Мақат ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің қағидасын бекіту туралы

Атырау облысы Мақат ауданы мәслихатының 2015 жылғы 21 желтоқсандағы № 344-V. Атырау облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 12 қаңтарда № 3435 болып тіркелді

Жаңартылған
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6 бабына, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 97 бабының 2 тармағына, "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысына, "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі қаулысына, "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 9 сәуірдегі № 319 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11015 санымен тіркелген) бұйрығына сәйкес Мақат аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Мақат ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің қағидасы (бұдан әрі - Қағида) қосымшаға сәйкес бекітілсін.
      2. Осы шешімнің орындалуына бақылау жасау аудандық мәслихаттың бюджеттік жоспарлау, шаруашылық қызмет, жерді пайдалану, табиғатты қорғау және заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына (төрағасы Д. Алтаева) жүктелсін.
      3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді, ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Аудандық мәслихаттың кезекті
ХХХІХ сессиясының төрағасы
Д. Алтаева
      Аудандық мәслихат хатшысы Т. Жолмағамбетов

  Аудандық мәслихаттың 2015 жылғы 21 желтоқсандағы № 344-V шешіміне қосымша
  Аудандық мәслихаттың 2015 жылғы 21 желтоқсандағы № 344-V шешімімен бекітілген

Мақат ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға)
тұрғын үй көмегін көрсетудің қағидасы

      Осы Қағида Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика Министрінің 2015 жылғы 9 сәуірдегі № 319 "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" бұйрығымен бекітілген "Тұрғын үй-көмегін тағайындау" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11015 санымен тіркелген) (бұдан әрі - Стандарт), Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" (бұдан әрі - Қаулы), 2009 жылғы 14 сәуірдегі "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" қаулыларына сәйкес әзірленді және Мақат ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) – Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар;
      2) кондоминиум объектісін басқару органы – кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      3) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп –ұстауға жұмсалатын шығыстар – үй –жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерінің жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген ай сайынғы жарналар арқылы кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесін күтіп–ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуды есептеудің үйге ортақ аспаптарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және салыстырып тексеруге, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтерді төлеуге, сондай-ақ кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін немесе оның жекелеген түрлерін болашақта жүргізілетін күрделі жөндеуге ақша жинақтауға арналған шығыстарының міндетті сомасы;
      4) отбасының (азаматтың) жиынтық табысы - тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсандағы отбасы (азамат) кірістерінің жалпы сомасы.
      2. Шекті жол берілетін шығыстар үлесі - телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының (азаматтың) бір айда тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп–ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығындарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) орташа айлық жиынтық кірісіне бес пайызбен қатынасы.
      3. Тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп–ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалатын шығындардың көлем нормалары коммуналдық кәсіпорындармен белгіленеді.

2. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі

      4. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін отбасы (азамат) Қаулыға сәйкес тұрғын үй көмегін тағайындау мен төлеуді іске асыратын уәкілетті органға жүгінеді, сонымен қатар Стандарттың 3 тармағына сәйкес, өтініштерді қабылдау және нәтижесін беру "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша филиалы – "Халыққа қызмет көрсету орталығы" департаментінің Мақат аудандық бөлімі және "Электрондық үкіметтің" www.egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - Атырау облысы Мақат аудандық мәслихатының 19.04.2016 № 14-VI шешімімен (жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн откен соң қолданысқа енгізіледі).
      5. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Мақат ауданында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
      1) жекешелендірілген тұрғынжайларда тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй–жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүокін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарды;
      2) тұрғынжайдың меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және қалалық телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік ақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;
      3) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін жалға алу ақысын төлеуге.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - Атырау облысы Мақат аудандық мәслихатының 19.04.2016 № 14-VI шешімімен (жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн откен соң қолданысқа енгізіледі).
      6. Өтiнiш берушi толық емес немесе дұрыс емес мәлiметтер ұсынған кезде отбасының (азаматтың) жиынтық табысы есептелмейді.
      7. Тұрғын үй көмегін алушы он күн мерзім ішінде тұрғын үй көмегінің мөлшерін өзгертуге және оны алу құқығы үшін негіз бола алатын жағдайлар туралы уәкілетті органға хабарлайды.

3. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу тәртібі

      8. Отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері Агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 471 "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7412 санымен тіркелген) бұйрығымен бекітілген Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасымен айқындалады.

4. Тұрғын үй көмегін төлеу

      9. Тұрғын үй көмегін төлеу екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылады.

5. Қорытынды ереже

      10. Осы Қағидамен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.