"Қазақстан Республикасында кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 6 маусымдағы № 479 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 985 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 12 қаңтарда № 16219 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2021 жылғы 31 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-139 бұйрығымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 31.12.2021 № ҚР ДСМ-139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 7-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасында кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 6 маусымдағы № 479 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13877 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 25 шілдеде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасында кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Стандартта пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар:

      1) бейінді маман – жоғары медициналық білімді, "кардиология (негізгі мамандығы бойынша ультрадыбыстық диагностика, негізгі мамандығының бейіні бойынша функционалдық диагностика, интервенциялық аритмология, интервенциялық кардиология) (ересектер, балалар)"; "кардиохирургия (ересектер, балалар)" мамандығы бойынша сертификаты бар бар медицина қызметкері;

      2) клиникалық хаттама – белгілі бір ауруы немесе клиникалық жағдайы кезінде пациентке медициналық көмек көрсетуге қойылатын жалпы талаптарды белгілейтін құжат;

      3) денсаулық сақтау ұйымы – денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      4) Емдеуге жатқызу бюросы порталы (бұдан әрі – Портал) – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде пациенттерді стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу жолдамаларын электрондық тіркеудің, есепке алудың, өңдеудің және сақтаудың бірыңғай жүйесі;

      5) медициналық көмек – халықтың денсаулығын сақтауға және қалпына келтіруге, бағытталған дәрілік көмекті қамтитын медициналық көрсетілетін қызметтердің кешені;

      6) медициналық көмектің сапасы – көрсетілетін медициналық көмектің Кодекстің 7-бабының 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес бекітілген және медициналық ғылым мен технологияның дамытудың қазіргі заманғы деңгейінің негізінде белгіленген стандарттарға сәйкестік деңгейі;

      7) өңірлендіру – көрсетілетін медициналық технологиялардың күрделілігіне қарай медициналық ұйымдарды жіті коронарлық синдромымен және (немесе) миокардтың жіті инфаргімен ауыратын пациенттерге шұғыл кардиологиялық көмек (кардиологиялық, кардиохирургиялық көмек) көрсетудің тиісті деңгейіне бөлу.";

      8) пациент – медициналық қызметтердің тұтынушысы болып табылатын (болып табылған) жеке тұлға;

      9) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) – Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға көрсетілетін медициналық қызметтер көрсетудің Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбесі бойынша бірыңғай медициналық көмектің көлемі.";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Кардиологиялық, интервенциялық кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсететін ұйымдардың негізгі міндеттері мен функциялары";

      3-тарау мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Жүрек-қантамырлық аурулармен ауыратын пациенттерге медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру";

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Жүрек-қантамырлық аурулармен ауыратын пациенттерге жедел медициналық көмек Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 3 шілдедегі № 450 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15473 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.";

      30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "30. Жіті коронарлық синдроммен ауыратын пациенттерге тері арқылы коронарлық араласу жүргізу үшін медициналық ұйымдар коронарлық стенттеу көлеміне байланысты бір немесе екі ангиокардиографиялық қондырғылармен, кардиохирургиялық қолдаумен немесе қолдаусыз, бірақ қажеттілігіне қарай кардиохирургиялық стационарға ауыстырудың пысықталған логистикасымен, зерттеудің инвазивтік емес әдістерінің зертханасымен, жүрек және тамырларың катетерлеу зертханасымен, интервенциялық аритмология зертханасымен (бөлімшесімен), кардиореанимация бөлімшесімен жарақтандырылады және тәуліктік режімде жұмыс істейді.";

      мынадай мазмұндағы 36, 37-тармақтармен толықтырылсын:

      "36. Жіті коронарлық синдромымен немесе миокардтың жіті инфаргімен ауыратын пациенттерге медициналық көмек көрсету өңірлендіру деңгейілері бойынша жүзеге асырылады:

      1) бірінші деңгейде медициналық көмекті жедел медициналық көмек, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары, сондай-ақ жіті коронарлық синдром немесе миокардтың жіті инфаргімен ауыратын пациенттерге тері арқылы коронарлық араласулар жүргізу мүмкіндігінсіз стационарлық көмек көрсететін ұйымдар көрсетеді;

      2) екінші деңгейде медициналық көмекті кардиохирургиялық бөлімшесінсіз тері арқылы коронарлық араласулар жүргізу мүмкіндігімен стационарлық көмек көрсететін ұйымдар көрсетеді;

      3) үшінші деңгейде медициналық көмекті стационарлық көмек көрсететін ұйымдар және кардиохирургиялық бөлімшесі бар республикалық медициналық ұйымдар көрсетеді.

      37. Жіті коронарлық синдромымен немесе миокардтың жіті инфаргімен ауыратын пациенттерге медициналық көмек көрсету клиникалық хаттамаларға сәйкес жүргізіледі.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күнінен бастап күнтізбелік он күннің ішінде қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түріндегі оның көшірмесін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде оның көшірмелерін мерзімдік баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң қызметі департаментінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуы қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Л.М. Ақтаеваға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрі
Е. Біртанов