Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру, жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау Қағидаларын бекіту туралы

Ақтөбе облыстық мәслихатының 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 349 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 21 қаңтарда № 4686 болып тіркелді

Қолданыстағы
      РҚАО ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 05 шілдедегі Кодексінің 386, 505-баптарына, 2007 жылғы 09 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық Кодексінің 19-бабының 5) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-2-тармағына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 235 бұйрығымен бекітілген, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10886 тіркелген, Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау, қалалардың және елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгі Қағидаларына сәйкес Ақтөбе облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Осы шешімге қоса беріліп отырған Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру, жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау Қағидалары бекітілсін.
      2. Осы шешімге қосымшаға сәйкес облыстық мәслихаттың мынадай шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
      Облыстық мәслихаттың
сессия төрағасы
Облыстықмәслихаттың хатшысы
      Л. ЖАЗЫҚОВА С. ҚАЛДЫҒҰЛОВА

  2015 жылғы 11 желтоқсандағы
№ 349 облыстық мәслихаттың
шешімімен бекітілген

Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру,
жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау
Қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру, жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 01 шілдедегі Азаматтық Кодексіне, Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер Кодексіне, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 09 қаңтардағы Экологиялық кодексіне, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 05 шілдедегі Кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі (бұдан әрі – Заң), "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді.
      2. Қағидалар Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру, жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау саласындағы тәртіпті айқындайды және қатынастарды реттейді.
      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) абаттандыру – сол немесе өзге аумақты құрылыс, мақсаты бойынша қалыпты пайдалану үшін жарамды жағдайға келтіру, халықтың дені сау, жайлы және мәдениетті өмір сүру жағдайын жасау мақсатында жүзеге асырылатын жұмыстардың және іс-шаралардың жиынтығы;
      2) жасарту – қаңқалы және жартылай қаңқалы бұтақтарды қатты қысқарту, өркендерді сирету және реттеу, бас жағы мен бұталардың құрғау салдарынан өзінің декоративтік сапасын жоғалтқан, сау діңді және сүңгекті жасарту үшін жарамды ересек ағаштардың кемінде 3,5 метр биіктіктегі діңдерін кесу;
      3) жасыл алқап – түрлік құрамына қарамастан кемінде 0,125 га аумақта кемінде 50 дана ағашы бар көгалдандырылған аумақ;
      4) жасыл екпелер – азаматтық заңнамаға сәйкес жылжымайтын мүлік болып табылатын және қаланың бірыңғай жасыл қорын құрайтын табиғи өскен және жасанды егілген ағаш бұтақты және шөпті өсімдіктер;
      5) жасыл екпелерді жою – жасыл екпелердің өсуінің тоқтауына әкелетін зақымдану;
      6) жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау – жасыл екпелерді, көгалдандырылған аумақтар мен жасыл алқаптарды құруға, сақтауға және өсіруге (оның ішінде жойылған немесе зақымдалған жасыл екпелерді өтемдік қалпына келтіруге) бағытталған құқықтық, әкімшілік, ұйымдық және экономикалық шаралар жүйесі;
      7) жасыл екпелерді сақтау – абаттандыру және құрылыс жұмыстарының нүктесіне түсетін, аса құнды екпелердің тұқымдарын сақтауға бағытталған іс-шаралар кешені;
      8) жалпы пайдаланымдағы жерлер – алаңдар, көшелер, тротуарлар, өтпе жолдар, жолдар, жағалаулар, саябақтар, скверлер, қала ормандары, бульварлар, су айдындары, жағажайлар, зираттар және халықтың мұқтажын қанағаттандыруға арналған өзге де объектілер (жалпы пайдаланымдағы инженерлік жүйелер) үшін алынған және арналған жерлер;
      9) көгалдандырылған аумақ – табиғи жолмен өнiп шыққан өсiмдiктер орналасқан, жасанды жолмен жасалған бау-саябақ кешендерi және объектiлер, бульварлар, скверлер, көгалдар, гүлдер орналасқан жер учаскесі;
      10) қатты тұрмыстық қалдықтар – қатты түрдегі коммуналдық қалдықтар;
      11) өтемдiк көгалдандыру – жойылған немесе зақымданған жасыл екпелердің орнына жасыл екпелерді отырғызу;
      12) өтпе жол – тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға, мекемелерге, кәсіпорындарға, шағын аудандар, орамдар, елді мекендер ішіндегі құрылыс объектілеріне көлік құралдарының кіруін қамтамасыз ететін жол элементі;
      13) тротуар – жаяу жүргіншілердің жүруіне арналған, жолдың жүру бөлігімен шектесетін немесе одан көгалмен немесе арық жүйесімен бөлінген жолдың элементі;
      14) уәкілетті орган - табиғатты пайдалануды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реттеу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы орган;
      15) ұйым – жүргізілетін жұмысқа қажетті қызметті жүзеге асыратын, материалдық және білікті еңбек ресурстары бар жеке кәсіпкерлік субъектісі немесе дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан астам пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлға және олармен үлестес заңды тұлғалар;
      16) шағын сәулеттік нысандар – декоративтік сипаттағы және іс жүзінде пайдаланылатын объектілер (мүсiндер, субұрқақтар, барельефтер, гүл құмыралары, павильондар, күркелер, отырғыштар, құтылар, балалар ойындары және ересектердiң демалысына арналған жабдықтар мен конструкциялар);
      17) іргелес аумақ – ғимараттар, құрылыстар, қоршаулар, құрылыс алаңшаларының, сауда, жарнама объектілеріне және заңды немесе жеке тұлғалардың балансындағы, меншігіндегі, иелігіндегі, жалға алуындағы басқа объектілер шекараларына тікелей (периметрі бойынша 5 метр шекарадағы) жанасып жатқан аумақ.

2. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау

      4. Республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, жеке тұрғын үй және жеке меншік қосалқы шаруашылық аумақтарында, саяжайлар учаскелерінде және коммуналдық қызметтердің қарауына жататын зираттардың учаскелерінде өсетін жасыл екпелерді қоспағанда барлық жасыл екпелер бiрыңғай жасыл қор құрайды және қорғалуға жатады.
      5. Жасыл екпелердің тiршiлiк әрекетiн қамтамасыз етумен үйлеспейтін көгалдандырылған аумақтарды және жасыл алқаптарды пайдалануға жол берілмейді. Көгалдандырылған аумақтарды дамыту елді мекенді көгалдандырудың ұзақ мерзiмдi кешендi схемасына сәйкес жүргiзiледi.
      6. Нысандарды жобалау және салу барысында аумақтың құрылыстан бос алаңдарының кем дегенде 20% көгалдандыру қарастырылсын.
      7. Көгалдандыру бойынша барлық жұмыстың түрлерiн жұмыс сызбаларына сәйкес бекітілген жобалар бойынша орындаған жөн. Көгалдандыру және абаттандыру бойынша жұмыстарды жүргiзу кезiнде орындалатын жұмыстардың сапасына және бекiтiлген жобаға, жұмыс сызбаларына сәйкес келуіне Заңға сәйкес авторлық қадағалау жүргізіледі.
      8. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау көгалдандыру бойынша жұмыстардың негізгі түрлерін қамтиды:
      1) жасыл екпелерді отырғызу;
      2) ағаштардың діңгек қуысын орнатумен қыртыстарды қопсыту, ағаштарды ақтау;
      3) гүлдерді, көгалдарды орналастыру, арамшөптерді отау, шөптерді шабу;
      4) барлық вегетациялық кезеңде жасыл екпелерді суару;
      5) жасыл екпелерді қырқу, қайта отырғызу, кесу (апаттық, құрғаған, жасамыс ағаштарды және бұтақтарды санитариялық кесу);
      6) тыңайтқыштарды салу;
      7) жасыл екпелердің зиянкестерімен және ауруларымен күресу.
      9. Жасыл екпелерді қайта отырғызу жыл ішінде арнайы қайта отырғызу технологиясы сақталған жағдайда жүзеге асырылады. Жапырақты және қылқан жапырақты ағаштардың тиімді ұласып өсуі мақсатында оларды күз түскен кезеңнен бастап көктемнің бас кезіне дейін отырғызу ұсынылады.
      10. Ағаштарды жасарту және қалың өскен ағаштарды сирету жұмыстары вегетация басталғанға дейін немесе күздің соңында жүргізіледі.
      11. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде осы учаскеде сақтауға жататын барлық екпелер олардың тиімді қорғалуын қамтамасыз ететін арнайы қорғаныш қоршауларымен механикалық және өзге де зақымданулардан қорғалады.
      12. Құрылыс салуға немесе басқа жұмыстар жүргiзуге бөлiнетін учаскелерде жасыл екпелерді сақтау мүмкiн болмаған жағдайда, жасыл екпелерді кесу немесе қайта отырғызу жүргізіледі.
      13. Жасыл екпелерді кесу мынадай:
      1) бекітілген және келісілген қала құрылысы құжаттамасында көзделген құрылыстың объектілерін орналастыру үшін жағдай жасауды қамтамасыз ету;
