Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидаларын және Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 281 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 4 маусымда № 11268 тіркелді.

Жаңартылған

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Кодексінің 45-бабының 4-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін оны күнтізбелік он күннің ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықты орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жариялаған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Денсаулық сақтау және
      әлеуметтік даму министрі Т. Дүйсенова

  Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 28 сәуірдегі
№ 281 бұйрығына
1-қосымша

Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 20.11.2017 № 840 (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексі 45-бабының 4-1) тармағына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидалар алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету тәртібін айқындайды.

      3. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі – МСАК) – адам, отбасы және қоғам деңгейінде көрсетілетін, қолжетімді медициналық қызметтер көрсету кешенін қамтитын тәуліктік медициналық бақылауынсыз дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек:

      4. МСАК мыналарды:

      1) анағұрлым көп таралған ауруларды, сондай-ақ жарақаттарды, улануларды және басқа шұғыл жағдайларды диагностикалау мен емдеуді;

      2) отбасын, ана, әке болу мен балалық шақты қорғауды, соның ішінде отбасын жоспарлауды;

      3) Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 34-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына және "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 3-тармағының екінші абзацына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде (бұдан әрі – ТМККК) дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі (бұдан әрі – МӘМС) медициналық көмекпен қамтамасыз етуді

      4) профилактикалық іс-шараларды және қауіп факторларын айқындауды;

      5) ауруларды ерте анықтауға скринингтік зерттеулерді;

      6) халықтың кең таралған патологиялық жағдайлар мен саламатты өмір салтын қалыптастыру туралы хабардар болу деңгейін арттыруды;

      7) негізгі инфекциялық ауруларға қарсы иммундауды;

      8) халықты гигиеналық оқытуды және сумен қауіпсіз жабдықтау мен халықтың оңтайлы тамақтануы жөніндегі түсіндіру жұмыстарын;

      9) инфекциялық аурулар ошақтарындағы санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізуді қамтиды.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 20.11.2017 № 840 (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 20.11.2017 № 840 (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті МСАК мамандары (жалпы практика дәрігері, учаскелік терапевт дәрігер (педиатр), учаскелік мейіргер (жалпы практика мейіргері), фельдшер, акушер:

      1) медициналық пунктте;

      2) фельдшер-акушерлік пунктте;

      3) дәрігерлік амбулаторияда (Отбасы денсаулығы орталығында);

      4) емханада көрсетеді.

      5-1. Халықтың ақпараттандырылуы мен сауаттылығын арттыру, сондай-ақ, МСАК мамандарына саламатты өмір салтын қалыптастыру, тамақтану және денсаулықты сақтаудың басқа да өзекті мәселелері бойынша консультация беру жөніндегі іс-шараларды саламатты өмір салтын қалыптастыру, дұрыс тамақтану саласында қызметін жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары өткізеді. МСАК пен саламатты өмір салтын қалыптастыру орталықтарының жұмысын үйлестіруді "Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асырады.

      Ескерту. Қағида 5-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 15.06.2017 № 424 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      6. МСАК күндізгі стационар мен үй жағдайларында да көрсетіледі.

      7. Дәрігердің немесе орта медицина қызметкерінің үйге шақыртып қызмет көрсетуін учаскелік қызмет (жалпы дәрігерлік) бөлімшесінің меңгерушісі, ол болмаған кезде учаскелік дәрігер (жалпы практика дәрігері) үйлестіреді.

      Үйге шақыртып қызмет көрсету үшін көрсетілімдер мыналар болып табылады:

      1) пациентке өз бетімен МСАК ұйымдарына баруға мүмкіндік бермейтін жіті ауырсыну жағдайы;

      дене қызуының 38 Цельсий градустан жоғарылауы;

      жай-күйінің айқын бұзылуы бар артериялық қысымның жоғарылауы;

      бірнеше рет қайталанып іштің өтуі;

      қозғалысы шектелген омыртқаның және аяқ буындарының қатты ауырсынулары;

      бастың айналуы, қатты жүрек айнуы, құсу;

      2) пациенттің өз бетінше емханаға баруына мүмкіндік бермейтін созылмалы ауырсыну жағдайлары (онкологиялық аурулардың ауыр ағымы, (I – II топтағы) мүгедектік, сал болу, аяқ-қолдың парезі);

      3) айналасындағыларға қауіп төндіретін жіті инфекциялық аурулар;

      4) тасымалдауға болмайтын пациент;

      5) МСАК ұйымдарының жұмыс уақытында жедел медициналық жәрдем станциясынан берілген шақыртуларға қызмет көрсету.

