Жұмыс берушінің қызметін декларациялау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 909 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 29 желтоқсанда № 12601 болып тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрық 01.01.2016 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 16-бабының 36) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Жұмыс берушінің қызметін декларациялау қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
      4) осы бұйрықты облыстардың, Астана және Алматы қалаларының еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органдарының назарына жеткізуді;
      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Б. Нұрымбетовке жүктелсін.
      4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Денсаулық сақтау және
      әлеуметтік даму министрі                   Т. Дүйсенова

      КЕЛІСІЛДІ
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      ___________________ Е. Досаев
      2015 жылғы 22 желтоқсан

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау
және әлеуметтік даму министрінің   
2015 жылғы 30 қарашадағы      
№ 909 бұйрығымен бекітілген    

Жұмыс берушінің қызметін декларациялау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жұмыс берушінің қызметін декларациялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 16-бабының 36) тармақшасына сәйкес әзірленді.
      2. Осы Қағидалар жұмыс берушінің қызметін декларациялау тәртібін айқындайды.
      3. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар пайдаланылады:
      1) жұмыс берушінің қызметін декларациялау – одан келіп түскен өтініштің негізінде жұмыс берушінің Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының тиісті талаптарына сәйкес келетін қызметін тану рәсімі;
      2) жұмыс беруші – қызметкер еңбек қатынастарында болатын жеке немесе заңды тұлға;
      3) еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары саласындағы өкілеттіктерді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;
      4) кәсіптік одақтардың аумақтық бірлестіктері – аудан, қала, облыс, республикалық маңызы бар қала мен астана деңгейіндегі кәсіподақтар бірлестігі;
      5) кәсіподақ органы – кәсіподақ жарғысына сәйкес құрылған басқару органы;
      6) өрескел бұзушылықтар – қызметкердің еңбек ету қабілетінен уақытша немесе тұрақты айрылуына әкеп соққан еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша заңнаманы бұзушылықтар, өндірістегі жазатайым оқиғалаларды тергеп-тексеруді және есепке алуды жүргізбеу, сонымен қатар жұмыс уақыты және демалу уақыты тәртібін сақтамау;
      7) мемлекеттік еңбек инспекторлары – облыстың, мемлекеттік маңызы бар қаланың, астананың еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органының лауазымды тұлғалары.
      4. Жұмыс берушілердің декларациялауға қатысу шарты олардың қызметі параметрлерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптарына сәйкестігі болып табылады.

2. Жұмыс берушінің қызметін декларациялау тәртібі

      5. Жұмыс берушінің қызметін декларациялауды еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган жұмыс берушілердің өңірлік бірлестіктерімен және кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктерімен бірлесіп жүзеге асырады.
      6. Жұмыс беруші өз қызметін декларациялауға қатысу үшін ұйымның орналасқан жері бойынша еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кәсіподақ органымен (ол болған кезде) бірлесіп толтырылған қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау жөніндегі жұмыс берушінің қызметі туралы өтініш-декларацияны (бұдан әрі – декларация) жолдайды.
      7. Еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган декларацияны қабылдаған күнінен бастап жиырма күннің ішінде жұмыс беруші қызметінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы шешім қабылдайды.
      8. Жұмыс беруші қызметінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы шешімді еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган құрған жұмыс берушінің қызметін декларациялау жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) ұсынымы бойынша еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган қабылдайды.
      9. Комиссия құрамына міндетті түрде еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органның, жұмыс берушілердің өңірлік бірлестігінің және кәсіподақтардың аумақтық бірлестігінің өкілдері кіреді.
      Комиссия отырысына жұмыс берушінің өкілдері қатыса алады.
      10. Жұмыс берушінің қызметі параметрлерінің Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасы талаптарына сәйкестігін тексеру үшін мемлекеттік еңбек инспекторларының оған баруы Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы Кәсіпкерлік кодексінің 137-бабы 3-тармағының 8) тармақшасына сәйкес барып бақылаудың басқа түрінде жүзеге асырылады.
      11. Мемлекеттік еңбек инспекторлары бару нәтижелері бойынша жұмыс беруші қызметі параметрлерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытынды (ақпарат) жасайды, ол комиссия қарауына шығарылады.
      12. Қызметі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарына сай деп танылған жұмыс берушілерге олардың қызметі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптарына сәйкес келетіні туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша үш жыл мерзімге Сенім сертификаты тапсырылады.
      13. Сенім сертификаты еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде белгіленген іріктеп тексеруді және субьектіге барып бақылаудың өзге де түрлерін қалыптастырған кезде ескеріледі.
      Сенім сертификатының иегері – жұмыс берушіге қатысты іріктеп тексеру жүргізілмейді.
      14. Сенім сертификатын беруден бас тартуға мыналар негіз болып табылады:
      1) жұмыс беруші қызметі параметрлерінің Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі;
      2) декларация берілген күнге дейін бір жыл ішінде орын алған еңбек заңнамасының өрескел бұзушылықтары;
      3) декларация берілген күнге дейін бір жыл ішінде орын алған, еңбек қызметімен байланысты өндірістегі ауыр немесе адам өлімімен аяқталған жазатайым оқиғалар.
      15. Жұмыс беруші Сенім сертификатын алған сәттен бастап үш жылдың ішінде еңбек заңнамасын өрескел бұзған жағдайда, Сенім сетификатының күші жойылады.
      16. Сенім сертификатының күшін жою туралы шешімді еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган комиссияның ұсынымы бойынша қабылдайды және оны қабылдаған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде жұмыс берушіге жолдайды.

