Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 2019 жылғы 4 сәуірдегі № 38/4-VІ шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2019 жылғы 8 сәуірде № 5839 болып тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 2-3-тармағы, Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құқықтық актiлер туралы" Заңының 27-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес Шемонаиха аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Шемонаиха аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы В. Лонский
      Шемонаиха аудандық
      мәслихатының хатшысы А. Боровикова

  Шемонаиха
аудандық мәслихатының
2019 жылғы 4 сәуірдегі
№ 38/4-VI шешімімен бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

      1. Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

1. Жалпы ережелер

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкiлетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      3) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Шемонаиха ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      4) ең төменгі күнкөріс деңгейі – Шығыс Қазақстан облысының статистикалық органдары есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      7) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      8) уәкілетті орган - жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын "Шемонаиха ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі әкімдердің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде Шемонаиха ауданының жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі -ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсіндіріледі.

      4. Осы қағидалар Шемонаиха ауданының аумағында тіркелген тұлғаларға таралады.

      5. "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" 1995 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабында және "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      6. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.

      7. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      8. Азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:

      1) "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 29 желтоқсандағы № 114 Заңында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру, не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;

      3) күн көріс деңгейіне еселік қатысы бар шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысының болуы негіздеме болып табылады.

      9. Әлеуметтік көмек алушылар санатының тізбесі:

      1) жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар;

      2) қараусыз қалған, оның ішінде мінез-құлқы ауытқымалы кәмелетке толмағандар;

      3) ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарындағы кәмелетке толмағандар;

      4) психофизикалық дамуы ерте бұзылған туғаннан үш жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар;

      5) дене және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктерімен байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы бар адамдар;

      6) әлеуметтік мәні бар аурулары және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар адамдар;

      7) егде жасына байланысты, басынан кешірген аурудың және (немесе) мүгедектік салдарынан өзіне-өзі қызмет көрсетуге қабілетсіз адамдар;

      8) әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соқтырған қатыгездікке ұшыраған адамдар;

      9) баспанасыздар (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);

      10) бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдар;

      11) пробация қызметінде есепте тұрған адамдар;

      12) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өзіне не оның мүлкіне зиян келтірілген адамдар (отбасылар);

      13) белгіленген шектен аспайтын өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы бар адамдар (отбасылар).

      10. Адамның (отбасының) жан басына шаққандағы табысының шегі күн көріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде белгіленсін.

      11. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы хаттамада көрсетеді. Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 100 (жүз) айлық есептік көрсеткішті құрайды.

      12. Ай сайынғы әлеуметтік көмек туберкулездің белсенді түрлерімен ауыратын және амбулаториялық емдеудегі азаматтарға қосымша тамақтануға ай сайын 6 (алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

      13. Біржолғы әлеуметтік көмек келесі санаттағы азаматтарға атаулы күндер мен мереке күндеріне ұсынылады:

      1) Ауғанстан аумағынан әскерлердің шығарылған күні, жауынгер-интернационалистерді еске алу күні - 15 ақпан:

      басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысушыларға – 35 АЕК (отыз бес айлық есептік көрсеткіш);

      бұрынғы КСР одағы үкімет органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан Кеңес армиясы, Әскери-Теңіз флоты, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілері, бұрынғы КСР одағы ішкі істер министрлігінің қатардағы және басқарушы құрамдағы адамдарға (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда); жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу кезінде оқу жиындарына шақыртылып, Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілерге; жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу кезінде Ауғанстанға жүк жеткізу үшін жіберілген автомобиль батальондарының әскери қызметшілеріне; бұрынғы КСР одағы аумағынан Ауғанстанға әскери тапсырмаға ұшқан ұшқыштар құрамының әскери қызметкерлеріне; Ауғанстанда кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткен, жараланған, контузия немесе жарақат алған, не жауынгерлік іс-қимылдарды қамтамасыз етуге қатысқандығы үшін бұрынғы КСР одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған қызметшілерге – 35 АЕК (отыз бес айлық есептік көрсеткіш);

