Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды дербестендірілген есепке алуды және олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтiк төлемдерін жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 2016 жылғы 13 қаңтардағы № 15 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 17 ақпанда № 13094 болып тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрық 01.03.2016 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" 2003 жылғы 25 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 12-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды дербестендірілген есепке алуды және олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтiк төлемдерін жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына ресми жариялауға баспа және электрондық түрде жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі С.Қ. Жақыповаға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Денсаулық сақтау және әлеуметтік


даму министрінің міндетін атқарушы

Б. Нұрымбетов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрі

      _____________ Ә. Исекешев

      2016 жылғы 20 қаңтар



  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және әлеуметтік
даму министрінің
2016 жылғы 13 қаңтардағы
№ 15 бұйрығымен
бекітілген

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды
дербестендірілген есепке алуды және олардың әлеуметтік
аударымдары мен әлеуметтiк төлемдерін жүргізу қағидалары

      1. Осы Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды дербестендірілген есепке алуды және олардың әлеуметтік аударымдары мен әлеуметтiк төлемдерін жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" 2005 жылғы 25 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 11-бабының 12-4) тармақшасына сәйкес әзірленді және әлеуметтік аударымдар жүргізілген және әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне әрбір қатысушы туралы мәліметтерді дербестендірілген есепке алуды жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) әлеуметтiк аударымдар – өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыға, ал асыраушысынан айырылған жағдайда оның асырауында болған отбасы мүшелерiне Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтiк төлемдер алу құқығын беретiн, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына төленетiн, Заңда белгiленген мiндеттi төлемдер;

      3) әлеуметтік аударымдар жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы – әлеуметтік аударымдар төленетін және Заңда көзделген әлеуметтік қатер жағдайлары басталған кезде әлеуметтік төлемдерді алуға құқығы бар жеке тұлға;

      4) әлеуметтiк төлемдер – әлеуметтік төлемдерді алушының пайдасына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүзеге асыратын төлемдер;

      5) әлеуметтiк төлемдi алушы – әлеуметтік қатер төнгенге дейін Қорға ол үшін әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген не өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ретінде оларды өзi төлеген және Қор оған қатысты әлеуметтiк төлемдер тағайындау туралы шешiм шығарған жеке тұлға, ал мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысы болып табылатын адам қайтыс болған жағдайда – қайтыс болған (coт хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелерi;

      6) дербестендірілген есепке алу – әлеуметтік аударымдар жүргізілген және әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне әрбір қатысушы туралы мәліметтерді есепке алуды ұйымдастыру және жүргізу;

      7) дерекқор – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің әрбір қатысушысы (алушы) бойынша деректерді қамтитын уәкілетті органның ақпараттық жүйесі;

      8) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (бұдан әрі – Қор) – әлеуметтік аударымдарды шоғырландыруды және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болған асыраушысынан айырылған жағдайда, оның асырауындағы отбасы мүшелерін қоса алғанда, оған қатысты әлеуметтік қатер жағдайы басталған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік төлемдер тағайындауды және жүзеге асыруды жүргізетін заңды тұлға;

      9) уәкілетті орган – Қордың қызметіне реттеу, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      3. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды, әлеуметтік аударымдарды (оның ішінде қате аударылған әлеуметтік аударымдарды қайтару) және әлеуметтік төлемдерді дербестендірілген есепке алуды Мемлекеттік корпорация тұрақты түрде жүзеге асырады.

      4. Әлеуметтік аударымдар жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларды дербестендірілген есепке алу мынадай:

      1) жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН);

      2) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      3) туған күні;

      4) жынысы;

      5) тұрғылықты мекенжайы;

      6) жеке басын куәландыратын құжаттың сериясы және нөмірі, құжаттың берілген күні және берген органның атауы;

      7) жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі және берілген күні, азаматтығы өзгергені туралы, азаматтығын өзгерту туралы мәліметтерді қамтиды.

      Бұдан басқа, келіп түскен күнін, жіберілген күнін, құжаттың нөмірін, күнін, төлем тағайындау кодын (бұдан әрі – ТТК), жіберушінің атауын, жіберушінің ЖСН/БСН (бизнес сәйкестендіру нөмірі), алушының атауын, төлемнің жалпы сомасын, әлеуметтік аударымдардың сомасын, мәртебесін, әлеуметтік аударымдар жүргізілетін кезеңді (жылы, айы, айлар) көрсете отырып, аударылған әлеуметтік аударымдардың және (немесе) өсімпұлдардың сомалары туралы, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіппен қате аударылған әлеуметтік аударымдарды және (немесе) өсімпұлдарды қайтару туралы мәліметтерді қамтиды.

      5. Әлеуметтік төлемдерді алушыларды есепке алу дерекқорда есепте тұрған әлеуметтік төлемдер тағайындалған алушылардың жалпы саны бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ әлеуметтік төлемдер тағайындалған, бірақ төленбейтін (тоқтатыла тұрған, мерзімі бойынша есептен алынған, бірақ төлемдерді ұзарту туралы шешімдері жоқ) әлеуметтік төлемдерді алушылар есепке алынуға тиіс.

      6. Әлеуметтік төлемдерді алушыларды есепке алу мынадай:

      1) жүгінген күн;

      2) әлеуметтік қатер басталған күн;

      3) әлеуметтік төлем тағайындау туралы шешімнің күні;

      4) әлеуметтік төлемнің мерзімі аяқталған күн;

      5) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі туралы;

      6) әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыстың орташа айлық мөлшері;

      7) әлеуметтік төлемнің түрі туралы;

      8) еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы;

      9) асырауындағы адамдардың саны туралы;

      10) жұмыссыз ретінде есепке алуға қою туралы;

      11) еңбек етуге қабілетсіз күндердің саны туралы;

      12) бала туу кезектілігі туралы;

      13) тағайындалған әлеуметтік төлемнің мөлшері туралы;

      14) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем тағайындалған мерзім туралы деректерді қамтиды.

      7. Мемлекеттік корпорация:

      дерекқорға мәліметтерді және өзгерістерді уақтылы енгізеді;

      келіп түскен әлеуметтік аударымдардың және (немесе) өсімпұлдардың сомалары туралы (оның ішінде қате аударылған әлеуметтік аударымдарды қайтару туралы), алушыларға жүзеге асырылған әлеуметтік төлемдер туралы мәліметтерді дербестендірілген есепке алуды қамтамасыз етеді;

      дербес деректер және оларды қорғау туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес дерекқорда қамтылған мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етеді;

      ай сайын, Заңның 11-бабының 2) тарақшасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары (алушылар), әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік төлемдер туралы ақпаратты ұсынады.