Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарын әзірлеу мен бекіту қағидаларын бекiту туралы

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 28 қарашадағы № 14-НҚ нормативтік қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2015 жылы 24 желтоқсанда № 12499 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы (бұдан әрі – Жоғары аудиторлық палата) ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 24.02.2023 № 8-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарын әзірлеу мен бекіту қағидалары бекiтілсін.

      2. Заң бөлімі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы нормативтік қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы нормативтік қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;

      3) осы нормативтік қаулының Есеп комитетінің интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Есеп комитетінің аппарат басшысына жүктелсін.

      4. Осы нормативтік қаулы алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Төраға

Қ. Жаңбыршин


  Республикалық бюджеттің
атқарылуын бақылау жөніндегі
есеп комитетінің
2015 жылғы 28 қарашадағы
№ 14-НҚ нормативтік
қаулысымен бекітілген

Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың
рәсімдік стандарттарын әзірлеу мен бекіту қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарын әзірлеу мен бекітудің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңының 8-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарын әзірлеу мен бекіту тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) рәсімдік стандарттардың сыныптамасы – рәсімдік стандарттарды кодификациялаудың құрылымданған жүйесі;

      2) сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттары (бұдан әрі – рәсімдік стандарттар) – сыртқы мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізуге (рәсімдеріне, тетіктері мен әдістеріне) және сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметіне қойылатын рәсімдік талаптардан тұратын құжаттар.

2. Рәсімдік стандарттарды әзірлеу мен бекіту тәртібі

      3. Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына арналған рәсімдік стандарттар мыналар ескеріле отырып әзірленеді:

      1) оларды әзірлеуге қойылған мақсаттарға сәйкестігі;

      2) оларда жазылған ережелерді бір мағынада түсіну;

      3) олардың ережелерін жазудың дәйектілігі мен тұтастығы;

      4) өзі регламенттейтін мәнді толыққанды қамту;

      5) сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының бұрын қабылдаған құқықтық (әдіснамалық) құжаттарымен өзара байланысын және келісілуін қамтамасыз ету, олардың ережелерінің қайталануына жол бермеу;

      6) олардың ережелерінің орындалу сапасын объективті бағалау мүмкіндігін қамтамасыз ету;

      7) барлық рәсімдік стандарттарда бірыңғай терминологияны қолдану және олардың бірдей түсіндірілуі.

      4. Рәсімдік стандарттарды әзірлеу кезінде Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттары (бұдан әрі – Стандарттар) мен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізуді регламенттейтін нормативтік құқықтық актілер, Халықаралық жоғары аудит органдарының ұйымы (INTOSAI) қабылдаған жоғары аудит органдарының халықаралық стандарттарының (ISSAI) және аудит саласындағы басқа да халықаралық стандарттардың (бұдан әрі – халықаралық стандарттар) қолайлы талаптары ескеріледі.

      5. Рәсімдік стандарттарды әзірлеу мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізудің қағидаттарын, рәсімдерін, тетіктері мен әдістерін, нәтижелерін ресімдеуді, сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қызметтерінің бағыттарына қарай іс-шараларды айқындауды көздейді.

      6. Жоғары аудиторлық палата рәсімдік стандарттарды әзірлеместен бұрын олардың тізбесін, оларды әзірлеу мерзімдерін, жауапты орындаушыларды қалыптастырады. Қажет болған жағдайда, рәсімдік стандарттың тағайындалуына қарай, Жоғары аудиторлық палата оны әзірлеу үшін сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының, мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық аудиторлық және халықаралық ұйымдардың, ғылыми мекемелердің өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құрады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 24.02.2023 № 8-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      7. Рәсімдік стандарттардың тізбесін қалыптастыру немесе оған кезекті жоспарланған кезеңге арналған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзгерістер;

      2) рәсімдік стандарттарды өзекті етудің қажеттілігіне байланысты, оларды іс жүзінде іске асыру кезінде туындайтын мәселелер;

      3) халықаралық стандарттарға өзгерістер;

      4) Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері мен құрылымдық бөлімшелерінің ұсыныстары;

