Қылмыстық жазаларды орындаудың және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданудың заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2017 жылғы 13 қыркүйектегі № 104 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 4 қазанда № 15840 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2021 жылғы 21 қазандағы № 137 бұйрығымен.

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Бас Прокурорының 21.10.2021 № 137 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабының 4) тармақшасын басшылыққа алып БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берілген Қылмыстық жазаларды орындаудың және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданудың заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.

      2. Күші жойылған деп танылсын:

      1) "Жазаны орындауда, арнайы мекемелерде адамдардың ұсталуында және бас бостандығынан айыру орындарынан босағандарды бақылауда заңдылықтың сақталуына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2015 жылғы 6 қаңтардағы № 7 бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10202 тіркелген, 2015 жылы 27 ақпанында "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);

      2) "Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2016 жылғы 15 қарашадағы № 172 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының өзгерістер мен толықтыру енгізілетін кейбір бұйрықтар тізбесінің 3 тармағы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14554 тіркелген, 2016 жылы 30 желтоқсанында "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      3. Күшіне енген сот актілерінің және олардың орындалу заңдылығын қадағалау Департаменті (екінші қызмет):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу және ресми жариялау үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялауға жолдауды;

      3) Осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің, ведомствалардың, мекемелер мен прокуратураның білім беру ұйымдарының басшыларына, облыс, аудан прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорларға жолдансын.

      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Ж. Асанов

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2017 жылғы 13 қыркүйектегі
№ 104 бұйрығымен бекітілген

Қылмыстық жазаларды орындаудың және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын
қолданудың заңдылығына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі
НҰСҚАУЛЫҚ

Тарау 1. Жалпы ережелер

      1. Осы қылмыстық жазаларды орындаудың және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданудың заңдылығына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану саласындағы:

      жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен босатылған (бұдан әрі – ШМББ) және сотпен әкімшілік қадағалау орнатылған адамдардың жүріс-тұрысына бақылау жүргізу бойынша ішкі істер органдарында (бұдан әрі – ІІО);

      Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу түріндегі қылмыстық жазаны орындау бойынша ұлттық қауіпсіздік және ІІО;

      қылмыстық жазаларды орындау бойынша қылмыстық-атқару жүйесінде (бұдан әрі – ҚАЖ);

      айыппұл және мүлкін тәркілеу түріндегі қылмыстық жазаларды орындау бойынша атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және осы саладағы қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органның;

      Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінде көзделген өкілеттіктерді іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың;

      қылмыс жасады деп күдік келтірілгендер мен айыпталушыларды қоғамнан уақытша оқшаулауды заңды негіздерде қамтамасыз ететін арнаулы мекемелердің қадағалау қызметін жүзеге асыруды нақтылайды.

      2. Осы Нұсқаулықта қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1) арнайы мекемелер – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі – ҚР ІІМ), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (бұдан әрі – ҚР ҰҚК) тергеу изоляторлары және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің (бұдан әрі – ҚР ҚМ) гаупвахталары;

      2) атқарушылық іс жүргізу органдары – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі, оның аумақтық органдары, мемлекеттік және жеке сот орындаушылар (бұдан әрі – ЖСО) айыппұл және мүлікті тәркілеу түріндегі қылмыстық жазаларды орындау бойынша;

      3) Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшесі – қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданудың заңдылығына қадағалауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының (бұдан әрі – Бас прокуратура) құрылымдық бөлімшесі;

      4) есепте тұрған адам – бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық жазаны өтеп жатқан және пробация қызметінде есепте тұрған тұлға;

      5) "Еңбек" Республикалық мемлекеттік кәсіпорын – ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің "Еңбек", "Еңбек-Өскемен" республикалық мемлекеттік кәсіпорындары және олардың филиалдары (бұдан әрі – "Еңбек" РМК);

      6) қылмыстық жазаларды орындау – Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 40-бабында көзделген және сот үкімі бойынша қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға кінәлі деп танылған адамдарға тағайындалатын мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану;

      7) қадағалаудың аймақтық-пәндік қағидаты – Бас прокуратура құрылымдық бөлімшесінің қызметкеріне жекелеген облыс прокуратуралары мен оларға теңестірілген прокуратуралардың осы Нұсқаулықтың талаптарын орындауды қамтамасыз ету және заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізу бойынша қызметін және қылмыстық-атқару заңнамасының өзге де мәселелері бойынша қызметін бақылау жөніндегі функцияларын бекіту;

