Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен инвестициялық портфельді басқарушы арасында жасалған зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттың үлгі нысанын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 9 ақпандағы № 15 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 12 ақпанда № 22194 болып тіркелді.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қаулының күшін жою көзделген – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 26.05.2023 № 30 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 35-1-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен инвестициялық портфельді басқарушы арасында жасалған Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттың үлгі нысаны бекітілсін.

      2. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту
Агенттігінің Басқармасының
2021 жылғы 9 ақпандағы
№ 15 Қаулымен
бекітілді

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен инвестициялық портфельді басқарушы арасында жасалған зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттың үлгі нысаны

20 ___ жылғы "___" ___________

_______________________________________
(елді мекеннің атауы)

      Осы Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт (бұдан әрі - Шарт) мынадай тараптардың (бұдан әрі - Тараптар) арасында жасалды:

      "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ

      ______________________________________________________________,

      ("Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-ның мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу)

      туралы анықтаманың немесе куәліктің нөмірі мен күні, бұдан әрі "Қор" деп аталады

      ____________________________________________________________

      арқылы (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты - бар болса)

      Жарғы немесе сенімхат негізінде іс-әрекет жасайтын,

      Инвестициялық портфельді басқарушы

      ______________________________________________________________

      (Инвестициялық портфельді басқарушының атауы, лицензиясының нөмірі мен

      берілген күні, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - БСН))

      бұдан әрі "Басқарушы" деп аталады

      ______________________________________________________________

      арқылы (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты - бар болса)

      Жарғы немесе сенімхат негізінде іс-әрекет жасайтын.

      Шартта мынадай ұғымдар мен терминдер қолданылады:

      зейнетақы активтері - "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заң) 35-1-бабына сәйкес Басқарушыға сенімгерлік басқарушыға берілген Қордың зейнетақы активтері;

      зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару - Басқарушының өзінің атынан пайда алушының (Қордың) мүддесі үшін мүлікті (зейнетақы активтерін) оның иеленуіне, пайдалануына және басқаруына берілген міндеттемелері;

      зейнетақы активтерінің шартты бірлігі - инвестициялық портфельді басқарушыны сенімгерлік басқару нәтижесінде олардың өзгеруін сипаттау үшін пайдаланылатын зейнетақы активтерінің үлестік шамасы;

      инвестициялық декларация - инвестициялау объектілерінің тізбесін, зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық қызметтің мақсаттарын, стратегияларын, талаптарын және шектеулерін, зейнетақы активтерінің хеджирленуі мен әртараптандырылуы талаптарын айқындайтын құжат;

      инвестициялық кіріс - зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижесінде алынған (алынуға тиіс) ақша;

      инвестициялық портфель - зейнетақы активтерінің құрамына кіретін қаржы құралдарының жиынтығы;

      инвестициялық портфельді басқарушы - өзінің атынан және мүддесімен және клиенттің есебінен "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі (бұдан әрі - Бағалы қағаздар рыногы туралы заң) және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес берілген лицензия негізінде инвестициялық басқару бойынша қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыру үшін уәкілетті органның талаптарына сәйкес келетін бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы;

      кастодиан-банк - кастодиандық қызметке уәкілетті органның лицензиясы бар екінші деңгейдегі банк;

      уәкілетті орган - қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

1-тарау. Шарттың мәні

      1. Қор Шартта, инвестициялық декларацияда, Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда және Бағалы қағаздар рыногы туралы заңда айқындалған тәртіппен және талаптармен Басқарушыға береді, ал Басқарушы зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға қабылдайды және өз атынан, Қор мүддесіне орай және оның есебінен Қор берген зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асырады.

2-тарау. Негізгі ережелер

      2. Басқарушы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келеді.

      3. Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын инвестициялық декларацияны басқарушы әзірлейді және оны Басқарушының басқару органы бекітеді.

      4. Зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі, сондай-ақ зейнетақы активтерімен жүзеге асырылатын операциялардың түрлері Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңында және Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9248 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыру қағидаларында белгіленеді.