      2) инженерлік абаттандыру объектілеріне, жер үсті коммуникацияларына қызмет көрсету;
      3) апаттық және төтенше жағдайларды жою, оның ішінде инженерлік абаттандыру объектілерінде жою;
      4) жасыл екпелердің сапалық және түрлік құрамын жақсарту қажеттілігі;
      5) адамның өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне залал келтіруі мүмкін ескі екпелерді санитариялық кесу жағдайларында жүзеге асырылуы мүмкін.
      14. Жалпы пайдаланылатын жерлердегі және ғимараттар, құрылыстар, көп қабатты тұрғын үйлер аумақтарында желдің және табиғи сипаттағы өзге де оқиғалардың, жол-көлік апаттары нәтижесінде ағаштар апатты құлаған жағдайда құлаған ағаштарды жинау, құлаған жерлерді уақтылы санитариялық тазалау және ағаш қалдықтарын шығару жер пайдалану құқығы шекарасындағы, сол аумақ тиесілі ұйымға немесе қызмет көрсететін учаскелері бойынша ұйымдарға жүктеледі.
      15. Өскен немесе зақымдалған жасыл екпелер өздігінен құлаған жағдайда, кінәлі тұлғаларды анықтау мүмкін болмаған кезде жасыл екпелерді қалпына келтіру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
      16. Қаланың және елді мекеннің аумақтарында өтемдік отырғызу жүргізу үшін уәкілетті орган арнайы учаскелерді айқындайды.
      17. Жалпыға ортақ және арнайы пайдаланылатын жерлерде өтемдік отырғызуларды жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерде көгалдандыруды, жасыл екпелерді күтіп-баптауды және күтіп-ұстауды жүзеге асыратын ұйымдар жүргізеді.

3. Қалалар және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру

1-параграф. Тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету

      18. Жеке және заңды тұлғалар барлық аумақта, оның ішінде жеке үй иелері аумақтарында тазалықты сақтайды және тәртіпті қолдайды, абаттандыру элементтерінің (жолдар, тротуарлар, көгалдар, шағын сәулет нысандары, жарықтандыру, су бұрулар) зақымдануына және бұзылуына жол бермейді.
      19. Жергілікті жерлерді ағымдағы санитариялық күтіп-ұстауды осы саладағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар жүзеге асырады.
      20. Барлық ұйымдық-құқықтық нысандардың жеке және заңды тұлғалары, оның iшiнде күрделі және уақытша объектілердің иелерi мыналарды:
      1) дербес өз қаражаты есебінен немесе ұйымдармен шарттар жасасу жолымен бөлінген аумақты санитариялық күтіп-ұстауды және абаттандыруды қамтамасыз етеді;
      2) кез келген меншік объектілеріне ұқыпты қарайды, мемлекеттік меншік объектілеріне залал келтірген жағдайлар туралы тиісті органдарды хабардар етеді;
      3) көшелер және үй нөмірлері көрсетілген тақталарды техникалық дұрыс жағдайда және тазалықта ұстайды;
      4) қоршауларды (шарбақтарды) және шағын сәулет нысандарын тиісті жағдайда (қоршаудың (шарбақтың) сыртқы жағын бояу, әктеу) күтіп-ұстайды.

