Тұргын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидасын бекіту туралы

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 2018 жылғы 25 қазандағы № 29/7-VI шешімі. Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің Шемонаиха аудандық Әділет басқармасында 2018 жылғы 2 қарашада № 5-19-193 болып тіркелді.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      "Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы", 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулыларына сәйкес Шемонаиха аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 06.04.2020 № 50/5-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Қоса беріліп отырған тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидасы бекітілсін.

      2. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Шемонаиха аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Т.Абайдельдинов
      Шемонаиха аудандық
      мәслихатының хатшысы А.Боровикова

  Шемонаиха аудандық
мәслихатының
2018 жылғы 25 қазандағы
№ 29/7- VI
шешімімен бекітілген

Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидасы

      Осы аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидасы "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 97-бабының 2 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512, "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 (бұдан әрі – Ереже) қаулыларына сәйкес әзірленді.

1. Жалпы ережелер

      1. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      1) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды;

      2) коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға;

      3) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 06.04.2020 № 50/5-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2. Тұрғын үй көмегі аталған жерлерде тұрақты тұратын адамдарға кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстар сметасына сәйкес жеткiзушiлер ұсынған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеу шоттары мен ай сайынғы жарналардың шоттары бойынша бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      Коммуналдық қызметтердi жеткiзушiлер "Шемонаиха ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – уәкілетті орган) табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiлген коммуналдық қызметтерге тарифтердi, олардың өзгерiстерiн ұсынады. Тұрғын үй көмегiн есептеу кезiнде қызмет көрсетушiлер ұсынған жылудың шығындалуы тұрғын үй алаңының әлеуметтiк нормалары шегiнде есепке алынады.

      Көмірдің құнын есептеу үшін тұрғын үй көмегін есептеген тоқсанның алдындағы тоқсанның соңғы айындағы жағдай бойынша облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы департаменті ұсынған аудан бойынша орташа баға қолданылады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 06.11.2019 № 46/3-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3. "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік қызметін уәкілетті орган көрсетеді.

      4. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе "электронды үкімет" веб-порталына (бұдан әрі - портал) тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 06.11.2019 № 46/3-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.

2. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      6. Көрсетілетін қызметті алушы тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға және (немесе) портал арқылы өтініш береді және Ереженің 4 тармағына сәйкес құжаттардың тізімін ұсынады.

      Ереженің 4 - тармағында көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді.

      Қайта өтініш берген кезде көрсетілетін қызметті алушы осы қағиданың 11-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, отбасының табыстарын растайтын құжаттарды және коммуналдық шығыстарға арналған шоттарын ғана ұсынады.

      7. Мемлекеттік корпорация арқылы құжаттар қабылданған кезде көрсетілетін қызметті алушыға тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.

      8. Ереженің 4 тармағында көзделген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда Мемлекеттік корпорацияның қызметкері құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.

      9. Портал арқылы өтініш жасаған жағдайда көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсетуге сұрау салуының қабылдағаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетіле отырып, хабарлама жіберіледі.

      10. Мемлекеттік корпорация өтінішті ақпараттық жүйе арқылы қабылдайды және оны тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті органға жібереді.

      11. Уәкілетті орган көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс емес екенін анықтау негізінде тұрғын үй көмегін беруден бас тартады және өтініш берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге портал не Мемлекеттік корпорация арқылы дәлелді бас тартуды жібереді.

      12. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешімді не кызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті орган қабылдайды. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы хабарлама не тағайындаудан бас тарту туралы дәлелді жауап Мемлекеттік корпорацияға немесе электрондық құжат түрінде "жеке кабинетке" жіберіледі.

      13. Алғаш өтініш жасаған кезде тұрғын үй көмегі қажетті құжаттар тізбесімен бірге өтініш берген айдан бастап тағайындалады.