      5. Зейнетақы активтерін Шарт бойынша сенімгерлік басқаруға беру оларға меншік құқықтарының Басқарушыға өтуіне алып келмейді.

      6. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару жөніндегі Басқарушының құқықтары мен міндеттері Шарт күшіне енген сәттен бастап туындайды.

      7. Қор зейнетақы активтерін Басқарушыға сенімгерлік басқаруға беруді Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 8-бабының 6) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекіткен зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру және зейнетақы активтерін бір инвестициялық портфельді басқарушыдан басқа инвестициялық портфельді басқарушыға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне беру қағидалары мен мерзімдерінде белгіленген тәртіппен және мерзімде жүзеге асырады.

      8. Шарттың ережелері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына, Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру және бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда, сондай-ақ Тараптардың бастамасы мен өзара келісімі бойынша қайта қаралады.

      9. Басқарушы өзінің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 35-1-бабының 7-тармағына сәйкес басқа тұлғаға сенімгерлік басқаруға беруге құқылы емес.

      10. Тараптар олардың қызметінің нәтижесінде алынған ақпараттың конфиденциалдылығын қамтамасыз ету бойынша барлық талаптарды сақтауға міндеттенеді.

3-тарау. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

      11. Қор:

      1) Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 35-1-бабының 5 және 6-тармақтарында, сондай-ақ Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 8-бабының 6) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекіткен, Зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру және зейнетақы активтерін бір инвестициялық портфельді басқарушыдан басқа инвестициялық портфельді басқарушыға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне беру қағидалары мен мерзімдерінде белгіленген тәртіппен зейнетақы активтерін басқарушыға сенімгерлік басқаруға беруге;

      2) Шарт жасалған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында, сондай-ақ Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8672 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 199 қаулысымен бекітілген, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің есебінен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфелінің құрылымы туралы мәліметтерді, инвестициялық портфельді басқарушы туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау қағидаларында белгіленген тәртіппен Басқарушы туралы ақпаратты орналастыруға;

      3) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22220 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 12 ақпандағы № 27 қаулысымен бекітілген, Зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін инвестициялық портфельді басқарушыға қойылатын талаптарды, сондай-ақ осы зейнетақы активтерінің есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін бекіту және "Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында анықталған тәртіппен Басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарының жеке есебін жүзеге асыруға;

      4) Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 8-бабының 7) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекіткен, инвестициялық портфельді басқарушы алған зейнетақы активтерінің номиналдық кірістілігі мен зейнетақы активтері кірістілігінің ең аз мәні арасындағы теріс айырманы есептеу қағидаларында, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушының теріс айырманы меншікті капиталы есебінен өтеу қағидаларында белгіленген мерзімдерде және тәртіппен зейнетақы активтерінің бір шартты бірлігінің құнын есептеуге;

      5) тиісті есеп айырысулар жүргізілген күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей Басқарушымен зейнетақы активтерінің бір шартты бірлігінің есептік құнын салыстырып тексеру жүргізуге;

      6) Басқарушының сенімгерлік басқаруына берілген зейнетақы активтерін сақтау және есепке алу үшін кастодиан-банкпен кастодиандық шарт жасасуға;

      7) Басқарушыны қол қою құқығы бар лауазымды тұлғалардың ауысуы туралы, қордың мекенжайларының, байланыстарының, БСН, банк деректемелерінің өзгеруі туралы осындай өзгерістер басталған кезден бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етуге;

      8) Қор, Басқарушы және кастодиан-банк арасында жасалған кастодиандық шартта көзделген тәртіппен және мерзімдерде Басқарушыда сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтерінің ағымдағы құнын Басқарушымен және кастодиан-банкпен салыстырып тексеру жүргізуге;