      8. МСАК ұйымының медицина қызметкерінің пациенттің үйіне, оның ішінде аула аралау (пәтер аралау) арқылы баруы:

      1) жіті аурулар, созылмалы аурулардың өршуі кезінде оның жағдайын, ауру ағымын бақылау және қажетті зерттеп-қарауларды және (немесе) емдеуді уақытылы тағайындау (түзету) мақсатында;

      2) инфекциялық ауру індетінің пайда болу қаупі орын алғанда немесе инфекциялық аурумен ауыратын науқастар анықталған жағдайда халықтың жеке тобының, олармен байланыс жасаған немесе инфекциялық ауруды жұқтыру күдігі бар адамдардың патронажы кезінде жүзеге асырылады.

      9. МСАК деңгейінде медициналық көрсетілетін қызметтердің мынадай түрлері көрсетіледі: профилактикалық, диагностикалық, емдік, уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамаcы.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 20.11.2017 № 840 (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Профилактикалық қызметтер: профилактикалық қарап-тексерулерді, иммундауды, саламатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттауды, ұтымды және дұрыс тамақтану жөніндегі ұсынымдарды, отбасын жоспарлауды, диспансерлеуді және динамикалық байқауды, жүкті әйелдерді, балаларды, оның ішінде жаңа туған нәрестелердің патронажын, әлеуметтік-психологиялық консультация беруді қамтиды.

      11. Диагностикалық қызметтер: МСАК маманының қарап-тексеруін, зертханалық және аспаптық зерттеулерді қамтиды.

      12. Емдік қызметтер: жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуді, денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкес емдік манипуляцияларды, белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті дәрілік заттармен және амбулаториялық деңгейде арнайы емдік өнімдермен қамтамасыз етуді қамтиды.

      13. МСАК көрсету кезінде уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасы жүргізіледі. Уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасын дәрігер "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 59-бабының 2-тармағына сәйкес жеке тұлғаның еңбекке жарамсыздығын ресми тану және оны ауыру кезеңінде еңбек міндеттерін орындаудан уақытша босату мақсатында жүргізеді.

      14. МСАК "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 34-бабының 1-тармағына сәйкес ТМККК тізбесінің және "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 3-тармағына сәйкес МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек тізбесінің шеңберінде көрсетіледі.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 20.11.2017 № 840 (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. МСАК:

      1) бекіту фактісіне қарамастан шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсеткен жағдайда;

      2) жоспарлы түрде – бекітілуі, алдын ала жазылуы немесе жүгінуі бойынша көрсетіледі.

      16. МСАК ұйымына алғаш жүгінген кезде МСАК ұйымының тіркеу орнында бастапқы медициналық есеп құжаттары болып табылатын амбулаториялық науқастың медициналық картасы немесе баланың даму тарихы ресімделеді.

      МСАК ұйымдарында пайдаланатын бастапқы медициналық есепке алу құжаттамасы "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" 2010 жылғы 21 желтоқсандағы № 907 Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) жүргізіледі.

      Бастапқы медициналық есеп құжаттамасының сақталуын қамтамасыз етуді аға тіркеуші, ал фельдшерлік-акушериялық және медициналық пункттерде – МСАК маманы жүзеге асырады.

      17. Ауруының жағдайы мен сипатына байланысты МСАК ұйымына қабылдауға келе алмайтын азаматқа МСАК мамандары не шақыру тіркелген күні МСАК мамандарының өтінімі бойынша бейінді мамандар медициналық көмекті үйде көрсетеді.

