Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негiздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын ресiмдеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 305 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 8 сәуірде № 10636 тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 02.12.2015 № 751 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 11-3) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негiздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын ресiмдеу қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 02.12.2015 № 751 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 2 сәуірдегі
№ 305 бұйрығымен бекітілген

Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын рәсімдеу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 17.07.2017 № 477 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын рәсімдеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 11-3) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Қағидалар қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын рәсімдеу тәртібін анықтайды.

      3. Құрылыс жобалары бойынша сараптама қорытындыларын ресімдеу және беру кезінде мемлекеттік сараптама ұйымының және сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының бірыңғай порталымен интеграцияланған аккредиттелген сараптама ұйымдар палатасының дербес ақпараттық жүйелері пайдаланылады.

      Осы норма қала құрылысы жобалары бойынша сараптама қорытындысын ресімдеудің тәртібіне қолданылмайды.

      4. Осы Қағидаларда ведомстводан тыс кешенді сараптама және кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу кезінде мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) тапсырыс беруші – жобаның тапсырысшысы болып табылатын жеке және заңды тұлға (бюджеттік бағдарламаның әкімшісі немесе жобаның өзге тапсырысшысы – меншік иесі, инвестор, құрылыс салушы);

      2) құрылыс жобасы – жаңа объектілер салуға, сондай-ақ қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын өзгертуге (кеңейтуге, жаңғыртуға, техникамен қайта жарақтандыруға, реконструкциялауға және күрделі жөндеуге) арналған сараптамаға жататын техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар;

      3) қала құрылысы жобалары – сараптамаға жататын аумақтарды дамытудың және құрылыс салудың қала құрылысын жоспарлау жобалары аумақтарды дамыту мен салуды қала құрылысына жоспарлаудың мынадай жобалары:

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілетін Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақты дамытудың аймақаралық схемалары, тұрғындарының есептік саны жүз мың адамнан асатын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарлары, сондай-ақ жалпымемлекеттік немесе мемлекетаралық маңызы бар қала құрылысы жобалары, облыстардың (аудандардың) аумақтарын қала құрылысына жоспарлаудың кешендi схемалары, тұрғындарының саны жүз мың адамға дейінгі облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарлары, тұрғындарының саны жиырма мың адамнан асатын облыстық маңызы бар қалалардың, кенттердің және басқа елді мекендердің бас жоспарлары;

      4) бастапқы құжаттар – ведомстводан тыс кешенді сараптамаға (қала құрылысы сараптамасына) ұсынылған кезде құрылыс жобаларына қоса берілетін құжаттар (материалдар, деректер), олардың негізінде осы жоба әзірленеді.

2-тарау. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама қорытындыларын рәсімдеу тәртібі

      5. Мемлекеттік немесе аккредиттелген сараптама ұйымдары өз құзыреті шегінде жобаланатын объектінің функционалдық мақсатын ескере отырып:

      1) тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттардың;

      2) өндірістік мақсаттағы объектілердің;

      3) инфрақұрылым объектілері бар инженерлік коммуникациялардың;

      4) инфрақұрылым объектілері бар көлік коммуникацияларының;

      5) көпірлердің, көпір өткелдерінің, жол өткелдерің, тоннельдердің және өзге де көпір құрылыстарының;

      6) өзге де функционалдық мақсаттағы объектілердің құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындыларын ресімдейді.

      6. Сараптамалық қорытындылар:

      1) жоба (техникалық-экономикалық негіздеме, жобалау-сметалық құжаттама) бойынша "Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 165 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10666 болып тіркелген) бекітілген Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларына сәйкес ғимараттардың немесе құрылыстардың жауапкершілік деңгейін көрсетумен кіріспе және сипаттама бөлігі, сондай-ақ сараптамаға ұсынылған жобаға қоса берілетін міндетті бастапқы құжаттар (материалдар, деректер) туралы қысқаша ақпаратты;

      2) жобаның жалпы сапасын талдау және кешенді бағалау және қабылданған техникалық және жобалау шешімдерінің қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге, мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтердің талаптарына сәйкестігін;

      3) ведомстводан тыс кешенді сараптама нәтижесінде алынған жинақтаушы ұсыныстарымен және (немесе) өзге тұжырымдарымен қаулы ететін бөлімді қамтиды.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 16.08.2019 № 648 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6-1. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 299 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10722 болып тіркелген) Қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңа үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан барын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларының (бұдан әрі - Қағидалар) 2-1-тарауында белгіленген тәртіпте ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындысымен бірге тапсырыс берушіге:

      1) шаруашылық қызметінің І санаттағы объектілерінің техникалық-экономикалық негіздеме бойынша - мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы;

      2) шаруашылық қызметінің І санаттағы объектілерінің жобалау-сметалық құжаттамасы бойынша - экологиялық сараптаманың қорытындысы, қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі келісілген іс-шаралар жоспары;

      3) шаруашылық қызметінің ІІ, ІІІ санаттағы объектілерінің, оның ішінде шаруашылық қызметінің І санаттағы қолданыстағы объектілері аумағында құрылысы жоспарланған объектілерінің жобалау-сметалық құжаттамасы бойынша - қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі келісілген іс-шаралар жоспары;

      4) шаруашылық қызметінің ІV санаттағы объектілерінің, оның ішінде шаруашылық қызметінің І санаттағы қолданыстағы объектілері аумағында құрылысы жоспарланған объектілерінің жобалау-сметалық құжаттамасы бойынша - қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат жіберіледі.

