Жайылымдарды ұтымды пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 24 сәуірдегі № 173 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 28 сәуірде № 15090 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Жайылымдар туралы" 2017 жылғы 20 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жайылымдарды ұтымды пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесінің ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Мырзахметов

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары –
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2017 жылғы 24 сәуірдегі
№ 173 бұйрығымен
бекітілген

Жайылымдарды ұтымды пайдалану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жайылымдарды ұтымды пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жайылымдар туралы" 2017 жылғы 20 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және жайылымдарды ұтымды пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жайылым айналымы – Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарға сәйкес жайылымдарды өнімді жай-күйде ұстап тұру үшін оларды кезең-кезеңмен және бірізді пайдалану және оларға күтім жасау жүйесі;

      2) жайылымдарда жайылатын ауыл шаруашылығы жануарлары (бұдан әрі – ауыл шаруашылығы жануарлары) – ірі қара мал, қойлар, ешкілер, жылқылар, түйелер;

      3) жайылымдардың оты-суының молдығы – жайылымдар алаңының бірлігіне шаққандағы жайылымдық шалғынның өнімділігі;

      4) жайылым пайдаланушы – осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жайылымдарды пайдалану құқығына ие жеке немесе заңды тұлға;

      5) жайылымдарды ұтымды пайдалану – жайылымдардың азықтық ресурстарын олардың экологиялық ерекшеліктерді ескеріп және табиғатты қорғау нормаларын (жайылымдардың жалпы алаңына арналған жүктеменің шекті жол берілген нормасын қоса алғанда) сақтай отырып, қалыпты жай-күйі сақталатындай жағдайда пайдалану;

      6) шалғайдағы жайылымдар – елді мекендерден алыстағы аумақтарда шалғайдағы мал шаруашылығын жүргізу үшін пайдаланылатын жайылымдар.

      3. Жайылымдарды ұтымды пайдалану мынадай іс-шараларды қамтиды:

      1) жайылымдарды жайылым айналымы мен су пайдалану көздерін ескере отырып пайдалану;

      2) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 3-3/332 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11064 болып тіркелген) бекітілген жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің шекті рұқсат етілетін нормасын (бұдан әрі – Жүктеме нормасы) қамтамасыз ету;

      3) жайылымдарды күнтізбелік графикті ескере отырып пайдалану;

      4) жайылымдардың шаруашылық айналымынан шығып қалуын болдырмау жөніндегі шараларды қабылдау, жерге арамшөп пен ағаш-бұта өсімдіктерінің өсіп кетуіне, сондай-ақ тұрмыстық және өндірістік қалдықтармен қоқыстануына жол бермеу.

2-тарау. Жайылымдарды ұтымды пайдалану тәртібі

      4. Жайылымдарды пайдаланған кезде жайылым пайдаланушы Жүктеме нормасынан аспайтын мөлшердегі ауыл шаруашылығы жануарларының болуын қамтамасыз етеді.

      5. Жүктеме нормасын қамтамасыз ету үшін жайылым пайдаланушының пайдалануындағы ауыл шаруашылығы жануарлары басы, жайылымдардың оты-суының молдығы туралы деректер пайдаланылады.

      Жайылым пайдаланушыға тиесілі мал басының санын есептеу үшін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордан алынған мәліметтер бойынша тиісті жылдың 1 сәуіріндегі жағдайға сәйкес деректер негізінде алынған нақты көрсеткіш қабылданады.

      6. Жайылымдарды ұтымды пайдалану ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті өкілді органы бекітетін жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарлармен реттеледі.

      7. Жайылымдардың оты-суының молдығының төмендеуіне жол бермеу мақсатында мынадай іс-шаралар көзделеді:

      жайылым алқаптары алаңдарын жекелеген өрістік учаскелерге бөлу;

      жайылым учаскелерін жыл маусымдары бойынша кеңістікте және уақытпен (маусым, жыл ішінде) кезектестіру;

      жыл сайын жайылым айналымы учаскелерінің бірін өріссіз және ауыл шаруашылығы жануарларынсыз қалдырып отыру.

      8. Республиканың табиғи және шаруашылық жағдайларына байланысты жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын ұстаудың мынадай жүйесі пайдаланылады: жайылымдарды шалғайда және жыл бойы пайдалану.

      Өсіру аймағына байланысты шалғайдағы жүйе жағдайында ауыл шаруашылығы жануарлары көктемде-жазда-күзде жайылымдарда, қыста толыққанды азықтандыруда ұстауда болады.

      Табиғи-климаттық аймақтарға байланысты жайылым пайдаланушылар жайылымды жыл бойына пайдаланады. Қолайсыз ауа-райы жағдайында мал шаруашылығы қора-жайлары пайдаланылады және тиісті ірі азық қоры жасалады.

      9. Ауа-райы жағдайларына, жайылымдық азық ерекшеліктеріне байланысты жайылымдарды пайдаланудың барлық маусымында бір ауыл шаруашылығы жануарына су тұтынудың орташа тәуліктік нормасы:

      ірі қара мал және жылқы, түйе үшін – 45-60 литрді;

      1-2 жастағы төл үшін – 25-35 литрді;

      бір жастан кіші төл үшін – 10-15 литрді;

      қой және ешкі үшін – 3-5 литрді, қозылар үшін 1-2 литрді құрайды.