Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидалары туралы

Астана қаласы мәслихатының 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 447/62-V шешімі. Астана қаласының Әділет департаментінде 2016 жылы 29 қаңтарда № 1000 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңына сәйкес, Астана қаласының мәслихаты ШЕШТІ:
      1. Қоса берілген 1-қосымшаға сәйкес Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидалары бекітілсін.
      2. Қоса берілген 2-қосымшаға сәйкес Астана қаласы мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Астана қаласы мәслихаты
      сессиясының төрағасы                       Б. Солсанов

      Астана қаласы мәслихатының
      хатшысы                                    С. Есілов

      Келісілді:
      Астана қаласы Ішкі істер
      департаментінің бастығы
      _______________А. Әубәкіров
      2015 жылғы 23 желтоқсан

      «Астана қаласының Ауыл
      шаруашылығы басқармасы»
      мемлекеттік мекемесінің басшысы
      _____________Ә. Құрманғалиев
      2015 жылғы 23 желтоқсан

      Астана қаласы пәтер иелерінің
      кооперативі «Бәйтерек»
      ассоциациясының төрағасы
      _____________М. Кинжибаев
      2015 жылғы 23 желтоқсан

Астана қаласы мәслихатының
2015 жылғы 23 желтоқсандағы
№ 447/62-V шешімімен  
бекітілген      

Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау
және серуендету қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексіне және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы, «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді.
      2. Қағида Астана қаласындағы иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету тәртібін реттейді.
      3. Осы Қағида барлық иттер мен мысықтардың иелеріне, меншік нысанына қарамастан заңды және жеке тұлғаларға (Қазақстан Республикасының қорғаныс және ішкі істер министрліктері, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінің кәсіпорындары, мекемелері мен ұйымдары, сондай-ақ адамдарды құтқару, қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау қызметін атқарушылардан басқа), сондай-ақ иттер мен мысықтарды серуенге шығаратын барлық тұлғаларға (бұдан әрі - Иелер) қолданылады.
      4. Осы Қағида Астана қаласының аумағында әрекет етеді.
      5. Осы Қағидада мынадай ұғымдар қолданылады:
      1) иттер мен мысықтар – иелерінің тұрғын үйінде, басқа да жайлар мен аумақтарда ұсталатын үй жануарлары;
      2) ветеринарлық емхана – ауру жануарларға ветеринарлық көмек көрсетумен және ветеринарлық емдеу-сауықтыру қызметімен айналысатын жеке және заңды тұлға;
      3) ветеринарлық паспорт – жануарларды тіркеуге алу мақсатында құзырлы орган бекіткен үлгідегі: жануардың иесі, түрі, түсі, жынысы, жасы көрсетілетін құжат;
      4) құзыретті орган – «Астана қаласының Ауыл шаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесі;
      5) мамандандырылған ұйым – Астана қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Астана ветсервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны;
      6) тіркеуші орган – мамандандырылған ұйым;
      7) қаңғыбас жануар – тіркелмеген жануар, иесін анықтау мүмкін болмаған, иесінен қашып кеткен, иесі немесе жануарға жауапты тұлға тарапынан қараусыз жүрген, күнтізбелік 3 (үш) күннен аспайтын мерзімге мамандандырылған ұйымда ұсталатын тіркелмеген жануар;
      8) иттер мен мысықтарды серуенге шығару – иесінің меншігі болып табылатын немесе басқа тұлғадан жалға алып отырған орын-жайдан тыс жерде болуы және иттер мен мысықтардың арнайы белгіленген аумақтарда серуендеуі.

