Тауарлардың халықаралық саудасы статистикасын жүргізу саласындағы әдістемені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті Төрағасының 2015 жылғы 14 желтоқсандағы № 204 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 21 қаңтарда № 12906 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының
2010 жылғы 19 наурыздағы Заңының 12-бабының 5) тармақшасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 30 қыркүйектегі № 33 бұйрығымен бекітілген, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9779 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті туралы ереженің 13-тармағы 2) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Тауарлардың халықаралық саудасы статистикасын жүргізу саласындағы әдістеме бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Қызмет көрсету және энергетика статистикасы басқармасы Заң басқармасымен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкісіне енгізу үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Қызмет көрсету және энергетика статистикасы басқармасы осы бұйрықты жұмыс бабында басшылыққа алу және пайдалану үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің құрылымдық бөлімшелеріне және аумақтық органдарына жеткізсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасарына (Ж.Ә. Жарқынбаев) жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Төраға                                            Ә.Смайылов

Қазақстан Республикасы  
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитеті төрағасының
2015 жылғы 14 желтоқсандағы
№ 204 бұйрығымен бекітілді 

Тауарлардың халықаралық саудасы статистикасын
жүргізу саласындағы әдістеме 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әдістеме халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптастырылатын және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңына сәйкес бекітілетін статистикалық әдіснамаға жатады.
      2. Әдістеме халықаралық деңгейде салыстырылатын сыртқы және өзара сауда бойынша статистикалық көрсеткіштерді есептеудің негізгі әдістерін айқындайды.
      3. Осы Әдістемені Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті сыртқы және өзара сауда статистикасы бойынша статистикалық деректерді қалыптастыру кезінде қолданады.
      4. Осы Әдістемеде келесі анықтамалар қолданылады:
      1) Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – ЕАЭО) өзара     саудасы – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің арасындағы сауда;
      2) ЕАЭО сыртқы саудасы – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үшінші елдермен саудасы;
      3) сатушы ел – аумағында тауарды сатып алған немесе сатқан заңды немесе жеке тұлға тіркелген (тұрақты тұратын) ел;
      4) СИФ (құн, сақтандыру, фрахт Инкотермс 2010) – тауарды сату шарты, оған сәйкес тауар бағасына оның құны мен сақтандыру және тауарды импорттаушы–ел портына дейін тасымалдау бойынша шығыстар қосылады;
      5) статистикалық жете есептеу – бұл деректерді толық қамтылуына қол жеткізу әдістерінің негізінде ол немесе өзге де ресми статистикалық зерттеумен есепке алынбаған көріністердің көлемін бағалауға (құндық немесе сандық өлшеулерде) мүмкіндік беретін ғылыми-негізделген статистикалық есептеулер;
      6) тауардың жөнелтуші елі – тауарды халықаралық тасымалдауды бастаған, көліктік (тасымалдау) құжаттарында мәліметтер көрсетілген ел;
      7) тауардың межелі елі – тауарды тұтынатын, қолданатын немесе қайта өңдейтін ел;
      8) тауардың статистикалық құны – Америка Құрама Штаттарының долларында (бұдан әрі – АҚШ доллары) көрсетілген, бағаның бірыңғай базисіне келтірілген (экспортталатын тауарлар үшін ФОБ бағасының типі, импортталатын тауарлар үшін – СИФ бағасының типі бойынша) тауар құны, құнды АҚШ долларында қайта есептеу Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің ресми бағамы бойынша жүзеге асырылады;
      9) тауардың шығарылған елі – тауар толық өндірілген немесе ЕАЭО кеден заңнамасында айқындалған өлшем шарттарға немесе тәртіптерге сәйкес жеткілікті қайта өңдеуге ұшыраған ел;
      10) тауарлар импорты – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің материалдық ресурстарының қорларына қосылатын, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің аумағына тауарларды әкелу;
      11) тауарлар экспорты – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің материалдық ресурстарының қорларын азайтатын, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің аумағынан тауарларды әкету;
      12) фактуралық құн – басқа төлемдер ескерілмейтін және мәміленің құнына қосылатын немесе одан алынып тасталатын сатушыға тікелей ақшалай төлем;
      13) ФОБ (кеме бортында еркін, Инкотермс 2010) – тауарды сату шарты, оған сәйкес тауар бағасына оның құны мен тауарды кеме бортына жеткізу және тиеу бойынша шығыстар қосылады.

