіп отырған қызметтің бастамашысының (оның өкілінің) және мүдделі жұртшылықтың қатысуымен өткізіледі.

      22. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органы немесе әзірлеуші мемлекеттік орган қоғамдық тыңдаулардың толық бейне-және аудиожазбасын қамтамасыз етеді. Осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес қоғамдық тыңдаулардың бейне және аудиожазбасы бар электрондық тасымалдағыш ашық жиналыстар арқылы өткізілген қоғамдық тыңдаулардың хаттамасына (бұдан әрі – Хаттама) қоса тіркелуі тиіс.

      23. Мүдделі жұртшылық өкілдері болмаған кезде қоғамдық тыңдаулар өткізілмеді деп есептеледі. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары жеті жұмыс күні ішінде "Қоғамдық тыңдаулар" айдарына өткізілмеген қоғамдық тыңдаулар туралы хабарламаны орналастырады.

      24. Қоғамдық тыңдаулардың төрағасы қоғамдық тыңдауларды ашады және қатысушылардың назарына оның регламентін жеткізеді. Қоғамдық тыңдаулардың хатшысы қатысушылар арасынан қарапайым көпшілік даусымен сайланады және осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес регламент бекітіледі.

      25. Қоғамдық тыңдауларды өткізу кезінде барлық қатысушылардың қарапайым көпшілігі даусының нәтижелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың нақты тұжырымдалмаған және ескертулер мен ұсыныстардың мәнін білдірмейтін немесе қоғамдық тыңдаулардың тақырыбына мүлде қатысы жоқ ескертпелері мен ұсыныстары ескерілмейді.

      26. Қоғамдық тыңдауларды өткізу мерзімі қатарынан бес жұмыс күнінен аспайды.

      27. Ашық жиналыстар арқылы қоғамдық тыңдауларды өткізу нәтижелері бойынша хаттама ресімделеді.

      28. Қоғамдық тыңдаулардың хатшысы хаттаманы ресімдейді.

      29. Қоғамдық тыңдаулар аяқталған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде хаттамаға қоғамдық тыңдаулардың төрағасы мен хатшысы қол қояды.

      30. Аумағында қоғамдық тыңдаулар өткізілген әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органы немесе әзірлеуші мемлекеттік орган хаттамаға қол қойылған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей, қол қойылған хаттаманы, қоғамдық тыңдаулардың бейне және аудиожазбасын Порталда және өзінің ресми интернет-ресурсында орналастырады.

      31. Төтенше жағдай және (немесе) шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар енгізілген жағдайда қоғамдық тыңдаулар онлайн режимінде өткізіледі.

      32. Қоғамдық тыңдауларды өткізу кезінде тіркеу басталғаннан бастап қоғамдық тыңдаулардың жабылуына дейін қоғамдық тыңдаулардың қорытындыларын шығара отырып, қоғамдық тыңдаулардың ашық жиналысының барлық барысын үздіксіз жазу қамтамасыз етіледі.

      33. Қоғамдық тыңдаулардың жазбасы хаттамаға қоса тіркелуі (жариялануы) тиіс және Порталда ашық қолжетімді етіп орналастырылады.

3-тарау. Ықтимал әсерлер туралы есептердің жобаларына қатысты қоғамдық тыңдаулар өткізу

      34. Хаттамада мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың ескертулері мен ұсыныстары, сондай-ақ қоғамдық тыңдауларды өткізу барысында авторлары алып тастамаған ескертулер мен ұсыныстар болмаған жағдайда, қоғамдық тыңдаулардың төрағасы екі жұмыс күні ішінде қол қойылған хаттаманы Кодекстің 76-бабына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды дайындау үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жібереді.

      35. Хаттамада қоғамдық тыңдауларды өткізу барысында авторлары алып тастамаған, мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың ескертулері мен ұсыныстары болған жағдайда, көзделіп отырған қызметтің бастамашысы осындай ескертулер мен ұсыныстарға сәйкес ықтимал әсерлер туралы есеп жобасын пысықтауды қамтамасыз етеді және ықтимал әсерлер туралы есептің пысықталған жобасын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жібереді.