      8) қадағалаудағы адам – "Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, сотпен әкімшілік қадағалау белгіленген тұлға;

      9) қадағалаушы прокурор – Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшесінің облыс прокуратурасының және оған теңестірілген прокуратураның, аудан прокуратурасының және оған теңестірілген прокуратураның қылмыстық жазалардың орындалуын және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларының қолданылуын қадағалау жөніндегі қызметкері;

      10) өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану – қылмыс жасады деп күдік келтіру немесе айыптау бойынша күзетке алынған адамдарды ұстау және ШМББ және қадағалаудағы адамдардың жүріс-тұрысына, тәртібіне бақылауды жүзеге асыру;

      11) тәртіптік үй-жайлары – жалғыз адамдық камера, тәртіптік изолятор;

      12) төтенше оқиға – арнайы мекемелер мен қылмыстық-атқару жүйесі (бұдан әрі – ҚАЖ) мекемелерінде ұсталатын адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндеретін, табиғи және техногендік сипаттағы зілзала, аталған мекемелер қызметкерлерінің, күзетпен ұсталатын адамдардың, сотталғандардың қылмыстар жасау, азаптау қолдану, күзетпен ұстауға алынған не бас бостандығын айыруды өтеп жатқан адамды зорлықпен өлтіру, арнайы мекемелер мен ҚАЖ мекемелері әкімшілігінің талаптарына топ болып бағынбау, дене мүшесіне зақым келтіру, адамдарды кепіл ретінде тұтқынға алу, қирату (мүлікті қасақана жою), жаппай тәртіпсіздік, бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазаны өтеуден жалтару, қашу, жұмысты орындаудан, тамақтанудан топ болып бас тарту фактілері.

      3. ҚАЖ мекемелері мен арнайы мекемелерде адамдарды жазалауды және ұстауды орындау кезіндегі заңдылықты қадағалау, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарға бақылауды жүзеге асыру қылмыстық жазаларды, қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын орындау кезінде қылмыстық, қылмыстық-атқару, қылмыстық-процестік, басқа да нормативтік құқықтық актілердің нормаларын сақтауды, күзетпен ұсталатындардың, сотталғандардың, жазасын өтеуден ШМББ, сондай-ақ қадағалаудағы адамдардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, арнайы мекемелер мен ҚАЖ мекемелерінде ұстаудың тәртібі мен шарттарын сақтауды, репрессияланған тұлғаларды ақтау тәртібін реттейтін заңнаманың орындалуын қамтамасыз етеді.

      4. Қадағалаудың басым бағыттары мыналар:

      1) сотталғандардың және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларына ұшыраған адамдардың конституциялық құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін сақтау;

      2) уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, қылмыстық жазаларды орындайтын органдардың, арнайы мекемелердің және ҚАЖ мекемелерінің қызметіндегі заңдылықты сақтау;

      3) жергілікті атқарушы органдардың және пробация қызметтерінің бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметтерінің есебінде тұрған адамдарды қайта әлеуметтендіру және әлеуметтік бейімдеу бойынша қызметіндегі заңдылықты сақтау.

      5. Қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану заңдылығына қадағалау, оның жай-күйіне талдау мен тексеру арқылы, соның ішінде құқық қорғау, арнайы мемлекеттік және т.б. органдардың ақпарат алмасу базаларын қолданып, жүзеге асырылады.

      6. Қылмыстық жазаларды орындаудың және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданудың заңдылығын қадағалуды жүзеге асыру кезінде прокурордың өкілеттіктері Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерінде, "Прокуратура туралы", "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

      7. Прокурордың күзетпен ұсталатын және қылмыстық жазасын өтеп жатқан адамдардың өтініштерін қарау тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару және қылмыстық-процестік заңнамасында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

Тарау 2. Қылмыстық жазаларды орындаудың және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу
шараларын қолданудың заңдылығын қадағалау жөніндегі өкілеттіктерін бөлу

      8. Бас прокуратураның, облыстық және оларға теңестірілген прокуратуралардың, аудандық және оларға теңестірілген прокуратуралардың өзара іс-қимылын тиімді ұйымдастыру және олардың қызметінде қайталануды болдырмау мақсатында, қылмыстық жазаларды орындаудың және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданудың заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру кезінде өкілеттіктерді бөлу мынадай тәртіпте белгіленеді:

      1) Бас прокуратура:

      ҚАЖ, "Еңбек" РМК-ның, айыппұл және мүлікті тәркілеу түріндегі қылмыстық жазаларды орындау жөніндегі атқарушылық іс жүргізу органның, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің жазаны өтеуден ШМББ және сотпен әкімшілік қадағалау орнатылған адамдардың жүріс-тұрысына профилактикалық бақылау жүргізу бойынша қадағалауды жүзеге асырады;

      қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану мәселелері бойынша құқықтық актілердің заңдылығына қадағалауды жүзеге асырады;

      прокуратура органдарының қылмыстық жазаларды орындаудың және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданудың заңдылығына қадағалау жөніндегі жұмысын ұйымдастырады және үйлестіреді;

      қылмыстық жазаларды орындаудың және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданудың заңдылығына қадағалаудың жекелеген бағыттарын басым деп айқындау туралы ұсыныстар енгізеді;

      2) облыс және оларға теңестірілген прокуратуралар өз өкілеттіктері шегінде:

      ҚАЖ аймақтық органдардың (департаменттердің), ҚР ІІМ аумақтық органдардың (департаменттердің) ШМББ-ны бақылау бойынша, ҚР ҰҚК мен ҚР ІІМ аумақтық органдардың (департаменттердің) Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерге шығарып жіберу, атқарушылық іс жүргізу органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, арнайы мекемелер мен ҚАЖ мекемелерінің, "Еңбек" РМК, қызметіндегі заңдылықты қадағалауды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

      қылмыстық жазаларды орындаудың және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданудың заңдылығына қадағалауды жүзеге асырады;

      қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану мәселелері бойынша құқықтық актілердің заңдылығына қадағалауды жүзеге асырады;

      аудан және оларға теңестірілген прокуратуралардың қылмыстық жазаларды орындаудың және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданудың заңдылығына қадағалау жөніндегі жұмысын ұйымдастырады және үйлестіреді;

      "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі Заңының сақталуына қадағалауды жүзеге асырады;

      3) Бас әскери прокуратура мен оның аумақтық бөлімшелері:

      адамдарды гаупвахталарда ұстаудың заңдылығына қадағалауды жүзеге асырады;

      әскери қызметкерлерге қатысты бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық жазаларды орындаудың заңдылығына қадағалауды жүзеге асырады;

      ҚР ІІМ Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ҚАЖ мекемелерін күзету, қамауға алынғандарды бақылау және айдап апарудағы заңдылықты қадағалауды жүзеге асырады;

      "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі Заңының сақталуына қадағалауды жүзеге асырады;

      4) аудандық және оларға теңестірілген прокуратуралар әкімшілік-аумақтық белгі бойынша қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану органдары мен мекемелерінің қызметіндегі заңдылықты қадағалауды жүзеге асырады.

Тарау 3. Бас прокуратурамен қылмыстық жазаларды орындау және өзге де
мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану заңдылығына қадағалау жұмыстарын
ұйымдастыру

      9. Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшесі қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану заңдылығына қадағалауды жүзеге асырған кезде:

      1) аймақтық-пәндік қағидаты бойынша заңдылықты қамтамасыз етеді, Бас прокуратураның басқа да бөлімшелерімен, төмен тұрған прокуратуралармен, мүдделі мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасасуды ұйымдастырады;

      2) қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану заңдылығының жай-күйін талдау арқылы төтенше жағдайлар фактілері, бұқаралық ақпарат құралдарындағы мақалалар, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша, оның ішінде жергілікті аймақтарға шығып тексерістер жүргізеді;

      3) Бас прокуратураның жедел-іздестіру қызметінің (бұдан әрі – ЖІҚ) заңдылығына қадағалау жөніндегі құрылымдық бөлімшесімен бірге ҚАЖ-дегі ЖІҚ заңдылығы мәселелері бойынша бірлескен тексерістер өткізуге бастама көтереді;

      4) жергілікті жерлерде жедел ден қоюды талап ететін заң бұзу фактілері бойынша тексерістер жүргізген кезде прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін өз бетінше қабылдайды;

      5) Бас прокуратура басшылығының тапсырмасы бойынша төмен тұрған прокурорлардың, құқық қорғау, арнайы және басқа да мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалардың, сондай-ақ сот актілерінің заңдылығын тексеру мақсатында қылмыстық істер мен өзге де материалдарды сұратып алады;

      6) кешірім жасау актілерін қолдану мәселелері бойынша материалдарын тексеру нәтижелері бойынша қорытындылар (еркін түрде) әзірлейді;

      7) тоқсан сайын қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану заңдылығының жай-күйіне қадағалау, сондай-ақ оның басым бағыттары бойынша талдау жүргізеді;

      8) ведомствоаралық жедел кеңестердің, алқа, сонымен қатар Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырыстарында мәселелерді қарауға бастама көтереді;

      9) қадағалаудың қазіргі заманауи әдістеріне бастама көтереді, қадағалау қызметінің оң тәжірибесін таратады, облыс, аудан және оларға теңестірілген прокуратуралардың қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында оларға тағылымдама өткізеді;

      10) Бас Прокурордың, оның қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану заңдылығына қадағалау мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарының, Бас прокуратура құрылымдық бөлімше басшысының өзге де тапсырмаларын орындайды.

Тарау 4. Облыс және оларға теңестірілген прокуратурасының қылмыстық жазаларды
орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану заңдылығына
қадағалау бойынша жұмысты ұйымдастыру

      10. Облыс және оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеудің шараларын қолдану заңдылығына қадағалауды жүзеге асырған кезде:

      1) ҚАЖ аймақтық органдардың (департаменттердің), ҚР ІІМ аумақтық органдардың (департаменттердің) ШМББ-ны бақылау бойынша, ҚР ҰҚК мен ҚР ІІМ аумақтық органдардың (департаменттердің) Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерге шығарып жіберу, атқарушылық іс жүргізу органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, қылмыстық жазаны орындайтын органдардың, арнайы мекемелер мен ҚАЖ мекемелерінің, "Еңбек" РМК, жергілікті полиция қызметі (бұдан әрі – ЖПҚ), ЖСО қызметіндегі заңдылықты қадағалауды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

      2) "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі Заңын сақталуына қадағалауды қамтамасыз етеді;

      3) жергілікті атқару, құқық қорғау органдарының қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану мәселелері бойынша қызметін үйлестіреді;

      4) азаптау фактілеріне, қамауда ұсталған адамдарға және сотталғандарға заңсыз ықпал ету шараларына жедел түрде ден қоюды қамтамасыз етеді;

      5) қажет болған жағдайда ҚАЖ мекемелеріндегі ЖІҚ заңдылығына қадағалау мақсатында тексерістерді ұйымдастырады;

      6) аудан және оларға теңестірілген прокурорлардың қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану заңдылығына қадағалау бойынша қызметін бақылауды жүзеге асырады, ұйымдастырушылық және әдістемелік көмек көрсетеді;

      7) төтенше жағдайларды тексеру үшін аудан және оларға теңестірілген прокурорлардың шығуын қамтамасыз етеді;

      8) үкімді орындаумен байланысты сот қаулыларына өтініш білдіру кезінде апелляциялық сатыдағы сотқа прокурордың қатысуын қамтамасыз етеді;

      9) жылына 2 реттен кем емес сотталғандарды қабылдауды, ҚАЖ мекемелеріндегі тұрмыстық, медициналық-санитарлық бөліміне, тәртіптік және басқа да бөлмелерді тексеруді қамтамасыз етеді. Облыс прокурорларының орынбасарлары және оларға теңестірілгендер бұл жұмысты тоқсан сайын жүргізеді;

      10) ҚАЖ мекемесі облыс орталығында орналасқан жағдайда, облыс прокуратурасы мен аудан және оларға теңестерілген прокуратуралары арасында өкілеттіктерді қайта бөледі;

      11) қадағалаудың қазіргі заманауи әдістеріне бастама көтеріп, қолданысқа енгізеді, қадағалау қызметінің оң тәжірибесін таратады, оқу семинарларын, қызметкерлерді тағылымдамадан өткізеді және оларды оқытуды жүргізеді;

      12) үкімдерді орындау мәселелері бойынша сот актілерінің заңдылығына қадағалауды қамтамасыз етеді.

      Қажет болған жағдайда сотқа қатысу міндетін бейінді құрылымдық бөлімшесіне жүктейді;

      13) Бас Прокурордың, оның қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану заңдылығына қадағалау мәселелеріне басшылық ететін орынбасарының, Бас прокуратураның құрылымдық бөлімше басшысының өзге де тапсырмаларын орындайды.

      11. Облыс прокуратураларының құрылымдық бөлімшесі:

      1) қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану заңдылығының жай-күйін талдау арқылы төтенше жағдайлар фактілері, бұқаралық ақпарат құралдарындағы мақалалар, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша, оның ішінде жергілікті аймақтарға шығып, тексерістер жүргізеді.

      Жүйелі сипаттамасы жоқ бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, тексеріс жүргізуді құзыретіне тиісті мәселелерді қарау жататын бақылау мен қадағалаудың уәкілетті мемлекеттік органдарына тапсырады;

      2) ұлттық алдын алу тетігінің (бұдан әрі – ҰАТ) қатысушылары мен қоғамдық бақылау комиссиялары (бұдан әрі – ҚБК) мүшелерімен анықталған заңдылықты бұзу бойынша өтініштерін тексеруді ұйымдастырады және жүргізеді, прокурорлық қадағалау және ден қою шараларын қабылдайды;

      3) Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшесіне төтенше жағдай фактілері туралы хабарламаны 1 сағат ішінде телефон немесе өзге де байланыс түрі арқылы жеткізуді қамтамасыз етеді.

      Төтенше жағдай фактілері туралы толық ақпарат 2 сағат ішінде ұсынылады және онда мынадай ақпарат қамтылуы тиіс: төтенше жағдай болған күні, уақыты, орны және мән-жайы, себептері, мақсаты, тәсілдері, оқиға болған кезде пайдаланылған заттар мен құралдар оған қатысқан адамдардың жалпы санын, олардың тегі, аты, әкесінің аты, сотталған ҚК-нің баптарының атауы, олардың жедел-профилактикалық есепте тұруы (5 адамнан артық болған жағдайда олар туралы деректер тізім бойынша ұсынылады);

      4) денесіне зақым келтірудің, тамақтанудан бас тартудың, өзіне-өзі қол жұмсаудың және арнаулы құралдарды қолданудың бірлі-жарым фактілері бойынша 24 сағат ішінде Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшесіне төтенше жағдайдың болу себептері мен қабылданған шешім нәтижелері туралы ақпарат ұсынуды қамтамасыз етеді;

      5) арнайы мекемелердің қызметіндегі заңдылықты қадағалауды қамтамасыз етеді;

      6) сотталғанды тәртіптік бөлмелерге кіргізу туралы қаулының заңдылығын, сондай-ақ оның ұстау жағдайларын 24 сағат ішінде, ал мекеме алыс болған жағдайда 48 сағат ішінде қажет болған жағдайда прокурорлық қадағалау және ден қою шараларын қабылдай отырып, тексеруді қамтамасыз етеді;

      7) тұрақты негізде сотталғандарды қабылдауды, ҚАЖ мекемелеріндегі тұрмыстық, медициналық-санитарлық бөліміне, тәртіптік және басқа да бөлмелерді тексеруді қамтамасыз етеді;

      8) төтенше оқиғалардың фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істер бойынша процестік шешімдердің заңдылығын тексереді;

      9) әр бір тоқсан сайын бойынша қадағалаудың басым бағыттары бойынша заңдылықтың жай-күйін талдайды және ақпаратты есептік кезеңнен кейінгі айдың 5-не дейін Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшесіне ақпарат ұсынады;

      10) облыстың қылмыстық-атқару жүйесінің тоқсан сайын жаңартылатын төлқұжатын жүргізеді.

      12. Орталық мемлекеттік органдармен олардың ведомстволарына, лауазымды тұлғаларына жіберілетін прокурорлық қадағалау актілері Бас прокуратура арқылы жолданады.

Тарау 5. Аудан және оларға теңестірілген прокуратураның қылмыстық жазаларды
орындаудың және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданудың
заңдылығын қадағалау бойынша жұмысты ұйымдастыру

      13. Аудан және оларға теңестірілген прокурорлар, олардың орынбасарлары, аудандық және оларға теңестірілген прокуратуралардың қызметкерлері қылмыстық жазаларды орындаудың және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданудың заңдылығына қадағалауды жүзеге асырған кезде:

      1) әкімшілік-аумақтық белгісіне сәйкес қылмыстық жазаларды орындаудың және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану мәселесі бойынша қылмыстық жазаны орындайтын органдардың, ҚАЖ мекемелерінің, пробация қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдарының, атқарушылық іс жүргізу органдардың аумақтық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерге шығарып жіберуді орындайтын органдардың, ішкі істер органдары (бұдан әрі – ІІО) аумақтық бөлімшелерінің, ЖПҚ, ЖСО қызметіндегі заңдылықты қадағалауды жүзеге асырады;

      2) төтенше жағдайлар, бұқаралық ақпарат құралдарындағы мақалалар, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, басқа да хабарламалар түріндегі негіздер болған жағдайда қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану заңдылығының жай-күйін талдау нәтижелері бойынша тексерістер жүргізеді.

      Қажет болған жағдайда тексеріске дейін оқиғаның мән-жайларын анықтау үшін сотталғандармен алдын-ала кездесулер өткізеді.

      Жүйелі сипаттамасы жоқ бұзушылықтар анықталған жағдайда, тексеріс жүргізуге құзыреті бар бақылау мен қадағалау уәкілетті мемлекеттік органдарына тапсырады;

      3) ҰАТ қатысушылары мен ҚБК мүшелерімен анықталған заңдылықты бұзу бойынша өтініштерін тексеруді ұйымдастырады және жүргізеді, прокурорлық қадағалау және ден қою шараларын қабылдайды;

      4) оқиға болған жерге барып, төтенше оқиға фактілері бойынша тексеріс жүргізіп, бұл туралы облыс прокурорына шұғыл хабарлайды.

      Анықталған заң бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау немесе ден қою шараларын қабылдайды;

      5) арнаулы құралдарды қолдану заңдылығын, ҚАЖ әкімшілігінің іс-әрекеттерінің негізділігі туралы қорытындыны құрастыра отырып, тексереді.

      Қорытындыда адам, оқиға орны, уақыты және арнаулы құралдарды қолдану мән-жайлары туралы мәліметтер, оларды қолданған қызметкерлер туралы деректер, оны қолдану негізі мен заңдылығы туралы қорытындылар енгізіледі. Қорытындыға растайтын материалдар қоса беріледі;

      6) денесіне зақым келтірудің, тамақтанудан бас тартудың және өзіне-өзі қол жұмсаудың бірлі-жарым фактілерін тексереді, болған оқиғаның себептерін анықтайды, мекеме қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне баға береді, заңды процессуалдық шешімнің қабылдануын қамтамасыз етеді. Көрсетілген фактілер туралы облыс прокурорына хабарлайды;

      7) сотқа қатысады және үкімдерді орындау, әкімшілік қадағалауды белгілеу және ұзарту мәселелері бойынша сот актілерінің заңдылығына қадағалауды жүзеге асырады;

      8) азаптаулар фактілерін, заңсыз ықпал ету шараларын, оның ішінде сотталғандар мен қамауда ұсталған адамдардың өтініштеріне байланысты фактілері анықтаған жағдайда, оларды Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеу бойынша шаралар қабылдайды, оларды тергелуі бойынша тапсырады;

      9) 24 сағат ішінде, ал мекеме алыс болған жағдайда 48 сағат ішінде сотталғанды тәртіптік бөлмеге кіргізу заңдылығын және оны ұстау жағдайларын тексереді, заңдылық бұзылған жағдайда прокурорлық қадағалау және ден қою шараларын қабылдайды;

      10) ай сайын сотталғандарды қабылдауды, ҚАЖ мекемелеріндегі тұрмыстық, медициналық-санитарлық бөліміне, тәртіптік және басқа да бөлмелерді тексеруді қамтамасыз етеді. Аудан және оларға теңестірілген қадағалаушы прокурорлар бұл жұмысты үнемі, тұрақты түрде жүргізеді;