2. Деректерді қамту саласы

      5. Тауарлар саудасының халықаралық статистикасының қамту саласы жалпы және ерекше басшылыққа алынатын қағидаттарымен айқындалады. Жалпы басшылыққа алынатын қағидаттар әмбебап ереже болып табылса, тауарлар санаттарының шектеулі саны бойынша деректерді статистикалық өңдеу тәртібін растау немесе нақтылау үшін ерекше басшылыққа алынатын қағидаттар тұжырымдалады. Төмендегідей себептерге байланысты жалпы басшылыққа алынатын қағидаттарды қолдану жеткілікті болып көрінбеуі мүмкін:
      тауарлардың өзіндік ерекшеліктері;
      сауда операциясының ерекшелігі немесе қиындығы немесе деректерді жинауға қатысты қандай да бір практикалық пікірлер.
      6. Жалпы басшылыққа алынатын қағидат ретінде, елдің экономикалық аумағына әкелінуі (импорт) немесе оның экономикалық аумағынан әкетілуі (экспорт) нәтижесінде елдің материалдық ресурстарының қорына қосылатын немесе одан шегерілетін барлық тауарлар тауарлардың халықаралық саудасы статистикасында есепке алынады.
      7. Сыртқы сауда статистикасында және өзара сауда статистикасында тауарлардың мынадай санаттары есепке алынады:
      1) төлем құралы ретінде жүрмейтін монетарлық емес алтын, бағалы металдар, айналыста жоқ бағалы қағаздар, банкноттар және монеталар;
      2) үкіметтер жүйелі коммерциялық операцияларды іске асырған кезіндегі азаматтық және әскери мақсаттағы тауарлар қамтылатын мемлекеттің шоттары бойынша өткізілетін тауарлар, сыртқы көмектің мемлекеттік бағдарламалары желісі бойынша жеткізілетін тауарлар;
әскери репарациялар және реституциялар;
      3) гуманитарлық және техникалық көмек;
      4) сыйлық ретінде әкелінетін тауарлар;
      5) бір жылға және одан көп мерзімге уақытша әкелінген (әкетілген) тауарлар;
      6) қаржылық жалға беру (лизинг) шарты бойынша әкелінген (әкетілген) тауарлар;
      7) әскери және қосарлы мақсаттағы тауарлар;
      8) консигнациялық келісімдер бойынша әкелінген (әкетілген) тауарлар;
      9) баспа-бас айырбас келісімдері бойынша әкелінген (әкетілген) тауарлар;
      10) өңдеу мақсатында әкелінген (әкетілген) тауарлар, сондай-ақ өңдеу өнімдері;
      11) жарғылық қорларына салым ретінде әкелінген (әкетілген) тауарлар;
      12) шетел инвестициялары бар кәсіпорындардың өз өндірісінің тауарлары;
      13) компьютер бағдарламалары және (немесе) деректер жазылған дискеттің немесе компакт-дискілердің буып-түйілген топтамалары, жалпы немесе коммерциялық қолдануға арналған (бірақ жеке тапсырыс бойынша әзірленбеген) аудио және бейнематериалдары сияқты ақпаратты жеткізгіштер және бағдарламалық қамтамасыз ету құралдары ретінде пайдаланылатын тауарлар;
      14) қайтарылған тауарлар бұрын экспортталған және экспортта ескерілген, содан кейін қайтарылған тауарлар импорт ретінде есепке алынады. Осындай үлгіде бұрын импортталған және қайтарылған тауарлар экспорт ретінде есепке алынады;
      15) бас корпорациялар мен олардың тікелей инвестициялау кәсіпорындары (филиалдары, бөлімшелері) арасындағы операциялар нәтижесінде әкелінген (әкетілген) тауарлар;
      16) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің портында шетелдік кемеден түсірілген немесе ашық теңізде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің кемесімен шетелдік кемеден алынған, сондай-ақ ашық теңізде сатылған теңіз табанынан аулап алынған (табылған) балық, балық өнімдері, теңіз өнімдері, минералдар және құтқарылған жүк;