2. Иттер мен мысықтарды тіркеу тәртібі

      6. Барлық иттер үш айлық жасынан бастап және мысықтар екі айлық жасынан бастап күнтізбелік 15 (он бес) күнге дейін, алғашқы тіркеуден өтуі тиіс.
      7. Тіркеу мамандандырылған ұйымда немесе ветеринарлық емханаларда жүргізіледі.
      8. Мамандандырылған ұйым тіркелген үй жануарларын иттер мен мысықтардың бірыңғай бірдейлендіру базасына енгізеді.
      9. Иттер мен мысықтарды тіркеу барысында иесіне ақылы негізде ветеринарлық паспорт беріледі және жануар иесінің төлемі есебінен жануарға микрочип (белгі) енгізіледі немесе нөмір ретінде денеге таңба басылады.
      10. Тіркеу барысында жануар иесі осы Қағидамен таныстырылуы тиіс. Үй жануарының иесі Қағидамен танысқандығы туралы дерек тіркеу кітабына қол қоюымен рәсімделеді.
      11. Иттер мен мысықтарды тіркеу және қайта тіркеу барысында иелері мынадай:
      1) жеке тұлғаны куәландыратын құжат;
      2) жеке сәйкестендіру нөмірі;
      3) тұрғылықты мекен-жайы;
      4) иесінің байланыс телефоны;
      5) жануардың туылған күні, түрі, түсі, жынысы, лақап аты, шығу тегі туралы мәліметтерді ұсынады.
      12. Ит немесе мысықтың иесі тіркеуші органға жануарды тіркеуден шығару үшін немесе қайта тіркеу жағдайларында (сатылу, жоғалу, көшу, басқа бір адамға тапсырылу) хабарлауы қажет.
      13. Тұрғылықты жерді ауыстырғанда және жануарды сатып алған жағдайда үй жануарлары күнтізбелік 14 (он төрт) күн мерзімде тіркеуші органда тіркелуі/ қайта тіркелуі қажет.
      14. Үй жануарына эвтаназия қолданылғанда немесе өліп қалған жағдайда ветеринарлық паспорты жануарды бұрын тіркеген ұйымға тапсыруға жатады.

