Қазақстан Республикасының аумағында чектерді қолдану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 17 наурыздағы № 91 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 29 сәуірде № 13665 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында чектерді қолдану тәртібін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағында чектерді қолдану қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаулыларының күші жойылды деп танылсын.
      3. Төлем жүйелерi департаменті (Мұсаев Р.Н.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы қаулыны «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:
      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;
      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;
      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарына ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ғ.О. Пірматовқа жүктелсін.
      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                   Д. Ақышев

Қазақстан Республикасының 
Ұлттық Банкі Басқармасының 
2016 жылғы 17 наурыздағы  
№ 91 қаулысымен      
бекітілген        

Қазақстан Республикасының аумағында чектерді қолдану қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының аумағында чектерді қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы, «Ақша төлемi мен аударымы туралы» 1998 жылғы 29 маусымдағы (бұдан әрі – Төлемдер туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында чектерді қолдану тәртібін айқындайды.
      2. Қағидалар жол чектерін пайдалануға байланысты қатынастарға қолданылмайды. Көрсетілген қатынастар «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасы  Заңында белгіленген талаптар ескеріле отырып, осындай жол чектерінің чек берушінің банкі реттейді және банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дәстүрлерiмен реттеледі.
      3. Қағидаларда Төлемдер туралы заңда көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) чек беру – төлемдi жүзеге асыру әдiсi‚ төлем бұл ретте чек берушiнiң атауы бірдей төлем құжатын чек ұстаушыға беруi арқылы жүргізіледі;
      2) чек берушiнiң банкi – чек кiтапшасын берген және ақша төлеу туралы бұйрық жiберiлетiн банк;
      3) чек кiтапшасы – чектердiң брошюраланған және жүйелі түрде нөмiрленген бланктерi. Чектiң бiр бланкiнен тұратын чек кiтапшасына рұқсат етіледі;
      4) чекті төлеу – чек берушiнiң чек ұстаушының чек бойынша ақша алуымен көрсетілген ақшалай міндеттемесінің орындалуы;
      5) чектiң түбiртегi – бұл чектiң осы чектiң деректемелерi көрсетiлген бiр бөлiгi. Осы Қағидалардың мақсаты үшiн чектердiң түбiртегi деп чек кiтапшасына жүйелі түрде брошюраланған чектердiң көшiрмелерi түсініледі;
      6) чек ұстаушының банкi – чек ұстаушы чекті төлеу не алынған чектi кейiннен төлеу үшiн ұсынған банк.
      4. Чек мынадай мiндеттi деректемелердi қамтуға тиiс:
      1) «чек» деген атауы;
      2) чектiң сериясы және нөмірi;
      3) чек берушiнiң немесе соның мүддесiн білдірушiнiң тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса);
      4) чек берушінің/чек ұстаушының жеке сәйкестендіру (бизнес-сәйкестендіру) нөмірі;
      5) цифрлармен және жазумен көрсетiлген сомасы‚ чек берiлген күн‚ орын, чек берушiнiң немесе оның мүддесін білдірушiнiң қолы және заңды тұлға үшін мөр (ол бар болса);
      6) чек ұстаушының атауы (тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса));
      7) чек берушінің банкінің атауы;
      8) чек берушінің банкінің банктік сәйкестендіру коды;
      9) «төлеңiз» деген баған;
      10) «төлемнiң мақсаты» деген баған (қолма-қол ақша алуға арналған чекті қоспағанда);
      11) «чек ұстаушының чектiң төлеуге қабылданғаны туралы белгiсi» деген баған;
      12) АЖК (ақша жіберушінің коды), БеК (бенефициардың коды) және төлем мақсатының коды бағандары;
      13) «шығыс мақсаттары» (қолма-қол ақша алуға арналған чектер үшін) деген баған.
      5. Чек берушінің банкіне чекті пайдалана отырып операцияларды өңдеу үшін қажетті деректемелердің чекке қойылуын талап етуіне рұқсат етіледі.
      6. Чек қолма-қол ақшасыз төлемдердi жүзеге асыру және қолма-қол ақшаны алу үшiн пайдаланылады.
      7. Чектi беру чектi берушiнiң ақшалай мiндеттемесiн орындау болып табылмайды‚ оны орындау үшiн осындай чек жазып берiлген. Аталған мiндеттеме чек бойынша ақша алған кезде орындалады.
      8. Қазақстан Республикасының аумағындағы чектер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгемен жазып берiледi. Қазақстан Республикасының аумағында шетел валютасындағы чектердiң айналысы «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы
13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
      9. Чектердi чек берушiнiң банкi чектердi пайдалану туралы шартқа және Қағидаларға сәйкес қабылдайды және төлейді.
      10. Басқа банктер – чек ұстаушының банктерi чек бойынша қабылдауды және ақы төлеуді чек берушiнiң банкi мен чек ұстаушының банкi арасында жасалған чектердi қабылдау және төлеу шарты негізінде жүзеге асырады.
      11. Чектегi сыйақы (мүдде) туралы нұсқау жазылмаған деп саналады.
      12. Чек бланктерi (оның iшiнде олар чек кiтапшасы болып брошюраланбаған кезде де) қатаң есептегі құжаттар болып табылады және Қағидалардың 4-тармағында көзделген мiндеттi деректемелер және қорғау дәрежесi (кем дегенде бес еселенген) ескерiле отырып жасалады‚ олардың болмауы чектің жарамсыз болуына әкеп соғады.
      Чек берушінің банкі чек бланкінің пен чек кітапшасының үлгісін чек пен чек кітапшасының Қағидаларға сәйкес келуі шартымен дербес бекітеді.
      13. Қорғалу дәрежесіне қойылатын ең төменгі талаптарды, сондай-ақ чек беруші банкінің төленген чектерді есепке алуы тәртібін чек берушінің банкі белгілейді.