      17)  ЕАЭО-ға мүше мемлекет аумағында шетелдік су және әуе кемелеріне сату кезіндегі, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің су және әуе кемелерінің шетелдік су және әуе кемелерінен ЕАЭО-ға мүше мемлекет аумағында сатып алуы кезіндегі немесе шетелдік су және әуе кемелерінен ЕАЭО-ға мүше мемлекет портында түсірілген бункерлік отын, балласт, борттық қорлар және өзге де материалдар есепке алынады;
      18) халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы жолданған тауарлар;
      19) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің жеке тұлғаларымен тұрақты орналастыру мақсатында әкелінген көлік құралдары.
      8. ЕАЭО елдерімен өзара сауда статистикасында коммерциялық операциялар мәні болып табылатын тауарлар есепке алынады.
      9. Сыртқы сауда статистикасында және өзара сауда статистикасында тауарлардың мынадай санаттары есепке алынбайды:
      1) құны статистикалық шектен аспайтын тауарлар;
      2) айналысқа жіберілген монетарлық алтын, ұлттық және шетелдік валюта (нумизматикалық мақсаттарда пайдаланылатындарынан басқа), құнды қағаздар;
      3) коммерциялық операциялардың мәні болып табылмайтын тауарлар:
      ЕАЭО-ға мүше мемлекет заңнамасымен белгіленген нормалардан аспайтын, сандық немесе құндық тұлғалаудағы жеке тұлғалармен жеке пайдалану мақсатында әкелінген (әкетілген);
      жеке тұлғаларға тікелей жазылым бойынша жіберілетін мерзімдік басылымдар (газеттер, журналдар);
      ЕАЭО-ға мүше мемлекет аумағындағы шетел мемлекеттерінің дипломатиялық немесе басқа өкілдіктері, қарулы күштер, ғылыми ұйымдар өздерінің қажеттіліктері үшін сатып алатын тауарлар;
      бір жылдан кем мерзімге уақытша әкелінген (әкетілген) тауарлар;
      ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің шетелдердегі ұйымдарының қызметін қамтамасыз етуге арналған тауарлар;
      құбыр жолы көлігімен тасылған, оны іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті тауарлар;
      халықаралық тасымалдауларды іске асыратын су кемелері, әуе кемелері және пойыздарды қалыпты пайдалану және техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге арналған, жолаушылар және экипаж мүшелерімен тұтынуға арналған, сондай-ақ жолаушылар және экипаж мүшелеріне сатуға арналған керек-жарақ тауарлары;
      техникалық қызмет көрсету мақсатында әкелінген (әкетілген) су және әуе кемелері;
      жөндеу мақсатында әкелінген (әкетілген) тауарлар;
      көрме-жәрмеңке іс-шаралары, сондай-ақ мәдени, спорттық, ойын-сауық және өзге де іс-шараларды өткізу барысында көрсету және (немесе) қолдануға арналған тауарлар;
      кепіл есебіне жеткізілетін тауарлар;
      тауарлар үлгілері;
      көп айналымдық тасымалдау ыдыстары;
      жарнамалау бойынша әкелінген (әкетілген) тауарлар;
      әкетілген және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің экспортында есепке алынған тауарлар кедендік рәсім өзгергенде сыртқы сауданың кедендік статистикасында есепке қайта алынбайды (тауардың өткізу бағытын өзгертусіз);
      әкелінген және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің импортында есепке алынған тауарлар кедендік рәсім өзгергенде сыртқы сауданың кедендік статистикасында есепке қайта алынбайды (тауардың өткізу бағытын өзгертусіз).