      18. МСАК көрсету кезінде емдеуші дәрігер дәрілік заттарға рецепт жазады. Дәрілік заттар нақты дәріхана ұйымы көрсетілмей денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен бекітілген үлгідегі рецепт бланкілеріне ғана жазылып беріледі.

      19. Аталған қызмет түріне медициналық білімі бар аттестатталған мамандарды (дәріхана объектілері жоқ елді мекендердегі дәрігерлік амбулаториялар, медициналық және фельдшерлік-акушериялық пункттер) қоспағанда МСАК ұйымдарының медицина қызметкерлерінің дәрілік заттарды және биологиялық активті қоспаларды беруіне жол берілмейді.

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 28 сәуірдегі
№ 281 бұйрығымен бекітілген

Азаматтарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына бекіту қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 02.10.2018 № ҚР ДСМ-21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1- тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Азаматтарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына бекіту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 45-бабының 4-1-тармағына сәйкес әзірленді және меншік нысанына және ведомстволық тиістілігіне қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (бұдан әрі – МӘМС) медициналық көмекті алу үшін азаматтарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына (бұдан әрі – МСАК) бекіту тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) әкімшілік-аумақтық бірлік – ауыл, кент, ауылдық округ, қаладағы аудан, қала, аудан, облыс;

      2) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (бұдан әрі – қор) – аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүргізетін, сондай-ақ медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерін медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптармен сатып алу мен оларға ақы төлеуді және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;

      3) бала (балалар) – он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам;

      4) баланың заңды өкiлдерi – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, бiлiм, тәрбие берудi, оның құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асыратын ата-аналар (ата-ана), бала асырап алушылар, қорғаншы немесе қамқоршы, баланы қабылдайтын ата-ана (баланы қабылдайтын ата-аналар), патронат тәрбиешi және оларды алмастырушы басқа да адамдар;

      5) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы, медициналық қызметтер сапасын бақылау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      6) денсаулық сақтау субъектілерін таңдау және олардың арасында медициналық көрсетілетін қызметтердің көлемдерін орналастыру жөніндегі өңірлік комиссия (бұдан әрі – өңірлік комиссия) – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 591 бұйрығымен бекітілген Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15604 болып тіркелген) көзделген тәртіппен құрылған комиссия;

      7) жаңадан пайдалануға берілетін денсаулық сақтау объектісі – бюджет қаражаты есебінен немесе "Мемлекеттік-жеке әріптестік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Концессиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік-жеке әріптестік шеңберінде және "Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасын бекіту және "Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 15 қаңтардағы № 176 Жарлығының 5.7.1-тармағын іске асыруда бекітілген денсаулық сақтау жүйесінің біртұтас инфрақұрылымын дамытудың перспективалық жоспарына сәйкес салынған және алған пайдалануға берілген объект;

      8) медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты (бұдан әрі – көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты) – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті көрсетуді көздейтін қор мен денсаулық сақтау субъектісі арасында жасалған жазбаша нысандағы келісім;

      9) сақтандыру ұйымы – уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде ерікті медициналық сақтандыру шарттарын шарттарын жасасу және орындау қызметін асыратын заңды тұлға;

      10) учаске – МСАК маманына бекітілген, медициналық-санитариялық алғашқы көмек субъектісінің халыққа қызмет көрсету аумағының бөлігі;

      11) электрондық денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті субъект –қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындалатын, денсаулық сақтау жүйесінің (электрондық денсаулық сақтаудың) ақпараттық инфрақұрылымы мен медициналық статистиканы (бұдан әрі – ақпараттандыру ұйымы) жетілдіруге байланысты қызметті жүзеге асыратын және құқық қатынастарына түсетін ұйым.

      3. Азаматтарды МСАК ұйымдарына бекіту азаматтарға МСАК көрсету үшін негіз болып табылады және:

      1) МСАК аумақтық қолжетімділігі;

      2) МСАК ұйымын еркін таңдау;

      3) МСАК маманын (жалпы практика дәрігері, учаскелік терапевт, учаскелік педиатр) еркін таңдау;

      4) отбасылық қызмет көрсету;

      5) меншік нысанына және ведомстволық тиістілігіне қарамастан МСАК ұйымдарының тең құқығы және адал бәсекелестігі қағидаттарымен жүзеге асырылады.