      36. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ықтимал әсерлер туралы есептің пысықталған жобасын алғаннан кейін қоғамдық тыңдаулар қайтадан ұйымдастырылады.

      37. Қоғамдық тыңдауларды қайта өткізу кезінде ықтимал әсерлер туралы есептің жобасы бастапқы қоғамдық тыңдаулардың хаттамасына енгізілген ескертулер мен ұсыныстарға сәйкес пысықталған бөлігінде қаралады. Егер қоғамдық тыңдауларға қайта шығарылатын құжаттарды пысықтау кезінде қоғамдық тыңдаулар хаттамасына енгізілген қандай да бір ескертулер мен ұсыныстар ескерілмеген болса, онда қоғамдық тыңдауларды қайтадан өткізу барысында көзделіп отырған қызмет бастамашысының құжаттарды пысықтаудан бас тарту себептері де қаралады.

      38. Бастамашы қоғамдық тыңдауларды қайта өткізу барысында авторлары алып тастамаған, мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың ескертулерімен және ұсыныстарымен келіспеген жағдайда, оның тиісті пікірі қайтадан өткізілген қоғамдық тыңдаулар хаттамасына енгізіледі, содан кейін даулы мәселелер бойынша келіспеушіліктер Кодекстің 74-бабына сәйкес шешіледі.

      39. Сараптама комиссиясы отырысының хаттамасы қол қойылған күнінен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмей Порталда орналастырылады, сондай-ақ оны облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары және әзірлеуші мемлекеттік орган ресми интернет-ресурста орналастырады.

      40. Сараптама комиссиясы ықтимал әсерлер туралы есептің жобасын пысықтау қажеттігі туралы шешім қабылдаған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары есептің жобасын сараптама комиссиясы хаттамаға қол қойған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей көзделіп отырған қызметтің бастамашысына пысықтауға жібереді, содан кейін осы Қағидалардың ережелері қайта қолданылады.

4-тарау. Жария талқылаулар арқылы қоғамдық тыңдауларды өткізу тәртібі

      41. Бірыңғай экологиялық порталда жария талқылау нысанындағы қоғамдық тыңдауларды көзделіп отырған қызметтің бастамашысы:

      1) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу барысында, өнеркәсіптік объектілерді, өндірістік ғимараттар мен құрылыстарды қоспағанда, № 165 Қағидалардың 9-тармағында көзделген тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілерді, сондай-ақ № 165 Қағидалардың 9-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген өзге де құрылыстарды салу жобалары бойынша;

      2) Кодекстің 87-бабының 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8, 9) тармақшаларында санамаланған жобалар бойынша;

      3) экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламаларының жобаларын әзірлеу кезінде, оның ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен бұрын келісілген бағдарламаларды толық немесе ішінара қайта қарайтын жағдайда;

      4) ең озық қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтардың жобаларын әзірлеу кезінде өткізеді.

      42. Жария талқылаулар нысанындағы қоғамдық тыңдауларды өткізу үшін көзделіп отырған қызметтің бастамашысы жария талқылаулар басталатын күнге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей, қатысты аумақтың шегінде толық немесе ішінара орналасқан барлық тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің) аумағында таратылатын кемінде бір бұқаралық ақпарат құралында (мерзімді баспасөз басылымында, телеарна немесе радиоарна арқылы), сондай-ақ хабарландыруларды орналастыру үшін арнайы тағайындалған орындарда жария талқылау нысанындағы қоғамдық тыңдаулар өткізілетіндігі туралы, мемлекеттік және орыс тілдеріндегі хабарландыруды жариялауды ұйымдастырады.

