Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі, сондай-ақ осы нарықта қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 111 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 26 наурызда № 10533 тіркелді.

Жаңартылған

      "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 5-бабының 13) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс iстеуі, сондай-ақ осы нарықта қызмет көрсету қағидаларын бекітілсін.

      1. 2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруын;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

В. Школьник


  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 20 ақпандағы
№ 111 бұйрығымен
бекітілген

Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және оның
жұмыс iстеуі, сондай-ақ осы нарықта қызмет көрсету қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс iстеуі, сондай-ақ осы нарықта қызмет көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзiрлендi және электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс iстеуі, сондай-ақ осы нарықта қызмет көрсету тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) есеп айырысу кезеңi – электрмен жабдықтау шартында айқындалатын, көрсетiлген қызметтер және (немесе) электр энергиясын жеткiзгенi үшiн есеп айырысу жүргiзiлетiн уақыт бөлiгi;

      2) нақты теңгерім – электр энергиясының бөлшек сауда нарығындағы субъектiлердiң есеп айырысу кезеңінде жеткiзген және тұтынған электр энергиясы көлемiнiң атаулы бөлiнуiн белгiлейтiн, өңірлік деңгейдегі электр желілерін пайдаланатын энергия беруші ұйым жасаған құжат;

      3) өндіру кестесі – энергия өндіруші ұйымның электр энергиясын өндіруінің тәуліктік теңгерімі;

      4) өңiрлiк деңгейдегi электр желiлерi – өңірлік деңгейдегі электр желілерін пайдаланатын энергия беруші ұйымның, не басқа желінің меншік иесі – электр энергиясының бөлшек сауда нарығы субъектілерінің теңгерімінде тұрған электр энергиясын беруге және (немесе) таратуға арналған шағын станциялардың, тарату құрылғыларының және оларды жалғастыратын электр беру желiлерiнiң жиынтығы;

      5) техникалық шарттар – электр желілеріне қосуды орындау үшін қажетті техникалық талаптар;

      6) электрмен жабдықтау шарты – электрмен жабдықтаушы ұйым тұтынушыға жалғастырылған желi арқылы энергия беруге мiндеттенетiн, ал тұтынушы алған электр энергиясына ақы төлеуге, сондай-ақ оны тұтынудың шартта көзделген режимiн сақтауға, өзінің қарамағындағы электр желiлерiн пайдалану қауiпсiздiгiн және электр энергиясын тұтынуымен байланысты олар пайдаланатын аспаптар мен жабдықтардың жарамдылығын қамтамасыз етуге мiндеттенетiн келісім.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамаға сәйкес қолданылады.

2. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және
осы нарықта қызмет көрсету тәртібі
1-параграф. Энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясының
бөлшек сауда нарығына қатысуы

      3. Энергия өндіруші ұйымдар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында импортталатын энергияны өндіреді және сатады, сондай-ақ жасалған шарттарға сәйкес жеткізеді.

      4. Энергия өндіруші ұйымдар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында өз қызметін жүзеге асыру процесінде жүйелік оператор бекіткен электр энергиясын өндіру-тұтыну тәулік кестесін (бұдан әрі – тәулік кестесі) сақтайды.

2-параграф. Энергия беруші ұйымдардың электр энергиясының бөлшек сауда нарығына қатысуы

      5. Энергия беруші ұйымдар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында электр энергиясын электр желілер арқылы шарттық талаптарда беру бойынша қызмет көрсетеді.

