Қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 3 тамыздағы № 286 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 6 тамызда № 23901 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 58-бабының 2-тармағына, 73-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес кейбір бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық саясат және тұрақты даму департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстардың жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрінің м.а.
А. Примкулов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрінің м.а.
2021 жылғы 3 тамыздағы
№ 286 Бұйрықпен
бекітілді

Қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 58-бабының 2-тармағына, 73-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және қоғамдық тыңдауларды өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылады:

      жұртшылық – бір немесе бірнеше жеке немесе заңды тұлға, коммерциялық емес ұйымдар, сондай-ақ қауымдастықтар, одақтар немесе өзге де бірлестіктер;

      мүдделі жұртшылық – қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша қабылданатын шешімдерде мүдделері қозғалатын немесе қозғалуы мүмкін немесе осы шешімдерді қабылдау процесіне қатысуға мүдделі жұртшылық;

      ықтимал әсерлер туралы есепті құрастырушы – қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге лицензиясы бар жеке және (немесе) заңды тұлға.

      3. Кодекске сәйкес қоғамдық тыңдаулар:

      1) Кодекстің 52-бабының 3-тармағында санамаланған салалардағы мемлекеттік бағдарламалардың жобаларына, аумақтарды дамыту бағдарламаларына және елді мекендердің бас жоспарларына, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің жобасына қатысты стратегиялық экологиялық бағалау (оның ішінде трансшекаралық әсерді бағалаумен ілесе жүру) жүргізу арқылы жүзеге асырылады;

      2) ықтимал әсерлер туралы есептердің жобаларына қатысты қоршаған ортаға әсерді бағалау (оның ішінде трансшекаралық әсерлерді бағалаумен сүйемелденетін) жүргізу арқылы жүзеге асырылады;

      3) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының үш жылдық перспективаға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеу;

      4) мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыру;

      5) экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламаларының жобаларын әзірлеу, оның ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен бұрын келісілген бағдарламалар толық немесе ішінара қайта қаралған жағдайда;

      6) ең озық қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтардың жобаларын әзірлеу.

      4. Бір әкімшілік-аумақтық бірліктен астам аумаққа (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттердің, ауылдардың) әсер етуі мүмкін құжаттар бойынша қоғамдық тыңдаулар әрбір осындай әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында өткізіледі, оның ішінде:

      1) егер бүкіл республиканың аумағы қозғалған болса, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың әрбір әкімшілік орталығында және Астанада;

      2) егер бірнеше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және (немесе) Астананың аумағы қозғалса, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың әрбір әкімшілік орталығында және (немесе) Астанада;

      3) егер бірнеше ауданның аумағы әсер етсе, аудандардың әрбір әкімшілік орталығында;

      4) егер қалалардың бірнеше аудандарының аумағы әсер етсе, қалалардың әрбір ауданында;

      5) егер бірнеше ауылдың (ауылдық округтің), кенттің, облыстық және аудандық маңызы бар қаланың аумағы әсер етсе, әрбір ауылда (ауылдық округте), кентте, облыстық және аудандық маңызы бар қалада көрсетіледі.

2-тарау. Қоғамдық тыңдауларды өткізу тәртібі

      5. Қоғамдық тыңдаулар бойынша ақпаратты орналастыру үшін бірыңғай экологиялық порталда осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша "Қоғамдық тыңдаулар" арнайы айдары құрылады http://ecoportal.kz облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының және Кодекстің 52-бабының 3-тармағында санамаланған салалардағы мемлекеттік бағдарламалар жобаларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын және елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеуші мемлекеттік органдардың (бұдан әрі – әзірлеуші мемлекеттік орган) ресми интернет-ресурстарында орналастырылған.

      6. Порталды жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомствоға бағынысты ұйымы жүзеге асырады.

      7. Портал демалыс, мереке күндерін және жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы жұмыс істейді. Сағат 18.00-ден кейін келіп түскен сұрау салу хаттар мен қоғамдық тыңдауларды өткізу туралы хабарландыруларды тіркеу келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      8. Әзірлеуші мемлекеттік органды қоспағанда, белгіленіп отырған қызметтің бастамашысы жұртшылық үшін қолжетімді ұсынылатын орындарды, Қоғамдық тыңдауларды өткізудің басталу күні мен уақытын көрсете отырып, қозғалатын аумақ шегінде толық немесе ішінара орналасқан тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына портал арқылы қоғамдық тыңдаулар өткізуге сұрау салу-хат жібереді.