      43. Жария талқылаулар арқылы қоғамдық тыңдауларды өткізу үшін көзделіп отырған қызметтің бастамашысымен Бірыңғай экологиялық порталда мынадай құжаттар орналастырылады:

      1) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу барысында, өнеркәсіптік объектілерді, өндірістік ғимараттар мен құрылыстарды қоспағанда, № 165 Қағидалардың 9-тармағында көзделген объектілерді, сондай-ақ № 165 Қағидалардың 9-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген өзге де құрылыстарды салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамалары;

      2) Кодекстің 87-бабының 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9) тармақшаларында санамаланған объектілер бойынша жобалау құжаттамалары;

      3) экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламаларының жобалары;

      4) ең озық қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтардың жобалары;

      5) кемінде бір бұқаралық ақпарат құралында (мерзімді баспасөз басылымында, телеарна немесе радиоарна арқылы) жария талқылаулар арқылы қоғамдық тыңдаулар өткізілетіндігі туралы хабарландырудың уақтылы орналастырылғандығын растайтын құжат.

      5. Жария талқылануы тиіс жобалар орналастырылған күнінен бастап мынадай мерзім ішінде ескертулер мен ұсыныстарды ұсыну үшін қолжетімді болады:

      1) Кодекстің 87-бабының 3), 4), 5), 6), 7), 8) тармақшаларында көрсетілген объектілер бойынша – жиырма жұмыс күні ішінде;

      2) экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламаларының жобалары бойынша жиырма жұмыс күні ішінде;

      3) экологиялық рұқсаттарды беру рәсімі шеңберінде:

      экологиялық рұқсат алу үшін көзделген, II санат объектілерінің жобалау құжаттары бойынша – он бес жұмыс күні ішінде;

      экологиялық рұқсат алу үшін, № 165 Қағидалардың 9-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген өзге де құрылыстарды қоспағанда, № 165 Қағидалардың 9-тармағында көзделген тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілерді салу жобалары бойынша - он бес жұмыс күні ішінде;

      Кодекстің 87-бабының 9) тармақшасында көрсетілген объектілер бойынша - он жұмыс күні ішінде;

      4) Кодекстің 87-бабының 2) тармақшасында көрсетілген объектілер бойынша - бес жұмыс күні ішінде;

      5) ең озық қолжетімді техникалар жөніндені анықтамалықтардың жобалары бойынша – он жұмыс күні ішінде.

      Талқыланатын жобаларға қатысы жоқ ескертулер мен ұсыныстар, сондай-ақ жария талқылау мерзімі өткеннен кейін қабылданбайды.

      45. Жария талқылау кезеңінде көзделіп отырған қызметтің бастамашысы Порталға келіп түскен ескертулер мен ұсыныстарға жауап береді.

      46. Жария талқылау арқылы қоғамдық тыңдауларды өткізу нәтижелері бойынша осы Қағидалардың 6-қосымшасына сәйкес нысан бойынша хаттама ресімделеді.

      47. Қоғамдық тыңдауларды жария талқылаулар арқылы өткізу нәтижелері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органының жауапты адамы осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хаттаманы ресімдейді және қол қояды.

      48. Аумағында қоғамдық тыңдаулар өткізілген әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органы Хаттамаға қол қойылған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қол қойылған хаттаманы порталда және өзінің ресми интернет-ресурсында орналастырады.

      49. Мемлекетттік экологиялық сараптаманың жобалау құжаттарына келіп түскен ескертулер мен ұсыныстарға көзделіп отырған қызмет бастамашысының дәлелді жауаптары болмаған жағдайда, экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын орган Кодекстің 87-бабының 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8, 9) тармақшаларында көзделген объектілер бойынша қоғамдық талқылауларды қайтадан өткізу қажеттілігі туралы жауапты жібереді.

  Қоғамдық тыңдауларды
өткізу қағидаларына
1-қосымша

"Қоғамдық тыңдаулар" арнайы айдарының нысаны

      Қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарландыру мынадай ақпаратты қамтиды:

      1) жобаның атауын;

      2) аумағына ықпал ету мүмкін болатын және аумағында қоғамдық тыңдаулар өткізілетін әкімшілік-аумақтық бірліктердің тізімін (егер тыңдаудың бір тақырыбы бойынша қоғамдық тыңдаулар бірден артық әкімшілік-аумақтық бірлікте өткізілетін болса);

      3) қоғамдық тыңдаулар өткізілетін орнын, басталатын күні мен уақытын. Ашық жиналысты өткізу мерзімі қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың шешімі бойынша қатарынан бес жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін;