      4. Азаматтарды:

      1) МСАК-тың бір ұйымына;

      2) жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша;

      3) жаңадан берілетін денсаулық сақтау объектілері мен бекіту науқаны кезеңінде бекітуді қоспағанда, медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартын жасасқан МСАК ұйымына бекіту жүзеге асырылады.

      Азаматты МСАК ұйымына бекіту кезінде алдыңғы МСАК ұйымынан бекітуден шығару автоматты түрде жүзеге асырылады.

      5. Балалар үйлерінде, интернаттарда, балаларға арналған мамандандырылған ұйымдарда тұрып жатқан балалар, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын, соттың шешімі бойынша қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жүрген адамдар оларға облыстар, республикалық маңыздағы қалалар мен астананың бекітілген аумақтық қызмет көрсету аймақтарымен қорға жыл сайын 15 қарашадан кешіктірмей ұсынылған МСАК ұйымдарының тізімінен тұратын (бұдан әрі – бөлу туралы бұйрық), облыстар, республикалық маңыздағы қалалар мен астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының (бұдан әрі – денсаулық сақтау басқармалары) шешімінің негізінде қабылданған өңірлік комиссияның шешімі бойынша көрсетілген ұйымдар орналасқан аумақтық қызмет көрсету аймағында МСАК ұйымдарына бекітіледі.

      6. Егер азамат бекіту науқаны кезеңінде МСАК ұйымына еркін таңдау құқығын пайдаланбаған жағдайда, азамат алдыңғы жылы қызмет көрсетілген МСАК ұйымына бекітіледі. Бұрынғы МСАК ұйымында келесі жылға медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жасасқан шарты болмаған жағдайда азамат денсаулық сақтау басқармаларының қорға жыл сайын 20 қарашадан кешіктірмей ұсынылатын бөлу туралы бұйрықтың негізінде қабылданған өңірлік комиссияның шешімі бойынша медициналық көмектің аумақтық қолжетімділігін ескере отырып, МСАК ұйымына бекітіледі.

      7. Осы Қағидалардың 5 және 6-тармақтарында көрсетілген адамдарды бекітуді қордан өңірлік комиссияның шешімін алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде ақпараттандыру ұйымы қамтамасыз етеді.

2-тарау. Азаматтарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына бекіту тәртібі

      8. МСАК ұйымына бекіту азаматтың МСАК ұйымын еркін таңдау құқығын ескере отырып, тұрақты немесе уақытша тұратын жері бойынша бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде (ауыл, кент, қала, облыстық маңызы бар қаладағы аудан, республикалық маңызы бар қала, астана) жүзеге асырылады.

      Азаматтың МСАК маманын еркін таңдауы учаскедегі бекітілген азаматтардың санын есепке ала отырып, бекітілген жері бойынша МСАК ұйымының шегінде жүзеге асырылады.

      9. Балаларды бекітуді заңды өкілдер жүзеге асырады. Балаларды бекіту сұрау салуына заңды өкілдігін растайтын құжат қоса беріледі.

      10. Бекіту негіздемелері:

      1) тұрақты немесе уақытша тұратын жерін бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінен тыс жерге бір айдан асатын мерзімге шыға отырып немесе бір әкімшілік-аумақтық бірліктің ішінде өзгерту;

      2) азаматтың МСАК ұйымдарын бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде (ауыл, кент, қала, облыстық маңызы бар қаладағы аудан, республикалық маңызы бар қала, астана) еркін таңдауын жүзеге асыру;

      3) қордың бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде (ауыл, кент, қала, облыстық маңызы бар қаладағы аудан, республикалық маңызы бар қала, астана) 15 қыркүйектен бастап 15 қараша аралығында бекіту науқанын (бұдан әрі – бекіту науқанын) жүргізу;

