Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негiздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын ресiмдеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 305 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 8 сәуірде № 10636 тіркелді

Жаңартылған

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 02.12.2015 № 751 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 11-3) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негiздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын ресiмдеу қағидалары бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 02.12.2015 № 751 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Е. Досаев

Қазақстан Республикасы   
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 2 сәуірдегі  
№ 305 бұйрығымен     
бекітілген       

Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық
негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша
сараптама қорытындыларын ресімдеу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 02.12.2015 № 751 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын ресімдеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.
      2. Қағидалар:
      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілетін қаралған қала құрылысы жобалары бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасының;
      қаралған құрлыс объектілерінің жобалары бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындыларын (салалық сараптамалардың жергілікті қорытындыларын қоса алғанда) ресімдеу тәртібін белгілейді.
      3. Құрылыс жобалары бойынша сараптама қорытындыларын (салалық сараптамалардың жергілікті қорытындыларын қоса алғанда) ресімдеу және беру кезінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның бірыңғай электрондық ақпараттық жүйесінің ведомствосы пайдаланылады.
      Осы норма қала құрылысы жобалары бойынша сараптама қорытындысын ресімдеудің тәртібіне қолданылмайды.
      4. Осы Қағидаларда ведомстводан тыс кешенді сараптама және кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу кезінде мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
      1) тапсырыс беруші – жобаның тапсырысшысы болып табылатын жеке және заңды тұлға (бюджеттік бағдарламаның әкімшісі немесе жобаның өзге тапсырысшысы – меншік иесі, инвестор, құрылыс салушы);
      2) құрылыс жобасы – жаңа объектілер салуға, сондай-ақ қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын өзгертуге (кеңейтуге, жаңғыртуға, техникамен қайта жарақтандыруға, реконструкциялауға және күрделі жөндеуге) арналған сараптамаға жататын техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар;
      3) қала құрылысы жобалары – сараптамаға жататын аумақтарды дамытудың және құрылыс салудың қала құрылысын жоспарлау жобалары аумақтарды дамыту мен салуды қала құрылысына жоспарлаудың мынадай жобалары;
      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілетін Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақты дамытудың аймақаралық схемалары, тұрғындарының есептік саны жүз мың адамнан асатын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарлары, сондай-ақ жалпымемлекеттік немесе мемлекетаралық маңызы бар қала құрылысы жобалары, облыстардың (аудандардың) аумақтарын қала құрылысына жоспарлаудың кешендi схемалары, тұрғындарының саны жүз мың адамға дейінгі облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарлары, тұрғындарының саны жиырма мың адамнан асатын облыстық маңызы бар қалалардың, кенттердің және басқа елді мекендердің бас жоспарлары;
      4) бастапқы құжаттар – ведомстводан тыс кешенді сараптамаға (қала құрылысы сараптамасына) ұсынылған кезде құрылыс жобаларына қоса берілетін құжаттар (материалдар, деректер), олардың негізінде осы жоба әзірленеді;
      5) жергілікті сараптамалық қорытынды:
      жиынтық қорытынды ресімдеу үшін сараптама ұйымына ұсынылатын ведомстводан тыс кешенді сараптама барысында техникалық-экономикалық негіздемелер немесе жобалау-сметалық құжаттамалар бойынша жүргізілген қорытынды;
      объектіні іске қосу кешендеріне, кезектерге (кезеңдерге, сатыларға) немесе учаскелерге бөлуді көздейтін жобалау-сметалық құжаттаманың бір бөлімі немесе бөлімдер тобы бойынша шартта белгіленген талаптарға сәйкес сарапшылар жүргізген нәтижелер бойынша жасалатын қорытынды.

2. Құрылыс жобалары бойынша ведомстводан
тыс кешенді сараптама қорытындыларын ресімдеу тәртібі