3. Иттер мен мысықтарды ұстау

      15. Иттер мен мысықтарды сатып алу мен сату, басқа бір адамға тапсыру, қала аумағында барлық көлік түрлерімен, сонымен қатар қаладан тысқары жерлерде, саяжай серіктестіктері аумақтарында тасымалдау әрекеттері құтырмаға және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы егілген уақыты белгіленген жануардың ветеринариялық паспорт болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
      16. Иттер мен мысықтарды қаладан шығарғанда және қалаға басқа аймақтардан әкелген жағдайда, иелері жануардың денсаулығы және егу жұмыстарының жүргізілгендігі жөнінде, яғни жұқпалы ауруларға қарсы 12 (он екі) айдан аспаған мерзімде не болмаса жолға шығардан 30 (отыз) күн бұрын егілгендігі жөніндегі мәлімет көрсетілген ветеринарлық анықтамасы болуы тиіс.
      17. Иттің иесі ретінде 14 жасқа толған (итті өз атына тіркеу үшін) ата-анасының жазбаша рұқсаты бар тұлға болуы мүмкін.
      18. Азаматтарға, кәсіпорындарға, мекемелер мен ұйымдарға тиесілі иттердің барлық түрлері үш айлық мерзімінен бастап, құтырма ауруына және эпизоотиялық көрсеткіштерге сәйкес лептоспироз, микроспория, оба, энтерит ауруларына қарсы егілуі және гельминттердің болмауына тексерілуге немесе профилактикалық алдын-алу шаралары қолданылуы тиіс.
      Мысықтар туылғаннан кейін екі айға толғаннан бастап адамдар мен жануарларға бірдей жұқпалы ауруларға, эпизоотиялық көрсеткіштерге сәйкес микроспорияға қарсы егілуге, гельминттердің болмауына тексерілуге тиісті.
      19. Иттер мен мысықтарды ұстауға санитарлық-гигиеналық, зоогигиеналық және осы Қағиданың мынадай талаптарын сақтаған жағдайда рұқсат етіледі:
      1) бірнеше отбасынан тұратын тұрғын үй-жайларда, тек өзіне тиесілі тұрғын алаңында ұстауға (пәтер тұрғындарының жазбаша келісімімен);
      2) кәсіпорындар аумағында, ұйымдарда, мекемелерде, коммерциялық емес тұрғындардың саябақ шаруашылықтары мен саяжайлар бірлестіктерінде және демалыс орындарында иттерді байлаулы түрде және жабық темір торда ұстайды.
      20. Көп пәтерлі тұрғын үйлерде әртүрлі иттер мен мысықтарға арналған паналау және ұстау орындарын ұйымдастыруға жол берілмейді.
      21. Ұстауға рұқсат етілмейді:
      1) Үш айдан асқан, ауруларға қарсы егілмеген және тіркелмеген (есепке алынбаған) иттер мен мысықтарды;
      2) иттер мен мысықтарды көпшілік пайдаланатын орындарда (ас әзірлеуге арналған бөлмелерде, кіреберістерде, баспалдақ алаңдарында, үйдің шатырында, жертөлелерде, қылтимада және басқа да көпшілік пайдаланатын қосалқы үй-жайларда);
      3) иттер мен мысықтарды үй ауласының маңында ұстауға (жекелеген тұрғын үй қорының аумағынан басқа);
      4) жатақхана дәліздерінде.
      22. Қонақ үйлерде, қонақ үй әкімшілігінің рұқсатымен және ветеринарлық-санитарлық ережелерді сақтаған жағдайда иелері итімен немесе мысығымен бірге тұрақтай алады.
      23. Иттер мен мысықтарды жекелеген тұрғын үй қорында, ғимараттарда және оларға тиесілі аумақтарда, сол аумақ иесінің рұқсатымен немесе басқа да уәкілетті тұлғаның келісімімен ұстауға болады.
      24. Иттер қоршалған аумақтарда, қоршау жануардың қашып кетуін болдырмауға, адамдарға не болмаса басқа жануарларға шабуыл жасамауына және жаяу жүргіншіні тістеп алмауына ыңғайлап жасалынған аумақта ұсталуы тиіс.
      25. Аумақта иттің бар екендігі жөнінде кіреберісте кемінде 20х30 сантиметр көлемді, иттің суреті бар "Ит күзетеді! Охраняется собакой!"-деген ескерту тақтайшасы қойылуы шарт.
      26. Иттер мен мысықтарды зообұрыштарда, балалар мен жасөспірімдерге арналған мекемелердің "тірі бұрыштарында", жазғы және қысқы сауықтыру орталықтарында (санаторийлер, демалыс үйлері, пансионаттар) ветеринарлық қызметінің рұқсатымен ұстауға болады.
      27. Иттер мен мысықтардың қатысуымен өткізілетін жарыстар, көрмелер және тағы басқа көпшілік шаралар ветеринарлық қызметтің жазбаша келісімімен және Астана қаласының тиісті ауданының рұқсаты бойынша өткізіледі.
      28. Иттер мен мысықтарды олардың терісін пайдалану, етін өңдеу, сату, тұтыну мақсатында өсіруге немесе аулауға жол берілмейді.
      29. Астана қаласының аумағында иттердің төбелесін ұйымдастыруға және өткізуге, жануарларға қарсы қатыгез әрекеттер жасауға мүмкіншілік беретін басқа да іс-шараларды өткізуге жол берілмейді (қызметтегі, күзетке арналған иттердің жұмыс қабілеттілігін тексеру мақсатында, иттердің жарақат алмауын ескеретін, дұрыс тұқымдық сұрыптауға арналған арнайы ережелер бойынша тексерулерден басқа).
      30. Пәтер иелерінің кооперативі келесі қызметтерді жүзеге асырады:
      1) жертөле, шатырларды және басқа да қосалқы үй-жайлардың кіреберістерін тұрғын үй қорын, техникалық пайдаланудың тәртібіне сәйкес қараусыз жануарлардың кіріп кетуіне жол бермеу үшін жабық ұстайды;
      2) қараусыз жүрген үй жануарларын аулаумен айналысатын ұйымдарға өзінің аумағында жүрген қараусыз иттер мен мысықтар туралы хабарлайды;
      3) ветеринарлық қызметтердің қызметкерлеріне эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге көмек көрсетеді;
      4) тиісті органдарға Қағида талаптарының бұзылу фактілері туралы хабарлайды.

