Астана қаласының аумағында жануарларды ұстау қағидалары туралы

Астана қаласы мәслихатының 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 449/62-V шешімі. Астана қаласының Әділет департаментінде 2016 жылы 28 қаңтарда № 998 болып тіркелді

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы және «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі заңдарына сәйкес, Астана қаласының мәслихаты ШЕШТІ:
      Ескерту. Кіріспенің орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - Астана қаласы мәслихатының 24.06.2016 № 38/7-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      1. Астана қаласының аумағында жануарларды ұстау қағидалары бекітілсін.
      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Астана қаласы мәслихаты
      сессиясының төрағасы                       Б. Солсанов

      Астана қаласы мәслихатының
      хатшысы                                    С. Есілов

      Келісілді:
      «Астана қаласының Ауыл
      шаруашылығы басқармасы»
      мемлекеттік мекемесінің басшысы
      _____________Ә. Құрманғалиев
      20__жылғы «__»_____________

Астана қаласы мәслихатының
2015 жылғы 23 желтоқсандағы
№ 449/62-V шешімімен  
бекітілген      

Астана қаласының аумағында жануарларды ұстау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жануарларды ұстау қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Астана қаласының аумағында жануарларды ұстау тәртібін айқындайды.
      2. Қағида меншік нысанына қарамастан, жануарларды ұстайтын барлық жеке және заңды тұлғаларға таратылады.
      3. Қағида «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңына және «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-1 тармағының 27) тармақшасына сәйкес әзірленді.
      4. Қағидада мынадай ұғымдар қолданылады:
      1) жануарлар - фаунаға жататын биологиялық объектілер: ауыл шаруашылығы және үй, жабайы жануарлар;
      2) ауыл шаруашылығы жануарлары - адам өсіретін, ауыл шаруашылығы өндірісіне тікелей қатысы бар малдардың, құстардың, балықтардың және бал араларының барлық түрі;
      3) үй жануарлары - иттер, мысықтар және ұзақ тарихи кезең бойы дәстүрлі түрде адам көмегімен өсірілетін және бағылатын, сонымен қатар адамның эстетикалық мұқтажын қанағаттандыру үшін жасанды жолмен өсіріп шығарған және жабайы популяциясы жоқ өмірге қабілетті, жеке морфологиялық белгілері ұқсас өзгешеліктері бар және ұзақ уақыт бойы табиғи ареалда өмір сүретін жануарлардың түрлері мен тұқымдары.
      4) жабайы жануарлар - табиғи тіршілік ету ортасы жабайы табиғат болып табылатын, сонымен қатар еріксіз немесе жартылай бостандықта мекендейтін жануарлар;
      5) жануар иесі - өз меншігінде немесе басқа да меншікте жануарлары бар жеке немесе заңды тұлға;
      6) тіркеу органы - жергілікті атқарушы орган құрған мамандандырылған ұйым;
      7) мамандандырылған ұйым - жануарларды тіркеуді және егу жұмыстарын жүзеге асыратын Астана қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Астана ветсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны;
      8) ветеринарлық анықтама - Астана қаласы аумағындағы эпизоотиялық жағдай туралы, жануардан алынатын өнімге және шикізатқа ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мамндандырылған ұйымның ветеринариялық дәрігері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіпте жануарлар, жануардан алынатын өнімнің және шикізаттың ветеринариялық нормативтерге сәйкестігін айқындау жөнінде өндірістік бақылау бөлімшесінің аттестатталған ветеринариялық дәрігері беретін ветеринарлық анықтама;
      9) ветеринариялық паспорт - уәкілетті орган белгілеген нысандағы құжат, онда жануарларды есепке алу мақсатында жануардың иесі, түрі, жынысы, түсі, жасы көрсетіледі;
      10) ветеринариялық іс-шаралар - жануарлар ауруларының профилактикасын, оларды емдеуді немесе диагностикалауды қоса алғанда, олардың пайда болуына, таралуына жол бермеуге немесе оларды жоюға; ауыл шаруашылығы жануарлары мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін аса қауіпті аурулар жұқтырған жануарларын залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алуға және жоюға бағытталған эпизоотияға қарсы, ветеринариялық-санитариялық рәсімдер кешені;
      11) зарарсыздандыру, дезинсекция және дератизация - жұқпалы және паразиттік ауруларды қоздырғыштарды, тұрмыстық жәндіктерді және кеміргіштерді өндірістік, тұрғын үй ғимараттарында, көлікте, қоғамдық орындарда және аумақтарда жоюға бағытталған шаралар кешені;
      12) жануарларды ұстау - жануарлар иелерінің өмірді сақтау үшін, жануарлардың денсаулығын, ветеринарлық-санитарлық қолайлы жағдайларды сақтай отырып, толыққанды тұқым алуға, сондай-ақ адамдар мен жануарлардың қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі іс әрекеттері;
      13) жануарларды бірдейлендіру - жануарларды бірдейлендіру жөніндегі деректер қорына жануарлар туралы мәліметтерді енгізу және жануарларға арналған ветеринариялық паспорт беру арқылы бірдейлендіру құралдарын (заттарын) қолдану, таңбалау жолымен жануарға жеке нөмір беруді қамтитын жануарларды есепке алу рәсімі.