      9. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары күнтізбелік он бес күн ішінде қоғамдық тыңдаулар өткізуге сұрау салу хатты қарайды, қоғамдық тыңдаулар өткізуге келіседі және межеленіп отырған қызметтің бастамашысына жауап хат жібереді.

      10. Қоғамдық тыңдауларды өткізу орны белгіленген қызметті жүзеге асыру нәтижесінде аумағына ықпал етуі мүмкін және аумағында қоғамдық тыңдаулар өткізілетін әкімшілік-аумақтық бірліктердің тізбесіне сәйкес келмеген, сондай-ақ қоғамдық тыңдауларды өткізу күні бұрын келісілген қоғамдық тыңдаулар күндерімен сәйкес келген кезде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органы қоғамдық тыңдауларды өткізу күні болып табылады, емес) қоғамдық тыңдаулар өткізуді келіспейді және белгіленіп отырған қызметтің бастамашысына бас тартудың дәлелді себептерін көрсете отырып, жауап-хат жібереді.

      11. Белгіленген қызметтің бастамашысы Қоғамдық тыңдауларды өткізу орындарын, күні мен уақытын келіскеннен кейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомствоға бағынысты ұйымға портал арқылы жібереді:

      1) қоғамдық тыңдаулардың мәніне қарай қоғамдық тыңдауларға шығарылатын құжаттар топтамасы;

      2) Қоғамдық тыңдауларды өткізуді келісу туралы жауап хат;

      3) осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарландыру жобасы.

      12. Қоғамдық тыңдауларға келесі құжаттар пакеті ұсынылады:

      1) Кодекстің 52-бабының 3-тармағында санамаланған салалардағы мемлекеттік бағдарламалардың, аумақтарды дамыту бағдарламаларының және елді мекендердің бас жоспарларының жобалары, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің жобасы, оның ішінде Кодекстің 57-бабы 4-тармағының 1) - 10) тармақшалары бойынша қысқаша және жинақталған қорытындыларды қамтитын стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің түйіндемесі (стратегиялық экологиялық бағалау, оның ішінде трансшекаралық әсерлерді бағалаумен қатар жүретін стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептерге қатысты);

      2) ықтимал әсерлер туралы есептің жобасы, оның ішінде Кодекстің 72-бабы 4-тармағының 1)12) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты жинақтай отырып, қысқаша техникалық емес түйіндеме (қоршаған ортаға әсерді бағалау, оның ішінде ықтимал әсерлер туралы есептердің жобаларына қатысты трансшекаралық әсерлерді бағалаумен сүйемелденетін кезде);

      3) үш жылдық перспективаға әзірленген қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларының жобалары (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары әзірлейтін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларына қатысты);

      4) кодекстің 87-бабына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптама объектісінің түріне қарай міндетті мемлекеттік экологиялық сараптама объектілеріне қатысты:

      I және II санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасы және экологиялық рұқсаттар алу үшін осы Кодексте көзделген өзге де жобалау құжаттары;

      III санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасы және осы Кодексте көзделген, қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны дайындау кезінде қажетті өзге де жобалау құжаттары;

      функционалдық аймақтарға бөлуді және инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарларын, табиғат қорғау ұйымын басқару жоспарларын қоса алғанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру мен кеңейту, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру, республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен Республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарының аумақтарын қысқарту немесе азайту жөніндегі жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелердің жобалары, Қазақстан Республикасының Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" заңына сәйкес әзірленетін;

      осы аумақтарды экологиялық зілзала немесе төтенше экологиялық жағдай аймақтарына жатқызуды негіздейтін аумақтарды зерттеу материалдары;

      шектес мемлекеттердің қоршаған ортасына әсер етуі мүмкін немесе оны жүзеге асыру үшін шектес мемлекеттермен ортақ табиғи объектілерді пайдалану қажет болатын не шектес мемлекеттердің мүдделерін, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалған "Байқоңыр" кешені бойынша мүдделерін қозғайтын шаруашылық қызметтің жобалары;

      бұрын ядролық қару сынақтары өткізілген, сондай-ақ әскери полигондардың әсеріне ұшыраған жерлерді кешенді экологиялық зерттеу материалдары;