      9) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9274 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 26 ақпандағы № 24 қаулысымен бекітілген, Зейнетақы активтерін есепке алу мен бағалауды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес бағалаушы жүргізген, Басқарушының сенімгерлік басқаруындағы қаржы құралдарын бағалау нәтижелері туралы, Қор қаржы құралдарының осы бағасын алған сәттен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде Басқарушыға және кастодиан-банкке ақпарат беруге міндетті.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 66 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      12. Қордың:

      1) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруға қатысты кез келген ақпарат пен құжаттарды (инвестициялық портфельдің құрамы, зейнетақы активтерімен жасалған мәмілелер, операциялар және т..б.) сұратуға;

      2) Басқарушыдан Басқарушы алған зейнетақы активтерінің номиналдық кірістілігі мен Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 8-бабының 7) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекіткен инвестициялық портфельді басқарушы алған зейнетақы активтерінің номиналдық кірістілігі мен зейнетақы активтері кірістілігінің ең аз мәні арасындағы теріс айырманы есептеу қағидаларына, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушының теріс айырманы меншікті капиталы есебінен өтеу қағидаларына сәйкес есептелген зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі мәні арасындағы теріс айырманы өтеуді талап етуге;

      3) Басқарушыдан зейнетақы активтерін Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 8-бабының 6) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекіткен Зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру және зейнетақы активтерін бір инвестициялық портфельді басқарушыдан басқа инвестициялық портфельді басқарушыға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне беру қағидалары мен мерзімдерінде белгіленген көзделген тәртіппен және жағдайларда басқа инвестициялық портфельді басқарушының немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруына аударуды талап етуге;

      4) Шартты бұзуға;

      5) Шарттың 13-тармағының 11) тармақшасында көзделген жағдайда Басқарушының Қордың зейнетақы активтерін қайтаруы бойынша сотқа дейінгі және талап қою жұмысына қатысуға құқығы бар.

      13. Басқарушы:

      1) берілген зейнетақы активтерін инвестициялық декларацияға, Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға, Бағалы қағаздар рыногы туралы заңға және Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9248 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларына қатаң түрде сәйкес, осы Шарт бойынша оған сеніп тапсырылған зейнетақы активтерін басқару үшін қажетті іс-әрекеттерді басқа тұлғаға тапсыру құқығынсыз тиісінше сенімгерлік басқаруды жүзеге асыруға;

      2) инвестициялық декларацияны әзірлеуге және бекітуге ;

      3) Басқарушы алған зейнетақы активтерінің номиналдық кірістілігі және зейнетақы активтері кірістілігінің ең аз мәні арасындағы теріс айырма туындаған кезде осы теріс айырманы меншікті капиталының есебінен Қорға өтеуге;

      4) Басқарушының қол қою құқығы бар лауазымды тұлғаларының ауысқаны, мекенжайларының, байланыс деректерінің, БСН, банктік деректемелерінің өзгергені туралы Қорға осындай өзгерістер басталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жазбаша хабарлауға;

      5) Шарт бойынша сенімгерлік басқаруға берілген зейнетақы активтерін өз мүдделерінде пайдаланбауға ;

      6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Шарт талаптарын орындау нәтижесінде немесе оған байланысты алынған ақпаратты өз мүдделеріне пайдаланбауға және үшінші тұлғаларға бермеуге;

      7) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8796 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 214 қаулысымен бекітілген Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызметті, инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес тәуекелдерді басқару жүйесінің болуын қамтамасыз етуге;

      8) зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін қажетті бағдарламалық-техникалық құралдар мен өзге де жабдықтардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;

      9) Басқарушы сенімгерлік басқаруға қабылдаған зейнетақы активтері бойынша номиналдық кірістілік деңгейін зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі мәнінен төмен емес инвестициялық портфельді басқарушы алған зейнетақы активтерінің номиналдық кірістілігі мен зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі мәні арасындағы теріс айырманы есептеу қағидаларында, сондай-ақ Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 8-бабының 7) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекіткен инвестициялық портфельді басқарушының меншікті капиталы есебінен теріс айырманы өтеу қағидаларында белгіленген тәртіпте және мерзімде қамтамасыз етуге;