      4) МСАК ұйымы мен сақтандыру ұйымының арасында жасалған ерікті медициналық сақтандыру шарты бойынша (бұдан әрі – ЕМС шарты) азаматты сақтандыру;

      5) өңірлік комиссия айқындаған бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде (ауыл, кент, қала, облыстық маңызы бар қаладағы аудан, республикалық маңызы бар қала, астана) МСАК ұйымына келіспеу;

      6) МСАК ұйымының азаматтарға МСАК көрсетуден бас тарту, сондай-ақ қордың көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартын бұзуға немесе өзгертуге әкеп соғатын оны қайта ұйымдастыру, тарату;

      7) медициналық қызметтерді көрсетуге үміткер МСАК ұйымдарына медициналық көрсетілетін қызметтердің көлемін орналастырмау;

      8) жаңадан пайдалануға берілетін денсаулық сақтау ұйымдарының пайда болуы;

      9) жекешелендіру арқылы мемлекеттік кәсіпорын болып табылатын МСАК ұйымын иеліктен шығару.

      11. Осы Қағидалардың 10-тармағының 1)-5) тармақшаларымен көзделген негіздемелер бойынша МСАК ұйымдарына азаматтарды бекіту азаматтың бекітуге өтінішті беруі арқылы жүзеге асырылады.

      12. Бекіту науқаны кезінде МСАК ұйымына бекітілген азаматтар қормен қызметтерді сатып алу шартын жасасқан жағдайда келесі жылғы 1 қаңтардан бастап МСАК алады.

      13. Сақтандыру ұйымы мен олар бекітілген МСАК ұйымының арасында ЕМС шарты бойынша сақтандырылған азаматтар ЕМС шартының жағдайларына сәйкес МСАК алады.

      14. МСАК ұйымдары тұратын жері бойынша бекітілген азаматтарды МСАК көрсету тоқтатылғандығы туралы:

      1) көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартын бұзған немесе өзгерткен күніне дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын;

      2) МСАК ұйымын қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы белгілі болған күннен бастап күнтізбелік екі күннің ішінде;

      3) қордың медициналық көрсетілетін қызметтердің көлемдерін орналастырмайтындығы туралы белгілі болған күннен бастап күнтізбелік екі күннің ішінде жазбаша хабардар етеді.

      "Бекітілген халықты тіркеу" ақпараттық жүйесінде телефон нөмірі (электрондық поштаның мекенжайы) болған кезде, МСАК ұйымы азаматтарды МСАК көрсету тоқтатылғандығы туралы хабарлама жолдау арқылы хабардар етеді.

      15. Осы Қағидалардың 10-тармағының 6)-9) тармақшаларымен көзделген негіздемелер бойынша МСАК ұйымдарына азаматтарды бекітуді бөлу туралы бұйрықтың негізінде қабылдаған өңірлік комиссияның хаттамасын қордан алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде ақпараттандыру ұйымы жүзеге асырады.

      Бөлу туралы бұйрықты денсаулық сақтау басқармалары қорға жыл сайын 20 қарашаға дейін жібереді және қор мен денсаулық сақтау басқармаларының интернет-ресурстарында орналастырылады.

      Азаматтарды өңірлік комиссия хаттамасының негізінде МСАК ұйымдарына бекіткеннен кейін МСАК ұйымдары бекітілген азаматтарды олардың тұрғылықты жері бойынша жазбаша хабардар етеді. "Бекітілген халықты тіркеу" ақпараттық жүйесінде телефон нөмірі (электрондық поштаның мекенжайы) болған кезде, МСАК ұйымы азаматтарды хабарлама жіберу арқылы хабардар етеді.

      Өңірлік комиссия айқындаған МСАК ұйымына келіспеген жағдайда, азамат осы Қағидалардың 10-тармағының 5) тармақшасында көзделген негіздеме бойынша бекітуді өзгертуге өтініш береді.

      16. Осы Қағидалар Кодекске және "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" 2015 жылғы 16 қаршадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көмек алуға құқығы бар оралмандарға, Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұрып жатқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға да қолданылады.

      17. ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде МСАК көрсететін жекеше медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларға бекіту осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.