Ақтөбе облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың Қағидаларын бекіту туралы

Ақтөбе облыстық мәслихатының 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 351 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 21 қаңтарда № 4685 болып тіркелді

Қолданыстағы
      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су Кодексінің 38-бабының 1) тармақшасына, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Кодексінің 364-бабына және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-2-тармағына сәйкес Ақтөбе облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Осы шешімге қоса беріліп отырған Ақтөбе облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың Қағидалары бекітілсін.
      2. Күші жойылды деп танылсын:
      1) "Ақтөбе облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың Қағидасы туралы" облыстық мәслихаттың 2012 жылғы 27 шілдедегі № 45 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3407 тіркелген, 2012 жылғы 21-23 тамызда "Ақтөбе" және "Актюбинский вестник" газеттерінде жарияланған);
      2) "Ақтөбе облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың Қағидасы туралы" облыстық мәслихаттың 2012 жылғы 27 шілдедегі № 45 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 27 наурыздағы № 291 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4311 тіркелген, 2015 жылғы 20 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).
      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Облыстық мәслихаттың
сессия төрағасы
Облыстықмәслихаттың хатшысы
      Л. ЖАЗЫҚОВА С. ҚАЛДЫҒҰЛОВА

  2015 жылғы 11 желтоқсандағы
№ 351 облыстық мәслихаттың
шешімімен бекітілген

Ақтөбе облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың Қағидалары

      1. Осы Ақтөбе облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су Кодексінің 38-бабының 1) тармақшасына, 65-бабының 4-тармағына, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Кодексінің 364-бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-2-тармағына және Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11434 тіркелген, "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 19-1/252 бұйрығына сәйкес әзірленді.
      2. Осы қағидада пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
      1) ортақ су пайдалану - халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшін су объектілері жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекітіліп берілмей және судың жай - күйіне әсер ететін құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылатын су пайдалану;
      2) гидротехникалық құрылыстар - су ресурстарын басқару, су пайдаланушыларға су беру, сумен жабдықтау және су бұру, судың зиянды әсерінің алдын алу үшін пайдаланылатын инженерлік құрылыстар;
      3) су шаруашылығы құрылыстары - су ресурстарының пайдаланылуы мен қорғалуын реттеу, сумен жабдықтау, су бұру және судың зиянды әсерін жою мақсатында жасанды түрде құрылған гидротехникалық құрылыстар мен қондырғылар;
      4) жер асты шаруашылық - ауыз сулары - өзінің табиғи жай - күйіндегі немесе өңделгеннен кейінгі сапасы бойынша нормативтік талаптарға сай келетін және адамның ауыз суға және тұрмыстық қажетіне, немесе ауыз су өнімдерін өндіруге арналған жерасты сулары;
      5) сарқынды сулар - адамның шарушылық қызметі нәтижесінде пайда болатын немесе табиғи немесе жасанды су объектілеріне немесе жер бедеріне ағызып жіберілетін ластанған аумақтағы сулар;
      3. Ортақ су пайдалану халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшiн су объектiлерi жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмей және судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.
      4. Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмейді.
      5. Қазақстан Республикасының Су Кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану объектілеріне халықтың кіруін қоршаулар, күзет пункттерін, тыйым салатын белгілер орнату жолымен шектеуіне жол берілмейді.
      6. Экологиялық, техникалық және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгi мақсатында ортақ су пайдалану шектелуi немесе оған тыйым салынуы мүмкiн.
      7. Ортақ су пайдалануға:
      1) шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін;
      2) ықтимал сел қаупі бар су объектілерін қоспағанда, рекреациялық мақсаттарда, жаппай демалу, туризм және спорт мақсаттарында;
      3) кеме қатынасы және шағын кемелерді пайдалану үшін;
      4) мал суару үшін су объектілерін пайдалану жатады.
      8. Шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін жер үсті су көздерінен су алу судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.
      9. Су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшiлiктiң демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлердi экологиялық талаптар мен адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органдармен келiсiм бойынша облыстың жергiлiктi атқарушы органдары белгiлейдi.