3. Тауарлардың импорты мен экспортын есепке алу сәті

      10. Сыртқы сауда статистикасы бойынша:
      1) импорт кезінде – тауардың шығарылған елі;
      2) экспорт кезінде – тауардың соңғы белгілі межелі елі (межелі елі) тауарлардың экспорты мен импортын есепке алу сәті болып табылады.
      11. Өзара сауда статистикасы бойынша:
      1) импорт кезінде – тауарды жөнелтуші ел;
      2) экспорт кезінде – тауардың межелі елі тауарлардың экспорты мен импортын есепке алу сәті болып табылады.

4. Тауарлар жіктелімі

      12. Толық тауарлық жіктемені пайдалану, халықаралық деңгейде салыстырылатын нысанда тауарлар туралы деректерді толық көлемде анықтау және сипаттау үшін, оларды статистикалық және талдамалық мақсаттарда, сондай-ақ сауданы дамыту мәселелері бойынша келіссөздер жүргізу шеңберінде пайдалану үшін мүмкіндіктерді қалыптастыру қажеттілігімен негізделген.
      13. Қазақстан Республикасында тауарлардың жіктеуіші ретінде ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметінің тауарлық номенклатурасы (бұдан  әрі – ЕАЭО СЭҚ ТН) қолданылады.
      14. ЕАЭО СЭҚ ТН құру қағидаты тауарлар коды туралы ақпаратты нақтылаудың бес деңгейіне сәйкес бөліп орналастыруға негізделген:
      1-ші деңгей – бөлімдер;
      2-ші деңгей – топтар (кіші топтар) (2 таңбалы код);
      3-ші деңгей – тауарлық айқындама (4 таңбалы код);
      4-ші деңгей – қосалқы айқындама (6 таңбалы код);
      5-ші деңгей – кіші қосалқы айқындама (10 таңбалы код).
      15. Бөлімдер, кіші топтар және кіші айқындамалар кодты қалыптастыруға қатыспайды. Жіктелімнің жоғары деңгейі бөлімдер.
      16. Әр тауардың ЕАЭО СЭҚ ТН бойынша 10 таңбалы сандық коды бар. ЕАЭО СЭҚ ТН барлық кодтары, тауарды сол және басқа топтарға бірмәнді жатқызудың қағидаттары қатаң сақталатын 97 топ және 21 бөлімнен тұрады.

5. Тауарлардың сандық есебі

      17. Сан көлік инфрақұрылымын дамытуды жоспарлауды, энергетикалық теңгерім құрастыруды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және басқа да шикізаттық тауарлардың теңгерімін, халықаралық сауданың қоршаған ортаға әсерін бағалауды, сауданың құндық деректерін тексеруді қоса алғанда әртүрлі саяси және талдамалық мақсаттарда және бірқатар сауда индексін құру үшін қажетті халықаралық сауда статистикасының басты параметрі болып табылады.
      18. Сандық есепке алу бірліктері тауардың физикалық сипаттамаларын көрсетеді. Оларда тауарлардың құнын анықтау мәселелерінің болмауына байланысты сандық деректер егер олар мұқият құрастырылған болса тауарларды халықаралық өткізудің дәйекті көрсеткіші болып табылады. Сандық есепке алудың тиісті бірліктерін қолдану халықаралық деңгейде осындай өткізулер туралы неғұрлым салыстырмалы деректерді алуға мүмкіндік береді, себебі импорттаушы елмен экспорттаушы елдің арасында айырмашылықтың сандық көрсеткішті анықтауда құндық көрсеткішін анықтауға қарағанда маңызы аз. Сан көрсеткіштері көбінесе құндық деректердің анықтығын құндық бірлік деп аталатын есептеу арқылы тексеру үшін қолданылады (санға бөлінген құны).
      19. Сыртқы сауда статистикасында және өзара сауда статистикасында ЕАЭО СЭҚ ТН-да көрсетілген сандық есепке алу бірлігі қолданылады. Салмақ көрсеткіші нетто салмағы негізінде килограммен есептеледі.
      20. Оралған түрінде өткізілетін тауар үшін нетто салмағы – бұл тауардың тек бастапқы орамасын есепке алғандағы салмағы, егер мұндай орамада, тұтынушылық қасиеттеріне сүйене отырып, оның бастапқы орамасы тауардың тұтынушылық қасиеттерін бұзбай оны пайдаланғанға дейін тауардан ажыратылып тауар тек бөлшек саудада сату үшін ұсынылады. Басқа жағдайларда нетто салмағы – бұл тауардың қандай да бір орамаларын есепке алмағандағы салмағы.
      21. Жекелеген тауарлар үшін санды есепке алу сондай-ақ, ЕАЭО СЭҚ ТН-да қарастырылған қосымша өлшем бірлікпен жүргізіледі (дана, литр, текше метр және басқа).

