Мемлекеттік аудитор сертификаты бар адамдардың тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 20-НҚ нормативтік қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 24 желтоқсанда № 12492 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңының 39-бабының 6-тармағына сәйкес, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік аудитор сертификаты бар адамдардың тізілімін жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Есеп комитетінің Заң бөлімі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы нормативтік қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы нормативтік қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;

      3) осы нормативтік қаулының Есеп комитетінің Интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Нормативтік қаулының орындалуын бақылау Есеп комитетінің аппарат басшысына жүктелсін.

      4. Осы нормативтік қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Төраға

Қ. Жаңбыршин


  Республикалық бюджеттің
атқарылуын бақылау жөніндегі
есеп комитетінің
2015 жылғы 30 қарашадағы
№ 20 НҚ нормативтік
қаулысымен бекітілген

Мемлекеттік аудитор сертификаты бар адамдардың тізілімін жүргізу қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 22.06.2018 № 14-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік аудитор сертификаты бар адамдардың тізілімін жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік аудитор сертификаты бар адамдардың тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Мемлекеттік аудитор сертификаты бар адамдардың тізілімі (бұдан әрі – Тізілім) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің (бұдан әрі – Есеп комитеті) ақпараттық жүйесінде олардың есепке алынуын ұйымдастыру мақсатында жасалады.

2-тарау. Тізілімді жүргізу тәртібі

      3. Тізілім Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) берген мемлекеттік аудитор сертификаты бар адамдар туралы мәліметтерді білдіреді.

      4. Тізілімді жүргізуді Есеп комитеті қағаз және электрондық жеткізгіштерде жүзеге асырады.

      5. Есеп комитеті:

      1) Тізілімге мемлекеттік аудитор сертификаты бар адамдардың енгізілуін және одан шығарылуын жүзеге асырады;

      2) Есеп комитетінің интернет-ресурсында мемлекеттік аудитор сертификаты бар адамдардың тізімін жариялайды;

      3) мемлекеттік аудитор сертификаты бар адамдар туралы мәліметтерге тиісті ақпарат келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күнінің ішінде өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

      6. Мемлекеттік аудитор сертификаты бар адамдар туралы мәліметтер Тізілімге мынадай құжаттардың:

      1) Ұлттық комиссия отырысының хаттамасы;

      2) Мемлекеттік аудитор сертификаты бар адамның Тізілімдегі деректерінің өзгергені туралы Ұлттық комиссияға растайтын құжаттармен қоса берілетін өтініші негізінде енгізіледі.

      7. Мемлекеттік аудитор сертификаты бар адамдар он жұмыс күні ішінде Ұлттық комиссияның жұмыс органын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, Тізілімдегі мәліметтердің өзгергені туралы хабардар етеді.

      8. Қағаз және электрондық жеткізгіштегі тізілім мемлекеттік аудитор сертификаты бар адам туралы мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда);

      2) жеке сәйкестендіру нөмірі, жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі, берілген күні және кімнің бергені;

      3) туған күні (күні, айы, жылы);

      4) тұрғылықты жері (әңгімелесуге жіберу туралы өтініш берілген сәтте);

      5) телефон нөмірі (жұмыс, үй, ұялы);

      6) электрондық поштасының мекенжайы;

      7) мемлекеттік аудитор біліктілігін (санат) иелену туралы сертификатының берілген күні және нөмірі;

      8) Ұлттық комиссия отырысының мемлекеттік аудитор біліктілігін беру туралы хаттамасының күні және нөмірі;

      9) мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қылмыстық, әкімшілік, тәртіптік жауаптылыққа тартылуы туралы мәліметтер (болған жағдайда);

      10) кандидаттың білімін растайтын құжаттың күні және нөмірі;

      11) жеке деректерінің (тегі, аты, әкесінің аты) (ол болған жағдайда) өзгергені туралы мәліметтер;

      12) жұмыс орны мен атқаратын лауазымы туралы мәліметтер (әңгімелесуге жіберу туралы өтініш берілген сәтте);

      13) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау орг андарының жүйесіндегі және (немесе) қаржы саласында және (немесе) ішкі аудит қызметтерінде мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі туралы мәліметтер (әңгімелесуге жіберу туралы өтініш берілген сәтте);

      14) аудит саласындағы халықаралық ұйымдардағы және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі жалпы еңбек өтілі туралы мәліметтер (болған жағдайда) (әңгімелесуге жіберу туралы өтініш берілген сәтте);

      15) білімі туралы мәліметтер (дипломның нөмірі, берілген күні, оқу орнының атауы, мамандығы, біліктілігі);

      16) бухгалтерлік есеп және аудит, қаржы саласында ұлттық және (немесе) халықаралық кәсіби біліктілігі туралы мәліметтер (сертификаттың күні және нөмірі);

      17) Ұлттық комиссия отырысының ескерту енгізу туралы хаттамасының күні және нөмірі.

      Тізілімге мәліметтер енгізуге негіз болған құжаттар тізілімдік іске қосылады.

      9. Құжаттар тізілімдік іске келіп түсу тәртібімен қосылады.

      10. Қағаз жеткізгіштегі тізілім осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген мәліметтерді қамтитын, мемлекеттік аудитор сертификаты бар адамдарды тіркеу кітабы нысанында жүргізіледі.

      Тізілім нөмірленеді, тігіледі және оған мөр басылады.

      11. Қағаз және электрондық жеткізгіштегі тізілім бөгде адамдардың қолы жетпейтін жерлерде және ақпараттың ұрлануына, жоғалуына, бұрмалануына, қолдан жасалуына жол бермеу қамтамасыз етілетін жағдайларда сақталады және өңделеді.

      12. Электрондық жеткізгіштегі Тізілімде бар мәліметтердің толық жоғалып кетуін болдырмау мақсатында, Тізілімнің резервтік көшірмелері электрондық жеткізгіште қалыптастырылып, ол бір мезгілде тұпнұсқамен бірге жоғалуын болдырмайтын Ұлттық комиссияның жұмыс органында тұрақты негізде сақталады.

      13. Ұлттық комиссияның жұмыс органы он жұмыс күні ішінде Тізілімнен адамдар туралы мәліметтерді:

      1) Заңының 39-бабының 8-тармағында көзделген негіздер бойынша Ұлттық комиссияның мемлекеттік аудитор сертификатын қайтарып алу туралы шешімі қабылданған күннен бастап;

      2) мемлекеттік аудитор сертификаты бар адамның қайтыс болғаны туралы құжат келіп түскен күннен бастап алып тастайды.