2-параграф. Аумақтарды жинауды ұйымдастыру

      21. Жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды жинау және күтіп-ұстау мынадай жұмыс түрлерін қамтиды:
      1) ұсақ және тұрмыстық қоқыстар мен қалдықтарды жинау және шығару;
      2) ірі көлемді қоқыстар мен қалдықтарды жинау және шығару;
      3) сыпыру;
      4) қамысты, қурайды, шөптерді және басқа да жабайы өсімдіктерді шабу және шығару;
      5) қоршаулар мен шағын сәулет нысандарын жөндеу және сырлау.
      22. Жалпыға ортақ пайдаланылатын аумақтарда орналасқан парктерді, скверлерді, бульварларды, су айдындарын, жағажайларды, зираттарды, оның ішінде оларда орналасқан тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, саты баспалдақтарын жинауды заңды және жеке тұлғалар мен осы объектілерге қызмет көрсететін және пайдаланатын аумақтарды бекіту субъектілері жүргізеді.
      23. Объектілердің меншік иелері жапсарлас аумақтарда (автотұрақтар, боксты гараждар, ангарлар, қосалқы қойма құрылыстары, ғимараттар, сауда және қызмет көрсету объектілері) санитариялық тазалауды және жинауды коммуналдық шаруашылық ұйымдарымен қамтамасыз етеді немесе оны өз бетінше жүргізеді.
      24. Көшелер мен өтпе жолдардың бойында орналасқан тротуарларды, жолаушылар көлігінің аялдама алаңын жинауды жүру бөліктерін жинауға және күтіп-ұстауға жауапты ұйымдар жүргізеді.
      25. Аялдама кешендерін және қоғамдық жолаушылар көлігінің аялдама алаңында оларға іргелес аумақтарды, ақылы автотұрақтар, гараждардың аумақтарын, сондай-ақ кіреберіс жолдарды, іргелес аумақтарды жинауды және жууды олардың иелері жүзеге асырады.
      26. Жол жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде құрылыс қоқыстарын осы жұмыстарды жүргізген ұйымдар шығарады.
      27. Су ағатын желілерде ластануды болдырмау үшін су ағатын коллекторларда, жауын суын қабылдайтын құдықтарда және арық жүйесінде қоқыстардың тасталуына жол берілмейді.
      28. Жерүстi инженерлік құрылыстарын пайдаланушы ұйымдар мен иелері инженерлiк желілердің қорғалатын аймақтарының шекарасында іргелес аумақтардың санитариялық күтіп-ұсталуын қамтамасыз етеді.

3-параграф. Күзгі-қысқы мезгілде қалалар мен елді мекендердің аумақтарын тазартудың ерекшеліктері