      4) көзделіп отырған қызмет бастамашысының деректемелері мен байланыс деректерін;

      5) ықтимал әсерлер туралы есептерді әзірлеушілердің немесе стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептерді дайындау бойынша сырттан тартылған сарапшылардың немесе мемлекеттік экологиялық сараптама объектілерінің құжаттамасын, тиімділікті арттыру бағдарламаларын, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеушілердің деректемелері мен байланыс деректерін;

      6) қоғамдық тыңдауларға шығарылатын материалдармен, ал кейін қоғамдық тыңдаулардың жарияланған хаттамасымен танысуға болатын Бірыңғай экологиялық порталға және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органының ресми интернет-ресурсына сілтемені;

      7) көзделіп отырған қызмет, өткізілетін қоғамдық тыңдаулар туралы қосымша ақпарат алуға, сондай-ақ көзделіп отырған қызметке қатысты құжаттардың көшірмелерін сұратуға болатын электрондық мекенжайы мен телефон нөмірін (- лерін);

      8) қоғамдық тыңдауларға шығарылатын құжаттар бойынша және қоғамдық тыңдаулардың жарияланған хаттамасы бойынша жұртшылық пен мүдделі жұртшылық өз ескертулері мен ұсыныстарын жазбаша немесе электрондық нысанда жібере алатын, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органының электрондық мекенжайы мен пошталық мекенжайын;

      9) мерзімді басылымда (газетте) қоғамдық тыңдаулар өткізілетіндігі туралы хабарландырудың уақытылы орналастырылғандығын растайтын құжатты;

      10) кемінде бір теле- немес радиоарнада қоғамдық тыңдаулардың өткізілетіндігі туралы хабарландырудың уақытылы орналастырылғандығы растайтын құжатты;

      11) түсіру уақыты көрсетілетін бұрыштық электрондық мөртабаны бар, көпшілікке қолжетімді жерлерде орналастырылған, ашық жиналыстар арқылы қоамдық тыңдаулар өткізілетіндігі туралы хабарландырулардың суретін.

  Қоғамдық тыңдауларды
өткізу қағидаларына
2-қосымша

Қоғамдық тыңдаулар өткізуге сұрату хаттың нысаны

______________________________________________________________________________
(хаттың тіркеу деректері, шығыс нөмірі, күні)
"Сіздерге _________________________________________________________________
(жобаның атауы)
қоғамдық тыңдаулар өткізілетіндігі жөнінде хабарлаймыз.
Ол келесі аумақта жүзеге асырылатын болады:
_________________________________________________________________________
(әсер ету аумағы, учаскенің географиялық координаттары)
Аумағына әсер етуі мүмкін және аумағында қоғамдық тыңдаулар өткізілетін әкімшілік-
аумақтық бірліктердің тізбесін ұсынамыз:
__________________________________________________________________________
Қоғамдық тыңдаулардың тақырыбы:
__________________________________________________________________________
(қоғамдық тыңдаулар тақырыбы көзделіп отырған қызметтің нақты атауын, жүзеге
асырылатын орнын, мерзімін және аталмыш қызмет бастамашысының атауын қамтиды)
Қоғамдық тыңдауларды өткізудің төменде көрсетілген шарттарын келісуді
сұраймыз:______________________________________________________________________
(қоғамдық тыңдаулар өткізілетін орны, күні және уақыты)
Елді мекенде (мекендерде) қоғамдық тыңдауларды өткізу орны олардың көзделіп отырған
қызмет аумағына жақын орналасуына негізделген (__________км).
Қоғамдық тыңдаулар өткізілетіндігі туралы қазақ және орыс тілдеріндегі хабарландыру
мынадай тәсілдермен таратылатын болады:
______________________________________________________________________
(хабарландыру орналастырылатын газеттің, теле-және радиоарнаның атауы)
__________________________________________________________________________
(жұртшылық үшін қолжетімді орындардың орналасуы)
Сонымен қатар қоғамдық тыңдауларды өткізу кезінде бейнеконференцбайланысты
ұйымдастырудың техникалық мүмкіндігі болатындығын растауды сұраймыз.
Заңнама талаптарына сәйкес қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың тіркелуін және
тыңдаулардың бейне- және аудиожазбасын қамтамасыз етуді сұраймыз."
__________________________________________________________________________
(қоғамдық тыңдаулар бастамашысының тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), лауазымы,
өкілі болып табылатын ұйымның атауы, қолы, байланыс деректері).