      6. Энергия беруші ұйымдар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында өз қызметін жүзеге асыру процесінде:

      1) электр энергиясын электр желілеріне қызмет көрсету арқылы айдау және беру көлемінің есебін жүргізеді;

      2) коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алуды жүзеге асырады, қызмет көрсетілетін желілерге қосылған барлық бөлшек тұтынушылардың тұтыну көлемін айқындайды және осы ақпаратты өңірлік электр желілерін пайдаланатын энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен энергия беруші ұйымдарға береді;

      3) өздерінің желілері бойынша берілетін электр энергиясының сапасын қамтамасыз етеді және бақылайды;

      4) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес жасалған шарттар мен белгіленген талаптарға сәйкес электр энергиясын беру сенімділігін қамтамасыз етеді;

      5) қызмет көрсету желілеріне және шаруашылық мұқтаждықтарына беру кезіндегі электр энергиясының технологиялық шығындарын жабу үшін электр энергиясын сатып алуды жүргізеді;

      6) өз желілеріне электр желілерін және тұтынушылар қондырғыларын қосуға арналған техникалық шарттарды беруді жүзеге асырады;

      7) электр энергиясын беруді тоқтату (шектеу) жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады.

      7. Өңірлік деңгейдегі электр желілерін пайдаланатын энергия берушi ұйымдар осы Қағидалардың 5-тармағында аталғандарға қосымша:

      1) электр энергиясын сатып алу-сату үшін жасалған шарттар мен оны беру шарттары туралы дерекқор қалыптастырады;

      2) электр энергиясының бөлшек сауда нарығы субъектiлерiнiң электр энергиясын жеткiзу мен тұтынуының нақты теңгерiмiн жасайды;

      3) тұтынушылар мәлiмдеген электр энергиясы көлемiн берудiң техникалық мүмкiндiктерiн және олардың коммерциялық есепке алу жүйелерiнiң Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес белгіленген талаптарына сәйкестiгiн қарайды;

      4) өңiрдiң электр желiлерiнiң перспективалық даму жоспарын әзiрлейдi және олардың негiзiнде өңiрлiк деңгейдегi электр желiлерiн жоспарлы дамытуды жүзеге асырады;

      5) энергиямен жабдықтаушы ұйымның қызметін электр энергиясының бөлшек сауда нарығында тоқтату немесе олардың бөлшек тұтынушыларды электрмен жабдықтауды тоқтату фактiлерiн анықтайды және ол туралы электр энергиясын кепiлдiкпен жеткiзушiге хабарлайды.

      8. Энергия берушi ұйымның электр энергиясын беруді тоқтатуына (шектеуіне) жол берілмейді, мыналардан басқа:

      1) бірыңғай электр энергетикалық жүйедегі авариялық бұзушылықтардың алдын алуды, оқшаулауды және жоюды;

      2) электр энергиясының бөлшек сауда нарығы субъектiлерiнің жасалған энергиямен жабдықтау шарттарына сәйкес электр энергиясын беру үшiн ақы төлеу талаптарын бұзуын;

      3) энергиямен жабдықтаушы ұйымның өтінімі бойынша тұтынушылармен жасалған энергиямен жабдықтау шарттарына сәйкес тұтынған электр энергиясы үшін ақы төлеу шарттарын бұзуын қоспағанда.

3-параграф. Энергия жабдықтаушы ұйымдардың және тұтынушылардың
электр энергиясының бөлшек сауда нарығына қатысуы

      9. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында энергия өндіруші және (немесе) энергия беруші ұйымдардан электр энергиясын сатып алады және оны энергиямен жабдықтау шарттарына сәйкес тұтынушыларға сатады.

      10. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында өз қызметін жүзеге асыру процесінде:

      1) жасалған шарттарға сәйкес жеткiзу-тұтыну режимдерiн жүргiзу бойынша энергия берушi ұйымдардың жедел өкiмдерiн орындайды;

      2) энергия берушi ұйымдармен электр энергиясын сатып алу-сатуға және электр энергиясын беру жөнiндегi қызметтер көрсетуге жасалған шарттар бойынша электр энергиясын жеткiзу-тұтынудың тәулiктiк кестесiн бередi;

      3) тұтынушыларға электр энергиясын беруге энергия беруші ұйымдармен шарттар жасасады;

      4) энергия беруші ұйымдардың электр энергиясын беру жөніндегі қызметтеріне ақы төлейді.

