Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасын бекіту туралы

Қостанай облысы Рудный қаласы мәслихатының 2015 жылғы 18 желтоқсандағы № 467 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 20 қаңтарда № 6153 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 97-бабына сәйкес мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса беріліп отырған тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы бекітілсін.
      2. Мәслихаттың 2015 жылғы 6 ақпандағы № 363 "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасын бекіту туралы" шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 5391 нөмірімен тіркелген, 2015 жылғы 3 сәуірде "Рудненский рабочий" қалалық газетінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қалалық мәслихаттың кезектен
      тыс сессиясының төрағасы                   В. Бушуева

      Қалалық мәслихат хатшысы                   В. Лощинин

      КЕЛІСІЛДІ

      "Рудный қалалық жұмыспен қамту
      және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі"
      мемлекеттік мекемесінің басшысы
      ________________________ С. Костина
      18.12.2015 ж.

Мәслихаттың        
2015 жылғы 18 желтоқсандағы 
№ 467 шешімімен бекітілген 

Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы

1. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі Рудный қаласында, Қашар, Горняцк кенттерінде, Перцев ауылында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
      1) жекешелендірілген тұрғынжайларда тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарды;
      2) тұрғынжайдың меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желiсiне қосылған телефонға абоненттік ақының өсуі бөлiгiнде байланыс қызметтерін тұтынуына;
      3) жергiлiктi атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін жалға алу ақысын төлеуге беріледі.
      2. Тұрғын үй көмегін "Рудный қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті орган) тоқсан сайын тағайындайды.
      Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін отбасы (азамат) "Халыққа қызмет көрсету орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалының Рудный бөліміне (бұдан әрі – ХҚО) немесе www.egov.kz "электрондық үкіметтің" веб-порталына (бұдан әрі – портал) балама негізде өтініш береді және "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 9 сәуірдегі № 319 бұйрығымен бекітілген, "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 9-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынады.
      3. Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін көрсету нәтижесін ХҚКО-ға құжаттар топтамасын тапсырған күнінен бастап ұсынады, порталға өтініш берген кезде – күнтізбелік 10 (он) күн.
      4. Тиісті жылда бірінші рет жүгінген кезде көрсетілетін қызметті алушыларға тұрғын үй көмегі өтініш берген айдан бастап тағайындалады, бірақ тұрғын үй көмегін тағайындауға негіз болатын жағдайлар пайда болғанға дейін тағайындалмауы тиіс.
      Қайтадан жүгінген кезде тұрғын үй көмегі барлық тиісті тоқсанға тағайындалады.
      5. Тұрғын үй көмегінің көрсетілетін қызметін алушы тұрғын үй көмегі мөлшерінің өзгеруіне негіз бола алатын мән-жайлары туралы, сондай-ақ оның дұрыс есептелмеген жағдайлары туралы уәкілетті органға хабарлайды.
      6. Тұрғын үй көмегінің мөлшеріне ықпал ететін мән-жайлар туындаған жағдайда, (көрсетілетін қызметті алушының қайтыс болуын қоспағанда) аталған жағдайлар туындаған күнінен бастап қайта есептеу жүргізіледі.
      7. Артық төленген сомалар бюджетке қайтарылуға жатады, ал көрсетілетін қызметті алушы өз еркімен қайтарудан бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган аударылған төлемдерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте өндіріп алады.
      8. Көрсетілетін қызметті алушымен ұсынылған табыстардың сәйкессіздігі анықталған жағдайда ақпараттық жүйелерден алынған табыстар туралы мәліметтер есепке алынады.
      9. Жалғыз тұратын тұрғын үй көмегінің көрсетілетін қызметін алушы қайтыс болған жағдайда, тұрғын үй көмегінің төлемі қайтыс болған айдан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
      Тұрғын үй көмегінің көрсетілетін қызметін алушының отбасы мүшесінің бірі қайтыс болған жағдайда, қайтыс болған айдан кейінгі айдан бастап қайта есептеу жүргізіледі.
      Қайтыс болғанға байланысты төлемдерді тоқтату немесе қайта есептеу қайтыс болған адамдардың тізімдері негізінде немесе отбасы мүшелері ұсынған мәліметтер бойынша жүргізіледі.
      10. Тұрғын үй көмегін көрсету мәселелері бойынша туындаған келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.

2. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін анықтау

      11. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері уәкілетті органмен тұрғын үй көмегін алуға ниет білдіруші отбасының (азаматтың) жиынтық табысын негізге ала отырып, Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 471 "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес анықталады.
      12. Отбасының (азаматтың) жиынтық табысы отбасының (азаматтың) тұрғын үй көмегін тағайындауға жүгінген кезде тоқсанның алдындағы тоқсан бойынша табысының жалпы сомасынан есептеледі.
      13. Белгіленген нормалар шегіндегі шекті жол берілетін шығыстар үлесі жиынтық табысынан 10 пайыз мөлшерінде белгіленеді.
      14. Тұрғын үй көмегін тағайындау барысында есепке алаң нормасы алынады:
      1) бір отбасы мүшесіне – көп бөлмелі тұрғын жайларда (пәтерлерде) тұратындар үшін пайдалы алаңының 18 шаршы метр және отбасына 9 шаршы метр қосымша; бір бөлмелі тұрғын жайларда (пәтерлерде) тұратындар үшін – тұрғын жайдың жалпы алаңы;
      2) жалғыз тұратын азаматтар үшін – пайдаланатын алаңына қарамастан нақты алаңынан асырмай 30 шаршы метр, осы норма жатақханалар үшін де қолданылады.
      15. Есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін өтем шараларымен қамтамасыз етілетін коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленеді.
      Егер шығыстарға тарифтер мен нормативтер заңнамамен белгіленген тәртіпте анықталмаса, шығындарды өтеу нақтылы шығыстар бойынша жүргізіледі.
      16. Есепке қабылданатын шығындар өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсан үшін беріледі. Коммуналдық қызметтерді тұтынатын есептегіш құралдары бар тұтынушыларға есеп айырысу үшін, өткен тоқсанның немесе қызмет толық көлемде көрсетілген соңғы тоқсандағы есептегіш құралдардың көрсеткіштері негізінде, бірақ есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін белгіленген коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларынан аспайтын нақтылы шығынмен анықталады.
      17. Электр қуатын төлеу бойынша шығындарды өтеу бір адамға 100 киловатт, электр плитасы, электр су жылытқыштары бар жатақханалар мен үйлерде бір адамға 130 киловатт есебінен, бірақ нақты шығындардан асырмай жүргізіледі.
      18. Телекоммуникациялар желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің көтерілуіне өтемақы "Әлеуметтік тұрғыдан корғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысымен бекітілген, Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің ережесіне сәйкес жүргізіледі.
      19. Осы Қағидамен белгіленген нормалардан тыс ақысы тұрғын жайдың меншік иелерімен немесе жалдаушыларымен (қосымша жалдаушыларымен) жалпы негізінде жүргізіледі.

3. Тұрғын үй көмегін қаржыландыру және төлеу тәртібі

      20. Тұрғын үй көмегін қаржыландыру тиісті жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ ағымдағы нысаналы трансферттер қаражаты есебінен (олар бөлінген жағдайда) жүзеге асырылады.
      21. Тұрғын үй көмегін төлеу уәкілетті органмен тұрғын үй көмегін көрсетілетін қызметін алушының өтініші бойынша екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы тұрғын үй көмегін көрсетілетін қызметін алушының не қызмет көрсетушілердің немесе кондоминиум объектілерін басқару органдарының жеке шоттарына тағайындалған сомаларды аудару жолымен жүзеге асырылады.