Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және сақтандыру тобының қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды белгілеу, сондай-ақ Ерте ден қою шараларын көздейтін іс-шаралар жоспарын мақұлдау қағидаларын және Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды айқындау әдістемесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 сәуірдегі № 75 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 28 мамырда № 16944 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 246 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін мынадай факторлар белгіленсін:

      1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің төмендеуі;

      2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өтімділігі жоғары активтердің жеткіліктілігі нормативінің төмендеуі;

      3) сапасы мен өтімділігі бойынша жіктелуін ескере отырып сақтандыру резервтерінің жалпы сомасын өтеу үшін активтердің жеткіліксіз болуы;

      4) талап етілетін капитал сомасының валюталық тәуекелді өтеу үшін жеткілікті болуы;

      5) Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "В-" және одан төмен ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе Moody's Investors Service және Fitch агенттіктерінің (бұдан әрі - басқа рейтингтік агенттіктер) осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар екінші деңгейдегі банктердегі және осы банктердің үлестес тұлғаларындағы бағалы қағаздарға ("керi РЕПО" операцияларын ескере отырып), салымдарға және ақшаға (күмәнді борыштар бойынша резервті шегергенде) жалпы жиынтық орналастырудың ұлғаюы;

      6) Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "В-" және одан төмен ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар екінші деңгейдегі бір банктегі және осы банктің үлестес тұлғаларындағы бағалы қағаздарға ("керi РЕПО" операцияларын ескере отырып), салымдарға және ақшаға (күмәнді борыштар бойынша резервті шегергенде) жиынтық орналастырудың ұлғаюы;

      7) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының шығынды қызметі;

      8) қайта сақтандырушының үлесін ескермегендегі аралас коэффициенттің ұлғаюы;

      9) жалпы және әкімшілік шығыстар, сақтандыру қызметі бойынша комиссиялық сыйақы төлеу шығыстары және өзге шығыстар сомасының сақтандыру (қайта сақтандыру) шартын бұзуға байланысты шығыстар сомасына азайтылған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы кірістерінің сомасына арақатынасының асуы;

      10) сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша мерзімі өткен дебиторлық берешектің жалпы сомасының (құнсыздануға резервтерді шегергенде) қайта сақтандыру активтерін шегергендегі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы активтерінің сомасына арақатынасының асуы.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 246 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Сақтандыру тобының қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін мынадай факторлар белгіленсін:

      1) сақтандыру тобының төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің төмендеуі;

      2) сақтандыру тобы қатысушысының (қатысушыларының) балансы бойынша меншікті капиталының олардың баланс бойынша жарғылық капиталының мөлшерінен төмендеуі;

      3) сақтандыру тобының қатысушылары арасындағы мәмілелер көлемінің асуы.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 246 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Мыналар:

      1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Ерте ден қою шараларын көздейтін іс-шаралар жоспарын мақұлдау қағидалары;

      2) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау әдістемесі бекітілсін.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 246 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Мыналардың:

      1) "Ертерек ден қою шараларын қолдану қағидаларын және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін факторларды айқындау әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 233 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8804 болып тіркелген, 2013 жылғы 14 қарашада "Заң газеті" газетінде № 171 (2372) жарияланған);

      2) "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сақтандыру қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 127 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14277 болып тіркелген, 2016 жылғы 24 қазанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) бекітілген Қазақстан Республикасының өзгерістер енгізілетін сақтандыру қызметін реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі 21-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      5. Банктік емес қаржы ұйымдарын реттеу департаменті (Шайқақова Г.Ж.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 6-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      6. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      7. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ж.Б. Құрмановқа жүктелсін.

      8. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк Төрағасы Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 27 сәуірдегі
№ 75 қаулысына
1-қосымша

Ерте ден қою шараларын көздейтін іс-шаралар жоспарын мақұлдау қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 246 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Ерте ден қою шараларын көздейтін іс-шаралар жоспарын мақұлдау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Сақтандыру қызметі туралы" 200 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) әзірленді және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және (немесе) оның акционерлерінің, сақтандыру холдингінің және (немесе) оның ірі қатысушыларының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қаржылық орнықтылығын арттыру, оның қаржылық жағдайының нашарлауына және сақтандыру қызметіне (сақтандыру тобының қызметіне) байланысты тәуекелдердің өсуін болдырмау бойынша ерте ден қою шараларын көздейтін іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі - іс-шаралар жоспары) мақұлдау тәртібін айқындайды.