      бұрынғы КСР одағын қорғау кезінде, әскери қызметтің басқа да міндеттерін орындау кезінде алған жаралану, контузия, жарақат салдарынан немесе майданда болумен байланысты сырқат салдарынан, сондай-ақ Ауғанстандағы немесе жауынгерлік іс-қимылдар өткен өзге де мемлекеттердегі әскери қызметін өтеу кезінде мүгедек болып қалған әскери қызметшілерге – 35 АЕК (отыз бес айлық есептік көрсеткіш);

      Ауғанстандағы немесе әскери іс-қимылдар өткен өзге де мемлекеттердегі жауынгерлік іс-қимылдар кезінде қаза тапқан (хабарсыз кеткен) немесе жаралану, контузия, жарақат, сырқаттану салдарынан қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына – 35 АЕК (отыз бес айлық есептік көрсеткіш);

      2) Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз:

      "Алтын Алқа", "Күміс Алқа" белгілерімен марапатталған көп балалы аналар немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталған аналарға – 5 АЕК (бес айлық есептік көрсеткіш);

      бірге тұратын төрт және одан да аса бірге тұратын кәмелеттік жасқа толмаған балалары, олардың ішінде олар кәмелеттік жасқа толғаннан кейін оқу орындарын бітіргенге дейін (бірақ жиырма үш жасқа жеткенге дейін) орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары оқу орындарында білім беру ұйымдарында оқитын балалары бар отбасыларға – 5 АЕК (бес айлық есептік көрсеткіш);

      3) Халықаралық радиациялық авариялар мен апаттар құрбандарын еске алу күні – 26 сәуір:

      1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-тағы апат салдарын, азаматтық немесе әскери мақсаттағы басқа да радиациялық апаттарды жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен оқуларға тікелей қатысқан адамдарға - 35 АЕК (отыз бес айлық есептік көрсеткіш);

      1988-1989 жылдары Чернобыль АЭС-тағы апат салдарын жоюға қатысқандарға – 35 АЕК (отыз бес айлық есептік көрсеткіш);

      Чернобыль АЭС-тағы апат салдарын, азаматтық немесе әскери мақсаттағы басқа да радиациялық апаттарды жою кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына - 35 АЕК (отыз бес айлық есептік көрсеткіш);

      Чернобыль АЭС-тағы апат салдарынан, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар, ядролық қаруды сынау салдарынан мүгедек болып қалған адамдарға және ата-анасының біреуі мүгедектігі радиациялық сәулеленумен генетикалық байланысты балаларға - 25 АЕК (жиырма бес айлық есептік көрсеткіш);

      4) Қазақстан халқының бірлігі мерекесі – 1 мамыр:

      1, 2-топтағы көруі бойынша мүгедектер – 10 АЕК (он айлық есептік көрсеткіш);

      5) Жеңіс күні – 9 мамыр:

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне – 215 АЕК (екі жүз он бес айлық есептік көрсеткіш);

      Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы жанкешті еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР одағы ордендері мен медальдарымен наградталғандарға - 25 (жиырма бес айлық есептік көрсеткіш);

      екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер және оның одақтастары ашқан концлагерлердің, гетто және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарының бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына - 35 АЕК (отыз бес айлық есептік көрсеткіш);

      Ұлы Отан соғысы жылдарында хабарсыз кеткен, қаза тапқан жауынгерлердің қайтара некеге тұрмаған жұбайларына - 35 АЕК (отыз бес айлық есептік көрсеткіш);

      1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемі 6 ай жұмыс істеген (қызмет еткен), Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы жанкешті еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР одағы ордендері мен медальдарымен наградталмаған адамдарға – 4,5 АЕК (төрт бүтін оннан бес айлық есептік көрсеткіш);

      6) Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні – 31 мамыр:

      саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдарға – 4,5 АЕК (төрт бүтін оннан бес айлық есептік көрсеткіш);

      7) Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – 30 тамыз:

      16 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеген адамдарға – 2,7 АЕК (екі бүтін оннан жеті айлық есептік көрсеткіш);

      8) Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні – 16 желтоқсан:

      күнтізбелік жылы бесінші баланы дүниеге әкелген аналарға – 25 АЕК (жиырма бес айлық есептік көрсеткіш).