      мемлекеттік орман иелену мен орман орналастырудың орман орналастыру жобалары және (немесе) мемлекеттік орман қорын санаттарға жатқызу, бір санаттан екінші санатқа ауыстыру, сондай-ақ егер жобаларда санитарлық кесулерді қоспағанда, ағаш кесуге тыйым салынатын немесе шектеу қойылатын ерекше қорғау учаскелерін бөлу үшін арнайы тексерулер жүргізу;

      Қазақстан Республикасының заңдарында мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының міндетті болуы көзделген, экологиялық рұқсатты талап етпейтін қызмет түрлеріне арналған жобалау құжаттары;

      5) экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламаларының жобалары;

      6) ең озық қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтың жобасы.

      13. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомствоға бағынысты ұйымы екі жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген құжаттарды порталда орналастырады және оларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына және мүдделі мемлекеттік органдарға ресми интернет-ресурста орналастыру үшін жібереді.

      14. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде оларды өздерінің ресми интернет-ресурсында орналастырады.

      15. Қоғамдық тыңдауларға шығарылатын құжаттар порталда және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының ресми интернет-ресурсында, сондай-ақ әзірлеуші мемлекеттік органның интернет-ресурсында Қоғамдық тыңдаулар өткізу басталатын күнге дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын орналастырылады.

      16. Белгіленіп отырған қызметтің бастамашысы қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарландыруды қоғамдық тыңдаулар өткізу басталатын күнге дейін жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей қазақ және орыс тілдерінде бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде кемінде бір газетте және кемінде бір теле радио арқылы таратуды ұйымдастырады, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің) аумағында толық немесе ішінара, сондай-ақ хабарландыруларды орналастыруға арналған арнайы орындарда таратылатын радиоарнаның болуын тексереді.

      17. Қоғамдық тыңдаулардың ашық жиналысы өткізілетін күн бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен ерте емес және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының ресми интернет-ресурстарында қоғамдық тыңдауларға шығарылатын құжаттар орналастырылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен ерте емес болып тағайындалады.

      18. Мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылық қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомствоға бағынысты ұйымына қоғамдық тыңдаулар өткізу басталатын күнге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей, қоғамдық тыңдауларға шығарылатын құжаттарға өз ескертпелері мен ұсыныстарын жазбаша нысанда (қағаз немесе электрондық жеткізгіштерде) жібереді.

      19. Алынған ескертулер мен ұсыныстарды Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомствоға бағынысты ұйымы порталда "Қоғамдық тыңдаулар" айдарында орналастырады және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына және мүдделі мемлекеттік органдарға ресми интернет-ресурсқа орналастыру үшін жібереді.

      20. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органының немесе әзірлеуші мемлекеттік органның өкілі жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде қоғамдық тыңдауларға қатысушыларды тіркеуді жүргізеді.

      21. Қоғамдық тыңдаулар аумағында тыңдаулар өткізілетін әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органы өкілінің немесе әзірлеуші мемлекеттік органның төрағалық етуімен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган (I және II санаттағы объектілер үшін), тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (аудандардың) жергілікті атқарушы органы өкілдерінің қатысуымен өткізіледі, (облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың) немесе аумағында қоғамдық тыңдаулар өткізілетін тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс (ауылдар, кенттер, ауылдық округтер) әкімі аппаратының басшысы, белгіленіп отырған қызметтің бастамашысы (оның өкілі) және мүдделі жұртшылық өкілдерінің қатысуымен құрылады.

      22. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органы немесе әзірлеуші мемлекеттік орган қоғамдық тыңдаулардың бүкіл жүрісінің бейне-және аудиожазбасын қамтамасыз етеді. Қоғамдық тыңдаулардың бейне-және аудиожазбасы бар электрондық жеткізгіш қоғамдық тыңдаулар хаттамасына қоса тіркелуге тиіс.

      23. Мүдделі жұртшылық өкілдері болмаған кезде қоғамдық тыңдаулар өткізілмеді деп есептеледі. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары жеті жұмыс күні ішінде өткізілмеген қоғамдық тыңдаулар туралы хабарламаны "Қоғамдық тыңдаулар" айдарына орналастырады.