      Ескерту. 2-тарау 6-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.08.2018 № 557 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың теріс сараптама қорытындысы Қағидаларында белгіленген жағдайларда жасалады және тапсырыс берушіге жіберіледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.08.2018 № 557 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Техникалық-экономикалық негіздеме немесе жобалау-сметалық құжаттама бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындылары мемлекеттік сараптама ұйымдарының сараптамалық қорытындылар нысанында жасалады және:

      1) республикалық деңгейде қаралған жобалар бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру лауазымдық функцияларына кіретін сараптама ұйымының бірінші басшысының не оның орынбасарының;

      2) өңірлік деңгейде қаралған жобалар бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру лауазымдық функцияларына кіретін сараптама ұйымының аумақтық бөлімшесі басшысының не оны алмастыратын адамның;

      3) сараптама бөлімдерінің басшылары немесе жобаланатын объектінің функционалдық мақсатына немесе жобаның тиісті бөлімдеріне (бөліктеріне) байланысты осы жоба бойынша басшылық қызметтерді атқаратын мамандардың электрондық-цифрлық қолтаңбасымен расталады.

      Мемлекеттік сараптама ұйымының сараптамалық қорытындысы оларға жоғарыда көрсетілген лауазымды тұлғалар қол қойғанға дейін республикалық деңгейде осы жобаны қарау жөніндегі сараптама комиссиясы басшысының не өңірлік деңгейде қаралған жобалар бойынша аумақтық бөлімшелер басшысының шешімімен құрылған (қалыптастырлған) сараптама топтарының мүшесі болып табылатын (атестатталған штаттан тыс сарапшыларды қоса алғанда) осы жобаның әрбір бөлімдері бойынша аттестатталған сарапшылардың электрондық-цифрлық қолтаңбасымен расталады.

      Құпия деген белгісі немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" (ҚБПҮ) деген белгісі бар техника-экономикалық негіздемесінің және жобалау-сметалық құжаттамасының жинағының соңғы редакциясы сарапшының аты, жөні және тегі (бар болса), лауазымы, аттестат нөмірі және берілген күні көрсетіліп, қағаз түрінде мөрмен расталады.

      9. Аккредиттелген сараптама ұйымдары құрылыс жобалары бойынша жалпы тәртіппен жүргізетін ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындылары палата белгілеген аккредиттелген сараптама ұйымдарының сараптамалық қорытындылары нысанында жасалады және:

      1) осы сараптама ұйымы басшысының не оны алмастыратын адамның;

      2) жобаланған объектінің функционалдық мақсатына немесе жобаның тиісті бөлімдеріне(бөліктеріне) байланысты осы жоба бойынша басшылық функциясын атқаратын мамандардың;

      3) аттестатталған штаттан тыс сарапшыларды қоса алғанда, қаралатын жобаның әрбір бөлімі (бөлігі) бойынша аттестатталған сарапшылардың электрондық-цифрлық қолтаңбасымен расталады.

      9-1. Осы Қағидалардың 6-1-тармағында көрсетілген құжаттар мынадай лауазымды адамдардың электрондық-цифрлық қолтаңбаларымен:

      1) шаруашылық қызметінің І санаттағы объектілері бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы және тапсырыс беруші бекіткен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары - сараптама бөлімшесі жетекшісінің және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптама немесе тиісті аумақтағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі сарапшысының электрондық-цифрлық қолтаңбасымен;

      2) шаруашылық қызметінің І санаттағы объектілері бойынша қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беру - уәкілетті адамның электрондық-цифрлық қолтаңбасымен;

      3) шаруашылық қызметінің ІІ, ІІІ, ІV санаттағы объектілері, оның ішінде шаруашылық қызметінің І санаттағы қолданыстағы объектілері аумағында құрылысы жоспарланған объектілер бойынша қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беру - уәкілетті адамның электрондық-цифрлық қолтаңбасымен;

      4) мемлекеттік сараптама ұйымының сараптама қорытындысымен бірге жіберілетін шаруашылық қызметінің ІІ, ІІІ санаттағы объектілері, оның ішінде шаруашылық қызметінің І санаттағы қолданыстағы объектілері аумағында құрылысы жоспарланған объектілер бойынша тапсырыс беруші бекіткен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары:

      осы Қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген лауазымды адамдардың;