6. Тауарларды құндық бағалау

      22. Сатылған, сондай-ақ ауыстырылған немесе олардың төлемінсіз жеткізілген тауарлардың халықаралық саудасы статистикасымен қамтылған барлық тауарларға қатысты олардың статистикалық құны есептеледі.
      23. Тауарлардың халықаралық саудасы статистикасы деректерінің салыстырмалылығын қамтамасыз ету мақсатында және әртүрлі талдамалық қажеттіліктерге және сауда тәжірибесіне және Қазақстан Республикасындағы статистикалық есепке алуға сүйене отырып:
      экспортталатын тауарлардың ФОБ типі бойынша статистикалық құнын;
      импортталатын тауарлардың СИФ типі бойынша статистикалық құнын айқындайды.
      24. Тауардың статистикалық құнын АҚШ долларында қайта есептеу Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген бағам бойынша өзара сауда статистикасында импорттау кезінде тауардың қоймаға келіп түскен сәтінде, экспорттау кезінде тауарды қоймадан тиеу сәтінде жүзеге асырылады.
      25. Тауарларды жеткізудің негізгі шарттары Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 20 қыркүйектегі № 378 шешімімен бекітілген жеткізу шарттарының Жіктеуішіне сәйкес анықталады.
      26. Фактуралық құн сатушыға күтілетін тікелей ақшалай төлемді білдіреді және мәміле құнына кіретін немесе алынып тасталынған тиіс басқа да төлемдер ескерілмеуі мүмкін. Фактуралық баға мәміленің құнын анықтау кезінде жөнелтуші нүктені көрсетеді.

7. Тауарлардың сыртқы және өзара саудасының статистикасы бойынша бақыланбайтын экономиканың жете есептеулері

