"Кедейлік шегінің мөлшерін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2017 жылғы 31 тамыздағы № 290 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2019 жылғы 27 қыркүйектегі № 523 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 30 қыркүйекте № 19420 болып тіркелді

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың күшін жою көзделген – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 19.05.2023 № 160 бұйрығымен (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі).
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.10.2019 бастап қолданысқа енгізіледі

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Кедейлік шегінің мөлшерін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2017 жылғы 31 тамыздағы № 290 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15766 болып тіркелген, 2017 жылғы 2 қазанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасы бойынша кедейлік шегі:

      1) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін жүгіну тоқсанының алдындағы тоқсанға есептелген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы мөлшерінде, егер көрсетілген кезең үшін жергілікті атқарушы органдар есептеген ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінен төмен болған жағдайда, онда кедейлік шегі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен болмайтын мөлшерде айқындалады;

      2) 2019 жылғы 1 сәуірден бастап – атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін жүгіну тоқсанының алдындағы тоқсанға есептелген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінен 70 пайыздан төмен болмайтын мөлшерде айқындалады;

      3) 2019 жылғы 1 қазаннан бастап – атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін жүгіну тоқсанының алдындағы тоқсанға есептелген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде айқындалады.".

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі А.А. Сарбасовқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2019 жылғы 1 қазаннан бастап күшіне енеді және ресми жариялануға тиіс.

      Министр Б. Нурымбетов