      29. Күзгі-қысқы тазарту мезгілі қазаннан сәуірге дейін белгіленеді.
      30. Жолдарды қыста тазартуға мыналар кіреді:
      жол жабынын тығыздалмаған, жаңа жауған қардан, тапалған қар-мұз бен мұздан тазарту;
      көліктер мен жүргіншілердің қозғалысына арналған алаңдардан жол жамылғыларын тазалау кезінде жиналған қардан және сынықтардан тазарту (орын ауыстыру);
      көлік доңғалақтарының жол жамылғыларымен ілінісуінің коэффициентін шұғыл төмендететін құм тұз қоспасын пайдалана отырып жолдың көктайғақ қабыршақтарын жою.
      Қарды жинау мен сыпыру жол бетіндегі қардың қалыңдығы 4-5 сантиметрден аспай тұрған аралықта жүргізіледі. Қарды қар жауғаннан кейінгі 4 сағаттан кешіктірмей жинау қажет, қайтара жинау сол аралықта, ал қар толастамай жауғанда аяғына таман жиналады.
      Қарды шығару мына мерзімдерде жүргізіледі:
      маңызды магистральдарында қар жамылғысы кемінде 6 сантиметр түскен кезде – екі тәуліктен, ал басқа жолдарда - төрт тәуліктен кешіктірмей;
      ал қар 6 сантиметрден аса түскенде – сәйкесінше төрт тәуліктен немесе жеті тәуліктен кешіктірмей.
      31. Саябақтардағы, скверлердегі, бульварлардағы және басқа көгалды аймақтардағы жолдарды тазарту кезінде, жасыл желектердің сақталуы мен еріген сулардың ағуын қамтамасыз еткен жағдайда, құрамында химиялық қоспалары жоқ қарларды осы мақсаттарға бұрын дайындалған алаңдарда үюге рұқсат етіледі.
      32. Қысқы мезгілде жолдар, саябақ орындықтары, қоқыс қораптары және басқа да элементтер мен шағын сәулет формалары, сондай-ақ олардың араларындағы және жанындағы жерлер, оларға баратын жолдар қар мен мұздақтардан тазартылуы керек.
      Жолдың тротуарлармен жүру бөлігінде көшелердегі инженерлік желілерде болған апаттан пайда болған мұздақтар осы желілердің иелері болып табылатын заңды және (немесе) жеке тұлғалармен бөлшектенеді және тазартылады. Бөлшектенген мұздақтар белгіленген орындарға шығарылады.
      33. Көшелер мен өтпе жолдардан қарды шығару арнайы дайындалған алаңдарда жүзеге асырылады. Жергілікті атқарушы органдармен келісілмеген орындарға қарды шығаруға жол берілмейді.
      34. Қарды жинауға жауапты, заңды және (немесе) жеке тұлғалар қарды уақытша жинау орындарын қар ерігеннен кейін қоқыстардан тазартып және абаттандыруға тиісті.
      35. Тротуарлар мен көпірлерге шығатын баспалдақтар асфальт-бетон жамылғыларының барлық ені бойына жаңа жауған қар мен тапалған қардан (пайда болған қар-мұздақтардан) тазартылады, қар тоқтаусыз жауған кезеңде көктайғаққа қарсы материалдармен өңделеді.
      36. Аула аумақтары мен өтетін жерлер қар мен мұздақтардан асфальтқа дейін тазартылады. Мұздың (көктайғақ) пайда болған жағдайда ұсақ құммен өңдеу жүргізіледі. Көктайғаққа қарсы күресу үшін ас тұзын пайдалануға жол берілмейді.
      37. Аула аумақтары мен орамішілік өтетін жерлерден тазартылған қарды, аула аумақтарының автокөліктің еркін өтуіне және жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірмейтін орындарына жинауға рұқсат етіледі.
      38. Аулаішілік аумақтарда қарды жинау барысында, еріген судың ағып кетуі қарастырылады.
      39. Қыс мезгілінде үй иелері және жалға алушылар шатырларды қардан, мұздан және сүңгілерден уақытында тазарту жұмыстарын ұйымдастырулары қажет. Бұл кезде жүргіншілер аймақтарына алдын ала арнайы қоршаулар орнатылады. Үйлердің төбесін қардан тазарту, көше жаққа бағытталған шатырлардан қар мен мұздақтарды тротуарларға лақтыру тек күндізгі уақытта жүргізілуі қажет. Шатырдың басқа бағыттарынан, жазық шатырлардан қар түсіру, аулаішілік аумақта жүргізіледі. Қарды түсіру алдында жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жасалады. Үйлердің шатырларынан түскен қарлар, мұздар және сүңгілер жедел түрде жол жиегіне қарай жиналады және одан әрі көшенің жүргінші бөлігін тазартушы заңды және (немесе) жеке тұлғалар алып кетулері үшін дайындалады.
      40. Суағар құбырлардың аузына қар, мұз және қоқыстарды тастауға жол берілмейді.