      27. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ресми статистикалық ақпараттарының толықтығын қамтамасыз ету мақсатында тауарлардың сыртқы және өзара саудасының есепке алынбаған көлемдеріне статистикалық жете есептеуді өткізу қажет.
      28. Еуропалық елдер тәжірибесі бойынша, атап айтқанда Германияның Федералдық статистикалық ведомствосы сыртқы және өзара сауданың есепке алынбаған көлемдерін өткізу және деректерді толық қамтуға қол жеткізу үшін жете есептеулер еркін саудаға (статистикалық шегінен төмен), яғни статистикалық нысанды тапсырудан босатылған шағын кәсіпорындарға, кешіктірілген жауаптарға және жауап еместерге жасалады.
      29. Неміс жете есептеулерінің рәсімінде «жоғарыдан-төменге» деп аталатын әдіс туралы айтылады, жете есептеу жалпы құнға сүйене отырып жасалады. Еуропалық одақтың басқа елдері «жоғарыдан-төменге» деп аталатын әдісті қолданады, яғни басқа тәсіл нақты деңгейде жете есептеу және жалпы қорытынды үшін тарату.
      30. «Жоғарыдан-төменге» әдісі сол бір құбылыс туралы екі немесе одан да көп дереккөздерді салыстыруға негізделеді. Осы әдіс ай сайынғы негізде өзара сауданың есепке алынбаған көлемдерінің жете есептеулерін жүргізу үшін қолданылады.
      31. Айырмашылықты бағалау әдісін пайдалану кезінде деректер көздері өзара сауданы статистикалық зерттеу кезінде сыртқы экономикалық қызметтің қатысушылары уәкілетті органға ұсынатын құжаттардан алынатын мәліметтер және салық органдарына ұсынылатын тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініштерден алынатын мәліметтер болып табылады.
      32. Жете есептеудің құндық көлемін анықтау үшін салық органдары деректерінің жалпы көлемінен статистика органдары деректерінің жалпы көлемі шегеріледі.
      33. «Жоғарыдан-төмен» әдісімен жете есептеулердің көлемін бөлу жалпы алынған құн (салық органдарының деректерімен айырмашылық) барлық елдерге және 2-таңбалы (СЭҚ ТН 99 тауарлық айқындамалар) деңгейдегі тауарлық айқындамаларға бөлінетін елдер бойынша, СЭҚ ТН кодтары бойынша пропорционалды жүргізіледі.
      34. «Төменнен-жоғары» әдісімен, керісінше жете есептеу барлық елдер және СЭҚ ТН баптары бойынша көлемдер қорытындыда (салық органдарының деректерімен айырмашылық) жалпы алынған құнға қосылатын нақты деңгейде жасалады.
      35. Германияда жалпы бір жылда экспортқа жете есептеу – 0,4%, импортқа – 1,2% құрайды.
      36. Жауап еместерге жете есептеу алғашқы жарияланымнан кейін 2-айда басталатын әрбір қайта қараумен қысқартылады және бірінен кейін бірі бұл келесі 6 қайта қарауды құрайды. Барлық айларға қосымша жылдық қайта қарау келесі жылдың қазанында жүргізіледі.
      37. Германияда жауап еместерге жете есептеуде экспорт кезінде жете есептеу шамамен 5,5%-дан (бірінші нәтиже) 0,8%-ға (жылдық қайта қараудағы соңғы нәтиже) дейін құрайды. Әкелу кезінде сәйкесінше 8,5%-дан 1,8%-ға дейін. Қалған жете есептеу жауаптардың (іс жүзінде) түсуі болып табылады.
      38. Жете есептеудің үлесі босатылған сауда үшін әрқашан респонденттердің статистикалық шегіне (500 000 еуро, келесі жылдан бастап статистикалық шегі 800 000 еуро құрайды) тең болып қалады: экспорт 1,6%, импорт 3%.
      39. Жете есептеудің жалпы құны салық құнынан алынады, бірақ салық деректерін беруді кешіктіру себебі бойынша деректерді жариялау кезінде ол қолда болмайды. Бұл үшін өткен жылдардың тәжірибелік мәндеріне негізделетін жете есептеудің коэффициенті анықталады және Х сәтіндегі жіберілген мәндердің жиынтық көлемін және жалпы құнға айырмашылығын көрсетеді.
      Деректерді қайта қараудың негізгі артықшылықтары мыналар болып табылады:
      1) деректердің сапасын жақсарту (неғұрлым өзектендірілген деректер).
      2) мүше елдерде қайта қарау әдістерінің үйлесуі.
      3) нақты деңгейдегі айырмашылықтарды қысқарту.
      40. Қазақстан Республикасында ЕАЭО бойынша серіктес елдердің уәкілетті органдарымен деректерді «айналы» салыстыру бойынша бірлескен жұмыстың қорытындыларымен өзара сауда статистикасы бойынша деректер жыл сайынғы негізде өзектендіріледі.
      41. 2016 жылдан бастап БҰҰ және Еуразиялық экономикалық комиссияның әдіснамаларының ережелерін есепке ала отырып ұлттық тәжірибеде жете есептеу бойынша халықаралық тәжірибені енгізу жүзеге асырылады.