Оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу жөніндегі комиссияның үлгілік ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 2016 жылғы 6 қаңтардағы № 4 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 8 ақпанда № 13013 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 9-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Коса беріліп отырған Оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу жөніндегі комиссияның үлгілік ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзiмдi баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Б. Нұрымбетовке жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Денсаулық сақтау және әлеуметтік
      даму министрінің міндетін атқарушы         Е. Біртанов

Қазақстан Республикасы     
Денсаулық сақтау және әлеуметтік 
даму министрінің міндетін атқарушының
2016 жылғы 6 қаңтардағы     
№ 4 бұйрығымен          
бекітілген            

Оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу жөніндегі
комиссияның үлгілік ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу жөніндегі комиссияның үлгілік ережесі «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 9-1-тармағына сәйкес әзірленді және оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) міндеттері мен функцияларын айқындайды.
      2. Комиссия тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағында тұрақты әрекет ететін алқалық орган болып табылады.
      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясынзаңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.
      4. Комиссия төрағадан, төраға орынбасарынан, Комиссия мүшелерінен және Комиссия хатшысынан тұрады, оның жалпы құрамы 5 адамнан кем болмауға тиіс. Хатшы комиссияның мүшесі болып табылмайды.
      5. Комиссияны Комиссия мүшелері сайлаған төраға басқарады.
      Комиссия құрамын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі бекітеді.
      Комиссия құрамына мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді.
      6. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, комиссия отырыстарында төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және қолданыстағы Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес Комиссияның жүзеге асыратын қызметі және Комиссия шығаратын шешімдер үшін дербес жауаптылықта болады.
      Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары орындайды.
      7. Комиссия мүшелері олардың қызметіне ауысу құқығынсыз қатысады.
      8. Шешім қабылдау кезінде Комиссия мүшелері тең дауысқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасының даусы шешуші болып саналады.
      9. Келіспеушілік жағдайында Комиссия мүшелері өзінің ерекше пікірін жазбаша түрде білдіріп, оны Комиссия отырысының хаттамасына тіркейді.

2. Комиссияның міндеті мен функциялары

      10. Комиссияның міндеті оралман мәртебесін алған этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерінің оралмандарды қабылдаудың  өңірлік квотасына енгізу туралы өтініштерінің уақтылы және сапалы қаралуын қамтамасыз ету болып табылады.
      11. Комиссия өзіне жүктелген міндетке сәйкес мынадай функцияларды орындайды:
      1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары беретін оралмандар тізімін келіседі;
      2) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы өтініш білдіруші оралмандардың өтініштерін қарайды;
      3) мынадай:
      этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерін оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге алдын ала келісім беру туралы;
      оралман мәртебесін алған этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерін оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы;
      бас тартудың себептерін уәжді түрде негіздей отырып, оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуден бас тарту туралы шешімдер қабылдайды;
      4) мемлекеттік органдармен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;
      5) өтініш беруші оралмандарды қоныстандыру үшін басқа өңірді таңдаған жағдайда жергілікті атқарушы органға оның құжаттарын беру жөнінде ұсыныс енгізеді.
      12. Комиссия отырысын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынатын оралмандардың тізімі алынған күннен бастап үш жүмыс күні ішінде оның төрағасы шақыртады.
      13. Комиссияның шешімі Комиссия отырысына қатысқан оның мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
      Комиссия шешімдері оның құрамы жалпы санының үштен екісі болған кезде заңды болады.
      14. Комиссия шешімдері қорытынды түрінде ресімделеді және оларға Комиссия төрағасы, хатшысы, қатысушы мүшелері қол қояды.