      14. Өтініш беруші тұрғын үй көмегін тағайындауға тоқсан сайын өтініш жасаған кезде, тұрғын үй көмегі өтініш жасаған тоқсанда құжаттарды ұсыну мерзімінен тәуелсіз тоқсанға тағайындалады. Егер алдыңғы тоқсанда құжаттар ұсынылмаған жағдайда тұрғын үй көмегін есептеу өтініш берген айдан бастап жүзеге асырылады.

      15. Жергiлiктi жылумен жылытылатын жеке тұрғын үйлерде тұратын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегi өтiнiш берген айдан тәуелсiз жылына бiр рет тоқсанға тағайындалады.

      16. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін құжаттар ағымдағы тоқсанның соңғы айының 25-не дейін қабылданады.

      17. Тұрғын үй көмегі:

      1) жеке меншігінде бір бірліктен артық тұрғын үйі (пәтері, үйі) бар немесе тұрғын үй-жайларын жалға берген;

      2) құрамында жұмысқа жарамды, бірақ жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскер қатарында қызмет етпейтін және жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті органда тіркелмеген тұлғалары бар, келесі тұлғаларды қоспағанда: бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, 18 жасқа дейінгі мүгедек-балаларды, сексен жастан асқан тұлғаларды күтетін тұлғаларды, үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеумен айналысатын аналарды;

      3) құрамында заңды некеде тұрған, бірақ жоқ жұбайының тұрғылықты жерін білмейтін (көрсетпейтін) және осы мәселе бойынша құқық қорғау органдарына өтініш жасамаған тұлғалары бар;

      4) егер ата-аналары ажырасқан және өздерімен бірге тұратын балаларына алимент өндіру туралы талап бермеген отбасыларға көрсетілмейді.

      18. Отбасының жұмыссыз мүшелері ұсынған жұмыстан немесе жұмысқа орналасудан дәлелсіз себептермен бас тартқан, өз еркімен қоғамдық жұмыстарға қатысуды, оқуды немесе қайта оқуды тоқтатқан отбасылар жұмысқа орналасуды, оқуды және қайта оқуды қайта бастағанға дейін тұрғын үй көмегін алу құқығынан айырылады.

      19. Тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға, электр жүйесiмен, газбен қамтамасыз етуге арналған шығыстар өтiнiш берген тоқсанның алдындағы тоқсанға орта есеппен ескерiледi. Сумен қамтамасыз ету, су бұру, жылу энергиясы, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, телекоммуникация қызметтерi үшiн шығыстар қызмет көрсетушiлердiң тарифтерi бойынша ескерiледi.

      20. Жылу энергиясын тұтынуды үйге ортақ есепке алу құралдары бар тұтынушылар үшін есептеуге алынатын шығыстар алдыңғы тоқсандағы нақты шығындар бойынша үйге ортақ есепке алу құралдары бар үйлерді жылытуға жылу энергиясын тұтыну нормалары шегінде анықталады.

      21. Суық және ыстық сумен қамтамасыз етуді, газбен қамтамасыз етуді тұтынуды есепке алу құралдары бар тұтынушылар үшін есептеуге алынатын шығыстар алдыңғы тоқсандағы нақты шығындар бойынша белгіленген тарифтер шегінде анықталады.

      22. Үйлерде орталықтандырылған жылыту болмаған жағдайда жылытуға және ыстық сумен қамтамасыз етуге төлем мөлшері электр энергиясына есептелген сомадан үйге ортақ есепке алу құралдары бар үйлерді жылытуға жылу энергиясын тұтыну нормалары және ыстық сумен қамтамасыз етуге белгіленген тарифтер шегінде есептеледі.

      23. Құрамында зейнеткерлер, мүгедектер, мүгедек балалар, жетімдер, қамқорлықтағылар, төрт және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларды қолдау мақсатында тұрғын үй көмегін есептегенде кіріс Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасымен уақыттың сәйкес кезеңіне белгіленген екі айлық есептік көрсеткішке түзетіледі (кемітіледі).