4. Иттер мен мысықтарды серуенге шығару тәртібі

      31. Иелері итті серуенге шығарғанда өзімен бірге ветеринарлық паспорты болуы және келесі талаптарды сақтауы тиіс:
      1) иттердің мінез-құлқы мен қала жағдайына бейімделгенін бақылау мақсатында иелері иттерін Астана қаласының кинологиялық клубтарында "Қалаға бейімделген ит" сынақ курсынан өткізуі қажет. Сынақтан өткен жағдайда иесіне қала жағдайында итті серуенге шығаруға рұқсат етілген тиісті үлгідегі құжат тапсырылады;
      2) иттерді тұмылдырықпен (декоративті түрінен басқа) және қысқа (1,5 метрге дейін) мойын жіппен, нәжіс жинауға арналған арнайы ыдыспен, қоршаған ортаға ешқандай қолайсыздық келтірмейтіндей етіп ертіп жүруге және серуенге шығаруға болады;
      3) иттерді тұмылдырықсыз және мойын жіпсіз тек арнайы қоршалған аумақтарда, жаттықтыру алаңдарында, жергілікті атқарушы органдары, пәтер иелері кооперативтері бекіткен еркін серуен алаңдарында алып жүруге болады.
      4) иттерді қалалық қоғамдық көліктерде тасымалдау көліктің артқы алаңдарында, жолаушылардың мазасын алмайтын жағдайда жүзеге асырылуы тиіс. Иттер мен мысықтардың декоративті түрлерін сөмкеде, арнайы торларда (тасымалдауға арналған контейнерде), қолда алып тасымалдауға болады.
      5) иттерді серуендетуде иелері 23.00. мен 06.00. сағат аралығында тыныштықты сақтауды қамтамасыз етуі тиіс;
      6) тыйым салған ескерту белгісі жоқ мекемелер мен азық-түлік сатпайтын дүкендерде, поштада және тағы басқа орындарда иелері иттерін қысқа мойын жіпте және тұмылдырықта ертіп жүруге болады. Кәсіпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге нысандарға итті ертіп келуге қарсы ескерту белгілерін қоюмен қатар иттерді байлап қалдыратын орындар жарақтауы қажет;
      7) итті қысқа мойын жіппен және тұмылдырықпен, өздігінен шешіліп кетпейтіндей, иесі ғимараттың ішінде уақытша болған мерзімге, егер де ит басқа тұлғаларға қауіп төнгізбейтін, қоғамдық тәріпті бұзбайтын, қозғалыстарға және өз денсаулығына зиян келмейтіндей жағдайда байлаулы қалдыруына болады. Бұл ретте ит жүргіншілердің жүріп – тұруына кедергі болмауы керек;
      8) ит қоғамдық орында мойын жіпсіз тек қана қызметтік тапсырмаларды орындау кезінде ғана жүре алады;
      9) көше қиылыстары мен магистралды жолдардан өткен кезде иттің иесі (итті серуендеуге шығарған тұлға) жол – көлік оқиғаларын және жол бойында иттің өлімін болдырмау үшін мойын жібін қысқартып ұстауы тиіс.
      32. Иттердің иелеріне рұқсат етілмейді:
      1) құтырма ауруына қарсы егілмеген және токсоплазмозға тексерілмеген иттерді серуендетуге;
      2) иттерді рұқсат етілген немесе арнайы орындардан басқа, ауладағы балалар ойнайтын, спорттық алаңдарда, мектепке дейінгі және оқу орындарының аумақтарында, емделу мекемелерінің, саябақтар мен қоғамдық демалыс орындарының алаңдарында, тыйым салынған ескерту белгісі бар жерлерде серуендетуге;
      3) иттерді қалалық жағажайда серуендетуге, көпшілік шомылатын жерлерде жуындыруға, тоғандарда, бұрқақтарда, су айдындары мен бөгеттерде шомылдыруға;
      4) көзі нашар көретін адамды жетектеуші иттен басқа иттерді қоғамдық тамақтану кәсіпорындарына, азық-түлік дүкендерінің сауда жасау және өндірістік орындарына, сервистік қызмет көрсету мекемелері мен мәдениет мекемелеріне әкелуге, ұстауға.
      33. Мас күйіндегі тұлғаларға итті ертіп жүруге және көпшілік жүретін орындарда серуендетуге, көлікте алып жүруіне рұқсат берілмейді.

