Куәландырушы орталықтың үлгілік ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 9 желтоқсандағы № 1184 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 20 қаңтарда № 12889 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы"

      2003 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы

      1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Куәландырушы орталықтың үлгілік ережесі бекітілсін.

      2. "Куәландырушы орталықтың үлгілік ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігі төрағасының 2005 жылғы 8 желтоқсандағы № 458-ө бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4027 болып тіркелген, "Заң газеті" газетінде 2006 жылғы 10 ақпанда № 23-24 (830) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті (Т.Б. Қазанғап):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына ресми жариялауға оның көшірмелерін баспа және электронды түрде жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекетік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 3-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық оның алғышқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi және 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

Қазақстан Республикасының


Инвестициялар және даму


министрі

Ә. Исекешев


  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2015 жылғы 9 желтоқсандағы
№ 1184 бұйрығымен
бекітілген

Куәландырушы орталықтың үлгілік ережесі
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Куәландырушы орталықтың үлгілік ережесі (бұдан әрі – Ереже) "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" 2003 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңның 5-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және куәландырушы орталықтың негізгі мақсаттары мен функцияларын айқандайды.

      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) куәландырушы орталық – электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін растайтын, сондай-ақ тіркеу куәлігінің дұрыстығын заңды тұлға;

      2) тіркеу куәлігі – куәландырушы орталық электрондық цифрлық қолтаңбаның Заңмен белгіленген талаптарға сәйкестігін растау үшін беретін қағаз жеткізгіштей құжат немесе электрондық құжат;

      3) электрондық құжат айналымы жүйесі (бұдан әрі – ЭҚЖ) – қатысушылары арасындағы қатынастар Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттелетін электрондық құжаттар алмасу жүйесі;

      4) ЭҚЖ-ге қатысушы – электрондық құжаттарды жинау, өңдеу, сақтау, беру, іздестіру және тарату процестеріне қатысатын жеке немесе заңды тұлға, мемлекеттік орган немесе лауазымды адам;

      5) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі;

      6) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті – кез келген тұлғаның қолы жететін және электрондық құжаттағы электрондық цифрлық қолтаңбаның түпнұсқалығын растауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектілігі;

      7) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілті – тіркеу куәлігінің иесіне белгілі және электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып электрондық цифрлық қолтаңбаны жасауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектілігі.

      3. Куәландырушы орталық өз қызметін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

2. Куәландырушы орталықтың негізгі міндеттері мен функциялары

      4. Куәландырушы орталықтың негізгі міндеті ЭЦҚ ашық кілтінің ЭЦҚ жабық кілтіне сәйкестігін куәландыру, сондай-ақ тіркеу куәлігінің дұрыстығын растау болып табылады.

      5. Куәландырушы орталық Заңға сәйкес өз құзыреті шегінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) ЭЦҚ жабық кілттерін заңсыз қол жеткізуден қорғау үшін шараларды қолдана отырып, ЭҚЖ-ге қатысушылардың өтініші бойынша ЭЦҚ кілттерін жасайды;

      2) тіркеу куәліктерін береді, тіркейді, кері қайтарып алады, сақтайды, тіркеу куәліктерінің тіркелімін жүргізеді;

      3) тіркеу куәлігінің әр типі үшін тіркеу куәлігін қолдану қағидаларын бекітеді;

      4) қолданыстағы және кері қайтарып алынған тіркеу куәліктерін есепке алуды жузеге асырады;

      5) "Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығының, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының куәландырушы орталығының және ұлттық куәландырушы орталығының тіркеу куәліктерін беруі, сақтауы, қайтарып алуы және электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің тиесілілігі мен жарамдылығын растау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 маусымдағы № 727 бұйрығымен (Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 12181 болып тіркелді) және Заңның 5-бабының 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес бекітілгін Қазақстан Республикасының негізгі куәланыдырушы орталығын, мемлекеттік органдарды куәландырушы орталығын, Қазақстан Республикасы ұлттық куәландырушы орталығын және Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарапын қоспағанда, куәландырушы орталықтың тіркеу куәліктерін беру, сақтау және кері қайтарып алу мен электрондық цифрлық қолтаңба ашық кілтінің тиесілігі мен жарамдылығын растау қағидаларымен бекітілген тәртіпте куәландырушы орталығымен тіркелген ЭЦҚ ашық кілтінің тиесілігі мен жарамдылығын растайды.

      6. Тіркеу куәлігін беру қағаз жеткізгіштей құжат нысанда немесе олардың қызметі туралы ақпарат бар электрондық құжаттар нысанында жүзеге асырылады.

3. Куәландырушы орталықтың қызметін тоқтату тәртібі

      7. Куәландырушы орталықтың қызметі тоқтатылған жағдайда ол өзінің қызметін тоқтатқанға күнтізбелік отыз күн бұрын ол туралы ЭҚЖ-ның барлық қатысушыларына және уәкілетті органға хабардар етеді.

      8. Куәландырушы орталықтың қызметі тоқтатылған кезде ол берген тіркеу куәліктері мен сәйкесінше ЭЦҚ-ның тиісті кілттері, тіркеу куәліктерінің иелері туралы мәліметтер тіркеу куәлігінің иесімен келісіле отырып басқа куәландырушы орталықтарға беріледі.

      9. Осы Ереженің 7-тармағында көрсетілген мерзім өткеннен соң басқа куәландырушы орталықтарға берілмеген тіркеу куәліктері және ЭЦҚ-ның тиісті кілттері қолданысын Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен мұрағаттық сақтауға түседi.