      10. Кеме қатынасы санатына жатқызылған Қазақстан Республикасының жер үстi су объектiлерi, оларды осы мақсаттарға пайдалануға толық немесе iшiнара тыйым салынған не олар оқшау пайдалануға берiлген жағдайларды қоспағанда, ортақ пайдаланудағы су жолдары болып табылады.
      Су объектiлерiн кеме қатынасы санатына жатқызу тәртiбi, кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының тiзбесi және оларды пайдалану қағидалары Кодекстің 105-бабының 3-тармағына сәйкес бекітілетін қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
      11. Су объектiлерiн мал суару үшiн пайдалануға санитарлық қорғау аймақтарынан тыс жерде және суат алаңдары мен су объектiлерiнiң ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда жол берiледi.
      12. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында, мынадай жерлерде;
      1) халықтың шомылуы;
      ескерту және тыйым салу белгілері орнатылған жерлерде; 
      шлюздерге, гидроэлектростанцияларға, ағынды суды жіберетін орындарға, малдардың тұрағына және суарылатын жерлерге және басқа да ластау көздеріне, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген ластау көздеріне кемінде 500 метр жақын ара қашықтықта;
      температурасы төмен жер асты сулары шығатын, су иірімдері мен шұңқыр жерлерде;
      судың ағысы секундына 0,5 метрден асатын жерлерде;
      сазбалшықты учаскелерде, сондай-ақ қолайсыз және қауіпті табиғи факторлары бар кезде (жағалауы жайпақ, құлама жарсыз және шұңқырсыз, ал су айдынының түбі құмды, шылаусыз, балдырсыз, бұталарсыз және үшкір тастарсыз болуға тиісті).
      2) халықтың санитарлық-эпидимиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органның оң қорытындысынсыз және облыстың жергілікті атқарушы органында міндетті тіркелмеген тікелей жер үсті және жер асты су объектілерінен ауыз суға және тұрмыстық қажеттіліктер үшін су алуға;
      3) зардап шеккендерді құтқару үшін пайдаланатын шағын кемелерден және басқа да жүзу құралдардан, сондай-ақ ұйымдастырылған жағажайларда пайдаланылатын шағын кемелер мен жабдықтардан басқа, адамдар көп шоғырланатын жерлердегі су айдындарында шағын кемелерде және басқа да жүзу құралдарында жүзу тыйым салынады деп белгіленсін.
      13. Адамдар көп шоғырланатын жерлердегі су айдынындағы суды жыл сайын, шомылу маусымы басталар алдында кемінде екі рет химиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша химиялық және микробилогиялық тексеруден өткізу қажет.
      Шомылу маусымы кезеңінде су айдынындағы су айына кемінде екі рет химиялық-микробиологиялық тексеруден өткізіледі (сынама кемінде екі жерден алынады). Су шомылу аймағынан бір километр (бұдан әрі – км) жоғары ара қашықтықтағы ағыннан және шомылу аймағының екі жағынан 0,1-1,0 км ара қашықтықтағы су айдынынан, сондай-ақ шомылу аймағының шекараларынан алынады.
      14. Шомылуға арналған су бетінің шекаралары қызыл түсті қалқитын белгілермен белгіленеді.
      15. Облыстың жергілікті өкілді органдары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ, арнайы ақпараттық белгілер арқылы халықты шомылуға тыйым салу және ортақ су пайдалануды жүзеге асырудың басқа шарттары туралы хабардар етеді.
      16. Ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын жариялау үшін оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы облыстардың жергілікті өкілді органдарына ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеудің қажеттігі негізделген ұсыныс енгізеді.
      17. Ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеу негізсіз болған жағдайда облыстардың жергілікті өкілді органдары ұсынылған ортақ су пайдалану шарттарынан немесе тыйым салудан бас тарту себептерін негіздей отырып су пайдаланушыны жиырма екі жұмыс күн ішінде жазбаша хабардар етеді.
      Бұл ретте жарияланған ортақ су пайдаланудың шарттары немесе оған салынатын тыйымдар шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін ортақ су пайдалануды жүзеге асыруды шектемеуі тиіс.
      18. Ортақ су пайдалану үшін су объектілерін пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалар:
      1) су объектілерін ұқыпты пайдалануы;
      2) су объектілерін пайдаланудың белгіленген режимін сақтауы;
      3) су объектілерінде мәдени, спорттық және басқа да іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауы;
      4) су объектілерін және іргелес аумақтарын тиісті санитарлық нормаларға сай ұстауға, тұрмыстық, құрылыс және басқа да қалдықтармен қоқыстауға, іргелес аумақтарды ластаудың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды уақытылы жүзеге асыруы тиіс.
      19. Ортақ су пайдаланудың су объектілерін пайдалану кезінде:
      1) су объектісін ластауға және қоқыстауға;
      2) шомылуға арналған орындарда киім жууға және жануарларды шомылдыруға;
      3) ескерту немесе тыйым салу жазулары бар арнайы ақпараттық белгілер қойылмаған орындарда шомылуға;
      4) арнайы ақпараттық белгілерді өз еркімен алып тастауға, бұзуға және жоюға;
      5) аумақта жанар-жағар май материалдарын сақтауға;
      6) көлікке жанар май құюды, жууды және жөндеуді жүзеге асыруға;
      7) су объектілерінде және оларға тікелей жақын жерде кәмелетке толмаған балаларды үлкендердің қарауынсыз тастауға жол берілмейді.