  Қоғамдық тыңдауларды
өткізу қағидаларына
3-қосымша

Қоғамдық тыңдаулардың бастамашысына ұсынылатын жауап хаттың нысаны

_______________________________________________________________________________
(хаттың тіркеу деректері, шығыс нөмірі, күні)
"Сіз ұсынып отырған қоғамдық тыңдауларды өткізу шарттарын келісу туралы хатыңызға
(_________________ (күні) шығ. №_________) жауап ретінде келесіні хабарлаймыз:
Сіз ұсынып отырған ______________________ (қоғамдық тыңдаулар өткізілетін күні, орны,
уақыты) __________________________ тақырыбы бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізуді
келісеміз."
немесе "Мынадай себептерге байланысты___________________________________________
(келіспеу себептеріне мыналар жатады: өткізілетін орынның көзделіп отырған қызметті
жүзеге асыру нәтижесінде аумағына әсер етуі мүмкін әкімшілік-аумақтық бірліктердің
аумағына жатпайтындығы; өткізілетін күні мен уақыты демалыс және / немесе мереке
күндеріне, жұмыс істемейтін уақытқа сәйкес келеді) Сіз ұсынып отырған
______________________ (қоғамдық тыңдаулар өткізілетін күні, орны, уақыты)
_______________________ тақырыбы бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізуді келіспейміз."
"Қоғамдық тыңдаулар өткізілетіндігі туралы хабарландыруды таратудың Сіз ұсынып
отырған тәсілдерін қолдаймыз"
немесе "Жұртшылықты неғұрлым тиімді хабардар ету үшін мынадай тәсілдермен -
___________________________________ толықтыруды (ауыстыруды) ұсынамыз".
"Қоғамдық тыңдауларды өткізу барысында бейнеконференцбайланысты ұйымдастырудың
техникалық мүмкіндігі болатындығын растаймыз".
"Мүдделі мемлекеттік органдардың тізбесі:
1.
2. "
_______________________________________________________________________________
(қоғамдық тыңдаулар бастамашысының тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), лауазымы,
өкілі болып табылатын ұйымның атауы, қолы, байланыс деректері).

  Қоғамдық тыңдауларды
өткізу қағидаларына
4-қосымша

Ашық жиналыстар арқылы өткізілетін қоғамдық тыңдаулар хаттамасының нысаны

      1. Аумағында қызмет жүзеге асырылатын немесе аумағына ықпал етілетін

      әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың,

      астананың) жергілікті атқарушы органының атауы:

      ________________________________________________________________________

      2. Қоғамдық тыңдаулардың тақырыбы:

      __________________________________________________________________________

      (қаралатын жобалау материалдарының толық, нақты атауы)

      3. Қоғамдық тыңдауларға шығарылатын материалдар жіберілген қоршаған ортаны

      қорғау саласындағы уәкілетті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар

      қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органының атауы.

      4. Көзделіп отырған қызметтің орналасатын жері:

      __________________________________________________________________________

      (көзделіп отырған қызмет учаскесі аумағының толық, нақты мекенжайы,

      географиялық координаттары)

      5. Көзделіп отырған қызметтің ықтимал әсеріне қатысы бар барлық әкімшілік-

      аумақтық бірліктердің атауы:

      __________________________________________________________________________

      (белгіленге көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру нәтижесінде аумағына әсер етуі

      мүмкін және аумағында қоғамдық тыңдаулар өткізілетін әкімшілік-аумақтық бірліктердің тізбесі)

      6. Көзделіп отырған қызмет бастамашысының деректемелері және байланыс

      деректері:

      __________________________________________________________________________

      (оның ішінде нақты атауы, заңды және нақты мекенжайы, БСН, ЖСН, телефондары,

      факстары, электрондық пошталары, сайттары)

      7. Ықтимал әсерлер туралы есептерді әзірлеушілердің немесе стратегиялық

      экологиялық бағалау жөніндегі есептерді дайындау бойынша сырттан тартылған

      сарапшылардың немесе мемлекеттік экологиялық сараптама объектілерінің

      құжаттамасын әзірлеушілердің деректемелері мен байланыс деректері.