2. Чектердi пайдалану туралы шартты жасау тәртібі

      14. Чек берушiнiң және чек берушi банкiнiң чектi пайдалануға байланысты құқықтары мен мiндеттерi чектердi пайдалану туралы шарт негiзiнде туындайды.
      15. Чектердi пайдалану туралы шартта мынадай талаптар қамтылады:
      1) чек кiтапшасындағы чек бланктерiнiң саны туралы мәлiметтер;
      2) мыналарды қоса алғанда чектердi дұрыс жазып беру талабы:
      чек бланктерi нөмiрлерiнiң реттiлiгiн сақтау;
      чек сомасын цифрлармен және жазумен көрсету (жазумен көрсетілген сома жолдың басынан бас әріппен басталуға тиiс‚ «теңге» деген сөз жазумен көрсетiлген сомадан кейiн бір бос орыннан кейін көрсетiледі‚ «тиын» деген сөз чекте көрсетiлмейдi, сома цифрлармен және жазумен жазылғаннан кейінгі бос жер қос сызықпен сызып тасталады);
      бағанда «төлеңiз» деген сөздерден кейiн атына чек жазып берiлетiн тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (ол бар болса) немесе атауы көрсетiледi;
      чек берушінің (жеке тұлғалар үшін) немесе оның мүддесін білдіретін тұлғаның (заңды және жеке тұлғалар үшін) жеке басын куәландыратын құжатының нөмірі, кім және қашан берген;
      чектi жазып берген күнді қою (күнi және жылы – цифрлармен‚ айы – жазумен);
      чек берушiнiң қолын (сондай-ақ заңды тұлға үшiн мөр (ол бар болса)) қою‚ ол чек берушiнiң жеке басын куәландыратын құжатына (жеке тұлғалар үшiн) немесе чек берушi чек кiтапшасына иелік етуге уәкiлеттiк берген тұлғаның (заңды тұлғалар үшiн) қол қою үлгілері және мөр бедерi бар құжаттағы қол қою үлгiсіне сәйкес келуге тиiс;
      чектiң түбiртегiнде чек жазып берілген ақша сомасы (сома цифрлармен қойылады), чек берушiнiң немесе чек берушi чек кiтапшасына иелік етуге уәкiлеттiк берген тұлғаның қолы қойылған чек жазып берілген күні және заңды тұлға чек беруші мөрінің бедері (ол бар болса), егер чек кітапшасы белгілі бір сомаға берілсе – операция жүргізілгенге дейінгі сома қалдығы және чек кітапшасы бойынша жаңа қалдық (қалдық цифрлармен және жазумен қойылады);
      3) чектермен операциялар жүргізу кезіндегi чек берушiнiң банкi мен чек берушi арасындағы өзара төлемдер және ақша аударымдарын жүзеге асыру тәртiбi;
      4) чек кiтапшасының қолданылу мерзiмi (егер чек кітапшасы белгілі бір мерзімге берілсе);
      5) чек берушiнiң жоғалған немесе ұрланған чектері‚ чек кiтапшалары‚ чекке қол қоюға уәкiлеттiк берілген тұлғалар құрамының (заңды тұлғалар үшiн) өзгерiстері туралы чек берушiнiң банкiн хабардар ету рәсiмi;
      6) чек берушiнi чек берушi банкiнің чектердi төлеуден бас тарту‚ сондай-ақ ақауы бар және қолдан жасалған чектер туралы хабардар ету рәсiмi;
      7) чек берушiнiң чек беруші банкiнiң чектермен операция жүргiзу жөнiндегi қызметiн төлеу талаптары;
      8) чек берушiнiң чектiң пайдаланылмаған бланктерiн чек берушiнiң банкiне қайтару тәртiбi;
      9) чек берушi мен чек берушiнiң банкi арасындағы қатынастар кезіндегі тараптардың жауапкершiлiгi және талап қою тәртiбi.
      16. Чектерді пайдалану туралы шарттың Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген талаптарын чек берушінің банкі мен чек беруші арасында жасалатын өзге де шарттарға (аралас шарттарға) енгізуге жол беріледі.
      17. Чектерді пайдалану туралы шарттарды жасамас бұрын банктер клиентті чектермен операциялар жүргізу жөніндегі қызметтердің құны туралы және чектерді пайдалану туралы шарттың талаптары туралы ақпаратты алу мүмкіндігімен қамтамасыз етеді.

