Нарық субъектілері келісімдерінің жобаларын Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тұрғысынан қарау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 28 ақпандағы № 97 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 27 наурызда № 14930 болып тіркелді.

      2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 90-6-бабының 35) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Нарық субъектілері келісімдерінің жобаларын Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тұрғысынан қарау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін баспа және электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Т. Сүлейменов


  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық экономика министрінің
2017 жылғы 28 ақпандағы
№ 97 бұйрығымен
бекітілген

Нарық субъектілері келісімдерінің жобаларын Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тұрғысынан қарау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Нарық субъектілері келісімдерінің жобаларын Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тұрғысынан қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 90-6-бабының 35) тармақшасына сәйкес әзірленді және монополияға қарсы орган ведомствосының және оның аумақтық бөлімшелерінің жазбаша нысандағы келісімге (бұдан әрі – келісім) қол жеткізуге ниеті бар нарық субъектілері келісімдерінің жобаларын олардың Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тұрғысынан қарау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) келісім – тараптардың қандай да бір шарттарын, қарым-қатынасын, құқықтары мен міндеттерін белгілейтін, ресми жазбаша құжат түрінде ресімделген екі немесе бірнеше нарық субъектілері арасындағы шарт;

      2) монополияға қарсы органның ведомствосы - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Кодекске және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

      3. Қағидалар барлық нарық субъектілеріне қолданылады.

2-тарау. Нарық субъектілері келісімдері жобасының Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін тексеру туралы өтінішті беру және қарау тәртібі

      4. Кодекстің 4-бөліміне сәйкес жол беріледі деп танылуы мүмкін келісімдерге қол жеткізуге ниеті бар нарық субъектілері (бұдан әрі – нарық субъектілері) қажетті құжаттарды электрондық нысанда қоса бере отырып, келісім жобасының Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін тексеру туралы өтінішпен (бұдан әрі – өтініш) жүгінуге құқылы. Өтінішке келісімге қол жеткізуге ниеті бар барлық нарық субъектілері қол қояды.

      5. Егер келісім тараптары екі және одан көп облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында орналасқан, сондай-ақ егер келісім екі және одан көп облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында орналасқан үшінші тұлғалардың мүдделерін қозғайтын жағдайда, нарық субъектілері өтінішті монополияға қарсы органның ведомствосына береді.

      Өзге жағдайларда өтініш монополияға қарсы орган ведомствосының тиісті аумақтық бөлімшесіне беріледі.

      6. Нарық субъектілері келісімдерінің жобаларын Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тұрғысынан қарау шеңберінде монополияға қарсы органның ведомствосы және (немесе) оның аумақтық бөлімшелері мынадай іс-әрекеттерді жасайды:

      1) барлық нарық субъектілерінің келісімге қол жеткізу фактісін анықтайды;

      2) келісімнің Кодексте белгіленген келісімдерге жол беру шарттарына сәйкестігін негіздейтін қажетті құжаттардың (мәліметтердің) болу фактісін анықтайды.

      7. Осы Қағидалардың 6-тармағында тізбеленген шарттардың бірі орындалмағаны анықталған жағдайда, өтініш ұсынылмады деп есептеледі, бұл туралы монополияға қарсы органның ведомствосы және (немесе) оның аумақтық бөлімшесі аталған өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде нарық субъектілеріне (өтініш берушілерге) хабарлайды.

      8. Қаралуы үшін өзге нарық субъектілерінен, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу, жұмыс орнына барып тексеру немесе тауар нарығына талдау жүргізу талап етілмейтін нарық субъектілерінің (өтініш берушілердің) өтініші монополияға қарсы органның ведомствосына немесе оның аумақтық бөлімшелеріне келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімде қаралады.

      9. Қосымша зерделеу және тексеру жүргізу, өзге нарық субъектілерінен, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу, жұмыс орнына барып тексеру не тауар нарығына талдау жүргізу қажет болған жағдайда, нарық субъектілерінің (өтініш берушілердің) өтінішін қарау мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартылады, бұл туралы нарық субъектілеріне (өтініш берушілерге) ұзарту себептерін көрсете отырып, қарау мерзімі ұзартылған күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде хабарланады.

      Өтініш бойынша қарау мерзімін монополияға қарсы орган ведомствосының немесе оның аумақтық бөлімшесінің басшысы не басшының орынбасары ұзартады.

      10. Өтінішті және оған қоса берілген қажетті құжаттарды қарау нәтижелері бойынша монополияға қарсы органның ведомствосы және (немесе) оның аумақтық бөлімшелері:

      1) келісім жобасының Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі туралы;

      2) келісім жобасының Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес еместігі туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

      11. Келісім жобасының Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес еместігі туралы шешім қабылдау үшін:

      1) Кодекстің 4-бөліміне сәйкес келісім жобасын жол беріледі деп тану үшін негіздердің болмауы;

      2) құжаттардағы мәліметтердің, сондай-ақ нарық субъектілері ұсынған және шешім қабылдау үшін маңызы бар өзге де мәліметтердің анық болмауы негіз болып табылады.