      5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларының (бұдан әрі – тексеру комиссиясы) ұсыныстары ескеріледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 24.02.2023 № 8-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      8. Рәсімдік стандарттардың тізбесі бойынша ұсыныстар жоспарланған кезеңнің алдындағы жылдың 15 қазанынан кешіктірілмей, Жоғары аудиторлық палатаның әдіснамалық қамтамасыз етуге жауапты құрылымдық бөлімшесіне ұсынылады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 24.02.2023 № 8-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      9. Рәсімдік стандарттардың тізбесі Жоғары аудиторлық палатаның Ғылыми-әдіснамалық кеңесінің отырысында қаралуға және мақұлдануға жатады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 24.02.2023 № 8-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10. Рәсімдік стандарттар осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарының сыныптамасы (бұдан әрі – Сыныптамасы) ескеріле отырып әзірленеді.

      11. Рәсімдік стандарттың құрылымы мынадай болады:

      1) регламенттейтін параметрлер;

      2) жалпы ережелер;

      3) тақырыптық және басқа да бөлімдер (қажет болған жағдайда);

      4) қосымшалар (қажет болған жағдайда).

      12. Регламенттейтін параметрлер рәсімдік стандартты бекітетін Жоғары аудиторлық палатаның нормативтік құқықтық актісінің деректемелерінен, Сыныптамаға сәйкес кодтан және рәсімдік стандарттың атауынан тұрады.

      "Жалпы ережелер" деген бөлімде рәсімдік стандарттың мақсаттары мен міндеттері, тағайындалуы, Қазақстан Республикасы заңнамасының, Стандарттардың, халықаралық стандарттардың, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізуді регламенттейтін құжаттардың тиісті ережелеріне, негізгі терминдерге (ұғымдарға) және оларға анықтамаларға сілтемелер ашып көрсетіледі.

      "Тақырыптық және басқа да бөлімдер" деген бөлімде мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың қағидаттары, тәсілдері, әдістері, рәсімдері, тетіктері және олардың нәтижелерін ресімдеуге қойылатын талаптар, сондай-ақ сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қызметінің бағыттары ашып көрсетіледі.

      Әрбір рәсімдік стандарт үшін тақырыптық бөлімдердің атаулары олардың ерекшеліктері ескеріле отырып айқындалады.

      "Қосымшалар" деген бөлімде рәсімдік стандартта сілтемесі бар нысандар мен құжаттар (ақпарат, кестелер, есептеулер, диаграммалар, материалдар) қамтылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 24.02.2023 № 8-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

  Сыртқы мемлекеттік аудиттің және
қаржылық бақылаудың рәсімдік
стандарттарын әзірлеу мен бекіту
қағидаларына қосымша

Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың
рәсімдік стандарттарының сыныптамасы

Рәсімдік стандарттың коды

Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарының жүйесі

1

2

1-бөлім. Қызметті жоспарлау

001-099

Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметін жоспарлау

2-бөлім. Сыртқы мемлекеттік аудитті жүргізу

100-499

Сыртқы мемлекеттік аудитті жүргізу

100-199

Тиімділік аудиті

101-199

Мемлекеттік басқару салалары және экономиканың салалары бойынша тиімділік аудитін жүргізудің ерекшеліктері

200-299

Сәйкестік аудиті

201-299

Мемлекеттік басқару салалары және экономиканың салалары бойынша сәйкестік аудитін жүргізудің ерекшеліктері

300-399

Қаржылық есептілік аудиті

302-399

Мемлекеттік басқару салалары бойынша қаржылық есептілік аудитін, шоғырландырылған қаржылық есептілік аудитін жүргізудің ерекшеліктері

400-599

Аудиттің мамандандырылған салалары

400-499

Тиімділік аудитінің мамандандырылған салалары

500-599

Сәйкестік аудитінің мамандандырылған салалары

600-699

Үшінші тұлғалардың жұмысын пайдалану

3-бөлім. Мемлекеттік аудиттің сапасын бақылау

700-749

Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарының сақталуын бақылау

750-799

Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізетін аудиттің сапасын бақылау

4-бөлім. Қаржылық бақылау

800-899

Қаржылық бақылаудың ден қою шаралары

5-бөлім. Сараптамалық-талдау қызметі және есептілік

900-999

Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының сараптамалық-талдау қызметі

6-бөлім. Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өзара іс-қимылы

1000-1099

Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өзара іс-қимылы