      24. Тұрғын үй көмегін тағайындаған кезде келесі шарттар қолданылады:

      1) өтініш беруші заңды некеде тұрса, бірақ зайыбы сол мекен-жай бойынша тіркелмеген болса – ерлі-зайыптылардың екеуінің де табыстары есептеледі және тұрғын үй көмегі туралы өтініш берген зайыбының мекен-жайы бойынша тұрғын үй көмегі тағайындалады;

      2) өтініш берушінің үйінде ата-ана құқығынан айырылмаған және басқа жерде тіркелген ата-анасы бар 18 жасқа дейінгі бала тіркелген жағдайда –баланың ата-анасының табыстары есептеледі.

      25. Тұрғын үй көмегін алушылар он жұмыс күні ішінде уәкілетті органды өз тұрғын үйінің меншік нысанының, отбасы құрамының, оның жиынтық табысы мен мәртебесінің кез келген өзгерістері туралы хабардар етеді.

      Өтініш берушілер ұсынылған мәлiметтердiң дұрыстығы үшiн заңнамамен белгіленген тәртіпте жауапты болады.

      26. Негізсіз алынған тұрғын үй көмегiнің сомалары алушымен ерiктi түрде, ал бас тартқан жағдайда заңнамамен белгіленген тәртіпте қайтарылуға жатады.

3. Тұрғын үй көмегінің мөлшері, тұрғын үйді ұстау

және коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері

      27. Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтiп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға арналған шығыстарға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 06.11.2019 № 46/3-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      28. Отбасының шекті жол берілетін шығыстарының үлесі отбасының жиынтық табысына қарай 10 % мөлшерінде белгіленеді.

      29. Тұрғын үй көмегінің мөлшерін есептеу кезінде келесі нормалар ескеріледі:

      1) алаңдар:

      жалғыз тұратын азаматтар үшін – 30 ш.м;

      2 адамнан тұратын отбасы үшін – 36 ш.м;

      3 және одан артық адамдардан тұратын отбасы үшін – әрқайсысына 15 ш.м, бірақ 38,52 ш.м артық емес;

      2) газ шығыны:

      орталық газбен жабдықтау үйлерінде тұратын отбасылар үшін – бір адамға айына 5,5 кг;

      жер үй-жайларда тұратын отбасылар үшін – айына 1 (бір) баллон;

      3) электр энергиясын тұтыну:

      жалғыз өзі тұратын азаматтар үшін – 72 кВт;

      екі адамнан тұратын отбасы үшін – 114 кВт;

      үш немесе одан да көп адамнан тұратын отбасы үшін – әрқайсысына 50 кВт.

      4) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығындар - 1 шаршы метрге 19,9 теңге;

      5) тұрғын үй құрылысының жалпы ауданының 1 шаршы метріне көмірдің шығыны – 129,8 кг, бірақ бір үйге 5000 кг артық емес.

      Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 06.11.2019 № 46/3-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4. Тұрғын үй көмегін төлеу

      30. Тұрғын үй көмегін төлеу екінші деңгейдегі банктер арқылы алушылардың дербес шоттарына аудару жолымен жүзеге асырылады.

5. Қорытынды ережелер

      31. Осы Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидасымен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.

  Шемонаиха аудандық
мәслихатының
2018 жылғы 25 қазандағы
№ 29/7- VI шешіміне
қосымша

Шемонаиха аудандық мәслихатының

күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидасын бекіту туралы" 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 25/2-V шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3693 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 26 ақпанда, "Уба-Информ" газетінде 2015 жылғы 4 наурызда жарияланған).

      2."Шемонаиха аудандық мәслихатының кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" 2016 жылғы 29 маусымдағы № 4/6-VI шешімінің 1-тармағының 2) - тармақшасы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4606 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде 2016 жылғы 26 шілдеде, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 27 шілдеде, "Мой город Шемонаиха" газетінде 2016 жылғы 4 тамызда жарияланған).

      3."Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидасын бекіту туралы" Шемонаиха аудандық мәслихатының 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 25/2-V шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2017 жылғы 28 наурыздағы № 11/5-VI шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4994 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде 2017 жылғы 10 мамырда, "Мой город Шемонаиха" газетінде 2017 жылғы 18 мамырда жарияланған).