2. Жануарларды ұстау

      5. Ауыл шаруашылығы жануарларын қолданыстағы санитарлық нормаларға сәйкес тұрғын үйлерден, пәтерлерден, мектептерден, емдеу және балалар мекемелерінен, саябақтардан, хайуанаттар бағынан, стадиондардан, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарынан, сауда, тамақ өнеркәсібінен, жалпы демалатын орындардан, балаларды сауықтыру орындарынан, демалыс үйлерінен, шипажайлардан, жасанды су қоймаларынан, артезиан құдықтарынан және өзен жағалауы мен оның сағасынан қашықтықта орналасқан арнайы жабдықталған жабық орындарда ұстау керек.
      6. Жануарларды ұстайтын орын-жайдың меншік иелері апта сайын механикалық тазалаудан өткізіп, дезинфекциялауы тиіс.
      Жануарларды ұстау қызметі процесінде пайда болатын биологиялық қалдықтар, Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізбесінде № 11003 болып тіркелген, «Биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату, жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 6 сәуірдегі № 16-07/307 бұйрығына сәйкес жойылуға жатады.
      7. Жылдың жылы мезгілдерінде (наурыздан бастап қарашаға дейін) ауыл шаруашылығы жануарлары тұратын орындарда жәндіктерге, кеміргіштерге (тышқандар, егеуқұйрықтар) қарсы күрес мақсатында ай сайын зарарсыздандыру, дезинсекциялық және дератизациялық препараттармен тазалау қажет.
      8. Ветеринарлық және бірдейлендіру есептілігі эпизоотиялық жағдайға, нысандардың ветеринарлық-санитарлық жағдайына баға беру үшін, мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау мен қадағалаудың ветеринарлық қағидаларының сақтауына, жүргізілген диагностикалық, эпизоотияға қарсы, емдік, ветеринарлық-санитарлық және жою іс-шараларының әрекеттілігіне мониторинг жасап, бағалау үшін жүргізіледі.
      Ауыл шаруашылығы жануарларының иесіне кейіннен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру (бұдан әрі - АЖБ) базасына енгізу үшін тіркеу органдарына жануарларды тіркеуден өткізуі қажет.
      Астана қаласында үй жануарларын ұстау және тұрғындардың қауіпсіздігін қаматамасыз ету мақсатында жануарлардың ауруларына қарсы алдын алу іс-шараларын жүргізу тәртібін, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес қабылданатын қағидалар реттейді.
      Жабайы жануарлардың мемлекеттік есебін ұйымдастыру мен жүргізу Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізбесінде № 7492 болып тіркелген, «Қазақстан Республикасының аумағында жануарлар түрлерін есепке алуды жүргізу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 1 наурыздағы № 25-03-01/82 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
      9. Жануарларды Астана қаласы аумағынан тыс жерлерге шығару Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізбесінде № 6321 болып тіркелген, «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасын қалыптастыру және жүргізу және одан үзінді көшірмелер беру қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 2 маусымдағы № 367 бұйрығына, сонымен қатар Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізбесінде № 11898 болып тіркелген, «Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 7-1/453 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
      10. Жануарларды бірдейлендіру биркалау, чиптау және ветеринариялық паспорт беру жолымен жүргізіледі.
      Көрсетілген атрибуттардың сақталуына жануар иесі жауапты болады.
      11. Жеке тұрғын үйдің иесі, онда бір жанұядан артық отбасылар тұрған жағдайда, ауыл шаруашылығы жануарларын отбасының, сондай-ақ көршілес тұрғын үйдің тұрғындарының келісімімен, ветеринарлық-санитарлық нормаларын сақтай отырып, арнайы жабдықталған тұрақта рұқсат етіледі.
      12. Астана қаласында жануарларды ұстауға қойылатын шектеулер:
      жеке тұрғын үй құрылыс иесі өз ауласында ұстауға құқылы:
      1) ірі қара мал - 3 (үш) бастан көп емес;
      2) ұсақ қара мал - 20 (жиырма) бастан көп емес;
      3) жылқы, түйе, шошқа - 3 (үш) бастан көп емес.
      13. Ауыл шаруашылығы жануарларын сату, әкелу және шығару ветеринарлық паспорт негізінде ветеринария саласындағы мамандандырылған ұйым белгілеген үлгідегі ветеринарлық анықтама рәсімделген жағдайда ғана рұқсат етіледі.
      14. Жануарларды әуе, су, теміржол жолдарымен тасымалдау, сол көлік түрлерінің тасымалдау ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      15. Астана қаласының тұрғын үй қорының пәтерлерінде ауыл шаруашылығы жануарларын ұстауға жол берілмейді.
      16. Адамдар мен жануар денсаулығына ерекше қауіп тудыратын жануарларды алып қою және жою Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
      Жануар клиникалық сау болған жағдайда иесіне қайтарылады.
      17. Жануарларды ұстаудың міндетті шарты болып аса қауіпті ауруларға қарсы вакцинациялау, паразитарлық ауруларға қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу, тұрғылықты мекен-жайға қарасты ветеринариялық емханаларда диагностикалық зерттеуден өткізу болып табылады.
      18. Қандай жағдай болмасын жануар иелері ауру байқалған сәтте ветеринарлық мекемеге хабарласып, зерттеу нәтижелері бойынша маманның нұсқауын мүлтіксіз сақтауы қажет.
      19. Үй жануарларына қарау тәртібі, Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізбесінде № 10183 болып тіркелген, «Жануарларға қарау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 16-02/701 бұйрығымен белгіленген.

3. Астана қаласының аумағында ауыл шаруашылығы жануарлары мен
құстарды жайылымсыз ұстау

      20. Астана қаласының аумағында ауылшаруашылығы жануарлары мен құстарды ұстау Астана қаласының мәслихаты белгілейтін санитариялық аймақтарда жүзеге асырылады.

4. Жануарларды сою

      21. Жануарларды сою (жылқы, ірі қара мал, ұсақ қара мал, шошқа) есептік нөмірі бар, сертификатталған және ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізетін дәрігері бар арнайы сою пунктерінде жүргізілуі қажет.