4-параграф. Көктемгі-жазғы мезгілде қалалар мен елді мекендердің аумақтарын тазартудың ерекшеліктері

      41. Көктемгі-жазғы тазарту мезгілі сәуірден қазанға дейін белгіленеді.
      Көктемгі-жазғы тазарту көшелердің, тротуарлардың, алаңдардың көлік жүретін бөліктерін жууды, оларға су шашуды және сыпыруды қарастырады.
      42. Жол жамылғыларын, осьтік және қосалқы жолақтарды, көшелер мен өтетін жерлерді сыпыру көліктің белсенді қозғалысы бар магистралдар мен көшелерде түнгі мезгілде, қалған көшелерде күндізгі мезгілде жол жамылғысын алдын-ала сулау арқылы жүргізіледі.
      43. Тазарту жүргізген кезде көлік жүретін бөлік, тротуарлары, жол жиектері қандай да болмасын ластан, ұсақ қоқыстан, топырақтан және ірі қоқыстан толығымен тазартылуы тиіс.
      Аула аумағын, аулаішілік өтетін жерлер мен тротуарларды ұсақ тұрмыстық қалдықтардан, шаңнан сыпыру, оларды жуу жеке меншік пәтер иелері кооперативтерімен (бұдан әрі - ПИК), үй комитеттерімен жүзеге асырылады.

5-параграф. Қалдықтарды жинау және шығару

      44. Жеке және заңды тұлғалар, олардың қызметі нәтижесінде пайда болған өндіріс және тұтыну қалдықтары пайда болған кезінен бастап қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз етеді. Жеке және заңды тұлғалар қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтайды.
      45. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруды ұйымдар уәкілетті орган белгілеген бекітілген кестеге сәйкес мерзімде жүзеге асырады. Кестелер қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау алаңдарында ілінеді.
      46. Құрылыстарды және (немесе) жылжымайтын объектілерді жөндеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар құрылыс қоқысын кәдеге жарату шарттарын жасасуы қажет, оны белгіленген орынға өз бетінше немесе қоқыс шығаруды жүзеге асыратын ұйымдармен шарт бойынша шығарады.
      47. Үй иелерінің аумағында мамандандырылған көлік үшін ыңғайлы кірме жолдармен контейнерлерді орналастыруға арналған арнайы алаңдар болады. Контейнерлерді орнатуға арналған алаңдардың бетонды немесе асфальтты жабыны және қоршауы болады. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін жапқыштары бар контейнерлерді қолданған жөн.
      48. Қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерге және контейнерлік алаңдарда күл тастауға және жинауға жол берілмейді.
      49. Қатты тұрмыстық қалдықтар қоқыс шығаратын көліктермен, үй иелерінің кәрізденбеген сұйық қалдықтары ассенизациялы вакуумдық көліктермен шығарылады.
      50. Сұйық қалдықтар мамандандырылған автокөлікпен арнайы бөлінген орындарға шығарылады. Контейнерлер босатылғаннан кейін орындар дезинфекциялайтын ерітінділермен өңделеді немесе босатылған орындарда өңдеуден өткен тазаларына ауыстырылады. Контейнерлерді өңдеу орындары тазалауға, жууға және дезинфекциялауға арналған, ыстық және суық су өткізілген, судың ағып кетуі ұйымдастырылған құрылғылармен жабдықталуы тиіс.
      51. Сұйық тұрмыстық қалдықтар мен ірі көлемді қоқыстарды қоқыс шығару құбырына тастауға жатпайды.
      52. Қоқыс шығару құбырын пайдалануды иелігінде тұрғын үй орналасқан пайдаланушы ұйым жүзеге асырады.
      53. Жеке тұлғалар контейнер алаңдары аумағында орналасқан, құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды жинау үшін арнайы контейнерлерде істен шыққан құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды қауіпсіз жинауды қамтамасыз етеді.
      54. Контейнерлік алаңдарды және контейнерлерді пайдаланатын және оларға қызмет көрсететін ұйымдар мыналарды:
      1) контейнерлік алаңдарды және оған іргелес аумақтарды тиісті санитариялық күтіп-ұстауды қамтамасыз етеді;
      2) оларға уақтылы жөндеу жүргізеді және одан әрі пайдалануға жарамсыз контейнерлерді ауыстырады;
      3) қоқыс қабылдайтын камералардың, алаңдардың, сондай-ақ қалдық жинағыштардың тұрақты жуылуын, дезинфекциялануын, шыбындарға, кеміргіштерге қарсы дезинсекциялануын, дератизациялануын қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдайды.
      55. Контейнерлерден қоқыс шығаратын машинаға тиеу кезінде шашылып қалған қоқыстарды қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруды жүзеге асыратын ұйымдардың жұмысшылары шығарады.
      56. Вокзалдарда, базарларда, әуежайларда, саябақтарда, демалыс аймақтарында, алаңдарда, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде, көшелерде, қоғамдық жолаушылар көлiгі аялдамаларында, сауда объектілерінің кіреберістерінде қоқысқа арналған құтылар орнатылады. Халық көп келетін орындарда құтылар бір бірінен кемінде 50 метр арақашықтықта; аулаларда, саябақтарда, алаңдарда 10-нан 100 метрге дейінгі арақашықтықта құтылар орнатылады. Жолаушылар көлiгі аялдамаларында және сауда объектілерінің кіреберістерінде екi құты орнатылады.
      57. Құтыларды орнатуды, тазартуды және жууды аумақты пайдаланатын ұйымдар немесе аумаққа иелік ететін немесе пайдаланатын ұйымдар жүргізеді. Құтылар толу шамасына қарай, бiрақ күніне бір реттен кем емес тазартылады.
      Құтылар ластану деңгейіне қарай, бiрақ аптасына бір реттен кем емес жуылады.