      11. Энергиямен жабдықтаушы ұйымның қызмет көрсету аймағы олар жасасқан энергиямен жабдықтау шарттарына сәйкес желілеріне тұтынушылар қосылған энергия беруші ұйымдар желілерінің шекарасымен айқындалады.

      12. Электр энергиясын кепілдікпен жеткізуші энергиямен жабдықтаушы ұйымдар ішінен айқындалады, оның тұтынушылар құрамында жауапкершілік аймағына сәйкес басқа да энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен салыстырғанда тұрмыстық тұтынушылардың көп бөлігі болады.

      13. Энергия беруші ұйымның жедел-диспетчерлiк басқармасының әрекетi таралатын аумақ және энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен электр энергиясын беруге жасалған шарттарға сәйкес энергия беруші ұйымның электр желiлерi арқылы электр энергиясын алатын барлық тұтынушылар электр энергиясын кепілдікпен жеткізушілердің жауапкершілік аймағы болып табылады.

      14. Электр энергиясын кепілдікпен жеткізушілер мен тұтынушылар арасында энергиямен жабдықтау шарттары Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамаға сәйкес жасалады.

      15. Энергиямен жабдықтаушы ұйым энергиямен жабдықтау шарттарын бұзған кезде өз тұтынушылары мен энергия берушi ұйымдарға және электр энергиясын кепілдікпен жеткізушіге электрмен жабдықтаудың тиісті шарттарды бұзу туралы жазбаша (егер шарт жазбаша нысанда жасалса) немесе электрмен жабдықтау қызметтік төлеу шоттарында тиісті ақпаратты орналастыра отырып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ монополияға қарсы органға (егер энергиямен жабдықтаушы ұйым басым немесе монополиялық орын алатын, нарық субъектілерінің мемлекеттік нарығына енгізілсе) күнтiзбелiк екі ай бұрын хабарлайды.

      16. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен энергиямен жабдықтау шарттарын жасасуға ниет білдірген және тиісті энергия жабдықтаушы ұйымдармен электрмен жабдықтау шартын бұзу туралы хабардар болған тұтынушылар шартты бұзу туралы хабарламаны (егер шарт жазбаша нысанда жасалса) алған немесе хабарландыру бұқаралық ақпарат құралдары жарияланған сәттен бастап бір ай ішінде энергиямен жабдықтаушы бөгде ұйымға (бұдан әрі – жаңа энергиямен жабдықтаушы ұйым) өтінішпен жүгінеді.

      17. Жаңа энергиямен жабдықтаушы жаңа ұйым энергиямен жабдықтау шартын (немесе бұрынғы энергиямен жабдықтау шарты бойынша құқықтар мен міндеттемелерге көшу туралы келісім):

      1) бұрынғы электрмен жабдықтаушы ұйымда энергиямен жабдықтау шартын жасау үшін қажетті, сәйкес тұтынушының құжаттарының толық пакеті болған жағдайда;

      2) қолданысы тоқтаған сәтте бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйыммен энергиямен жабдықтау шартының талаптарын тұтынушылар сақтаған жағдайда жасайды.

      18. Бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйыммен электрмен жабдықтау шартын бұзу туралы хабарламаны алған немесе хабарландыру жарияланған сәттен бастап бір ай ішінде энергиямен жабдықтау шартын жасасу туралы тұтынушының өтініші болмаған жағдайда, жаңа энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушыға энергиямен жабдықтау бойынша қызметтерді одан әрі алу ниетін білдірген жағдайда энергиямен жабдықтау шартын жасасу қажеттілігі туралы жазбаша хабарламаны жібереді.

      19. Хабарламаны алған сәттен бастап бір ай өткен соң тұтынушының электрмен жабдықтау шартын жасасу туралы өтініші болмаған кезде жаңа энергиямен жабдықтаушы ұйым бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушысына электр энергиясын беруді тоқтады.