3. Чек кітапшаларын беру тәртібі

      18. Чек кiтапшаларын рәсiмдеген кезде чек берушiнiң банкiнiң уәкiлеттi тұлға мынадай іс-қимылдарды орындайды:
      1) чек берушiнiң немесе оның мүддесiн білдіретін тұлғаның жеке басын куәландырады;
      2) чек кiтапшасы мұқабасының мыналар көрсетiлетін немесе қойылатын сыртқы бетiн толтырады:
      чек берушiнiң тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса) немесе атауы;
      чек берушінің (жеке тұлғалар, дара кәсіпкерлер, жеке нотариустар, адвокаттар, сот орындаушылары және кәсіби медиаторлар үшін) жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі;
      чек берушінің жеке сәйкестендіру (бизнес-сәйкестендіру) нөмірі;
      чек берушiнiң банкiнiң банктiк сәйкестендіру коды;
      чек бланктерiнiң нөмiрлерi;
      чек кiтапшасының қолданылу мерзімі және чек кітапшасының сомасы (егер ол белгіленсе);
      чек кітапшасының берілген күні;
      уәкiлеттi тұлғалардың қойылған қолдары және чек берушiнiң банкiнiң мөрi (ол бар болса) (чек кітапшасын қолма-қол ақшасыз төлемді жүзеге асыру мақсатында берген кезде);
      3) чек кітапшасының әрбір бланкіне мөртабанмен чек берушінің банкінің банктік сәйкестендіру кодын және оның атауын қояды;
      4) чек берушiнiң (жеке тұлғалар үшiн) немесе чек берушi чек кiтапшасына иелік етуге уәкiлеттiк берген тұлғаның (заңды тұлғалар үшiн) қол қою үлгілері және мөр бедерi бар құжатты қабылдайды.
      19. Чектердi пайдалану туралы шартқа сәйкес бiрмезгiлде бiрнеше чек кiтапшаларын беруге жол берiледi.

4. Чектерді пайдалана отырып төлемдерді және өзге операцияларды жүзеге асыру тәртібі