6-параграф. Көшелерді, тұрғын үй орамдарын және шағын аудандарды абаттандыру

      58. Шағын аудандар мен орамдардың тұрғын үй аймақтары қоқыс контейнерлерін қоятын, кір кептіретін, демалатын, балалар ойнайтын, спортпен айналысатын, үй жануарларын серуендетуге арналған алаңдармен, автотұрақтармен, орынтұрақтармен, жасыл аймақтармен жабдықталады.
      59. Алаңдардың саны, орналасуы мен жабдықталуы құрылыс және санитариялық нормаларға сәйкес болуы тиіс.

7-параграф. Ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін күтіп-ұстау

      60. Қарамағында ғимараттар мен құрылыстар бар жеке және заңды тұлғалар, ғимараттар мен құрылыстардың меншік иелері көрсетілген объектілердің қасбеттерін және олардың жекелеген элементтерін (балкондар, лоджиялар, су ағатын құбырлар) қалпына келтіру, жөндеу және бояу бойынша жұмыстарды уақтылы жүргізуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ қасбеттерде орналастырылған ақпараттық тақтайшаларды, ескерткіш тақтайларды таза және дұрыс жағдайда ұстайды. Дүкендер мен кеңселердің көшелерге қасбеттермен шығатын витриналары жарықпен безендіріледі.
      61. Ғимараттардың және құрылыстардың қасбетіне инженерлік жабдықтардың элементтерін (деректерді қабылдау антенналарын, ауаны қалыпқа келтіру жүйелерін) орналастыру нысанның жалпы сәулет келбетіне жағымсыз әсер келтірмеуі керек.
      62. Өз еркімен ғимараттардың қасбеттерін және олардың конструктивтік элементтерін қайта жабдықтауға жол берілмейді.