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      14. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша Шемонаиха ауданының әкімі бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      15. Туберкулездің белсенді түрлерімен ауыратын және амбулаториялық емдеудегі азаматтарға ай сайынғы әлеуметтік көмек туберкулезге қарсы диспансердің бірінші басшысы бекіткен тізім бойынша көрсетіледі.

      16. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округтың әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;

      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына" 1-қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;

      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;

      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.

      Табиғи апат немесе өрт салдарынан өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар (отбасылар) өтінішті жағдай болған күннен бастап үш ай ішінде береді.

      17. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      18. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      19. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.

      20. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      21. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.

      22. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      23. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      24. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы қағидалардың 20 және 21-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе кент, ауыл, ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      25. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

      26. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен асқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      27. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру жергілікті бюджетте көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      28. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы Шемонаиха ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      29. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      30. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Шемонаиха
аудандық мәслихатының
2019 жылғы 4 сәуірдегі
№ 38/4-VI шешіміне қосымша

Шемонаиха аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Шемонаиха аудандық мәслихатының 2014 жылғы 21 шілдедегі № 21/6-V шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 3453 нөмірімен тіркелді, 2014 жылғы 28 тамызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, 2014 жылғы 20 тамызда "Уба-Информ" газетінде жарияланды).

      2. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Шемонаиха аудандық мәслихатының 2014 жылғы 21 шілдедегі № 21/6-V шешіміне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" Шемонаиха аудандық мәслихатының 2015 жылғы 2 наурыздағы № 26/2-V шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 3775 нөмірімен тіркелді, 2015 жылғы 7 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, 2015 жылғы 8 сәуірде "ЛЗ Сегодня" газетінде жарияланды).

      3. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Шемонаиха аудандық мәслихатының 2014 жылғы 21 шілдедегі № 21/6-V шешіміне өзгеріс енгізу туралы" Шемонаиха аудандық мәслихатының 2015 жылғы 29 қыркүйектегі № 32/6-V шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 4179 нөмірімен тіркелді, 2015 жылғы 21 қазанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, 2015 жылғы 4 қарашада "ЛЗ Сегодня" газетінде жарияланды).

      4. "Шемонаиха аудандық мәслихатының кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Шемонаиха аудандық мәслихатының 2016 жылғы 29 маусымдағы № 4/6-VІ шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 4606 нөмірімен тіркелді, 2016 жылғы 26 шілдеде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі Эталондық бақылау банкінде, 2016 жылғы 27 шілдеде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, 2016 жылғы 4 тамызда "Мой город Шемонаиха" газетінде жарияланды).

      5. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Шемонаиха аудандық мәслихатының 2014 жылғы 21 шілдедегі № 21/6-V шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Шемонаиха аудандық мәслихатының 2017 жылғы 6 мамырдағы № 12/3-VІ шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 5061 нөмірімен тіркелді, 2017 жылғы 20 маусымда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі Эталондық бақылау банкінде, 2017 жылғы 29 маусымда "Мой город Шемонаиха" газетінде жарияланды).

      6. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Шемонаиха аудандық мәслихатының 2014 жылғы 21 шілдедегі № 21/6-V шешіміне өзгеріс енгізу туралы" Шемонаиха аудандық мәслихатының 2018 жылғы 21 мамырдағы № 25/4-VІ шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 5-19-185 нөмірімен тіркелді, 2018 жылғы 14 маусымда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі Эталондық бақылау банкінде, 2018 жылғы 20 маусымда "Уба-Информ" газетінде жарияланды).