      24. Қоғамдық тыңдаулардың төрағасы қоғамдық тыңдаулар ашады және қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың назарына қоғамдық тыңдаулардың регламентін жеткізеді. Қарапайым көпшілік дауыспен қатысушылар арасынан қоғамдық тыңдаулардың хатшысы таңдалады және осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес регламент бекітіледі.

      25. Қоғамдық тыңдауларды өткізу кезінде мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың нақты тұжырымдалмаған және ескертулер мен ұсыныстардың мәнін көрсетпейтін немесе қоғамдық тыңдаулардың нысанасына анық қатысы жоқ ескертпелері мен ұсыныстары тыңдауларға қатысушылардың барлығының қарапайым көпшілігінің дауыс беру нәтижелері бойынша ескерілмейді.

      26. Қоғамдық тыңдауларды өткізу мерзімі Кодекстің 73-бабының 12-тармағына сәйкес қатарынан бес жұмыс күнінен аспайды.

      27. Қоғамдық тыңдауларды өткізу нәтижелері бойынша осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хаттама ресімделеді.

      28. Қоғамдық тыңдаулардың хатшысы қоғамдық тыңдаулардың хаттамасын ресімдейді.

      29. Хаттамаға қоғамдық тыңдаулар аяқталған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қоғамдық тыңдаулардың төрағасы мен хатшысы қол қояды.

      30. Аумағында қоғамдық тыңдаулар өткізілген әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органы немесе әзірлеуші мемлекеттік орган хаттамаға қол қойылған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қол қойылған хаттаманы, қоғамдық тыңдаулардың бейне-және аудиожазбасын порталда және өзінің ресми интернет - ресурсында орналастырады.

      31. Хаттамада мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың ескертулері мен ұсыныстары, сондай-ақ қоғамдық тыңдауларды өткізу барысында олардың авторлары алып тастамаған ескертулер мен ұсыныстар болмаған кезде, қоғамдық тыңдаулардың төрағасы екі жұмыс күні ішінде қол қойылған хаттаманы кодекстің 76-бабына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды дайындау үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жібереді.

      32. Хаттамада мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың қоғамдық тыңдауларды өткізу барысында олардың авторлары алып тастамаған ескертулері мен ұсыныстары болған кезде, белгіленіп отырған қызметтің бастамашысы осындай ескертулер мен ұсыныстарға сәйкес ықтимал әсерлер туралы есеп жобасын пысықтауды қамтамасыз етеді және ықтимал әсерлер туралы есептің пысықталған жобасын Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жібереді.

      33. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ықтимал әсерлер туралы есептің пысықталған жобасын алғаннан кейін қайтадан қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылады.

      34. Қайта Қоғамдық тыңдауларды өткізу кезінде ықтимал әсерлер туралы есептің жобасы бастапқы қоғамдық тыңдаулардың хаттамасына енгізілген ескертулер мен ұсыныстарға сәйкес пысықталған бөлігінде қаралады. Егер қайта қоғамдық тыңдауларға шығарылатын құжаттарды пысықтау кезінде қоғамдық тыңдаулар хаттамасына енгізілген қандай да бір ескертулер мен ұсыныстар ескерілмесе, онда қайта Қоғамдық тыңдауларды өткізу процесінде белгіленіп отырған қызмет бастамашысының құжаттарды пысықтаудан бас тарту себептері де қаралады.

      35. Бастамашы мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың қайталап қоғамдық тыңдаулар өткізу барысында олардың авторлары алып тастамаған ескертулерімен және ұсыныстарымен келіспеген жағдайда, бастамашының тиісті пікірі қайталама қоғамдық тыңдаулар хаттамасына енгізіледі, содан кейін даулы мәселелер бойынша келіспеушіліктер Кодекстің 74-бабына сәйкес шешіледі.

      36. Сараптама комиссиясы отырысының хаттамасы қол қойылған күнінен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмей порталда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары және әзірлеуші мемлекеттік орган-ресми интернет – ресурста орналастырылады.

      37. Сараптама комиссиясы ықтимал әсерлер туралы есептің жобасын пысықтау қажеттігі туралы шешім қабылдаған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары сараптама комиссиясы хаттамаға қол қойған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей белгіленіп отырған қызметтің бастамашысына есептің жобасын пысықтауға жібереді, содан кейін осы Қағидалардың ережелері қайта қолданылады.

      38. Төтенше жағдай және (немесе) шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген жағдайда әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, қоғамдық тыңдаулар онлайн режимде өткізіледі.

