"Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 7-1-бабының 20-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Цифрлық майнингті жүзеге асыру жөніндегі қызмет туралы ақпарат беру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі |
Б. Мусин |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрлігі
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 13 қазаны № 384/НҚ бұйрығымен бекітілген |
Цифрлық майнингті жүзеге асыру жөніндегі қызмет туралы ақпарат беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Цифрлық майнингті жүзеге асыру жөніндегі қызмет туралы ақпарат беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 7-1-бабының 20-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және цифрлық майнингті жүзеге асыру жөніндегі қызмет туралы ақпарат беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2) серверлік үй-жай (деректерді өңдеу орталығы) – серверлік, активті және пассивті желі жабдығын (телекоммуникациялық) және құрылымдалған кәбілдік жүйелердің жабдығын орналастыруға арналған үй-жай;
3) цифрлық майнинг – блокчейн арқылы ақпараттандыру объектілеріндегі деректер блоктарының тұтастығын растауды қамтамасыз ететін, деректерді шифрлеудің және өңдеудің берілген алгоритмдеріне сәйкес компьютерлік, энергетикалық қуаттарды пайдалана отырып есептеу операцияларын жүргізу процесі.
2-тарау. Цифрлық майнингті жүзеге асыру жөніндегі қызмет туралы ақпарат беру тәртібі
3. Цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар уәкілетті органды деректерді өңдеу орталықтарын салу бойынша жоспарланған іс-шаралар (жобалауға дейін) туралы күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде қағаз тасығышта немесе электрондық құжат нысанында өтініш түрінде хабардар етеді.
Ақпарат жоспарланған орналасатын жері, мегаваттпен (МВт) тұтынылатын қуат көлемі, деректерді өңдеу орталықтарының жобалық электр энергетикалық қуаттарын кеңейту әлеуеті, деректерді өңдеу орталықтарының жабдықтарына инвестициялар және заңды тұлғаның банктік деректемелері бойынша ұсынылады.
4. Жұмыс істеп тұрған деректерді өңдеу орталықтары бойынша заңды тұлғалар, жыл сайын келесі жылдың оныншы қаңтарына дейін уәкілетті органға қағаз тасығышта немесе электрондық құжат нысанында өтініш түрінде цифрлық майнингті жүзеге асыру жөніндегі қызмет туралы ақпаратты ұсынады.
Ақпарат мегаваттпен (МВт) электр энергиясын ағымдағы тұтыну, деректерді өңдеу орталықтарының жабдықтарына жоспарланған инвестициялар, деректерді өңдеу орталықтарының инфрақұрылымын дамыту үшін ағымдағы жылға жоспарланған инвестициялар әлеуеті және деректерді өңдеу орталықтарының қызмет көрсетуші персоналының жұмыс орындары саны бойынша ұсынылады.
5. Цифрлық майнингті жүзеге асыруды тоқтататын заңды тұлғалар уәкілетті органға қағаз тасығышта немесе электрондық құжат нысанында өтініш түрінде цифрлық майнингті жүзеге асыру бойынша қызмет аяқталған күннен бастап 10 (он) күнтізбелік күн ішінде хабардар етеді.
6. Уәкілетті орган цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғадан қағаз тасығышта немесе электрондық құжат нысанында өтініш алғаннан кейін электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органды 5 (бес) күнтізбелік күн ішінде электрондық құжат түрінде, жоспарланған орналасатын жері, мегаваттпен (МВт) тұтынылатын қуат көлемі, деректерді өңдеу орталықтарының жобалық электр энергетикалық қуаттарын кеңейту әлеуеті туралы хабардар етеді.