5. Иттер мен мысықтардың иелеріне қойылатын талаптар

      34. Тіркелген иттер мен мысықтар иесінің меншігі болып табылады және кез-келген меншік ретінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалады.
      35. Иттер мен мысықтар «Ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы» 2014 жылғы 30 қазандағы № 7-1/559 Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген, нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 9891 болып тіркелген, аурулар түрімен ауырған деп танылған жағдайда, тиісті аумақтың Бас мемлекеттік ветеринарлық дәрігерінің шешімімен немесе соттың шешімі болған жағдайда иесінен алынып, жойылуы мүмкін.
      Егер де жануар Бас мемлекеттік ветеринарлық дәрігердің шешімімен ауру емес деп танылса, онда ол иесіне қайтарылуы тиіс.
      Адамға жарақат келтіріп, қауып алған жағдайда, жануардың иесі мамандандырылған ұйымға және ветнринарлық емханаға жануарды тексеруге ұсынады, бұл әрекеттен бас тартқан жағдайда, үй жануары иесінен, адамға берілетін аурулардың немесе қауіпті аурулардың болуын тексеру үшін құзыретті органмен алынуы мүмкін.
      36. Иттер мен мысықтардың иелері мынадай талаптарды орындауы қажет:
      1) иттер мен мысықтар қоршаған ортаға қолайсыздық келтірмейтін және қауіпсіздік тудырмайтын жағдайын қамтамасыз етуге;
      2) тұрғын үй-жайларда сағат 23.00-ден бастап 6.00-ге дейін тыныштықты қамтамасыз ету үшін шаралар қолдануға;
      3) аулаларды, кіреберістерді, сатылық торларды, лифтілерді, балалар алаңдарын, жолдарды, тротуарларды, саябақтарда, шағынгүлбақтарды, демалыс аумақтарын ластамау, ал үй жануарлары серуендету орындарында өз нәжістерін қалдырған жағдайда иелері міндетті түрде жедел тазалауы тиіс (қағаз немесе полиэтилен пакеттерін пайдалану). Ол үшін иесі ластанған жерді тазалауға өзімен бірге тазалағыш құралдарды (қалақ, пакет) алып жүруі қажет;
      4) жануарларды түрлеріне және тегіне қарай зоогигиеналық және ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес ұстауға, қоғамдық қауіпсіздік талаптарын сақтауға;
      5) иттер мен мысықтарды олардың биологиялық қажеттіліктеріне сай ұстауға, оларға ізгілікпен қарау, қатал қатынас орнатпауға, қадағалаусыз қалдырмауға, жануарларға қажеттілігіне қарай тамақ беруге, су ішуге жағдай жасауға;
      6) мамандандырылған ұйым мамандарының талаптары бойынша үй жануарларын бақылау үшін, диагностикалық зерттеу және емдеу, алдын-алу шараларын жүргізу үшін бөгетсіз берілуі керек.
      7) мамандандырылған ұйымнан ветеринарлық алдын алу шараларын жүргізу туралы барынша келіп түскен ақпараттарға (БАҚ-да жарияланған, сайтта) сәйкес, үй жануарларының иелері өз аудандарындағы көрсетілген орындарға құтырма ауруына қарсы ветеринарлық егу жүргізу үшін әкеліп отыруы қажет;
      8) жүйелі түрде, тоқсанына кемінде бір рет иттер мен мысықтарға гельминттерге және тері паразиттеріне қарсы алдын-алу шараларын өткізуі керек;
      9) иттер мен мысықтар ауырғанда немесе ауруға күдікті болғанда жедел түрде мамандандырылған ұйымға хабарласуға, тексерістердің қорытындысы бойынша мамандардың ұсыныстарын мүлтіксіз сақтауға;
      10) тістеп алған жағдайда, жануардан жарақат алғанда, жануар иесі дереу мамандандырылған ұйымға немесе ветеринарлық емханаларға жануарды зерттеуге жеткізуі керек.
      Жануардың иесі мамандандырылған ұйымға хабарлай отырып жануарды зерттеуге жеткізеді, мүмкіншілік болмаған жағдайда ветеринар маманды үйге шақырады. Ветеринар маман жануарды бақылауға алады.
      Күнтізбелік 10 (он) күн өткеннен кейін ветеринар маман жануардың денсаулығы туралы анықтама береді.
      11) иттер мен мысықтарды одан әрі ұстауға мүмкіндік болмаған жағдайда оны басқа тұлғаға, ұйымдарға немесе үй жануарларын аулаумен айналысатын мамандандырылған кәсіпорынға тапсыруы қажет;
      12) жануарлардың өліп қалған жағдайларында немесе құтырма ауруына шалдығуға ұқсас белгілері болған жағдайда жедел түрде мамандандырылған ұйымға хабарлау қажет және осы жануарлар мамандандырылған ұйым мамандарының келуіне дейін оқшаулануы тиіс.
      37. Иттер мен мысықтардың өліктерін лақтырып тастауға, Астана қаласының аумағына көмуді іске асыруға рұқсат берілмейді.
      Иттер мен мысықтардың өліктерін үй жануарларын аулайтын және жоюмен айналысатын мамандандырылған ұйымға тиісті құжаттар алумен әрі қарай жоюға тапсыру қажет.