3. Қорытынды ережелер

      17. Еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган жұмыс берушінің қызметі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес келетіні және Сенім сертификатының күшін жою туралы шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жұмыс берушілер - Сенім сертификатының иегерлері туралы мәліметтер ұсынады.
      Жұмыс берушілер - Сенім сертификатының иегерлері туралы ақпарат жұмыс берушілер - Сенім сертификатының иегерлері туралы мәліметтерді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырылады.
      18. Еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органның шешімімен келіспеген кезде жұмыс беруші сот тәртібінде шағымдана алады.

Жұмыс берушінің қызметін     
декларациялау қағидаларына 1 қосымша

Еңбек инспекциясы жөніндегі органға 
______________________________________
(облыс атауы, Астана, Алматы қалалары)

Қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау бойынша
жұмыс берушінің қызметі туралы
өтініш-декларация

1. __________________________________________________________________
      (заңды немесе жеке тұлғаның толық атауы, заңды мекен-жайы)
_____________________________________________________________________

2. Қызмет түрі ______________________________________________________

3. Қызметкерлер саны ____________ адам

4. Осымен Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптарын сақтау
туралы хабарлаймыз:

Р/с №

Еңбек заңнамасы талаптарының мазмұны

Декларация (ия/жоқ)

1.

Барлық қызметкерлермен еңбек шарттары жасалды.
Еңбек шартын жасағанда шектеулер сақталады


2.

Еңбек тәртібінің қағидалары бекітілді (бекіту күні) және қолданысқа енгізілді


3.

Ағымдағы жылға қызметкерлердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының кестесі бекітілді, ал оның өндірістік қажеттілікке байланысты өзгеруі еңбек демалысының басталуына дейін кем дегенде екі апта қалғанда қызметкерге хабарлау арқылы жүзеге асырылады.
Қатарынан екі жыл бойы қызметкерге еңбек демалысын немесе оның бөлігін бермеу, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан заңсыз шақырып алу жағдайлары жоқ


4.

Жалақы белгіленген мерзімде толық мөлшерде төленеді. Қызметкерге тиесілі өтемақы төлемдерін, оның ішінде қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу сомасын төлеуде берешек немесе кешіктіру жоқ


5.

Зейнетақылық және әлеуметтік аударымдар, қызметкерлерді еңбек қызметімен байланысты жазатайым оқиғалардан және кәсіптік аурулардан сақтандыру жүзеге асырылады


6.

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс және демалыс тәртібі сақталады.
Мерзімнен тыс жұмыстарға, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыстарға заңсыз тарту жағдайлары жоқ


7.

Өндіріс ұйымдарындағы, оның ішінде қайта құру, жұмыс көлемін қысқарту және адам санын немесе штатты қысқарту кезіндегі өзгерістерге байланысты жұмыс беруші қызметкерді бір ай бұрын жазбаша ескертеді


8.

Тәртіптік жауапкершілікке заңсыз тарту фактілері жоқ


9.

Еңбек шартын заңсыз бұзу фактілері жоқ


10.

Өндірісте жазатайым оқиғалар жоқ


11.

Еңбек жағдайлары бойынша өндірістік объектілерге белгіленген мерзімде аттестаттау жүргізілді


12.

Еңбекті қорғау қызметі бар (еңбекті қорғау жөніндегі маманның лауазымы)


13.

Ұйымдардағы жетекші қызметкерлер және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдар еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқудан және білімдерін тексеруден өтті


14.

Барлық жұмыстар мен кәсіптер үшін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықтар әзірленді және бекітілді


15.

Қызметкерлер еңбек жағдайлары бойынша ұжымдық және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілді


16.

Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге бекітілген норма бойынша уақтылы сүт немесе емдік-профилактикалық тағам тегін беріледі


17.

Еңбекті қорғау жөніндегі басқару жүйесі бойынша ұлттық стандарттар енгізілді


18.

Ауыр жұмыстарда, зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерді мерзімдік медициналық тексерулер жүргізіледі


19.

Еңбекті қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жағдайларын жақсарту бойынша іс-шараларды қаржыландыру жүзеге асырылуда


20.

Өндірістердің, цехтардың, учаскелердің, жұмыс орындарының қызметі және жабдықтың, механиздердің пайдаланылуы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы нормативтік құқықтық актілер талаптарына сәйкес келеді


5. Сенім сертификатын беруіңізді сұраймын. Қызмет параметрлерінің
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптарына сәйкестігін
тексеру үшін мемлекеттік еңбек инспекторларының баруына келісім
беремін.

Жұмыс беруші      _______ _______________________________________
(лауазымы)         (қолы)  (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде)

Кәсіподақ органының төрағасы
_______________ _______ _______________________________________
                  (қолы)  (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде )

                                            20__ жылғы «___» ________

Қосымша 2
Жұмыс берушінің қызметін декларациялау қағидаларына