      20. Чек берушi заңды тұлғалар жазып беретiн чектерге чек кiтапшасына иелік етуге уәкiлеттi тұлғалар қол қояды және чек берушi мөрiнiң бедерi (ол бар болса) қойылады.
      21. Чек ұстаушы чектi төлеуге қабылдап тұрып, чектiң «чек ұстаушының чектiң төлеуге қабылданғаны туралы белгiсi» деген бағанда және оның түбiртегiне чек ұстаушының тегiн‚ толық аты мен әкесiнiң атын (ол бар болса)‚ сондай-ақ қолын (жеке тұлғалар үшiн) немесе чек ұстаушының атауын көрсете отырып мөр бедерін не мөрiн (ол бар болса) және чек ұстаушы уәкiлеттiк берген тұлғаның қолын (заңды тұлғалар үшiн) қояды.
      22. Чек берген кезде чекте Қағидалардың 4-тармағында көзделген деректемелерді онда Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1011 тіркелген «Экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын қолдану және төлемдер бойынша оларға сәйкес мәліметтер ұсыну қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 1999 жылғы 15 қарашадағы № 388 қаулысына сәйкес чек беруші қояды.
      23. Чекте түзетулер және жөнделген жерлер болса – чек жарамсыз.
      Чек бланкiн толтырған кезде чек берушi қате жiберiп қойса‚ бланкте және оның түбiртегiнде чек берушi қиғашынан «бүлінген» деп жазып‚ күнiн және қолын қояды.
      24. Чек берушi жазып берген чектi чек ұстаушыға беру үшiн түбiртегiнен ажыратылады және чек ұстаушы егер ол сонымен қатар чек беруші болып саналмаса, чектiң дұрыс толтырылғанын тексереді (түзетулер мен жөнделген жерлерiнiң iзi болған-болмағаны‚ чек деректемелерiнiң дұрыс толтырылуы‚ чек түбiртегiндегi шығарылған қалдықтың дұрыстығы‚ чек түбiртектерiнiң нөмірленуі тексерiледi)‚ жеке басты куәландыратын құжат бойынша чек жазып берген тұлғаның жеке басының кiм екенiне көз жеткiзеді‚ чек берген тұлғаның қолын чек кiтапшасы мұқабасының сыртқы бетiндегi қол қою үлгiсiмен салыстырып тексередi.
      25. Чектi чек ұстаушы оны жазып берген күнi қабылдап алады.
      Чек ұстаушы чектi чек берушiнiң банкiне не чек ұстаушының банкiне ұсынады. Чектiң қолданылу мерзiмi оны жазып берген күндi есептемегенде, жазып берген күннен бастап күнтiзбелiк 10 (он) күнді құрайды.
      26. Чек ұстаушының чек бойынша iшiнара төлемді қабылдаудан бас тартуына жол беріледі.
      Чек бойынша iшiнара төлем жасаған жағдайда чек ұстаушының банкi немесе чек берушiнiң банкi осындай төлем туралы чекте белгi қояды және чек ұстаушыға чек бойынша соманың қалдығына қолхат бередi.
      27. Чек ұстаушының банкiне немесе чек берушiнiң банкiне ұсынылған чектердi уәкiлеттi тұлғалар чектер деректемелерiнің дұрыс толтырылуы және олардың қолданылу мерзiмiнiң сақталуы тұрғысынан тексередi.
      28. Чек ұстаушының банкi немесе чек берушiнiң банкi төмендегi негіздер бойынша чектi ақы төлеуге қабылдаудан бас тартады:
      1) жазумен жазылған сома цифрлармен жазылған сомаға сәйкес келмейді;
      2) чектiң қолданылу мерзiмi өтiп кеткен;
      3) чекте түзетулер және (немесе) жөнделген жерлер бар;
      4) чектегi жазу мен сияның түсiнде айтарлықтай айырмашылықтар бар;
      5) чекте бiр немесе бiрнеше қорғаныш дәрежесi жоқ;
      6) чекте чек деректерiн көрсетуде қателер бар;
      7) чектегi қойылған қол, мөр бедері (бар болса) мен чек берушiнiң (жеке тұлғалар үшін) немесе чек берушi чек кiтапшасына иелiк етуге уәкiлеттiк берген тұлғаның (заңды тұлға үшін) қол қою үлгiлерi және мөр бедері бар құжаттағы қойылған қолдардың, мөр бедерiнiң (бар болса) сәйкес келмеуі;
      8) чекті төлеу үшін ақша сомасы жеткіліксіз болған кезде;
      9) қолдан жасалған немесе ақауы бар чектiң анықталуы;
      10) чектердi пайдалану туралы шартта көзделген өзге де негіздер.
      29. Чек кітапшасының қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты пайдаланылмаған әрбір чекке чек беруші «өтелді» деп жазады және чек кітапшасын чек берушінің банкіне қайтарады.
      30. Чек берушінің банкі өтеген чектер банктің жеке банк шотында есепке алатын, чек беруші енгізген сома шегінде белгілі бір ақша сомасына шығарылады.
      Өтелмеген чектердің төлемі чек берушінің банк шотындағы ақша сомасы шегінде не чектерді пайдалану туралы чек берушімен жасасқан шартқа сәйкес берілген банктің банктік қарызы есебінен жүзеге асырылады.
      31. Чек кітапшасының қолданылу мерзімінің аяқталу күніне таман оның сомасы бойынша қалдық қалған жағдайда немесе чек беруші чектерді пайдалана отырып жасайтын операцияларын тоқтатқан кезде чек беруші чек кітапшасын чек берушінің банкіне ұсынады. Чек берушінің банкі чек беруші чек кітапшасын қайтарған кезде оған чек кітапшасы бойынша қалған қалдық сомасын қайтарады.
      32. Чектерді пайдалану туралы шартта көзделген жағдайда чек кітапшасының сомасы бойынша қалдық чек беруші банкінің тиісті баланстық шотында сақталады және жаңа чек кітапшасының сомасын белгілеу кезінде есепке алынады.
      33. Чек берушінің банкі чек кітапшасын қайтарған кезде немесе толық пайдаланған жағдайда чек кітапшаларын тіркеу журналында тиісті белгі қойылады.
      Чектерді толық пайдаланған кезде чек кітапшасы бойынша сома пайдаланылмаған болып табылған жағдайда, чектерді пайдалану туралы шартта көзделген болса, клиентке жаңа чек кітапшасы беріледі.