      20. Жаңа энергиямен жабдықтаушы ұйым бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйымның өкiлдерiмен коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткiштерiн жазып алуды жүргiзедi және үш жақты қабылдап алу-тапсыру актiсiн жасайды, оған энергия жабдықтаушы ұйымның беретiн және алатын өкiлдерi мен тұтынушылары қол қояды. Бұл тапсыру-қабылдап алу актiсi тараптардың өзара есеп айырысуы үшiн негiз болады. Тапсыру-қабылдап алу актiсiне сәйкес бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйым түпкiлiктi есептесу үшiн тұтынушыға шот бередi.

      21. Тапсыру-қабылдап алу актiсiнiң көшiрмесi электр энергиясының теңгерiмiн жасау үшiн энергия беруші ұйымға берiледi.

      22. Электр энергиясын тұтынушылар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында:

      1) жасасқан шарттардың талаптарына сәйкес электр энергиясын алады және тұтынады;

      2) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес белгiленген тәртiппен есепке алу жүйесінің сараланған тарифтері бойынша электр энергиясын тұтыну үшін төлем жүргiзедi;

      3) тұтынушының меншiгiндегi электр қондырғылары мен электр энергиясының коммерциялық есепке алу аспаптарын тиiстi техникалық күйде ұстайды;

      4) тұрмыстық тұтынушыларды қоспағанда, электрмен жабдықтау шартында белгiленген электр тұтыну режимiн сақтайды;

      5) энергиямен жабдықтаушы және энергия берушi ұйымдардың қызметкерлерiн коммерциялық есепке алу аспаптарына, сондай-ақ мемлекеттiк энергетикалық бақылау жөнiндегi органның қызметкерлерiн электр және энергия қондырғыларының техникалық жай-күйiн және пайдалану қауiпсiздiгiн бақылауды жүзеге асыру үшiн жiбереді.

3. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығының жұмыс iстеу тәртібі

      23. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығында жасалатын электр энергиясын сату-сатып алу және беру жөнiндегi мәмiлелердi iске асыру алдағы тәулiктерге оның тұтынушыларының өтiнiмдері бойынша электр беруші ұйым деректерінің негізінде қалыптастыратын тәулiктiк кестеге сәйкес жүргiзiледi.

      24. Энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушылар берген тұтыну туралы ақпараттар бойынша, сондай-ақ осы Қағидалардың 23-тармағының 4) тармақшасына сәйкес электр тұтыну режимін сақтау жөнінде талаптар қойылмайтын тұтынушыларды есепке ала отырып, алдағы тәулiктерге өтiнiмдердi қалыптастырады.

      25. Тәулiктiк кестеде электр энергиясының бөлшек сауда нарығына электр энергиясын жеткiзетiн әрбiр энергия өндiрушi ұйымның электр энергиясын өндірудің сағаттық шамалары және әр энергиямен жабдықтаушы ұйым мен олар үшiн электр энергиясы сатып алынған тiкелей тұтынушылардың тұтынулары көрсетiледi.

      26. Энергия беруші ұйым өзінің желілеріне қосылған энергия өндіруші ұйымдармен келісілген және тіркеуден өткен энергия беруші ұйымның барлық шарттары негізінде құрастырылған энергиямен жабдықтаушы ұйым мен тұтынушылардың тәулік сайынғы өтінімі негізінде электр энергиясының бөлшек сауда нарығы жұмысының өз тәуліктік кестесін қалыптастырады.

      27. Энергия беруші ұйымның жүйелік оператормен келісілген және бекітілген тәулiктiк кестесі энергия беруші ұйым энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға және энергия өндіруші ұйыммен тікелей шарт жасаған бөлшек тұтынушыларға орындау үшін беріледі.

      28. Энергиямен жабдықтаушы ұйым және тұтынушылар мәлімдеген электр энергиясының тәуліктік кестеде бекітілген көлемінен асып кетуі энергия беруші ұйыммен жасалған шарттарға сәйкес реттеледі.

