РҚАО-ның ескертуі!
Осы бұйрық 29.06.2018 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.
"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі 122-бабының 5-тармағына және 174-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Көмірсутектерді барлау мен өндіру және уран өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшерін айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекция департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;
4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі |
Қ. Бозымбаев |
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары-
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы
министрі
_____________ Ө. Шөкеев
2018 жылғы 28 мамыр
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму
министрі
____________ Ж. Қасымбек
2018 жылғы 14 мамыр
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
___________ Т. Сүлейменов
2018 жылғы 11 мамыр
| Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 26 сәуірдегі № 141 бұйрығымен бекітілген |
Көмірсутектерді барлау мен өндіру және уран өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшерін айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Көмірсутектерді барлау мен өндіру және уран өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшерін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі 122-бабының 5-тармағына және 174-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленген және көмірсутектерді барлау мен өндіру және уран өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшерін айқындау тәртібін анықтайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) залал – көмірсутектердің немесе уранның нормаланған ысыраптарынан асатын көмірсутектердің қорларын игеру және бастапқы өңдеу кезінде нақты ысырап көлемін негізге ала отырып, айқындалатын мемлекет шеккен залал;
2) көмірсутектердің немесе уранның нормаланған ысыраптары – деңгейі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу үшін жобалық құжаттардағы техникалық-экономикалық есептеулермен негізделген көмірсутектер немесе уран өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу жүйелерімен және қабылданған тәсілдерімен технологиялық жағынан байланысты көмірсутектер немесе уранның ысыраптары;
3) нақты ысыраптар – залалды есептеу сәтіндегі айқындалған ысырыптар.
3. Осы Қағидалар меншік нысанына қарамастан, көмірсутектер және (немесе) уран өндіру бойынша барлық жер қойнауын пайдаланушыларға, соның ішінде жер қойнауын пайдалану келісімшарты бойынша операторларға, сенімгерлік басқарушыларға (бұдан әрі – жер қойнауын пайдаланушы) қолданылады.
4. Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша талаптарды бұзу салдарынан келтірілген залал мөлшерін айқындауды:
көмірсутектерді барлау мен өндіру кезінде көмірсутектер саласындағы уәкілетті органы;
уран өндіру кезінде уран өндіру саласындағы уәкілетті органы залалды анықтау фактісі бойынша жүзеге асырады.
5. Залалдың мөлшерін айқындауға байланысты туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.
2-тарау. Көмірсутектерді барлау мен өндіру және уранды өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшерін айқындау тәртібі
6. Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшері нормаланған ысыраптан асып түсетін көмірсутектер немесе уран қорларын игеру және (немесе) бастапқы өңдеу кезіндегі нақты ысыраптың көлемін негізге ала отырып айқындалады және жер қойнауын пайдаланушының тексеру кезеңіне өнімді сатудың орташа бағасы бойынша құндық мәнде белгіленеді.
7. Жер қойнауын пайдаланушы есепті кезеңде өнімді сатпаған жағдайда, өнімнің құны мұндай сату орын алған өткен жыл сатуының орташа бағасы негізге алынып айқындалады. Бағаның ресми белгіленімі бар болған жағдайда, осы белгіленімдерге сәйкес есепті кезеңдегі олардың орташа құны қолданылады.
8. Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залал мөлшері осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нормадан тыс ысырабы үшін залал мөлшерін айқындау мысалдарына сай белгіленеді.