      республикалық деңгейде қаралатын жобалар бойынша - олардың лауазымдық функцияларына жобалардың экологиялық сараптамасын жүргізу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестіру кіретін сараптама басқармалары, бөлімдері бастықтарының;

      өңірлік деңгейде қаралатын жобалар бойынша - аумақтық бөлімшелердің өндірістік бөлімі бастығының;

      қаралатын жобаның экологиялық бөлігі бойынша аттестатталған сарапшының электрондық-цифрлық қолтаңбасымен;

      5) аккредиттелген сараптама ұйымының сараптама қорытындысымен бірге жіберілетін шаруашылық қызметінің ІІ, ІІІ санаттағы объектілері, оның ішінде шаруашылық қызметінің І санаттағы қолданыстағы объектілері аумағында құрылысы жоспарланған объектілер бойынша тапсырыс беруші бекіткен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары:

      осы Қағидалардың 9-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген лауазымды адамдардың;

      қаралатын жобаның экологиялық бөлігі бойынша аттестатталған сарапшының электрондық-цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.

      Ескерту. 2-тарау 9-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.08.2018 № 557 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Ерекше реттеуді және (немесе) қала құрылысы регламентациясын талап ететін арнайы объектілерді салуға арналған жобалау-сметалық құжаттамасын кезең-кезеңмен әзірлеудің және келісудің жеке жоспарын әзірлеу мен келісу тәртібінде жүргізілетін сараптаманың қорытындысы:

      1) жобаның әрбір жеке іске қосу кешендері (кезектері, учаскелері) бойынша оны оң бағалау кезінде жобаның осы бөлімін бекітуге ұсынымы бар жергілікті сараптамалық қорытындылар;

      2) жалпы осы жоба бойынша мемлекеттік сараптама аяқталғаннан кейін жиынтық сараптамалық қорытынды нысанында жасалады.

      11. Мемлекеттік сараптама ұйымы құпия деген белгісі немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" (ҚБПҮ) деген белгісі бар құрылыс жобалары (ТЭН және ЖСҚ) бойынша жүргізген ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорындысы қағаз тасығышта ресімделеді және тапсырыс берушіге беріледі.

      Құпия деген белгісі немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" (ҚБПҮ) деген белгісі бар құрылыс жобалары бойынша сараптаманың қорытындысы негізгі құрылыс жобаларының сараптама қорытындыларынан бөлек есепке алынады және тіркеледі.

      12. Сараптама ұйымдары тапсырыс берушіге берген ведомстводан тыс кешенді сараптама жиынтық қорытындыларына тіркеу нөмірлерін бере отырып, олардың міндетті есебін жүргізеді.

3-тарау. Барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасының қорытындыларын ресімдеу тәртібі

      13. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының сараптама комиссиясы бекітілген сараптамалық қорытындыны тапсырыс берушіге беру үшін осы Қағидалардың 4-тармағы 3) тармақшасының бірінші бөлігінде көрсетілген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітуге жататын жобаларды қараудың нәтижелері бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасының сараптамалық қорытындысын жасайды, оны Қағидалардың осы тарауында көзделген тәртіпке сәйкес ресімдейді.

      14. Жергілікті атқарушы органдардың сараптама топтары бекітілген сараптамалық қорытындыны тапсырыс берушіге беру үшін осы Қағидалардың 4-тармағы 3) тармақшасының екінші бөлігінде көрсетілген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітуге жататын жобаларды қараудың нәтижелері бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасының сараптамалық қорытындысын жасайды, оны Қағидалардың осы тарауында көзделген тәртіпке сәйкес ресімдейді.

      15. Кешенді қала құрылысы сараптамасының сараптамалық қорытындысы:

      1) жоба бойынша кіріспе және сипаттама бөлігін, сондай-ақ міндетті келісуді қоса алғанда, жобаға қоса берілетін міндетті бастапқы құжаттар (материалдар, деректер) туралы ақпаратты;

      2) жобаның жалпы сапасын талдау және кешенді бағалау және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын қабылданған техникалық және жобалау шешімдерінің қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге, қала құрылысы және техникалық регламенттерге, мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативті-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкестігін;

      3) кешенді қала құрылысы сараптамасы нәтижесінде алынған жинақтаушы ұсыныстарымен және (немесе) өзге тұжырымдарымен қаулы бөлігін көздейді.

      16. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне кіретін жобалар бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасының сараптамалық қорытындысына сараптама комиссияның мүшелері қол қояды және оны сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган ведомствосы бекіткен сараптама комиссиясының төрағасы не оның төрағасының міндетін атқарушы сараптама комиссиясының мүшесі бекітеді.

      17. Мәслихаттардың құзыретіне кіретін жобалар бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасының сараптамалық қорытындысына сараптама топтарының мүшелері қол қояды және оны жергілікті артарушы орган бекіткен сараптама тобының жетекшісі не оның жетекшісінің міндетін атқаратын сараптама тобының мүшесі бекітеді.