      2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және (немесе) оның акционерлері, сақтандыру холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары іс-шаралар жоспарын әзірлейді және уәкілетті органға мақұлдау үшін ұсынады.

      Іс-шаралар жоспарында төмендегілермен шектелмей, мынадай ақпарат қамтылады:

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін фактордың толық талдауы;

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін фактордың ай сайынғы негізде сандық көрсеткіштерге жетуді талап ететін болжамы, осындай болжамның негіздемесі және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қызметіне тигізетін жағымсыз әсері;

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторды жақсарту, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қызметі үшін қауіп төндірмейтін (қосымша тәуекелдер) деңгейге дейін жеткізу шаралары;

      әрбір тармағы бойынша іс-шаралар жоспарының орындалу мерзімдері;

      іс-шаралар жоспарын орындауға жауапты лауазымды тұлғалар тізбесі (іс-шаралар жоспарының әрбір тармағы бойынша орындауға жауапты лауазымды тұлғаларды көрсете отырып).

      Егер іс-шараларда ақша алу көзделсе, олардың болжамды мөлшері және алынатын көздері көрсетіледі.

      Уәкілетті орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және (немесе) оның акционерлері, сақтандыру холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары ұсынған іс-шаралар жоспарын қарастырады.

      Уәкілетті орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және (немесе) оның акционерлері, сақтандыру холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары қарастыруға ұсынған іс-шаралар жоспарымен келіспеген жағдайда, уәкілетті орган ол бойынша жазбаша ескертулер жібереді не іс-шаралар жоспарын пысықтау мақсатында оны сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен және (немесе) оның акционерлерімен, сақтандыру холдингімен және (немесе) оның ірі қатысушыларымен бірлесіп талқылайды. Бұл ретте сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және (немесе) оның акционерлері, сақтандыру холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары уәкілетті органның ескертулерін жою үшін іс-шаралар жоспарын түзетеді немесе ондай ескертулермен келіспеген жағдайда өздерінің негіздемелерін береді.

      Уәкілетті орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және (немесе) оның акционерлері, сақтандыру холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары ұсынған іс-шаралар жоспарын жазбаша нысанда мақұлдайды немесе мақұлдаусыз қалдырады.

      3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды өздігінен анықтаған жағдайда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және (немесе) оның акционерлері, сақтандыру холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары көрсетілген факторлар анықталған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде уәкілетті органға Қағидалардың 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген іс-шаралар жоспарын ұсынады.

      4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторлар анықталған жағдайда, оларға қатысты жазбаша келісім немесе пруденциалдық нормативтерді және басқа да сақталуы міндетті нормалар мен лимиттерді бұзумен байланысты қолданылған жазбаша келісім немесе жазбаша ұйғарым шеңберінде ұсынылған іс-шаралар жоспары нысанында қаржылық жай-күйін жақсарту және (немесе) тәуекелдерді азайту бойынша шаралар, сақтандырудың барлық сыныптары бойынша лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, консервациялау, акцияларын мәжбүрлеп сатып алу түріндегі санкциялар қолданылып отырған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары бойынша, сондай-ақ уәкілетті органға сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті түрде қайта ұйымдастыруды не таратуды жүргiзуге рұқсат алуға өтiнiшхат берілген жағдайда іс-шаралар жоспарын ұсыну талап етілмейді.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 27 сәуірдегі
№ 75 қаулысына
2-қосымша

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау әдістемесі

      1. Осы Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру тобының) қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау әдістемесі "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді.