9. Көмірсутектер немесе уран қорларын игеру және (немесе) бастапқы өңдеу кезіндегі нақты ысыраптың нормаланған ысыраптан асып түсуі (бұдан әрі - нормадан тыс ысыраптар) мынадай көлемдерден туындайды:
көмірсутектердің немесе уранның баланстық қорлары дұрыс есептелген және оларды жер қойнауынан өндіру толықтығын бастапқы есепке алу мүмкін болатын біртектес тау-кен-геологиялық жағдайлармен бір жүйеде игерілетін көмірсутектердің баланстық қорлары жер қойнауының әрбір бөлігі бойынша белгіленген ысыраптардан немесе уранның баланстық қорларының кен орын бойынша белгіленген ысыраптардан тыс ысыраптар, сондай-ақ кез келген негізсіз ысыраптар;
базалық жобалау құжатын, әзірлеуді талдау немесе жер қойнауын ұтымды пайдалануды және бұзылулардан туындаған аварияларды ескере отырып, уран кен орындарын экономикалық рентабельді игеруді көздейтін Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін бекітілген базалық жобалау құжатын бұзудың нәтижесінде туындаған уранның баланстық қорының ысыраптары;
алудың коэффициентіне, қорларды уақтылы есептен шығармауға, көмірсутек қорларын алдын ала өтеуге қол жеткізбей, жер қойнауында қалған көмірсутектер немесе уран қорлары;
жер қойнауында суланудың, жанудың салдарынан туындаған көмірсутектердің баланстық қорларының немесе игеру (өндіру) бойынша талаптарды бұзу салдарынан туындаған өндірілген көмірсутектердің ысыраптары;
көмірсутектер кен орындарының оңай қол жеткізілетін учаскелерінде өндірудің салдарынан рентабельді өңдеу мүмкін емес болатын олардың баланстық қорларының ысыраптары;
кәсіпшілікте өндіру, жинау, тасымалдау және дайындау кезінде көмірсутектер ысыраптарынан нормадан тыс ысыраптары;
базалық жобалау құжатында, әзірлеуді талдауда немесе Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін бекітілген базалық жобалау құжатында көзделген кен орындарын игерудің технологиялық режимін сақтамаудың салдарынан, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын ұтымды пайдалану бойынша талаптарды бұзу салдарынан баған сыртындағы және бағанаралық кеңістік арқылы жоғары жатқан белдеулерге қатаралық ағылуының салдарынан Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы бекіткен көмірсутектер немесе уранның алынатын қорларының ысыраптары;
базалық жобалау құжатын, әзірлеуді талдауды немесе Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін бекітілген базалық жобалау құжатын, оларды алу және кәдеге жаратуды сақтамағандықтан шикi газ, газ конденсатының ысыраптары;
төтенше жағдайлардың туындау қаупі немесе пайда болуы, персоналдың өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға қауіп төнген жағдайлардан басқа, көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның рұқсатынсыз алау етіп жағылатын шикі газ;
көмірсутектер саласындағы уәкiлеттi органның жағуға рұқсат етілген көлемінен тыс жағылған шикі газы;
кен орынды толық игеру кезінде бекітілген жобалық көрсеткіштермен салыстырғанда қайта өңделетін шикізат сапасының өзгерістері мен ауытқуларына және қайта өңдеудің технологиялық тәртібінің бұзылуына байланысты базалық жобалау құжатында, әзірлеуді талдауда немесе Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін бекітілген базалық жобалау құжатында бекітілген нормаланған ысыраптардан асатын уранның және уранды бастапқы өңдеу кезіндегі олардың құрамындағы ілеспе компоненттердің, аралық өнімдердің (жартылай фабрикаттарды), байыту қалдықтарыныі, шөгінділердің, қождардың ысыраптары.
10. Мұнай-газ және газ конденсаты кен орындарын пайдалану кезінде мұнайдың, конденсат пен газдың, оның ішінде ілеспе (еріген) газдың нормадан тыс қабаттық ысыраптары жобалау құжаты, әзірлеуді талдау немесе Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін бекітілген базалық жобалау құжатында бекітілген алу коэффициентінен ауытқулармен анықталады.
11. Кен орнын өнеркәсіптік игеру кезеңінде шикі газды жағу кезіндегі нормадан тыс ысыраптар қорларды есептеген кезде қабылданған компоненттердің құрамы негізінде пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансында тұрған газдың компоненттік құрамы бойынша анықталады.