      10) зейнетақы активтерімен мәмілелерді номиналдық ұстау, оларға қызмет көрсету және зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдарын есепке алу жөніндегі шоттарды жүргізу бойынша қызметтер көрсететін кастодиан банк ұсынған шоттарды, сондай-ақ қызметтері зейнетақы активтерін басқару үшін қажет үшінші тұлғаларды тартуға байланысты шығыстарды төлеуге;

      11) бағалы қағаздар бойынша міндеттемелердің орындалмауына жол берген эмитенттерге қатысты, сондай-ақ шарт бойынша Басқарушыға сенімгерлік басқаруға берілген Қордың зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліндегі салымдар бойынша міндеттемелердің орындалмауына жол берген екінші деңгейдегі банктерге қатысты сотқа дейінгі және талап қою жұмысын жүзеге асыруға;

      12) эмитенттің бағалы қағаздар бойынша міндеттемелерді орындамауы, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктің Қордың зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліндегі салымдар бойынша міндеттемелерді орындамауы анықталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде осы жағдайларды шешу жөніндегі Басқарушының жоспарланған шаралары туралы құжаттарды қоса бере отырып, Қорды хабардар етуге;

      13) Қордың талабын алған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруға қатысты барлық қажетті ақпарат пен құжаттарды (инвестициялық портфельдің құрамы, зейнетақы активтерімен жасалған мәмілелер, операциялар және т. б.) беруге;

      14) Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 8-бабының 6) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекіткен Зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру және зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді бір басқарушыдан басқа инвестициялық портфельді басқарушыға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне беру қағидалары мен мерзімдерінде белгіленген тәртіппен Қордың талап етуі бойынша Қордың зейнетақы активтерін басқа инвестициялық портфельді басқарушыға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне сенімгерлік басқаруға аударуға;

      15) осындай мән-жайлар туындаған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде Басқарушыға қатысты қолданылған қадағалап ден қою шаралары, санкциялар және қолданылған әкімшілік жазалар туралы Қорды жазбаша хабардар етуге;

      16) сенімгерлік басқаруда тұрған, берілген зейнетақы активтерінің ағымдағы құнын Қордың, Басқарушының және кастодиан-банктің арасында жасалған кастодиандық шартта көзделген тәртіппен және мерзімде Басқарушымен және кастодиан банкпен салыстырып тексеруді жүргізуге;

      17) апта сайын Қорға және кастодиан банкке зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліндегі қаржы құралдарының нарықтық бағалары бойынша ақпаратты аптаның бірінші жұмыс күнінен кейінгі жұмыс күні сағат 11:00-ден кешіктірмей беруге;

      18) зейнетақы активтерінің бір шартты бірлігінің құнын инвестициялық портфельді басқарушы алған зейнетақы активтерінің номиналдық кірістілігі мен зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі мәні арасындағы теріс айырманы есептеу қағидаларында, сондай-ақ Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 8-бабының 7) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекіткен инвестициялық портфельді басқарушының меншікті капиталы есебінен теріс айырманы өтеу қағидаларында белгіленген мерзімде және тәртіппен есептеуге;

      19) тиісті есеп айырысулар жүргізілген күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей зейнетақы активтерінің бір шартты бірлігінің есептік құнын қормен салыстырып тексеруді жүргізуге;

      20) қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарттарды қолдану мақсатында нарықтарында инвестициялар жүзеге асырылатын шетелдік салық органдарына беру үшін жаһандық шетелдік кастодиандар талап ететін салықтық нысандарды, арыздарды, декларацияларды және басқа да нысандарды толтыруға;

      21) салық салудан босатуды алу, жеңілдікті салық салуды қолдану немесе шетелдік эмитенттер төлейтін кірістерден салықтың артық ұсталған сомаларын қайтару үшін қажетті салықтық нысандарды, сертификаттарды және басқа да құжаттарды тұрақты жаңарту мәселелері бойынша жаһандық шетелдік кастодиандармен жұмыс жүргізуге;