      2. Алып тасталды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 246 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау мынадай әдістеме бойынша жүзеге асырылады:

      1) төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативі мәнінің Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14794 болып тіркелген "Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және сақтандыру тобының пруденциялық нормативтерінің және сақталуға міндетті өзге де нормалар мен лимиттердің нормативтік мәндерін және оларды есептеу әдістемесін, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және сақтандыру топтарының пруденциялық нормативтердің орындалуы туралы есептілігінің тізбесін, нысандарын, табыс ету мерзімдерін, Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және сақтандыру топтарының пруденциялық нормативтердің орындалуы туралы есептілігін табыс ету қағидаларын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының немесе сақтандыру холдингтерінің еншілес ұйымдары сатып алатын заңды тұлғалардың акцияларына (жарғылық капиталдағы қатысу үлестеріне) қойылатын талаптарды, сақтандыру холдингтері сатып алатын халықаралық қаржы ұйымдары облигацияларының тізбесін, сақтандыру холдингтері сатып алатын облигациялар үшін талап етілетін ең төмен рейтингті және рейтингтік агенттіктердің тізбесін, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сатып алатын қаржы құралдарының (акциялар мен жарғылық капиталына қатысу үлестерін қоспағанда) тізбесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 26 желтоқсандағы № 304 қаулысымен (бұдан әрі - № 304 қаулы) белгіленген төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің ең төмен мәнінен асатын деңгейден төмен 0,1 тармаққа төмендеуі;

      2) өтімділігі жоғары активтердің жеткіліктілігі нормативі мәнінің № 304 қаулымен белгіленген өтімділігі жоғары активтердің жеткіліктілігі нормативінің ең төмен мәнінен асатын деңгейден төмен 0,1 тармаққа төмендеуі;

      3) Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "А-" және одан жоғары ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе № 304 қаулыға сәйкес танылатын басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар және ол бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында қайта сақтандырушының қайта сақтандырудың барлық талаптарын (оның ішінде қайта сақтандырушы қабылдаған сақтандыру сыйлықақысының, қайта сақтандыру шарты бойынша міндеттемелердің, жауапкершілік лимитінің мөлшерлерін) көрсете отырып қайта сақтандыруға тәуекелдер (акцепті) қабылдағанын растайтын қайта сақтандыру шарты бар Қазақстан Республикасының бейрезиденті-қайта сақтандырушының сақтандыру резервтеріндегі үлесін шегергендегі сақтандыру резервтерінің жалпы сомасының сапасы мен өтімділігі бойынша жіктелуі ескеріле отырып, № 304 қаулыға сәйкес есептелген активтердің құнынан асуы.

      Осы факторды есептеу мақсатында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы уәкілетті органның сұратуы бойынша қайта сақтандыру шарттарының көшірмелерін ұсынады;

      4) қатарынан 3 (үш) ай ішінде есепті күні валюталық тәуекелді өтеу үшін талап етілетін капитал сомасының төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативін есептеу кезінде пайдаланылатын төлем қабілеттілігінің нақты маржасының мәні мен төлем қабілеттілігі маржасының ең аз мөлшері мәнінің арасындағы айырмасынан мынадай формула бойынша айқындалатын асып кетуі:

      2020 жылғы 1 қаңтарға дейін:



      2020 жылғы 1 қаңтардан бастап:



      Әрбір шетел валютасы бойынша валюталық тәуекелдің орнын толтыру үшін талап етілетін капитал мынадай формула бойынша айқындалады:



      мұнда:

      CREi – i-шетел валютасы бойынша валюталық тәуекелдің орнын толтыру үшін талап етілетін капитал;

      А – есепті күні сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жиынтық активтері;

      L - есепті күні баланс бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жиынтық міндеттемелері;

      ai – есепті күні i-шетел валютасында активтер сомасы;

      li - есепті күні i-шетел валютасында баланс бойынша міндеттемелер сомасы;

      5) төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативі мәнінің № 304 қаулыда белгіленген төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің ең төмен мәнінен асатын деңгейден 0,2 тармаққа төмен болған кезде бағалы қағаздарға ("кері РЕПО" операцияларын ескергенде), Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "B-" және одан төмен ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар екінші деңгейдегі банктердегі салымдар мен ақшаға (күмәнді борыштар бойынша резервті шегергенде) және осы банктердің үлестес тұлғаларына жалпы жиынтық орналастырудың меншікті капиталдан 30 (отыз) пайыз мәнінен асуы;