6. Қағида талаптарының сақталуын бақылау

      38. Қағида талаптарының сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттілік берілген мемлекеттік органдар: «Астана қаласының Ауыл шаруашылығы басқармасы» (бұдан әрі - Басқарма), «Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің Астана қаласының ішкі істер департаменті» мемлекеттік мекемесі.
      39. Ішкі істер органдары:
      1) қалада иттер мен мысықтарды серуендету және тасымалдау тәртібінің сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді;
      2) тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, ветеринарлық мекемелердің, тұрғындардың тарапынан осы Қағиданың сақталуына бақылау жасауға және сақталмаған жағдайларда әкімшілік жауапкершілікке тартуға қажетті көмек көрсетеді;
      3) ұйымдардың, мекемелердің, кәсіпорындардың және тұрғындардың келісімімен иттерді әкелу, әкету, ұстау, бағу құқығына қатысады;
      4) өздеріне берілген өкілеттік шегінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шаралар қолданады.
      40. «Астана қаласының Ауыл шаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесі:
      1) жануарларға жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстарының жүргізілуін бақылауды жүзеге асырады;
      2) қаладан Қазақстан Республикасынан басқа тыс жерлерге шығарған кезде үй жануарларына ветеринарлық сертификат береді;
      3) тиісті қызмет орындарына қараусыз жануарларды аулау жұмыстарын ұйымдастыруға көмек көрсетеді;
      4) үй жануарлары иелерінің ветеринарлық және санитарлық талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      5) ит өсірумен, кинологиялық қызметтермен айналысатын клубтарға және қоғамдарға, иттерді ұстайтын кәсіпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге ветеринарлық саладағы нысандар ретінде ветеринарлық тіркеу құжаттарын береді;
      6) адам мен жануарларға ортақ аурулар туралы ескерту мақсатында тұрғындардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

7. Иттер мен мысықтардың иелері Қағиданың талаптарын
бұзғаны үшін жауапкершілігі

      41. Қағиданың талаптарын бұзғаны үшін үй жануарының иесі "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 408-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

8. Қорытынды ережелер

      42. Тіркелуге тиісті иттер мен мысықтардың иелері оларды Қағида талаптары күшіне енген күннен бастап 6 (алты ай) мерзім ішінде тіркетуі қажет.
      43. Иттер мен мысықтарды қараусыз жүрген үй жануарларын уақытша ұстау орындарына орналастыру және ұстау құқығы аталған орындар құрылған уақытта жүзеге асырылады.