      22) эмитенттердің міндеттемелерін қайта құрылымдау шеңберінде жүргізілетін қаржы құралдарын есептен шығару/есепке алу операциялары бойынша өкімді Қорға және кастодиан банкке өкімде көрсетілген операцияларды жүргізу болжамдалған жұмыс күні сағат 11:00-ден кешіктірмей ұсынуға;

      23) шетелдік эмитенттердің міндеттемелеріне қайта құрылымдау жүргізуге байланысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға;

      24) Басқарушының басқару органы осындай шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде осы Шарттың 15-тармағында көрсетілген комиссиялық сыйақы мөлшерінің өзгергені туралы Қорға жазбаша хабарлауға;

      25) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 26 ақпандағы № 24 қаулысымен бекітілген Зейнетақы активтерін есепке алу мен бағалауды жүзеге асыру қағидаларының 29-тармағында көзделген қаржы құралдарын қайта сыныптау туралы Қорға және кастодиан банкке өкім беру, олар бойынша қаржы құралдарын қайта сыныптау туралы шешім қабылданған, қаржы құралдарын қайта сыныптау болжанатын жұмыс күні сағат 11:00-ден кешіктірмей қаржы құралдарын есепке алудың бір санатынан екіншісіне ауыстыруға міндетті.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 66 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      14. Басқарушы:

      1) осы Шарттың 4-тарауында белгіленген жағдайларда және мөлшерде зейнетақы активтерін сенімгерлік басқарудан комиссиялық сыйақы алуға;

      2) Шарттың 27-тармағында көзделген талаптарда Шартты бұзуға құқылы.

4-тарау. Комиссиялық сыйақы

      15. Басқарушы зейнетақы активтерін басқарғаны үшін ай сайын зейнетақы активтерін сенімгерлік басқарудан алынған инвестициялық кірістің __________ пайызы мөлшерінде комиссиялық сыйақы алады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 66 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      16. Басқарушының комиссиялық сыйақысының шамасы жылына 1 (бір) рет қана Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 53-бабына сәйкес өзгеруі мүмкін.

      17. Комиссиялық сыйақының шамасы Шарт жасалған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде, сондай-ақ күнтізбелік жыл басталғанға дейін бір айдан кешіктірмей Қордың және Басқарушының интернет-ресурстарына орналастырылады.

      18. Басқарушының комиссиялық сыйақысының шамасы өзгерген жағдайда Тараптар Шартқа тиісті қосымша келісімге қол қояды.

5-тарау. Зейнетақы активтерін сақтау және есепке алу

      19. Басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері Қордың кастодиан банктегі шоттарында сақталады және есепке алынады, оны таңдауды Басқарушы жүзеге асырады.

      20. Бір Басқарушыға инвестициялық басқаруға берілген зейнетақы активтерін сақтауды және есепке алуды бір кастодиан банк жүзеге асырады.

6-тарау. Тараптардың жауапкершілігі

      21. Басқарушы инвестициялық декларацияға сәйкес Қордан сенімгерлік басқаруға алынған зейнетақы активтерін нысаналы орналастыру үшін жауапкершілікте болады.

      22. Басқарушы сенімгерлік басқару шеңберінде зейнетақы активтері есебінен жүргізілген мәмілелер және (немесе) операциялар бойынша жүргізілген есеп айырысулар үшін жауапкершілікте болады.

      23. Қор осы Шартта белгіленген өз міндеттемелерін тиісінше орындамағаны немесе орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес жауапкершілікте болады.

7-тарау. Дүлей күш жағдайлары

      24. Тараптар Шарт бойынша міндеттемелерін орындамағаны не тиісінше орындамағаны үшін, егер ол дүлей күштің: табиғи апаттар, әскери іс-қимылдар, төтенше жағдайлар және Тараптар Шарт бойынша алдын ала болжауға мүмкіндік болмаған өзге де жағдайлар салдарынан болса, жауапкершіліктен босатылады, Шарттың қолданысы осындай жағдайлар орын алған кезеңге тоқтатыла тұрады.