8- параграф. Сыртқы жарықтандыруды және субұрқақтарды күтіп-ұстау

      63. Көшелердің, жолдардың, алаңдардың, жағалаулардың және басқа жарықтандырылатын объектілердің сыртқы жарығын қосу жергілікті атқарушы орган бекіткен кесте бойынша табиғи жарық деңгейінің азаюы кезінде кешкі ымырт кезінде 20 люкске дейін, ал сөнуі - таңғы күңгіртте 10 люкске дейін артуы кезінде жүргізіледі.
      64. Сыртқы жарық құрылғылары мен байланыс желілерінің элементтері, металл бағаналары, кронштейндер тазалықта ұсталып, тот басу ошағы болмай, сырлануы қажет. Нысандардың баланстық тиесілігіне сәйкес, ғимараттардың қасбеттеріндегі және витриналардағы әшекейлі көмескі жарықтардың жанып кеткен шамдарын алмастыру және жөндеу тиісті ұйымдармен жүзеге асырылады.
      65. Алаңдардағы, магистральдардағы және көшелердегі, аула аумақтарындағы шамдардың жаңбауы белгілі бір аумақтағы жалпы санының 5 пайызынан аспауы керек.
      66. Орталық көшелердегі жарықтандыру элементтерін және әшекейлі көмескі жарықтарды ауыстыру және жөндеу бір тәулік ішінде жүзеге асырылады, қалған телімдерде үш тәулік ішінде.
      67. Істен шыққан құрамында сынап бар газ разрядты шамдар осы мақсаттарға арналған арнайы бөлінген үй-жайларда сақталады және олар кәдеге жарату үшін арнайы кәсіпорындарға шығарылады. Көрсетілген шамдардың түрлері полигонға шығарылмайды.
      68. Электрлендірілген көліктің жарық және байланыс желілерінің құлап қалған бағаналарын шығаруды негізгі магистральдарда бағана иелері тез жүзеге асырады; басқа аумақтарда, сондай-ақ бөлшектелген бағаналар - тәулік ішінде шығарылады.
      69. Уәкілетті орган коммуналдық меншіктегі субұрқақтардың тиісті жағдайын және пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
      70. Субұрқақтарды қосу мерзімін, олардың жұмыс істеу режимін, тостағандарын жуу және тазарту кестесін, технологиялық үзілістерін және жұмыс істеуінің аяқталуын уәкілетті орган айқындайды.
      71. Субұрқақтар жұмыс істеп тұрған кезеңде судың беті күн сайын қоқыстан тазартылады. Пайдаланушы ұйымдар субұрқақтардың тазалығын жұмысы тоқтаған кезеңде де, оларды тазалықта ұстайды.

  2015 жылғы 11 желтоқсандағы
№ 349 облыстық мәслихаттың
шешіміне қосымша

Облыстық мәслихаттың күші жойылды деп танылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру Қағидасы туралы" облыстық мәслихаттың 2012 жылғы 21 қарашадағы № 71 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3462 тіркелген, 2014 жылғы 21 желтоқсанда "Ақтөбе" және "Актюбинский вестник" газеттерінде жарияланған);
      2. "Ақтөбе облысының елді мекендеріндегі жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау Қағидалары туралы" облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 15 тамыздағы № 232 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4037 тіркелген, 2014 жылғы 30 қыркүйекте "Ақтөбе" және "Актюбинский вестник" газеттерінде жарияланған);
      3. "Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру Қағидасы туралы" облыстық мәслихаттың 2012 жылғы 21 қарашадағы № 71 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 10 желтоқсандағы № 264 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4139 тіркелген, 2014 жылғы 21 желтоқсанда "Ақтөбе" және "Актюбинский вестник" газеттерінде жарияланған);
      4. "Ақтөбе облысының елді мекендеріндегі жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау Қағидалары туралы" облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 15 тамыздағы № 232 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 10 желтоқсандағы № 265 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4124 тіркелген, 2014 жылғы 30 желтоқсанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).