      __________________________________________________________________________

      (оның ішінде нақты атауы, заңды және нақты мекенжайы, БСН, ЖСН, телефондары,

      факстары, электрондық пошталары, сайттары)

      8. Қоғамдық тыңдаулар өткізілетін күн, уақыт, орын (қоғамдық тыңдаулардың ашық

      жиналысы өткізілетін күн (күндер) және уақыт):

      ________________________________________________________________________

      (қатысушыларды тіркеу басталатын күн, уақыт, қоғамдық тыңдаулардың басталатын

      уақыты, тыңдаудлар өткізілетін орынның толық және нақты мекенжайы. Қоғамдық

      тыңдаулар ұзартылатын жағдайда барлық күндер көрсетіледі)

      9. Көзделіп отырған қызметтің бастамашысы жіберген сұрату хатының көшірмесі

      және қоғамдық тыңдауларды өткізу шарттарын келісу туралы әкімшілік-аумақтық

      бірліктердің жергілікті атқарушы органдары ұсынған жауап хаттың көшірмесі осы

      қоғамдық тыңдаулар хаттамасына қоса беріледі.

      10. Қоғамдық тыңдауларға қатысушыларды тіркеу парағы осы қоғамдық тыңдаулар

      хаттамасына қоса беріледі.

      11. Қоғамдық тыңдаулардың өткізілетіндігі туралы ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде мынадай тәсілдермен таратылды:

      1) Бірыңғай экологиялық порталда;

      2) жергілікті атқарушы органның (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың,

      астананың) ресми интернет-ресурсында немесе әзірлеуші мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында

      __________________________________________________________________________

      (ресми интернет–ресурстардың атауы, сілтемелер және жарияланған күні)

      3) қоғамдық тыңдаулар басталған күнге дейін жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей,

      бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде кемінде бір газетте және қатысы

      бараумақтың шегінде толық немесе ішінара орналасқан тиісті әкімшілік – аумақтық

      бірліктердің (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында

      таратылатын кемінде бір теле-немесе радиоарна арқылы бұқаралық ақпарат

      құралдарында:

      ________________________________________________________________________

      (газеттегі хабарландырудың атауын, нөмірін және жарияланған күнін көрсету,

      сондай-ақ газеттің сканерленген титулдық беті мен қоғамдық тыңдаулар

      өткізілетіндігі туралы хабарландыру берілген бетті қамтитын, сканерленген

      хабарландыруды қоса ұсыну)

      __________________________________________________________________________

      (теле немесе радиоарнаның атауын, хабарландыру жарияланған күнді көрсету, теле

      немесе радиоарнада жарияланған қоғамдық тыңдаулар өткізілетіндігі туралы

      хабарландырудың бейне және аудиожазбасы бар электрондық жеткізгіш қоғамдық

      тыңдаулардың хаттамасына

      қоса тіркелуі (жариялануы) тиіс)

      4) __________ мекенжайы бойынша _______ дана хабарландыру әкімшілік-аумақтық

      бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың,

      аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың,

      кенттердің, ауылдық округтердің) жергілікті атқарушы органдарының хабарландыру

      тақталарында және хабарландыруларды орналастыру үшін арнайы тағайындалған

      орындарда. Фотоматериалдар осы қоғамдық тыңдаулар хаттамасына қоса беріледі.