12. Есепке алудың жеке аспаптары болмаған кезде жобалық ысыраптарды есептеу Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы бекіткен кезде қабылданған өндірілетін пайдалы қазбада еріген газдың құрамы бойынша жүргізіледі.
13. Бастапқы қайта өңдеу үдерісінде жол берілген көмірсутектердің немесе уранның нормадан тыс ысыраптарының сандық мәні көмірсутектердің немесе уранның тиісті типі (сорты) үшін белгіленген алу көлемі мен оның тауарлық өнімге нақты қол жеткізілген алынуы арасындағы айырма бойынша анықталады.
| Көмірсутектерді барлау мен өндіру және уран өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшерін айқындау қағидаларына қосымша |
Нормадан тыс ысырабы үшін залал мөлшерін айқындау мысалдары
1-мысал.
Жер қойнауын пайдаланушы есепті кезеңде 2658000 тонна мұнай өндірді.
Осы кезеңде мұнайдың нақты ысырабы 4442 тонна мұнайды, оның ішінде бекітілген нормативтік ысырап 1081 тонна мұнайды құрады.
Есепті кезеңде жер қойнауын пайдаланушының (бағалардың ресми белгіленімдері, Қазақстан Республикасының ішкі нарығындағы орташа құны) мұнайды сату кезіндегі орташа баға 50,49 АҚШ долларын құрады,
(4442 - 1081) х 50,49 = 169696,89 АҚШ доллары.
169696,89 х залал анықталған сәтте Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетелдік валютаға шаққандағы ресми бағамы = залал сомасы.
2-мысал.
Жер қойнауын пайдаланушы есепті кезеңде кен орнын өнеркәсіптік игеруді жүзеге асырған кезде 300 млн. м3 көлемінде ілеспе өндірілетін мұнай газын жақты. Бұл ретте, газда Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансында есепте тұрған компоненттерінің өнеркәсіптік құрамы бар. Қазақстан Республикасының Қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссиясы бекіткен деректерге сәйкес әлеуетті құрамдастардың мәндері негізінде компоненттер мен құрғақ газдың (метанның) көлемін анықтаймыз. Әлеуетті жиынтық құрамы 1000 м3 газға 500 кг болған кезде компоненттердің (этан, пропан, бутан) шығыны 150000 тоннаны құрайды. Құрамы 50 % болған кезде құрғақ газдың (метанның) ысырабы 150 млн. м3 құрайды.
Есепті кезеңде жер қойнауын пайдаланушының (бағалардың ресми белгіленімдері, Қазақстан Республикасының ішкі нарығындағы орташа құны) құрғақ газды сатуы кезіндегі орташа баға 1000 м3 үшін 80 АҚШ долларын, ал сұйытылған газдың (этан, пропан, бутан) 1 тоннасы үшін 350 АҚШ долларын құрады.
Залал сомасы:
құрғақ газ үшін: 150000000 м3 х 80: 1000 = 12000000 АҚШ доллары;
компоненттер үшін: 150000 т х 350 = 52500000 АҚШ доллары;
барлығы: 64500000 АҚШ доллары.
64500000 х залал анықталған сәтте Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетелдік валютаға шаққандағы ресми бағамы = залал сомасы.
3-мысал.
Жер қойнауын пайдаланушы уран кен орнын игереді. Кен орынды толық игеру кезінде 61224 тонна уран сатты:
уранның нақты ысырабы 2024 тоннаны
нормаланған ысырап кезінде 1215 тоннаны құрады.
Есепті кезеңде жер қойнауын пайдаланушының (бағалардың ресми белгіленімдері, Қазақстан Республикасының ішкі нарығындағы орташа құны) уран сатуы кезіндегі орташа баға 228,03 АҚШ долларын құрады,
(2024 - 1215) х 228,03 = 184476,3 АҚШ доллары.
184476,3 х залал анықталған сәтте Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетелдік валютаға шаққандағы ресми бағамы = залал сомасы.