      39. Қоғамдық тыңдауларды өткізу кезінде тіркеу басталғаннан бастап қоғамдық тыңдаулардың жабылуына дейін қоғамдық тыңдаулардың қорытындыларын шығара отырып, қоғамдық тыңдаулардың ашық жиналысының барлық барысын үздіксіз жазу қамтамасыз етіледі.

      40. Қоғамдық тыңдаулардың жазбасы қоғамдық тыңдаулар хаттамасына қоса тіркелуге (жариялануға) жатады және порталда ашық қолжетімділікте орналастырылады.

  Қоғамдық тыңдауларды
өткізу қағидаларының
1-қосымшасы

Қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарландыру нысаны

      Қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарландыру мынадай ақпаратты қамтиды:

      1) жобаның атауы;

      2) аумағына ықпал ету мүмкін болатын және аумағында қоғамдық тыңдаулар өткізілетін әкімшілік-аумақтық бірліктердің тізбесі (егер тыңдаудың бір нысанасы бойынша қоғамдық тыңдаулар біреуден артық әкімшілік-аумақтық бірлікте өткізілсе);

      3) қоғамдық тыңдауларды өткізудің басталу орны, күні және уақыты көрсетіледі. Ашық жиналысты өткізу мерзімі қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың шешімі бойынша қатарынан бес жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін;

      4) белгіленіп отырған қызмет бастамашысының деректемелері мен байланыс деректері;

      5) ықтимал әсерлер туралы есептерді жасаушылардың немесе стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептерді дайындау бойынша сырттан тартылған сарапшылардың немесе мемлекеттік экологиялық сараптама объектілерінің құжаттамасын, тиімділікті арттыру бағдарламаларын, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеушілердің деректемелері мен байланыс деректері;

      6) бірыңғай экологиялық порталға және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органының ресми интернет-ресурсына сілтеме жасай отырып, ол бойынша қоғамдық тыңдауларға шығарылатын материалдармен, ал содан кейін қоғамдық тыңдаулардың жарияланған хаттамасымен танысуға болады;

      7) көзделіп отырған қызмет, қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы қосымша ақпарат алуға, сондай-ақ көзделіп отырған қызметке қатысты құжаттардың көшірмелерін сұратуға болатын электрондық мекенжайы мен телефон нөмірі (- лері) көрсетілуге тиіс;

      8) қоғамдық тыңдауларға шығарылатын құжаттар бойынша және қоғамдық тыңдаулардың жарияланған хаттамасы бойынша жұртшылық пен мүдделі жұртшылық өз ескертулері мен ұсыныстарын жазбаша немесе электрондық нысанда жібере алатын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органының электрондық мекенжайы мен пошталық мекенжайы; ;

      9) Жергілікті атқарушы органдардың (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның, облыстық және аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің) хабарландыру тақталарында орналастырылған Қоғамдық тыңдауларды өткізу туралы хабарландырулардың суретке түсіру уақытының бұрыштық электрондық мөртабаны бар фотосуреті.

  Қоғамдық тыңдауларды
өткізу қағидаларының
2-қосымшасы

Қоғамдық тыңдауларды өткізу регламенті

      Қоғамдық тыңдауларға қатысушыларды тіркеу (Қоғамдық тыңдауларды өткізу басталғанға дейін кемінде бір сағат бұрын).

      Келісілген уақытта қоғамдық тыңдаулардың ашылуы.

      Баяндамашылардың сөз сөйлеуі (ұзақтығы әрбір нақты жағдайда жеке белгіленеді).

      Баяндамаларды талқылау (ұзақтығы әрбір нақты жағдайда белгіленеді).

      Баяндамалар бойынша қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың ескертулері мен ұсыныстары тыңдалады. Баяндамашылар өз кезегінде қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың ескертулері мен ұсыныстарына жауап береді.

      Қоғамдық тыңдауларды қорытындылау (ұзақтығы әрбір нақты жағдайда белгіленеді).