      12. Монополияға қарсы органның ведомствосы және (немесе) оның аумақтық бөлімшелері нарық субъектілерін (өтініш берушілерді) қабылданған шешім туралы олардың атына тиісті жауап (хат) жіберу арқылы хабардар етеді.

      Келісім жобасының Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес еместігі туралы шешім қабылданған жағдайда, монополияға қарсы органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері жауапта (хатта) сәйкес келмеу себептерін көрсетеді.

3-тарау. Нарық субъектілерінің келісім жобасының Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы шешімді қайта қарау тәртібі

      13. Монополияға қарсы орган ведомствосының және (немесе) оның аумақтық бөлімшелерінің келісім жобасының Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы шешімі, егер мұндай келісімге аталған шешім қабылданған күннен бастап бір жыл ішінде немесе монополияға қарсы органның ведомствосы немесе оның аумақтық бөлімшелері белгілеген мерзім ішінде қол жеткізілмесе, өзінің қолданысын тоқтатады.

      14. Монополияға қарсы органның ведомствосы және (немесе) оның аумақтық бөлімшелері өз бастамасы бойынша немесе мүдделі тұлғаның өтініші бойынша келісім жобасының Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі туралы өзінің шешімін, егер:

      1) шешім қабылдағаннан кейін үш жыл ішінде аталған шешімді қабылдаудан бас тартуға негіз болуы тиіс жағдаяттар мәлім болған;

      2) өтініш берген нарық субъектілері (өтініш берушілер) ұсынған, заңсыз шешім қабылдауға әкеп соқтырған анық емес ақпарат негізінде шешім қабылданған;

      3) келісімдерге қатысушылардың монополияға қарсы орган ведомствосының немесе оның аумақтық бөлімшелерінің шешімі негізделген шарттарды, талаптарды және міндеттемелерді орындамаған;

      4) келісімді іске асыру бәсекелестікті шектеуге әкеп соққан жағдайда қайта қарауға құқылы.

      15. Шешімді қайта қарау нәтижелері бойынша монополияға қарсы орган немесе оның аумақтық бөлімшелері:

      1) шешімді өзгеріссіз қалдырады;

      2) шешімді өзгертеді;

      3) шешімнің күшін жояды;

      4) жаңа шешім қабылдайды.

      16. Монополияға қарсы орган ведомствосының немесе оның аумақтық бөлімшелерінің бұрын қабылдаған шешімін өзгерте алатын қосымша ақпарат пен құжаттарды қарау үшін нарық субъектілері (өтініш берушілер) осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен монополияға қарсы органның ведомствосына және оның аумақтық бөлімшелеріне жүгінеді.

4-тарау. Өтінішті қарауды тоқтату және шешімнің күшін жою шарттары

      17. Өтінішті қарау:

      1) нарық субъектілерінен (өтініш берушілерден) өтінішті кері қайтарып алу туралы хабарламалар келіп түскен;

      2) нарық субъектілері (өтініш берушілер) ақпаратты монополияға қарсы органның ведомствосы немесе оның аумақтық бөлімшелері айқындаған мерзімде бермеген, егер мұндай ақпараттың болмауы өтінішті қарауға кедергі келтірген;

      3) нарық субъектілері (өтініш берушілер) өтінішті объективті түрде қарауға ықпал ететін анық емес ақпарат берген жағдайларда, тоқтатылуы тиіс.

      Монополияға қарсы орган ведомствосының немесе оның аумақтық бөлімшелерінің өтінішті қарауды тоқтату туралы шешімі туралы нарық субъектілеріне (өтініш берушілерге) мұндай шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады.

      Өтінішті қарау тоқтатылғаннан кейін нарық субъектілері (өтініш берушілер) монополияға қарсы органның ведомствосына немесе оның аумақтық бөлімшелеріне жаңа өтінішпен жүгінуге құқылы.

      18. Монополияға қарсы орган ведомствосының немесе оның аумақтық бөлімшелерінің келісім жобасының Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі туралы шешімінің негізінде келісім жасасқан нарық субъектілері монополияға қарсы органның ведомствосы немесе оның аумақтық бөлімшесі қабылдаған келісім жобасының Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі туралы шешімнің күшін жою туралы шешімді (бұдан әрі – күшін жою туралы шешім) алған кезден бастап мұндай келісімдерді тоқтатады.

      Күшін жою туралы шешім орындалмаған жағдайда, монополияға қарсы органның ведомствосы және (немесе) оның аумақтық бөлімшелері нарық субъектiлерiн (өтініш берушілерді) монополияға қарсы орган ведомствосының және (немесе) оның аумақтық бөлімшелерінің аталған шешімін орындауға мәжбүрлеу туралы талап қоюмен сотқа жүгiнеді.