      5. Мемлекеттік немесе аккредиттелген сараптама ұйымдары (салалық сараптамалардың атынан олардың бірлесе орындаушыларын қоса алғанда) өз құзыреті шегінде жобаланатын объектінің функционалдық мақсатын ескере отырып:
      1) тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттардың;
      2) өндірістік мақсаттағы объектілердің;
      3) инфрақұрылым объектілері бар инженерлік коммуникациялардың;
      4) инфрақұрылым объектілері бар көлік коммуникацияларының;
      5) көпірлердің, көпір өткелдерінің, жол өткелдерің, тоннельдердің және өзге де көпір құрылыстарының;
      6) өзге де функционалдық мақсаттағы объектілердің құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың (салалық сараптамалардың жергілікті қорытындыларын қоса алғанда) жиынтық қорытындыларын ресімдейді.
      6. Жиынтық сараптамалық қорытындылар:
      1) жоба (техникалық-экономикалық негіздеме, жобалау-сметалық құжаттама) бойынша кіріспе және сипаттама бөлігі, сондай-ақ сараптамаға ұсынылған жобаға қоса берілетін міндетті бастапқы құжаттар (материалдар, деректер) туралы қысқаша ақпаратты;
      2) жобаның жалпы сапасын талдау және кешенді бағалау және қабылданған техникалық және жобалау шешімдерінің қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге, мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтердің талаптарына сәйкестігін;
      3) ведомстводан тыс кешенді сараптаманың жиынтық қорытындысына қоса берілетін салалық сараптама тұжырымдарының көшірмелерін қоса алғанда, ведомстводан тыс кешенді сараптама нәтижесінде алынған жинақтаушы ұсыныстарымен және (немесе) өзге тұжырымдарымен қаулы ететін бөлімді қамтиды.
      7. Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың теріс сараптамалық қорытындысы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 299 бұйрығымен бекітілген, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10722 болып тіркелген Қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңаларын салуға, сондай-ақ бұрыннан бар үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамасына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларында белгіленген жағдайларда жасалады және тапсырыс берушіге жіберіледі.
      8. Жалпы тәртіппен өткізілетін техникалық-экономикалық негіздеме және жобалау-сметалық құжаттама бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындылары мемлекеттік немесе аккредиттелген сараптама ұйымдарының жиынтық сараптамалық қорытындылар форматында жасалады және:
      республикалық деңгейде қаралған жобалар бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру лауазымдық қызметіне кіретін сараптама ұйымының басшысына (басшысы немесе оның бірінші орынбасары) ұсынатын уәкілетті лауазымды тұлғаның немесе өңірлік деңгейде қаралған жобалар бойынша – тиісті аумақтық құрылымның бірінші басшысының;
      сараптама бөлімдерінің басшылары немесе жобаланатын объектінің функционалдық мақсатына немесе жобаның тиісті бөлімдеріне (бөліктеріне) байланысты осы жоба бойынша басшылық қызметтерді атқаратын мамандардың;
      осы жобаның әрбір бөлімдеріне жауапты сараптама ұйымының басшысы тағайындаған аттестатталған сараптама тобының (атестатталған штаттан тыс сарапшыларды қоса алғанда) басқа аттестатталған мүшелерінің қолы қойылады.
      9. Жобалау тапсырмасында көзделген іске қосу кешендерін белгілеуді (кезектерді немесе құрылыс учаскелері) ескере отырып, өткізілетін жобалау-сметалық құжаттама бойынша сараптама ұйымының қорытындылары:
      1) жобаның әрбір жеке іске қосу кешендері (кезектері, учаскелері) бойынша оны оң бағалау кезінде жобаның осы бөлімін бекітуге ұсынымы бар жергілікті сараптамалық қорытындылар;
      2) жалпы осы жоба бойынша мемлекеттік сараптама аяқталғаннан кейін жиынтық сараптамалық қорытынды форматында жасалады.
      10. Техникалық-экономикалық негіздемеге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптаманың жергілікті және жиынтық қорытындылары:
      1) республикалық деңгейде қаралатын жобалар бойынша – ведомстводан тыс кешенді сараптама немесе салалық сараптамалар жүргізуді ұйымдастыру лауазымдық қызметіне жататын сараптама ұйымының бірінші басшысы орынбасарының;
      2) өңірлік деңгейде қаралған жобалар бойынша – мемлекеттік сараптама ұйымының тиісті аумақтық құрылымның бірінші басшысының немесе аккредиттелген сараптама ұйымы (немесе жергілікті құрылымының) басшысының;
      3) осы сараптама ұйымының мамандандырылған сараптама бөлімдерінің бастығының немесе тиісті қызметтерді атқаратын мамандардың;
      4) осы жоба бойынша жетекші сарапшы тағайындаған аттестатталған маманның;
      5) осы іске қосу кешеніне арналған жобаның әрбір бөлімі (бөлігі) бойынша жауапты сараптама ұйымының басшысы тағайындаған сараптама тобының өзге аттестатталған мүшелерінің (штаттан тыс сарапшыларды қоса) электрондық-цифрлық қолтаңбасы арқылы ресімделеді.
      11. Сараптама ұйымы ведомстводан тыс кешенді сараптама тапсырыс берушіге берген жиынтық қорытындыларына тіркеу нөмірлерін бере отырып, олардың міндетті есебін жүргізеді.

3. Барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала
құрылысы сараптамасының қорытындыларын ресімдеу тәртібі

      12. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның сараптама комиссиясы бекітілген сараптамалық қорытындыны тапсырыс берушіге беру үшін осы Қағидалардың 4-тармағы 3) тармақшасының бірінші бөлігінде көрсетілген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітуге жататын жобаларды қараудың нәтижелері бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасының сараптамалық қорытындысын жасайды, оны Қағидалардың осы тарауында көзделген тәртіпке сәйкес ресімдейді.
      13. Жергілікті атқарушы органдардың сараптама топтары бекітілген сараптамалық қорытындыны тапсырыс берушіге беру үшін осы Қағидалардың 4-тармағы 3) тармақшасының екінші бөлігінде көрсетілген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітуге жататын жобаларды қараудың нәтижелері бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасының сараптамалық қорытындысын жасайды, оны Қағидалардың осы тарауында көзделген тәртіпке сәйкес ресімдейді.
      14. Кешенді қала құрылысы сараптамасының қорытындысы:
      1) жоба бойынша кіріспе және сипаттама бөлігін, сондай-ақ міндетті келісуді қоса алғанда, жобаға қоса берілетін міндетті бастапқы құжаттар (материалдар, деректер) туралы ақпаратты;
      2) жобаның жалпы сапасын талдау және кешенді бағалау және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын қабылданған техникалық және жобалау шешімдерінің қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге, қала құрылысы және техникалық регламенттерге, мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативті-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкестігін;
      3) кешенді қала құрылысы сараптамасы нәтижесінде алынған жинақтаушы ұсыныстарымен және (немесе) өзге тұжырымдарымен қаулы бөлігін көздейді.
      15. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне кіретін жобалар бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасының сараптамалық қорытындысына сараптама комиссияның мүшелері қол қояды және оны сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның сараптама комиссиясының төрағасы не оның төрағасының міндетін атқарушы сараптама комиссиясының мүшесі бекітеді.
      16. Мәслихаттардың құзыретіне кіретін жобалар бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасының сараптамалық қорытындысына сараптама топтарының мүшелері қол қояды және оны жергілікті артарушы орган бекіткен сараптама тобының жетекшісі не оның жетекшісінің міндетін атқаратын сараптама тобының мүшесі бекітеді.