  Қоғамдық тыңдауларды
өткізу қағидаларының
3-қосымшасы

Қоғамдық тыңдаулар хаттамасының нысаны

      1. Аумағында қызмет жүзеге асырылатын немесе аумағына ықпал көрсетілетін әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының атауы:

      __________________________________________________________________

      2. Қоғамдық тыңдаулардың мәні: ____________________________________________

      (қаралатын жобалау материалдарының толық, нақты атауы)

      1. Мекенжайына қоғамдық тыңдауларда көтерілген материалдар жолданған қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының атауы

      __________________________________________________________________

      4. Белгіленіп отырған қызметтің орналасқан орны:

      __________________________________________________________________

      (белгіленген қызмет учаскесі аумағының толық, нақты мекенжайы, географиялық координаттары)

      5. Белгіленіп отырған қызметтің ықтимал әсеріне ұшыраған барлық әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауы:

      __________________________________________________________________

      (белгіленген қызметті жүзеге асыру нәтижесінде оның аумағында және аумағында әсер етуі мүмкін қоғамдық тыңдаулар өткізілетін әкімшілік-аумақтық бірліктердің тізімі,

      6. Белгіленіп отырған бастамашының деректері және байланыс деректері:

      __________________________________________________________________

      (оның ішінде нақты атауы, ведомствоға бағыныстылығы, заңды және нақты мекенжайы, БСН, ЖСН, телефондары, факстері, электрондық пошталары, сайттары және басқа да ақпарат)

      7. Ықтимал әсерлер туралы есептерді жасаушылардың немесе стратегиялық экологиялық бағалау бойынша есептерді дайындауда сырттан тартылған сарапшылардың немесе мемлекеттік экологиялық сараптама объектілерінің құжаттамасын әзірлеушілердің деректемелері мен байланыс деректері.

      __________________________________________________________________

      (оның ішінде нақты атауы, ведомствоға бағыныстылығы, заңды және нақты мекенжайы, БСН, ЖСН, телефондары, факстері, электрондық пошталары, сайттары және басқа ақпарат)

      8. Қоғамдық тыңдауларды өткізу күні (күндері), уақыты, өткізілетін орны және қоғамдық тыңдаулардың ашық жиналыстарының уақыты

      __________________________________________________________________

      (қатысушыларды тіркеудің басталу күні, уақыты, қоғамдық тыңдаудың басталу уақыты, тыңдау өткізілетін орынның толық және нақты мекенжайы. Қоғамдық тыңдаулар ұзартылған жағдайда ашық жиналыс өткізілген барлық күндер көрсетіледі)

      9. Көзделіп отырған қызмет бастамашысының сұрау салу хатының көшірмесі және әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының қоғамдық тыңдауларды өткізу шарттарын келісу туралы жауап хатының көшірмесі осы қоғамдық тыңдау хаттамасына қоса беріледі.

      10. Қоғамдық тыңдауларға қатысушыларды тіркеу парағы осы қоғамдық тыңдау хаттамасына қоса беріледі.

      11. Қоғамдық тыңдауларды өткізу туралы ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде мынадай тәсілдермен таратылды:

      1) бірыңғай экологиялық порталда;

      2) Жергілікті атқарушы органның (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) ресми интернет-ресурсында немесе әзірлеуші мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында орналастырылады

      __________________________________________________________________

      (атауы және ресми интернет–ресурстарға сілтемелер және жарияланған күні)

      3) қоғамдық тыңдаулар өткізу басталатын күнге дейін жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей, бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде кемінде бір газетте және тиісті әкімшілік - аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) аумағында толық немесе ішінара таратылатын кемінде бір теле-немесе радиоарна арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында:

      __________________________________________________________________

      (сканерленген хабарландыруды қоса бере отырып, газетте хабарландырудың атауы, нөмірі және жарияланған күні: газеттің сканерленген титулдық беті және қоғамдық тыңдаулар өткізілетіні туралы хабарландырылған бет)

      __________________________________________________________________

      (теле немесе радиоарнаның атауы, хабарландыру күні: теле немесе радиоарнада қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарландырудың бейне және аудиожазбасы бар электрондық жеткізгіш қоғамдық тыңдаулар хаттамасына қоса тіркелуге (жариялануға) жатады)

      4) әкімшілік-аумақтық бірліктердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің) жергілікті атқарушы органдарының хабарландыру тақталарында және арнайы хабарландыру орналастыруға арналған орындарда:__________ мекен-жайы бойынша хабарландыру_________________. Фотоматериалдар осы қоғамдық тыңдаулар хаттамасына қоса беріледі.