      12. Қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың шешімдері:

      __________________________________________________________________________

      (хатшыны таңдау туралы. Қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың "қолдаймын",

      "қарсымын", "қалыс қаламын" деп дауыс бергендер санын көрсету)

      __________________________________________________________________________

      (регламентті бекіту туралы. Қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың "қолдаймын",

      "қарсымын", "қалыс қаламын" деп дауыс бергендер санын көрсету)

      (осы Қағидалардың 23-тармағына сәйкес себептерді көрсете отырып, қоғамдық

      Тыңдаулар өткізілмеді деп тану туралы. Қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың

      "қолдаймын", "қарсымын", "қалыс қаламын" деп дауыс бергендер санын көрсету)

      13 Барлық тыңдалған баяндамалар туралы мәліметтер:

      __________________________________________________________________________

      (баяндамашының тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), лауазымы, өкілі болып

      отырған ұйымның атауы)

      _________________________________________________________________________

      (баяндаманың тақырыбы, беттердің, слайдтардың, файлдардың, плакаттардың, сызбалардың саны)

      Қоғамдық тыңдауларға шығарылып отырған құжаттар бойынша баяндамалардың

      мәтіні осы қоғамдық тыңдаулар хаттамасына қоса беріледі.

      14. Қоғамдық тыңдаулар хаттамасының ажырамас бөлігі болып табылатын және

      қоғамдық тыңдаулар өткізілгенге дейін және өткізу кезінде келіп түскен барлық

      ескертулер мен ұсыныстарды қамтитын жиынтық кесте. Қоғамдық тыңдаулардың

      тақырыбына мүлде қатысы жоқ ескертулер мен ұсыныстар кестеге "қоғамдық

      тыңдаулардың тақырыбына қатысы жоқ" деген белгімен енгізіледі.

      15. Қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың қаралып отырған құжаттар мен

      тыңдалған баяндамалардың толықтығы мен түсіну үшін жеңілдігі тұрғысынан

      алғандағы

      Сапасы жөніндегі пікірі, оларды жақсарту бойынша ұсынымдары:

      __________________________________________________________________________

      (тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), лауазымы, өкілі болып отырған ұйымның

      атауы, пікірлері мен ұсынымдары)

      16. Қоғамдық тыңдаулар хаттамасына сот тәртібімен шағым жасауға болады.

      17. Қоғамдық тыңдаулардың төрағасы:

      __________________________________________________________________________

      (тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), лауазымы, өкілі болып табылатын ұйымның

      атауы, қолы, күні)

      18. Қоғамдық тыңдаулардың хатшысы:

      __________________________________________________________________________

      (тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), лауазымы, өкілі болып табылатын ұйымның

      атауы, қолы, күні)

Қоғамдық тыңдаулар өткізілгенге дейін және өткізу кезінде келіп түскен ескертулер мен ұсыныстардың жиынтық кестесі

т/а

Қатысушылардың ескертулері мен ұсыныстары (қатысушының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы, өкілі болып отырған ұйымның атауы)

Ескертулер мен ұсыныстарға жауаптар (жауап берушшінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы, өкілі болып отырған ұйымның атауы)

Ескертпе (алынып тасталған ескерту немесе ұсыныс)

  Қоғамдық тыңдауларды
өткізу қағидаларына
5-қосымша

Ашық жиналыстар арқылы қоғамдық тыңдаулар өткізу регламенті

Қоғамдық тыңдауларға қатысушыларды тіркеу.
Келісілген уақытта қоғамдық тыңдаулардың ашылуы.
Баяндамашылардың сөз сөйлеуі (ұзақтығы әрбір нақты жағдайда жеке белгіленеді).
Баяндамаларды талқылау (ұзақтығы әрбір нақты жағдайда белгіленеді).
Баяндамалар бойынша қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың ескертулері мен ұсыныстары тыңдалады. Баяндамашылар өз кезегінде қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың ескертулері мен ұсыныстарына жауап береді.
Қоғамдық тыңдауларды қорытындылау (ұзақтығы әрбір нақты жағдайда белгіленеді).