      29. Коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде есеп айырысу кезеңінің нәтижелері бойынша энергия беруші ұйым электр энергиясының электр энергиясының бөлшек сауда нарығында өзара есеп айырысу үшін негіз болып табылатын нақты теңгерімді жасайды. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығында электр энергиясын жеткізу-тұтынудың нақты теңгерімінде электр энергиясының бөлшек сауда нарығының әрбір субъектісі бойынша мыналар көрсетіледі:

      1) энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен шарты бар тұтынушылардан басқа, электр энергиясының бөлшек сауда нарығының әрбір субъектісінің электр энергиясын сатып алу-сату шарттары бойынша электр энергиясының бөлшек сауда нарығындағы электр энергиясын жеткізу-тұтыну көлемдерін түзетуді ескере отырып, мәлімделген тәуліктік кесте;

      2) коммерциялық есепке алу аспаптарында тіркелген электр энергиясының бөлшек сауда нарығына жеткізілген және тұтынылған электр энергиясының нақты саны.

      30. Электр энергиясының импортына арналған мәмiлелер бойынша электр энергиясының бөлшек сауда нарығында туындаған қатынастар тиiстi шарттарда Қазақстан Республикасының электр энергетикасы заңнамасында және мемлекетаралық келісімдерде көзделген тәртiппен реттеледi.

      31. Электр энергиясының импорты, егер қатысушысы Қазақстан Республикасы болып табылатын ратификацияланған халықаралық шартпен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасымен кеден заңнамасының талаптары орындалған жағдайда жүзеге асырылады.

      32. Энергия берушi ұйымдардың не өзге де желі иелерінің электр желiлерi бойынша электр энергиясын берудегi оның нақты шығыны электр энергиясының бөлшек сауда нарығы субъектiлерiне электр энергиясын жеткiзу нүктелерiнде орнатылған, коммерциялық есепке алу аспаптарының деректерi бойынша өндiрушi көздерден және басқа да электр желiлiк компаниялардан электр желiсiне кiрген электр энергиясының жиынтық мөлшерi арасындағы энергия беруші ұйымдардың шаруашылық қажеттерiне пайдаланылған және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тұтынушылары мен бөлшек сауда тұтынушылары алған электр энергиясы көлемдерiн алып тастағандағы айырма ретiнде анықталады.

      33. Энергия берушi ұйымдардың электр желiлерiндегi электр энергиясының нормативтiк шығындар шамаларын анықтау "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 17.05.2016 № 209 (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      34. Энергия беруші ұйымдардың желiлерiндегi осы Қағидалардың 33-тармағына сәйкес есептелген электр энергиясының нақты шығынының шамалары олардың желiлерiнде оны беру жөнiндегi электр энергиясының нормативтiк шығынының шамаларынан асып кеткен жағдайда электр энергиясының осы көлемдерi энергия беруші ұйымдардың шығындарына жатады.

      35. Табиғи монополиялар туралы заңға сәйкес өңірлік деңгейдегі электр желілерін пайдаланатын энергия беруші ұйымдардың шығындары оның желiлерi мен басқа да энергия беруші ұйымдардың желiлерiндегi электр энергиясын энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға және сауда тұтынушыларға беру үшiн пайдаланылатын электр энергиясының нормативтiк шығындарын өтеуге байланысты энергия беруші ұйымдардың тарифiнде есепке алынады және оларды энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен сауда тұтынушылары заңнамада белгiленген тәртiппен төленедi.

      36. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығы субъектiлерi арасындағы қаржылық өзара есеп айырысулар электрмен жабдықтау, сатып алу-сату, қызметтер көрсету шарттарында белгіленген тәртiппен, мерзiмдер мен шарттарда жүргiзiледi.

      37. Электр энергиясын беру және тарату жөнiндегi нақты көрсетiлген қызметтер үшiн қаржылық өзара есеп айырысулар табиғи монополиялар саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекiткен тарифтер мен есеп айырысудың бір айы ішінде электр энергиясының нақты теңгеріміне енгізілген, тұтынылған электр энергиясының мөлшерi бойынша жүргiзiледi.

      Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 14.06.2017 № 200 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен