"Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 77-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Балық шаруашылығы су айдындарында балық өсіру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерінің ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;
4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы |
Қ. Айтуғанов |
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2017 жылғы 9 тамыздағы №324 бұйрығымен бекітілген |
Балық шаруашылығы су айдындарында балық өсіру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Балық шаруашылығы су айдындарында балық өсіру қағидалары (бұдан әрі – Қағида) "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабы 1-тармағының 77-4) тармақшасына сәйкес әзірленді және балық шаруашылығы су айдындарында балық өсіруді ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) акваөсіру – балық ресурстарының және басқа да су жануарларының жасанды өсімін молайту және өсіру;
2) балық өсіру – акваөсірудің кәсіпкерлік қызмет мақсатында балықтардың өсімін жасанды молайту және өсіру жөніндегі бағыты;
3) көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығы (бұдан әрі – КТБӨШ) – табиғи және жасанды су айдындарында ихтиофаунаны толық немесе ішінара ауыстыру арқылы жартылай ерікті бақыланатын жағдайларда балықтар мен басқа да су жануарларын өсіру жөніндегі шаруашылық қызмет түрі;
4) су айдындарына балық жіберу – өз өсімін өзі молайтатын популяцияларды жасау, балықтардың бағалы, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін сақтау және (немесе) тауарлы өнім алу мақсатында су айдындарына және (немесе) учаскелерге балық өсіру материалы мен балықтар жіберу;
5) сумен қамтамасыз ету циклі тұйықталған балық өсіру шаруашылығы – сумен қамтамасыз етудің тұйықталған циклі технологиясы қолданыла отырып, балықтар мен басқа да су жануарларын қолдан өсірумен байланысты шаруашылық қызмет түрі;
6) тор қоршамада балық өсіру шаруашылығы (бұдан әрі – ТҚБӨШ) – табиғи және жасанды су айдындарында орналасқан және жартылай ерікті бақыланатын жағдайларда ұстауға мүмкіндік беретін арнаулы құрылғыларда (тор қоршамаларда) балықтар мен басқа да су жануарларын өсіру жөніндегі шаруашылық қызмет түрі.
2-тарау. Балық шаруашылығы су айдындарында балық өсіру тәртібі
3. Балықтардың қолдан өсімін молайту (балықтандыру) балықтардың санын сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ балық шаруашылығы су айдындарының балық өнімділігін арттыру мақсатында жүргізіледі.
4. Балық шаруашылығы су айдындарында балықтардың қолдан өсімін молайтуды жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы ғылыми ұйымдардың ұсынымы бойынша:
жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті орган ведовмствосының (бұдан әрі – ведомство) мамандандырылған ұйымдары және жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде су айдындарына балық жіберу жөніндегі жұмыстарды орындауға арналған шарттардың негізінде жеке және заңды тұлғалар;
балық шаруашылығын жүргізуге арналған шарттың негізінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 18-04/287 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тізімінде № 10890 болып тіркелген) бекітілген аңшылық және балық шаруашылықтары субъектілерін дамыту жоспарының үлгілік нысанына сәйкес әзірленген балық шаруашылығы субъектісін дамыту жоспарына сәйкес өз қаражаттары есебінен жануарлар дүниесін пайданаланушылар;
ведомствомен жасалған шарт негізінде балық шаруашылығы су айдындарына балық өсіру материалын жіберуді көздейтін іс-шараларды орындау жолымен балық ресурстарына келтірілетін және келтірілген, оның ішінде болмай қоймайтын зиянды өтеу тәртібімен балық шаруашылығы су айдындарында шаруашылық және өзге де қызметті (геологиялық-барлау жұмыстары, пайдалы қазбаларды өндiру, құрылыстар мен басқа да объектiлердi орналастыру) іске асыратын субъектілер жүзеге асырады.
5. Су айдындарына балық жіберу жолымен балықтарды қолдан өсіру "Су айдындарына балық жіберу, су объектілерін балық шаруашылық мелиорациялау жөніндегі жұмыстарды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 қазандағы № 18-05/928 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тізімінде № 12267 болып тіркелген) белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Балықтарды қолдан өсіру бақыланатын жағдайда балықтарды өсіруге және тұйықталған сумен қамтамасыз ету циклін қоса алғанда қазіргі заманғы әдістер мен технологияларды қолдана отырып тауарлы өнім алуға негізделеді.
7. Балықтарды қолдан өсіруді немесе тауарлы балық өсіруді КТБӨШ, ТҚБӨШ, балық өсіру шаруашылықтары, оның ішінде сумен қамтамасыз етудің тұйықталған циклі технологияларын қолдану арқылы жүзеге асырады.