      6) төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативі мәнінің № 304 қаулыда белгіленген төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің ең төмен мәнінен асатын деңгейден 0,2 тармаққа төмен болған кезде бағалы қағаздарға ("кері РЕПО" операцияларын ескергенде), Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "B-" және одан төмен ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар екінші деңгейдегі бір банктегі салымдар мен ақшаға (күмәнді борыштар бойынша резервті шегергенде) және осы банктердің үлестес тұлғаларына жалпы жиынтық орналастырудың меншікті капиталдан 10 (он) пайыз мәнінен асуы;

      7) төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативі мәнінің № 304 қаулыда белгіленген төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің ең төмен мәнінен асатын деңгейден:

      2020 жылғы 1 қаңтарға дейін - 0,2 тармаққа;

      2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 0,5 тармаққа төмен болған кезде соңғы 12 (он екі) айдың қорытындысы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының шығынды қызметі.

      Осы тармақшаның талабы аяқталған қаржы жылының қорытындысы бойынша бизнес-жоспарда айқындалған мерзім өткенге дейін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кіріс алған жағдайын қоспағанда, "жалпы сақтандыру" саласында 3 (үш) жылдан кем қызметті жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына, "өмірді сақтандыру" саласында 5 (бес) жылдан кем қызметті жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына қолданылмайды;

      8) төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативі мәнінің № 304 қаулыда белгіленген төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің ең төмен мәнінен асатын деңгейден:

      2020 жылғы 1 қаңтарға дейін - 0,2 тармаққа;

      2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 0,5 тармаққа төмен болған кезде қайта сақтандырушының үлесін ескермегенде аралас коэффициент мәнінің 100 (жүз) пайыздан астам асуы.

      "Ауырған жағдайдан сақтандыру" сыныбы бойынша сақтандыру сыйлықақыларының үлесі есепті күні қолданыстағы сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлемінде 80 (сексен) пайыздан астам болатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары үшін осы фактор бойынша шекті мәні 120 (бір жүз жиырма) пайызды құрайды;

      9) төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативі мәнінің № 304 қаулыда белгіленген төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің ең төмен мәнінен асатын деңгейден:

      2020 жылғы 1 қаңтарға дейін - 0,2 тармаққа;

      2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 0,5 тармаққа төмен болған кезде соңғы 12 (он екі) айда жалпы және әкімшілік шығыстар, сақтандыру қызметі бойынша комиссиялық сыйақы төлеу бойынша шығыстар және Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13504 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 41 қаулысымен бекітілген Қаржы ұйымдарының, арнайы қаржы компанияларының, ислам арнайы қаржы компанияларының, микроқаржы ұйымдарының қаржылық есептiлiктi ұсынуы қағидаларына 5-қосымшаның 41-жолының кодында көзделген өзге шығыстар сомасының соңғы 12 (он екі) айда сақтандыру (қайта сақтандыру) шартын бұзуға байланысты шығыстар сомасына азайтылған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының шығыстар сомасына арақатынасының 50 (елу) пайыз мәнінен асуы;

      10) төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативі мәнінің № 304 қаулыда белгіленген төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің ең төмен мәнінен асатын деңгейден:

      2020 жылғы 1 қаңтарға дейін - 0,2 тармаққа;

      2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 0,5 тармаққа төмен болған кезде сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша мерзімі өткен дебиторлық берешегінің (қайта сақтандырушылардан, сақтанушылардан (қайта сақтанушылардан) және делдалдардан алынуға тиіс соманың) (құнсыздануға резервтерді шегергенде) қайта сақтандыру активтерін шегергендегі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының активтері сомасына арақатынасының 5 (бес) пайыз мәнінен асуы.

      4. Сақтандыру тобының қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау мынадай әдістеме бойынша жүзеге асырылады:

      1) төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативі мәнінің № 304 қаулыда белгіленген төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігі нормативінің ең төмен мәнінен асатын деңгейден 0,1 тармаққа төмендеуі;

      2) есепті тоқсанның қорытындысы бойынша сақтандыру тобы қатысушысының (қатысушыларының) балансы бойынша меншікті капиталдың олардың баланс бойынша жарғылық капиталының мөлшерінен төмен болып төмендеуі;

      3) сақтандыру тобының қатысушылары арасындағы мәмілелер көлемінің сақтандыру тобының төлем қабілеттілігінің нақты маржасынан 10 (он) пайызға асуы;

      4) алып тасталды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 246 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 246 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.