Объектілерді салуға арналған жобалар (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама) бойынша сараптама қорытындыларын ресімдеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 305 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 8 сәуірде № 10636 тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 11-3) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Объектілерді салуға арналған жобалар (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама) бойынша сараптама қорытындыларын ресімдеу қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Е. Досаев

Қазақстан Республикасы   
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 2 сәуірдегі   
№ 305 бұйрығымен      
бекітілген        

Объектілерді салуға арналған жобалар (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама) бойынша сараптама қорытындыларын ресімдеу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы объектілерді салуға арналған жобалар (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама) бойынша сараптама қорытындыларын ресімдеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңының негізінде әзірленді.
      2. Қағидалар қаралған техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындыларын (салалық сараптамалардың жергілікті қорытындыларын қоса алғанда) ресімдеу тәртібін белгілейді.
      Сараптама қорытындыларын, салалық сараптамалардың жергілікті қорытындыларын қоса алғанда, ресімдеу кезінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның бірыңғай электрондық ақпараттық жүйесінің ведомствосы пайдаланылады.
      3. Осы Қағидаларда ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу кезінде мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
      1) тапсырыс беруші – жобаның және ведомстводан тыс кешенді сараптама тапсырысшысы (бюджеттік бағдарламаның әкімшісі немесе жобаның өзге тапсырысшысы – меншік иесі, инвестор, құрылыс салушы) болып табылатын жеке және заңды тұлға;
      2) құрылыс жобасы – жаңа объектілер салуға, сондай-ақ қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын өзгертуге (кеңейтуге, жаңғыртуға, техникамен қайта жарақтандыруға, реконструкциялауға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар;
      3) бастапқы құжаттар – сараптамаға ұсынылатын құрылыс жобаларына қоса берілетін (материалдар, деректер), олардың негізінде осы жоба әзірленген құжаттар. Бастапқы құжаттар сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнамаға, сондай-ақ міндетті салалық (ведомстволық, бейіндік) сараптамалар мен келісулерден өту бойынша көзделген заңнамалық талаптарға сәйкес ресімделеді;
      4) құрылыс – жаңа объектілер салу және (немесе) бар объектілерді (үйлерді, ғимараттар мен олардың кешендерін, коммуникацияларды) өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтіру, күрделі жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлік жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларын дайындау (өндіру) жұмыстарын жүзеге асыру жолымен өндірістік және өндірістік емес негізгі қорларды құру жөніндегі қызмет;
      5) жергілікті сараптамалық қорытынды:
      жиынтық қорытынды ресімдеу үшін сараптама ұйымына ұсынылатын ведомстводан тыс кешенді сараптама барысында техникалық-экономикалық негіздемелер немесе жобалау-сметалық құжаттамалар бойынша жүргізілген қорытынды;
      объектіні іске қосу кешендеріне, кезектерге (кезеңдерге, сатыларға) немесе учаскелерге бөлуді көздейтін жобалау-сметалық құжаттаманың бір бөлімі немесе бөлімдер тобы бойынша шартта белгіленген талаптарға сәйкес сарапшылар жүргізген нәтижелер бойынша жасалатын қорытынды.
      4. Құрылыс жобалары (реконструкциялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту немесе күрделі жөндеу) бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуге ұсыну кезінде тапсырыс берушінің өтініміне қоса берілетін құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптамаға ұсынылатын бастапқы құжаттардың (материалдардың, деректердің) тізбесі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңының 20-бабы 5) тармағының 11) тармақшасында белгіленген тәртіппен сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкілетті орган бекіткен құрылыс салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемелеріне және жобалау-сметалық құжаттамаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларында көрсетілген.

