"Райымбек аудандық қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Алматы облысы Райымбек ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 07 желтоқсандағы № 400 қаулысы. Алматы облысы Әділет департаментінде 2016 жылы 12 қаңтарда № 3673 болып тіркелді

Қолданыстағы
      "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 8) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі Ережесін бекіту туралы" 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Райымбек ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. "Райымбек аудандық қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
      2. "Райымбек аудандық қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы Омархалық Қайрат Байқайыпұлына осы қаулыны әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған интернет-ресурста және аудан әкімдігінің интернет-ресурсында жариялау жүктелсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімі аппаратының басшысы Тақабаев Олжас Маратұлына жүктелсін.
      4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Аудан әкімі Ж. Тажиев

  Райымбек ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 7 желтоқсандағы № 400 қаулысымен бекітілген қосымша

"Райымбек аудандық қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Райымбек аудандық қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Бөлім) бюджетті атқару, жергілікті бюджеттің орындалуы бойынша есеп жүргізу және аудандық коммуналдық меншікті басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Бөлім мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысандағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      4. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      5. Бөлім егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      6. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Бөлім басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
      7. Бөлімнің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 041400, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Райымбек ауданы, Кеген ауылы, Б. Момышұлы көшесі, № 19.
      9. Мемлекеттік органның толық атауы – "Райымбек аудандық қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі.
      10. Осы Ереже Бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.
      11. Бөлімнің қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
      12. Бөлімге кәсіпкерлік субъектілерімен Бөлімнің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Бөлімге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері.

      13. Бөлімнің миссиясы: бюджетті атқару, аудандық коммуналдық мүлікті басқаруды үйлестіру саласында мемлекеттік басқару функцияларын іске асыру.
      14. Міндеттері:
      1) бюджетті атқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
      2) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес аудандық коммуналдық мүлікті басқаруды үйлестіру.
      15. Функциялары:
      1) бюджет ақшасын басқару;
      2) бюджеттің атқарылуын ұйымдастыру және бюджеттің атқарылуы жөніндегі бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қызметін үйлестіру;
      3) міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, жергілікті бюджет бойынша түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасау, бекіту және жүргізу;
      4) бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне қажетті бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстардың ай сайынғы көлемдеріне өзгерістер енгізу;
      5) мемлекеттік кіріс органдарының төлем тапсырмалары негізінде бірыңғай бюджет сыныптамасының бюджетке түсетін түсімдер сыныптамасының кодтары бойынша түсімдердің артық (қате) төленген сомаларын бюджеттен қайтаруды және (немесе) есепке жатқызуды жүзеге асыру;
      6) бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерінен қаржылық есептілікті қабылдау;
      7) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға шоғырландырылған қаржылық есептілікті ұсыну;
      8) есепті қаржы жылғы аудан бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті қосымшаларымен қоса әкімдікке, ауданның мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органына және Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органға ұсыну;
      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, аудандық коммуналдық мүлікті басқару, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру;
      10) аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіруді ұйымдастыру;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аудандық
      коммуналдық мүлікті жекешелендіру бойынша сауда-саттық өткізу туралы хабарламаны жариялау үшін мерзімді баспа басылымын айқындау жөнінде конкурс өткізу;
      12) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, аудандық коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен сатып алу құқығымен немесе кейіннен өтеусіз негізде беру құқығымен мүліктік жалға (жалдауға), сенімгерлік басқаруға беруді жүзеге асырады;
      13) аудандық коммуналдық мүліктің пайдаланылуын және сақталуын бақылауды қамтамасыз ету;
      14) ауданның жергілікті атқарушы органы құрған коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларының орындалуын бақылауды және талдауды жүзеге асыру;
      15) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, аудандық коммуналдық мүлікті пайдалануды, оның ішінде оны кепілге, мүліктік жалға (жалдауға), өтеусіз пайдалануға және сенімгерлік басқаруға беруді ұйымдастыру;
      16) коммуналдық меншікке айналдырылған (түскен), Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен иесі жоқ деп танылған, мемлекетке мұрагерлік құқығы бойынша өткен аудандық коммуналдық мүліктің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен коммуналдық меншікке өтеусіз өткізілген иесіз қалған мүліктің, олжаның, қараусыз қалған жануарлардың, құрамында мәдени құндылықтарға жататын зат жоқ көмбелердің үлестерін есепке алуды, сақтауды, бағалауды және одан әрі пайдалануды ұйымдастыру;
      17) сенімгерлікпен басқарушының аудандық коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша міндеттемелерді орындалуын бақылауды жүзеге асыру;
      18) аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асыру, оның ішінде жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тарту, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз ету, жекешелендіру объектісінің сатып алу-сату шарттарын әзірлеу мен жасауды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
      19) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
      16. Құқықтары мен міндеттері:
      1) мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан өз қызметіне қажетті ақпаратты сұрату және алу;
      2) жедел басқару құқығындағы мүліктерді пайдалануды жүзеге асыру;
      3) Бөлімнің құзыретіне кіретін аудан әкімінің, әкімдігінің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын дайындау;
      4) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақтылы және сапалы қарау;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде басқа да құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      17. Бөлімге басшылықты Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      18. Бөлімнің бірінші басшысын Райымбек ауданының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      19. Бөлімнің бірінші басшысын орынбасарлары жоқ.
      20. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) Бөлім қызметкерлерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және босатады;
      2) Бөлім қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін өз құзыреті шегінде айқындайды;
      3) Бөлім қызметкерлерін заңнамада белгіленген тәртіппен ынталандырады және тәртіптік жазалар қолданады;
      4) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады;
      5) мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда өз құзыреті шегінде Бөлімнің мүддесін білдіреді;
      6) Бөлімде сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етеді, сол үшін жеке жауапкершілік алуды белгілейді;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Бөлімнің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      22. Бөлімге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Бөлім, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.