  Қоғамдық тыңдауларды
өткізу қағидаларына
6-қосымша

Жария талқылаулар арқылы өткізілетін қоғамдық тыңдаулар хаттамасының нысаны

      1. Аумағында қызмет жүзеге асырылатын немесе аумағына ықпал етілетін

      әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың,

      астананың) жергілікті атқарушы органының атауы:

      __________________________________________________________________________

      2. Қоғамдық тыңдаулардың тақырыбы:

      __________________________________________________________________________

      (қаралатын жобалау материалдарының толық, нақты атауы)

      3. Мекенжайына қоғамдық тыңдауларға шығарылатын материалдар жіберілген,

      қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның немесе облыстың,

      республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының

      атауы

      __________________________________________________________________________

      4. қызметтің орналасқан жері:

      __________________________________________________________________________

      (көзделіп отырған қызмет учаскесі аумағының толық, нақты мекенжайы,

      географиялық координаттары)

      5. Көзделіп отырған қызметтің ықтимал әсеріне қатысы бар барлық әкімшілік-

      аумақтық бірліктердің атауы:

      ________________________________________________________________________

      (көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру нәтижесінде оның аумағына әсер етуі

      мүмкін және аумағында қоғамдық тыңдаулар өткізілетін әкімшілік-аумақтық

      бірліктердің тізбесі)

      6. Көзделіп отырған қызмет бастамашысының деректемелері және байланыс

      деректері:

      __________________________________________________________________________

      (оның ішінде нақты атауы, заңды және нақты мекенжайы, БСН, ЖСН, телефондары,

      факстары, электрондық пошталары, сайттары)

      7. Құжаттаманы әзірлеушілердің деректемелері және байланыс деректері

      __________________________________________________________________________

      (оның ішінде нақты атауы, ведомстволық бағыныштылығы, заңды және нақты

      мекенжайы, БСН, ЖСН, телефондары, факстары, электрондық пошталары, сайттары

      және басқа да ақпарат)

      8. Қоғамдық тыңдаулар өткізілген кезең:

      __________________________________________________________________________

      9. Қоғамдық тыңдаулардың өткізілетіндігі туралы ақпарат мемлекеттік және орыс

      тілдерінде мынадай тәсілдермен таратылды:____________________________________

      10. Қоғамдық тыңдаулар хаттамасының ажырамас бөлігі болып табылатын және

      жария талқылаулар арқылы қоғамдық тыңдаулар өткізу кезінде алынған ескертулер

      мен ұсыныстарды қамтитын жиынтық кесте. Қоғамдық тыңдаулардың тақырыбына

      мүлде қатысы жоқ ескертулер мен ұсыныстар кестеге "қоғамдық тыңдаулардың

      тақырыбына қатысы жоқ" деген белгімен енгізіледі.

      11. Қоғамдық тыңдаулар хаттамасына сот тәртібімен шағым жасауға болады.

      12. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстардың, республикалық маңызы бар

      қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органының жауапты адамы

      __________________________________________________________________________

      (тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), лауазымы, өкілі болып табылатын ұйымның

      атауы, қолы, күні)

      Қоғамдық тыңдаулар өткізілгенге дейін және өткізу кезінде келіп түскен ескертулер мен ұсыныстардың жиынтық кестесі

т/а

Қатысушылардың ескертулері мен ұсыныстары (қатысушының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы, өкілі болып отырған ұйымның атауы)

Ескертулер мен ұсыныстарға жауаптар (жауап берушшінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және/немесе лауазымы, өкілі болып отырған ұйымның атауы)

Ескертпе



  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрінің м.а.
2021 жылғы 3 тамыздағы
№ 286 Бұйрығына
қосымша

Күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі

      1. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 7 мамырдағы "Қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидаларын бекіту туралы" № 135-ө бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4687 болып тіркелген).

      2. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 7 мамырдағы "Қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидаларын бекіту туралы" № 135-ө бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2012 жылғы 2 сәуірдегі № 88-ө бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 7589 болып тіркелген).

      3. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 7 мамырдағы "Қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидаларын бекіту туралы" № 135-ө бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2013 жылғы 26 наурыздағы № 50-ө бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8427 болып тіркелген).

      4. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 7 мамырдағы "Қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларын бекіту туралы" № 135-ө бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 21 маусымдағы № 260 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13957 болып тіркелген).

      5. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 7 мамырдағы "Қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларын бекіту туралы" № 135-ө бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 8 қыркүйектегі № 307 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15834 болып тіркелген).