2. Ведомстводан тыс кешенді сараптамалық қорытындыларды ресімдеу тәртібі

      5. Сараптама ұйымдары өз құзыреті шегінде жобаланатын объектінің функционалдық мақсатына байланысты:
      1) тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттардың;
      2) өндірістік мақсаттағы объектілердің;
      3) инфрақұрылым объектілері бар инженерлік коммуникациялардың;
      4) инфрақұрылым объектілері бар көлік коммуникациялардың;
      5) көпірлерді, көпір өткелдерін, жол өткелдерін, тоннелдерді және өзге де көпір құрылыстарының;
      6) өзге де функционалдық мақсаттағы объектілердің құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың жиынтық қорытындыларын ресімдейді.
      6. Жиынтық сараптамалық қорытындылар:
      1) жоба (техникалық-экономикалық негіздеме, жобалау-сметалық құжаттама) бойынша кіріспе және сипаттама бөлігі, сондай-ақ сараптамаға ұсынылған жобаға қоса берілетін міндетті бастапқы құжаттар (материалдар, деректер) туралы қысқаша ақпаратты;
      2) жобаның жалпы сапасын талдау және кешенді бағалау және қабылданған техникалық және жобалау шешімдерінің қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге, мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтердің талаптарына сәйкестігін;
      3) ведомстводан тыс кешенді сараптаманың жиынтық қорытындысына қоса берілетін салалық сараптама тұжырымдарының көшірмелерін қоса алғанда, ведомстводан тыс кешенді сараптама нәтижесінде алынған жинақтаушы ұсыныстарымен және (немесе) өзге тұжырымдарымен қаулы ететін бөлімді қамтиды.
      7. Сараптама ұйымының жобаны пысықтауға қайтару туралы сараптамалық тұжырымы мынадай жағдайларда:
      1) егер жобаны сапасыз әзірлеу немесе оның талаптарға, ережелер мен шектеулерге, бастапқы деректерде (материалдарда, деректерде) және жобалау және құрылыс саласындағы мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтерде көзделген талаптарға, шарттарға және шектеулерге оның сәйкес келмеу фактісі анықталса;
      2) тапсырыс беруші сарапшылардың дәлелді ескертулерін сараптама жүргізуге арналған шартпен белгіленген мерзімде толық көлемде жоймаса теріс сараптамалық қорытынды жасалады және тапсырыс берушіге жіберіледі.
      8. Жалпы тәртіппен өткізілетін техникалық-экономикалық негіздеме және жобалау-сметалық құжаттама бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындылары мемлекеттік немесе аккредиттелген сараптама ұйымдарының жиынтық сараптамалық қорытындылар форматында жасалады және:
      республикалық деңгейде қаралған жобалар бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру лауазымдық қызметіне кіретін сараптама ұйымының басшысына (басшысы немесе оның бірінші орынбасары) ұсынатын уәкілетті лауазымды тұлғаның немесе өңірлік деңгейде қаралған жобалар бойынша – тиісті аумақтық құрылымның бірінші басшысының;
      сараптама бөлімдерінің басшылары немесе жобаланатын объектінің функционалдық мақсатына немесе жобаның тиісті бөлімдеріне (бөліктеріне) байланысты осы жоба бойынша басшылық қызметтерді атқаратын мамандардың;
      осы жобаның әрбір бөлімдеріне жауапты сараптама ұйымының басшысы тағайындаған аттестатталған сараптама тобының (атестатталған штаттан тыс сарапшыларды қоса алғанда) басқа аттестатталған мүшелерінің қолы қойылады.
      9. Жобалау тапсырмасында көзделген іске қосу кешендерін белгілеуді (кезектерді немесе құрылыс учаскелері) ескере отырып, өткізілетін жобалау-сметалық құжаттама бойынша сараптама ұйымының қорытындылары:
      1) жобаның әрбір жеке іске қосу кешендері (кезектері, учаскелері) бойынша оны оң бағалау кезінде жобаның осы бөлімін бекітуге ұсынымы бар жергілікті сараптамалық қорытындылар;
      2) жалпы осы жоба бойынша мемлекеттік сараптама аяқталғаннан кейін жиынтық сараптамалық қорытынды форматында жасалады.
      10. Техникалық-экономикалық негіздемеге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптаманың жергілікті және жиынтық қорытындылары:
      1) республикалық деңгейде қаралатын жобалар бойынша – ведомстводан тыс кешенді сараптама немесе салалық сараптамалар жүргізуді ұйымдастыру лауазымдық қызметіне жататын сараптама ұйымының бірінші басшысы орынбасарының;
      2) өңірлік деңгейде қаралған жобалар бойынша – мемлекеттік сараптама ұйымының тиісті аумақтық құрылымның бірінші басшысының немесе аккредиттелген сараптама ұйымы (немесе жергілікті құрылымының) басшысының;
      3) осы сараптама ұйымының мамандандырылған сараптама бөлімдерінің бастығының немесе тиісті қызметтерді атқаратын мамандардың;
      4) осы жоба бойынша жетекші сарапшы тағайындаған аттестатталған маманның;
      5) осы іске қосу кешеніне арналған жобаның әрбір бөлімі (бөлігі) бойынша жауапты сараптама ұйымының басшысы тағайындаған сараптама тобының өзге аттестатталған мүшелерінің (штаттан тыс сарапшыларды қоса) электрондық-цифрлық қолтаңбасы арқылы ресімделеді.
      11. Сараптама ұйымы ведомстводан тыс кешенді сараптама тапсырыс берушіге берген жиынтық қорытындыларына тіркеу нөмірлерін бере отырып, олардың міндетті есебін жүргізеді.