      12. Қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың шешімдері:

      __________________________________________________________________

      (хатшыны таңдау туралы. Қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың "жақтап", "Қарсы", "Қалыс қалғандар" санын көрсету)

      __________________________________________________________________

      (регламентті бекіту туралы. Қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың "жақтап", "Қарсы", "Қалыс қалғандар" санын көрсету)

      __________________________________________________________________

      (осы Қағидалардың 23-тармағына сәйкес себептерін көрсете отырып, қоғамдық тыңдауларды өтпеді деп тану туралы. Қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың "Жақтап", "Қарсы", "Қалыс қалғандар" санын көрсету)

      13. Барлық тыңдалған баяндамалар туралы мәліметтер:

      __________________________________________________________________

      (баяндамашының тегі, аты және әкесінің аты (болған жағдайда), лауазымы, ұсынылатын ұйымның атауы)

      __________________________________________________________________

      баяндаманың тақырыбы, парақтар, слайдтар, файлдар, плакаттар, сызбалар саны)

      Қоғамдық тыңдауларға шығарылатын материалдар бойынша баяндамалардың мәтіндері осы қоғамдық тыңдаулар хаттамасына қоса беріледі. Баяндамалардың мазмұнына қойылатын талаптар осы Қағидалардың 41-тармағында қамтылады.

      14. Қоғамдық тыңдаулар хаттамасының ажырамас бөлігі болып табылатын және қоғамдық тыңдаулар өткізілгенге дейін және оны өткізу кезінде алынған барлық сұрақтар мен жауаптарды, ескертулер мен ұсыныстарды қамтитын жиынтық кесте. Қоғамдық тыңдаулардың мәнімен анық байланысы жоқ сұрақтар, ескертулер мен ұсыныстар "қоғамдық тыңдаулардың мәніне қатысы жоқ" деген белгісі бар кестеге енгізіледі.

      15. Қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың қаралатын материалдар мен тыңдалған баяндамалардың сапасы туралы оларды түсінудің толықтығы мен қолжетімділігі тұрғысынан пікірлері, оларды жақсарту бойынша ұсынымдар:

      __________________________________________________________________

      (тегі, аты және әкесінің аты (болған жағдайда), лауазымы, ұсынылатын ұйымның атауы, пікірлер мен ұсынымдар)

      16. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қоғамдық тыңдаулар хаттамасына шағым жасалуы мүмкін.

      17. Қоғамдық тыңдаулар төрағасы:

      __________________________________________________________________

      (тегі, аты және әкесінің аты (болған жағдайда), лауазымы, өкілі болып табылатын ұйымның атауы, қолы, күні)

      18. Қоғамдық тыңдаулар хатшысы:

      __________________________________________________________________

      (тегі, аты және әкесінің аты (болған жағдайда), лауазымы, өкілі болып табылатын ұйымның атауы, қолы, күні)

      Қоғамдық тыңдауларды өткізу алдында және кезінде алынған сұрақтардың, жауаптардың, ескертулер мен ұсыныстардың жиынтық кестесі

№ р/с

Қатысушылардың сұрақтары, ескертулері мен ұсыныстары (қатысушының тегі, аты және әкесінің аты (болған жағдайда), лауазымы, ұсынылатын ұйымның атауы)

Сұрақтарға, ескертулер мен ұсыныстарға жауаптар (жауап берушінің тегі, аты және әкесінің аты (болған жағдайда), лауазымы, ұсынылатын ұйымның атауы)

Ескерту (алынып тасталған сұрақ, ескерту немесе ұсыныс)





  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрінің м.а.
2021 жылғы 3 тамыздағы
№ 286 Бұйрығына
қосымша

Күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі

      1. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 7 мамырдағы "Қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидаларын бекіту туралы" № 135-ө бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4687 болып тіркелген).

      2. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 7 мамырдағы "Қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидаларын бекіту туралы" № 135-ө бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2012 жылғы 2 сәуірдегі № 88-ө бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 7589 болып тіркелген).

      3. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 7 мамырдағы "Қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидаларын бекіту туралы" № 135-ө бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2013 жылғы 26 наурыздағы № 50-ө бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8427 болып тіркелген).

      4. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 7 мамырдағы "Қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларын бекіту туралы" № 135-ө бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 21 маусымдағы № 260 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13957 болып тіркелген).

      5. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 7 мамырдағы "Қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларын бекіту туралы" № 135-ө бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 8 қыркүйектегі № 307 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15834 болып тіркелген).