5. Қолдан жасалған не ақаулы бар чек анықталған жағдайда іс-әрекеттерді жүзеге асыру тәртібі

      34. Қағидаларда белгіленген талаптарды бұза отырып жазылған, сондай-ақ Қағидалардың 4-тармағында көзделген чектің міндетті деректемелерін толтыруда қате жіберілген және (немесе) түзетулер жасалған чек ақаулы деп танылады және банк чек ұстаушыға қолхат ала отырып қайтарады.
      35. Егер:
      1) төлемге ұсынылған чек осы чекте көрсетілген банк бермеген чек кітапшасынан жазылса;
      2) чектің бланкі Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
      3) чек берушінің немесе чек берушінің уәкілеттік берген тұлғаның қойған қолы чек берушінің (жеке тұлғалар үшін) немесе чек берушінің чек кітапшасына иелік етуге уәкілеттік берген тұлғаның қол қою үлгілері және мөр бедері бар құжаттағы қойылған қол үлгілеріне сәйкес келмесе не айқын жалғандық белгілері бар болса;
      4) чек беруші мөрінің бедері (бар болса) чек берушінің қойған қол қою үлгілері және мөр бедері бар құжаттағы мөр бедерінің үлгісіне (заңды тұлға үшін) сәйкес келмесе, чек қолдан жасалған болып саналады.
      36. Төлем жасау үшін чек ұсынған банктің уәкілетті тұлғасы қолдан жасалған чекті анықтаған сәтте қолдан жасалған чектің анықталғаны туралы акт жасайды.
      Қолдан жасалған чектің анықталғаны туралы акт Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша екі данада жасалады.
      37. Чек беруші қолдан жасалған чекті ұсынған кезде банктің уәкілетті тұлғасы Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына хабар береді.
      Қолдан жасалған чек қолдан жасалған чектің анықталғаны туралы актінің бір данасымен бірге Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына беріледі.
      Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары қолдан жасалған чекті алған жағдайда және чектің қолдан жасалғандығы расталмаған кезде банк чекті қайтару шараларын қабылдайды. Чекті алғаннан кейін банк чекті чек берушіге қайтарады.
      Егер қолдан жасалған чекті чек берушінің банкі болып табылмайтын чек ұстаушының банкі анықтаған жағдайда, қолдан жасалған чекті анықтағаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей чек ұстаушының банкі қолдан жасалған чектің көшірмесін, қолдан жасалған чектің анықталғаны туралы актінің көшірмесін чек берушінің банкіне береді.
      Егер қолдан жасалған чекті чек берушінің банкі анықтаған жағдайда, қолдан жасалған чекті анықтағаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей қолдан жасалған чектің көшірмесі, қолдан жасалған чектің анықталғаны туралы актінің көшірмесі чек ұстаушының банкіне немесе чек ұстаушыға беріледі.
      38. Чекті жазғаннан кейін жеке тұлға чек берушінің іс-әрекетке қабілетсіздігі немесе қайтыс болуы, сондай-ақ заңды тұлға чек берушінің таратылуы немесе қайта ұйымдастырылуы чектің жарамсыздығына алып келмейді.
      39. Чек кітапшасын жоғалтқан жағдайда чек беруші бұл туралы чек берушінің банкіне чектерді пайдалану туралы шартта белгіленген тәртіппен және мерзімдерде чектердің пайдаланылмаған бланктерінің нөмірлерін көрсете отырып хабарлайды.

