Қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығару және олардың айналымы қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 29 қазандағы № 407/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 30 қазанда № 21546 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ""Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-1-бабының 20-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығару және олардың айналымы қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрінің
2020 жылғы 29 қазаны
№ 407/НҚ бұйрығымен
бекітілген

Қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығару және олардың айналымы қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығару және олардың айналымы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-1-бабының 20-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығару және олардың айналымы тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;

      2) цифрлық актив – криптография және компьютерлік есептеу құралдарын қолдана отырып электрондық-цифрлық нысанда құрылған, қаржылық құрал болып табылмайтын мүлік, сондай-ақ мүліктік құқықтарды куәландырудың электрондық-цифрлық нысаны;

      3) қамтамасыз етілген цифрлық актив – цифрлық токен және қамтамасыз етілген цифрлық актив шығарған тұлға шығаратын (беретін) тауарларға және (немесе) көрсетілетін қызметтерге мүліктік құқықтарды куәландыратын цифрлық құрал болып табылатын өзге де цифрлық активтер жатады;

      4) цифрлық токен – мүліктік құқықтарды есепке алудың, айырбастаудың және куәландырудың цифрлық құралы болып табылатын цифрлық активтің түрі.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

2-тарау. Қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығару және олардың айналым тәртібі

      3. Қамтамасыз етілген цифрлық активті шығару ақпараттық жүйенің иесі немесе меншік иесі мен қамтамасыз етілген цифрлық активті шығаратын тұлға болып табылатын пайдаланушы арасындағы келісімге сәйкес ақпарттық жүйенің иесі немесе меншік иесі қамтамасыз етілген цифрлық активпен куәландырылатын құқықтар туралы ақпараттық жүйеге жазбалар енгізу арқылы жүзеге асырылады.

      Мүліктің меншік иесі немесе қамтамасыз етілген цифрлық активпен куәландырылатын құқықтар тиесілі өзге тұлға қамтамасыз етілген цифрлық активті шығаратын тұлға болып табылады.

      4. Қамтамасыз етілген цифрлық активтердің айналымы қамтамасыз етілген цифрлық активтерге құқықтардың ауысуы және куәландыру, сондай-ақ цифрлық активтерді иеліктен шығаруды, сатып алуды, электрондық ақшаға, құндылықтарға және өзге де мүлікке айырбастауды қоса алғанда, ақпараттық жүйені пайдаланушылар арасындағы келісімге сәйкес ақпараттық жүйеге мәліметтерді енгізу арқылы оларға үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу жолымен жүзеге асырылады.

      Ақпараттық жүйеге цифрлық активті немесе оған құқықтарды беру туралы мәліметтерді енгізуге мынадай шарттар орындалған кезде:

      1) осы Қағидаларда айқындалған тәртіпке сәйкес мәліметтерді енгізуді жүзеге асырған тұлға, деректердің бөлінген платформасында цифрлық активті шығаратын тұлғаның ақпараттық жүйесіне қолжетімділігі болғанда;

      2) деректердің таратылған платформасында цифрлық актив шығаратын тұлғаның ақпараттық жүйесі Заңда белгіленген талаптарға жауап бергенде жол беріледі.

      5. Ақпараттық жүйенің меншік иесі, иеленушісі және пайдаланушысы деректер валидациясының берілген алгоритіміне сәйкес өзгерістер енгізудің тең құқықтарына ие болады. Бұл ретте өзгерістер ақпараттық жүйенің барлық пайдаланушысында синхрондалады.

      6. Қамтамасыз етілген цифрлық актив қаржы құралдарының құқықтарын қамтамасыз етпейді және оны заңды тұлғаға қатысты пайда үлесіне құқықтары немесе басқару құқықтары бар меншік иесіне немесе иеленушіге бермейді.