2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Келісу комиссиясының әрекет ету қағидалары мен оның құрамы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімдік баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберілуін;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;
4) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі |
Т. Сүлейменов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
2017 жылғы 28 ақпан
____________ Д. Ақышев
| Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 27 ақпандағы № 86 бұйрығымен бекітілген |
Келісу комиссиясының әрекет ету қағидалары мен оның құрамы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытындылардың жобаларын қарау жөніндегі келісу комиссиясының (бұдан әрі – Келісу комиссиясы) әрекет ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) мен оның құрамы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабының 8-тармағына сәйкес әзірленді және Келісу комиссиясының әрекет ету тәртібі мен оның құрамын айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылды:
1) Келісу комиссиясы – отырысқа тергеп-тексеруге қатысатын адамдарды шақыра отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу фактілері бойынша қорытындылардың жобаларын, олардың толықтығы мен Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын оларда келтірілген бұзушылық фактілері дәлелдемелерінің сапасы тұрғысынан қарау мақсатында құрылған комиссия;
2) монополияға қарсы орган – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі;
3) монополияға қарсы органның ведомствосы – Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті;
4) жұмыс органы – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды тергеп-тексеруді жүргізген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің құрылымдық бөлімшесі.
3. Келісу комиссиясы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Келісу комиссияның әрекет ету тәртібі
4. Келісу комиссиясы өз құзыреті шегінде:
1) монополияға қарсы орган ведомствосының лауазымды тұлғасына (лауазымды тұлғаларына) тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытынды жобасына ескертулердің болуы (болмауы) туралы ескертулер мен ұсынымдар енгізеді;
2) мемлекеттік органдардан, мемлекеттік емес ұйымдардан, оның ішінде Келісу комиссиясының отырыстарына қатысу үшін сарапшыларды тартады;
3) Келісу комиссиясына жүктелген функцияларды жүзеге асыруға қажетті өзге де құқықтарды жүзеге асырады.
5. Келісу комиссиясын Төраға басқарады.
6. Келісу комиссиясының отырыстары, егер онда Келісу комиссиясы мүшелерінің әрбір мемлекеттік органнан кемiнде жартысы қатысса, заңды болып саналады.
7. Келісу комиссиясы мүшелерінің саны сегіз адамды құрайды.
8. Келісу комиссиясының хатшысы Келісу комиссиясының мүшесі болып табылмайды.
9. Келісу комиссиясы:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытындыларды, бес күнтізбелік күннен бастап аспайтын мерзімде олардың толықтығы мен оларда келтірілген заңнаманы бұзушылық фактілері дәлелдемелерінің сапасы тұрғысынан қарауды;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытынды жобаларына ескертулердің болуы (болмауы) туралы ескертулер мен ұсынымдар шығаруды жүзеге асырады.
10. Монополияға қарсы органның ведомствосы Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытындының жобасын Келісу комиссиясының қарауына шығарады.
11. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексерудің нәтижелері бойынша қорытынды жобасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өтінішінің көшірмесі, Келісу комиссиясы отырысының күні белгіленгенге дейін екі жұмыс күнінен кешіктірмей Келісу комиссиясының мүшелеріне жеткізіледі.
12. Келісу комиссиясы, қорытындыларды, олардың толықтығы мен заңнаманы онда келтірілген бұзушылық фактілері дәлелдемелерінің сапасы тұрғысынан Келісу комиссиясының бірінші отырысынан бастап, енгізілген қорытынды жобасын күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде қарайды.
13. Қорытынды жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қарсылықтары мен уәждемелерін қарау кезінде Келісу комиссиясының мүшелері өз пікірін білдіреді. Қажет болған жағдайда қорытынды жобасы бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қарсылықтары және уәждері бойынша, Келісу комиссиясының мүшелері ауызша және (немесе) жазбаша түрде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ұстанымын сұрайды.
14. Қорытындының жобасын қарау нәтижелері бойынша Келісу комиссиясы ескертулердің болуы (болмауы) туралы ескертулер және ұсынымдар шығарады.
Қорытындының жобасына ескертулер қабылданған жағдайда монополияға қарсы орган ведомствосының лауазымды тұлғалары оны пысықтауды жүзеге асырады және ескертулер мен ұсыныстарды алған кезден бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірмейтін мерзімде Келісу комиссиясының қарауына қайта ұсынады.
Монополияға қарсы орган ведомствосының жауапты тұлғалары қорытындының жобасына ескертулерді қабылдамаған кезде Келісу комиссиясының атына келіспеу себептерінің негіздемелерін ұсынады.
Монополияға қарсы орган ведомствосының қорытындыны бекіту туралы шешімі Келісу комиссиясының қорытынды жобасына ескертулері болмаған жағдайда қабылданады және тергеп-тексеру аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде монополияға қарсы орган ведомствосының бұйрығымен ресімделеді.
15. Келісу комиссиясы отырысының нәтижелері қажетті құжаттармен қоса, хаттамамен ресімделеді.
16. Хаттамада Келісу комиссиясының құрамы, шақырылған адамдар, оның отырысы өткізілетін жері, мерзімі мен күні, Келісу комиссиясы мүшелерінің айтқан ұстанымдары, сондай-ақ шақырылған сарапшылар болған кезде олардың пікірлері көрсетіледі.
17. Хаттамаға Келісу комиссиясының төрағасы қол қояды және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және тергеп-тексеру жүргізген (жүргізетін) лауазымды (лауазымдық) тұлғалардың (тұлғаның) назарына жеткізіледі.
18. Келісу комиссиясының материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алу мен сақтауды Келісу комиссиясының жұмыс органы жүзеге асырады.
3. Келісу комиссияның құрамы
19. Келісу комиссиясы мына лауазымды тұлғалардан тұрады:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі, Келісу комиссиясының төрағасы;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы, Келісу комиссиясы төрағасының орынбасары;
3) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары;
4) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті заң қызметінің басшысы;
5) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары;
6) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Заң Департаментінің басшысы;
7) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Департаментінің басшысы;
8) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының басшысы.
20. Келісу комиссиясының құрамын Қағидалардың 19-тармағына сәйкес монополияға қарсы орган айқындайды.