      25. Дүлей күштің әсеріне ұшыраған және осының салдарынан Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындауға мүмкіндігі болмаған Тарап басқа Тарапқа осындай жағдайлардың басталуы, ұзақтығы және болжамды орын алу уақыты туралы барынша қысқа мерзімде хабарлайды.

8-тарау. Шарттың қолданыс мерзімі және оны бұзу тәртібі

      26. Шарт зейнетақы активтерінің кастодиан банкке Қордың шотына түскен күннен бастап күшіне енеді және белгіленбеген мерзімге жасалады.

      27. Шарт:

      1) Басқарушы уәкілетті орган белгілеген мерзімде қадағалап ден қою шараларын қолдануға негіздерді жоймаған;

      2) Басқарушы Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңының 8-бабының 1-3) тармақшасына сәйкес зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыру үшін уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес келмеген (Басқарушыны зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыру үшін уәкілетті органның талаптарына сәйкес келетін инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімінен алып тасталған жағдайда);

      3) Басқарушының сенімгерлік басқаруында зейнетақы активтері мен олар бойынша міндеттемелер болмаған жағдайда Басқарушының бастамасы бойынша;

      4) Басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін сақтау және есепке алуды жүзеге асыратын кастодиан банктің лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған не лицензиядан айырылған және кастодиан банктің лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған не лицензиядан айырылған күннен кейін күнтізбелік 10 (он) күн ішінде басқа кастодиан банкпен жаңа кастодиандық шарт жасалмаған жағдайларда бұзылады.

      28. Шарт бұзылған жағдайда Басқарушы Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 8-бабының 6) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекіткен зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру және зейнетақы активтерін бір инвестициялық портфельді басқарушыдан басқа инвестициялық портфельді басқарушыға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне беру қағидалары мен мерзімдерінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен келісім бойынша, зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруына беру рәсімдерін жүзеге асырады.

      29. Шартты бұзуға бастамашы Тарап басқа Тарапқа болжамды бұзу күніне дейін күнтізбелік 15 (он бес) күн бұрын ескертуге міндетті.

9-тарау. Басқа да талаптар

      30. Тараптар Шарттың мәніне қатысты және Шарт бойынша Тараптардың қатынастарын реттейтін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтауға міндеттенеді.

      31. Шарт әр Тарапқа бір данадан, заң күші бірдей, мемлекеттік және орыс тілдерінде екі данада жасалды.

      32. Шарттың талаптары Тараптардың арасында жеке немесе бірге жасалған кез келген өзге шарттың немесе келісімнің талаптарына қайшы келетін болса, Шарттың ережелері басым болып табылады және Тараптар бірінші кезекте осы Шарттың ережелерін басшылыққа алатын болады.

      33. Шартқа өзгерістер мен толықтырулар Тараптардың жазбаша келісімі бойынша, Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын қосымша келісімдерге қол қою арқылы енгізіледі.

      34. Шарт бойынша Тараптардың арасындағы реттелмеген дауларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының соттары өз құзыретіне сәйкес қарайды.

10-тарау. Тараптардың деректемелері және қолдары

Қор

Басқарушы

_______________________________
_______________________________
_______________________________
(Қордың деректемелері, БСН, пошталық
мекенжайы, телефондары, банктік
сәйкестендіру коды (БСК), жеке
сәйкестендіру коды (ЖСК), бенефициар
коды)
_______________________________
(Қор өкілінің лауазымы, қолы)
мөр орны (ол бар болса)

________________________________
________________________________
________________________________
(Басқарушының деректемелері, БСН,
телефондары, пошталық мекенжайы, банктік
сәйкестендіру коды (БСК), жеке сәйкестендіру
коды (ЖСК), бенефициар коды)
________________________________
(Басқарушы өкілінің лауазымы, қолы)
мөр орны (ол бар болса)