Қазақстан Республикасының аумағында
чектерді қолдану қағидаларына   
қосымша              

Нысан

«Бекiтемiн»
__________________________________________________________________
(Банктің уәкілетті тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса)
_______________________
(қолы)       

__________________ қ.                 20__ жылғы «____»______________

Қолдан жасалған чектің анықталғаны туралы
акт

      Мен, төменде қол қойған
_____________________________________________________________________
    (қолдан жасалған чекті анықтаған банктің уәкілетті тұлғасының
____________________________________________________________________,
       тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса) және лауазымы)
______________________________________________________________ сомаға
_____________________________________________________________________
       (чек ұстаушының тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса)
жазылған № _____________ чекті тексеру кезінде ______________________
чектің анықталғаны туралы осы актіні жасады, осыған байланысты
аталған чек төлем жасауға қабылданбайды.
      ______________________ ______________________
              (қолы)                 (қолы)

      Қолдан жасалған чек Қазақстан Республикасының ішкі істер
органына ____________________________________ ұсынылды.

Мөр (бар болса)

Қазақстан Республикасы  
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 17 наурыздағы 
№ 91 қаулысына      
қосымша          

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің күші жойылған қаулыларының тізбесі

      1. «Қазақстан Республикасының аумағында чектерді қолдану ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 1998 жылғы 5 желтоқсандағы № 266 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 662 тіркелген, 1999 жылы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілерінің бюллетенінде жарияланған, № 5, 129-құжат).
      2. «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 1998 жылғы 5 желтоқсандағы № 266 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында чектерді қолдану туралы ережеге өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2000 жылғы 13 қазандағы № 390 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1334 тіркелген, 2000 жылғы 18-31 желтоқсанда Қазақстан Ұлттық Банкінің Хабаршысы № 26 (197) жарияланған).
      3. «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасының аумағында чектерді қолдану туралы ережені бекіту жөнінде» 1998 жылғы 5 желтоқсандағы № 266 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2002 жылғы 13 мамырдағы № 169 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1886 тіркелген, 2002 жылы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілерінің бюллетенінде жарияланған, № 31, 660-құжат).
      4. «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне лицензиялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 27 тамыздағы № 93 қаулысына қоса берілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының өзгерістер мен толықтырулар енгiзiлетiн қаулыларының тiзбесiнің 1-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3847 тіркелген, 2005 жылғы 16-31 шілдеде Қазақстан Ұлттық Банкінің Хабаршысы № 14 (314) жарияланған).
      5. «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сәйкестендіру нөмірлерінің мәселелері жөніндегі кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2007 жылғы 20 шілдедегі № 76 қаулысына қоса берілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өзгерістер енгізілетін кейбір нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 1-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4880 тіркелген, 2007 жылғы 5 қыркүйекте «Заң газеті» газетінде № 135 (1164) жарияланған).
      6. «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сәйкестендіру нөмірлерінің мәселелері жөніндегі кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2010 жылғы 20 тамыздағы № 76 қаулысына қоса берілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 1-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6534 тіркелген, 2010 жылғы 21 қазанда «Егемен Қазақстан» газетінде № 435 (26278) жарияланған).
      7. «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестендіру нөмірлерінің мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2011 жылғы 1 шілдедегі № 65 қаулысына қосымша болып табылатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 1-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7122 тіркелген, 2011 жылғы 15 қыркүйекте «Заң газеті» газетінде № 133 (1949) жарияланған).
      8. «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестендіру нөмірлері мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 наурыздағы № 108 қаулысына қосымша болып табылатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестендіру мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістердің 1-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7625 тіркелген, 2012 жылғы 23 тамызда «Егемен Қазақстан» газетінде № 540-545 (27618) жарияланған).