Астана қаласы мәслихатының
2015 жылғы 23 желтоқсандағы
№ 447/62-V шешіміне  
2-қосымша       

Астана қаласы мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің
тізбесі

      1. «Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау Ережесі туралы» Астана қаласы мәслихатының 2007 жылғы 9 ақпандағы № 341/43-ІІІ (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2007 жылғы 14 наурызда № 464 болып тіркелді, 2007 жылғы 20 наурызда № 51 "Астана хабары", 2007 жылғы 20 наурызда № 50-51 "Вечерняя Астана" газеттерінде жарияланды).
      2. «Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау Ережесі туралы» Астана қаласы мәслихатының 2007 жылғы 9 ақпандағы № 341/43-ІІІ шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Астана қаласы мәслихатының 2007 жылғы 12 шілдедегі № 407/50-ІІІ (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2007 жылғы 30 шілдеде № 474 болып тіркелді, 2007 жылғы 4 тамызда № 131-132 "Астана хабары", 2007 жылғы 4 тамызда № 132-133 "Вечерняя Астана" газеттерінде жарияланды).
      3. «Астана қаласы мәслихатының кейбір шешімдеріне толықтырулар енгізу туралы» Астана қаласы мәслихатының 2009 жылғы 28 мамырдағы № 226/35-IV шешімінің 12-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2009 жылғы 11 маусымда № 582 болып тіркелді, 2009 жылғы 16 маусымдағы № 65 «Астана ақшамы», 2009 жылғы 16 маусымдағы № 71 «Вечерняя Астана» газеттерінде жарияланды).
      4. «Астана қаласы мәслихатының кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Астана қаласы мәслихатының 2009 жылғы 26 тамыздағы № 243/37-IV шешімінің 4-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2009 жылғы 1 қазанда № 590 болып тіркелді, 2009 жылғы 6 қазандағы № 111 «Астана ақшамы», 2009 жылғы 6 қазандағы № 119 «Вечерняя Астана» газеттерінде жарияланды).
      5. "Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау Ережесі туралы" Астана қаласы мәслихатының 2004 жылғы 9 ақпандағы № 341/43-ІІІ шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Астана қаласы мәслихатының 2009 жылғы 6 қарашадағы № 273/39-IV шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2009 жылғы 15 желтоқсанда № 600 болып тіркелді, 2009 жылғы 29 желтоқсанда № 144 "Астана хабары", 2009 жылғы 29 желтоқсандағы № 155 "Вечерняя Астана" газеттерінде жарияланды).
      6. Астана қаласы мәслихатының 2007 жылғы 9 ақпандағы № 341/43-ІІІ «Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау Ережесі туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы Астана қаласы мәслихатының 2010 жылғы 17 маусымдағы № 368/49-IV шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2010 жылғы 23 шілдеде № 641 болып тіркелді, 2010 жылғы 29 шілдеде № 81 "Астана хабары", 2010 жылғы 29 шілдеде № 86 "Вечерняя Астана" газеттерінде жарияланды).
      7. «Астана қаласы мәслихатының кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» Астана қаласы мәслихатының 2015 жылғы 18 наурыздағы № 345/48-V шешімінің 3-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2015 жылғы 30 сәуірде № 903 болып тіркелді, 2015 жылғы 5 мамырдағы № 47 «Астана ақшамы», 2015 жылғы 5 мамырдағы № 47 «Вечерняя Астана» газеттерінде жарияланды).
      8. «Астана қаласы мәслихатының кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» Астана қаласы мәслихатының 2015 жылғы 23 қыркүйектегі № 413/57-V шешімінің 4-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2015 жылғы 29 қазанда № 961 болып тіркелді, 2015 жылғы 3 қарашадағы № 123 «Астана ақшамы», 2015 жылғы 3 қарашадағы № 123 «Вечерняя Астана» газеттерінде жарияланды).