      11) сотталғанды қабылдау барысында қолданыстағы заңнаманы түсіндіреді, қылмыстық жазаны өтеу жағдайларымен, мекеме әкімшілігінің іс-әрекеттерімен байланысты сұрақтарға жауап береді, ол сотталған қылмыстық іс бойынша өтініштер не өтінішхаттар жасауға жәрдем көрсетеді, оның жағдайын жақсарту үшін енгізілген наразылықтар туралы хабарлайды;

      12) күдіктілерге, айыпталушыларға және сотталғандарға тәртіптік жаза салудың және көтермелеулерді қолданудың заңдылығын тексереді;

      13) қылмыстық жазаны өтеуден босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік және өзге де көмек көрсету мәселелері бойынша жергілікті атқару органдарының қызметіндегі заңдылықты тексереді;

      14) қылмыстық жазаларды, оның ішінде қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес қосымша қылмыстық жазаларды орындау жөніндегі пробация қызметінің жұмысындағы заңдылықты, сондай-ақ үкімді орындауды кейінге қалдыру, есепте тұрған адамдардың, ЖМББ және бақылауға алынғандардың қайта қылмыс жасау деңгейінің жай-күйін тексереді;

      15) ІІО мен ЖПҚ жазадан ШМББ және бақылауға алынған адамдардың жүріс-тұрысын бақылау бойынша қызметіне талдау жүргізеді, пробация қызметі, ІІО пайдаланатын электрондық бақылау құралдарын қолдану кезіндегі заңдылықтың жай-күйін тексереді. Заңдылықты бұзуды анықтаған жағдайда прокурорлық қадағалау немесе ден қою актілерін енгізеді;

      16) атқарушылық іс жүргізу органдарының аумақтық бөлімдерінің қызметінде қылмыстық айыппұлдарды өндіру және мүлікті тәркілеу мәселелері бойынша заңдылықты тексереді.

      Қадағалау заңдылықтың жай-күйін талдау, атқарушылық іс жүргізу органдарының аумақтық бөлімдерін тексерістер жүргізу, атқарушылық іс жүргізулерді бағалау арқылы жүзеге асырылады;

      17) егер өзге де мерзімдерді облыс және оған теңестірілген прокуроры белгілемесе, тоқсанына бір реттен кем емес қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану заңдылығын қадағалау жай-күйі туралы ақпаратты облыс және оларға теңестірілген прокуратураларға жолдайды.

      14. Аудан және оларға теңестірілген прокуратуралар, облыс және оларға теңестірілген прокуратуралар арқылы прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін облыс деңгейіндегі аумақтық мемлекеттік органдарға және олардың лауазымды тұлғаларына енгізеді.

Тарау 6. Қорытынды ережелер

      15. Аудан, облыс және оларға теңестірілген прокуратураларының қызметіндегі қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану заңдылығын қадағалау жөніндегі негізгі көрсеткіштер мыналар:

      1) азаптауларға ықпал ететін заң бұзушылықтарды болдырмау;

      2) әлеуметтік пайдалы байланыстарға және әлеуметтік-құқықтық көмек алуға сотталғандардың құқығын қамтамасыз ету;

      3) сотталғандардың ШМББ, қылмыстық жазаның өтелмеген бөлігін қылмыстық жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру және қауіпсіздігі барынша төмен мекемеге ауыстыру құқығын қамтамасыз ету;

      4) есепте тұрған адамға қылмыстық жазаны бас бостандығынан айыруға ауыстыру негізділігі;

      5) қылмыстық айыппұлдар және мемлекеттік пайдасына мүлікті тәркілеудің орындалуы;

      6) пробация қызметінің және ІІО аумақтық бөлімдерінің есебінде тұрған адамдар арасында рецедивтің деңгейі болып табылады.

      Аудан, облыс және оларға теңестірілген прокуратуралардың қызметіндегі негізгі көрсеткіштер Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшесінің ұсынысы бойынша қылмыстық жазаларды орындау және өзге де мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану заңдылығының сақталуына қадағалау саласындағы заңдылықтың жай-күйіне байланысты өзгеруі мүмкін.