Электр энергиясын пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 143 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 6 наурызда № 10403 тіркелді

Жаңартылған

      «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 21) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Электр энергиясын пайдалану қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруын;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Энергетика министрі                        В. Школьник

      "КЕЛІСІЛГЕН"
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      _______________ Е. Досаев
      2015 жылғы 5 наурыз

Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 25 ақпандағы
№ 143 бұйрығымен   
бекітілген     

Электр энергиясын пайдалану қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Электр энергиясын пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі «Электр энергетикасы туралы» (бұдан әрі – Заң) Заңының 5-бабының 21) тармақшасына сәйкес әзірленді.
      Энергия өндіруші, энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен электр энергиясының тұтынушылары арасындағы көтерме және бөлшек сауда нарығында туындайтын қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен, Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасымен және осы Қағидаларымен реттеледі.
      Осы Қағидалар энергия өндіруші, энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың, тұтынушылардың Қазақстан Республикасының аумағында электр энергиясын қолдану тәртібін айқындайды.
      2. Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен анықтамалар:
      1) есептік кезең – тұтынылған электр энергиясы есепке алынатын және тұтынушыға төлеу үшін ұсынылатын электрмен жабдықтау шартымен айқындалатын уақыт кезеңі;
      2) коммерциялық есепке алу жүйесін салыстырып тексеру (бұдан әрі – Салыстырып тексеру) – мемлекеттік метрологиялық қызмет немесе басқа да аккредиттелген заңды тұлғалардың өлшем құралдарының белгіленген метрологиялық талаптарға сәйкестігін анықтау және растау мақсатында орындайтын операциялар жиынтығы;
      3) коммерциялық есепке алу құралдарының көрсеткіштерін алу - тұтынушы тұтынған электр энергиясының көлемін (мөлшерін) анықтайтын коммерциялық есепке алу құралының көрсеткіштерін есептейтін әрекет және ол коммерциялық есепке алу құралының техникалық жай-күйін тексеру болып саналмайды;
      4) қосалқы тұтынушы – тұтынушының электр желілеріне тікелей қосылған тұтынушы;
      5) пломбалау құрылғысы (пломба, пломбалайтын темірарқан) – бұл рұқсатсыз қолжетімділікті бақылауды қамтамасыз ететін бекітілетін тетігі бар бір рет пайдаланатын құрылғы;
      6) сараптама ұйымы – энергетикалық сараптама жүргізуге аккредиттелген ұйым;
      7) рұқсат етілген қуат – тұтынушыға берілген техникалық шарттарда келісілген немесе қоректендіру ұшындағы қорғаныш автоматының немесе сақтандырғыштардың нақтылы тогымен анықталатын электр энергиясын тұтынудың ең жоғарғы ықтимал қуаты;
      8) тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекарасы – теңгерімдік тиесілік немесе электрмен жабдықтау шарты бойынша анықталатын және тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы тиісті теңгерімдік тиесілігі мен пайдалану жауапкершілігін бөлу актісімен расталған күту, қызмет көрсету және техникалық жай-күйге жауапты осы шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы энергетикалық жабдықты және (немесе) электр желісін бөлу нүктесі;
      9) технологиялық бронь – тұтынушының технологиялық процестерді аяқтауы үшін қажетті электр қуаты;
      10) техникалық шарттар – электр желілеріне қосылуды орындау үшін қажетті техникалық талаптар;
      11) төлем құжаты – осының негізінде тұтынушылар төлем жүргізетін құжат (төлем шоты, фактура шоты, хабарландыру, түбіртек);
      12) тұтынушы – шарт негізінде электр энергиясын тұтынатын жеке немесе заңды тұлға;
      13) уәкілетті орган – электр энергетикасы саласында басшылық ететін мемлекеттік орган;
      14) шарттық қуат – тұтынушының рұқсат етілген қуат шегінде бір сағат ішінде пайдаланатын электр энергиясының энергиямен жабдықтаушы ұйыммен келісілген орташа мөлшері;
      15) электр желісінің теңгерімдік тиесілік шекарасы – электр энергиясы нарығының шаруашылық жүргізуші субъектілері: энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдар мен тұтынушылар, сондай-ақ тұтынушылар мен қосалқы тұтынушылар арасындағы электр желісінің теңгерімдік тиесілігі бойынша анықталатын электр желісін бөлу нүктесі;
      16) электр қондырғысы – электр энергиясын өндіруге, түрлендіруге, өзгертуге, беруге, таратуға, тұтынуға және (немесе) оны энергияның басқа түріне түрлендіруге арналған машиналар, аппараттар, желілер мен қосалқы жабдықтар (олар орнатылған құрылыстар мен орынжайларды бірге алғанда) жиынтығы;
      17) электр энергиясын есепке алу схемасы – электр энергиясын есепке алудың есеп айырысу үшін берілетін және тұтынылатын электр энергиясының есепке алуды қамтамасыз ететін құралдарының белгілі бір электрлік қосылуы;
      18) электр энергиясымен жабдықтау шарты – электр энергиясымен жабдықтаушы ұйым тұтынушыға қосылған желі арқылы электр энергиясын беруге, ал тұтынушы қабылдаған электр энергиясы үшін төлеуге міндеттенетін келісім;
      19) электр энергиясын коммерциялық есепке алу схемасын тексеру – энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым өкілінің есепке алу құралдарының жай-күйін және оның қосылу схемасын анықтау мақсатында тұтынушының немесе оның өкілінің қатысуымен жүргізетін операциялар жиынтығы;
      20) электр энергиясының коммерциялық есепке алу жүйесі – электр энергиясы мен қуаты шығынын анықтау үшін коммерциялық есепке алу құралдарының жиынтығы (электр энергиясын есептеуіш, ток пен кернеудің өлшеу трансформаторы) және өзара белгіленген схема арқылы жалғанған құрылғы (коммутациялық аппарат);
      21) электр энергиясының қабылдағышы (электр қабылдағышы) – электр энергиясын энергияның басқа түріне өзгертуге арналған аппарат, агрегат, тетік;
      22) электр энергиясы нарығының субъектілері – энергия өндіруші, энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, электр энергиясын тұтынушылар, жүйелік оператор, электр энергиясының орталықтандырылған сауда операторы, қаржы-есеп айырысу орталығы;
      23) электр энергиясының сапасы – электр энергиясының Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген нормаларына сәйкестік дәрежесі (МЕМСТ 13109-97).
      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

2. Электр энергиясын пайдалану тәртібі

1-параграф. Электрмен жабдықтауды ұйымдастыру

      3. Тұтынушыларды электрмен жабдықтау төмендегідей жүзеге асырылады:
      1) электр энергиясының көтерме сауда нарығын ұйымдастыру және Заңмен белгіленген тәртіппен электр энергиясын сатып алу-сату шарттары мен көтерме сауда нарығының субъектілері арасында жасалған мәмілелердің негізінде электр энергиясының көтерме сауда нарығында;
      2) энергиямен жабдықтаушы ұйым электр энергиясын бөлшек сауда нарығында электрмен жабдықтау шарты бойынша сатуды жүзеге асырады. Бұл ретте энергиямен жабдықтаушы ұйым энергия беруші ұйыммен электр энергиясын тарату қызметтеріне шарт жасасады.
      4. Тұтынушылармен электр энергиясымен жабдықтау шарты мына құжаттар негізінде жазбаша түрде жасалады:
      1) тараптардың тұтынушыны электр желілеріне қосу схемасымен электр желілерінің теңгерімдік тиесілігін және пайдалану жауапкершілігін бөлу актісі (көп пәтерлі құрылыс объектілерінде тұратын жеке тұлғаларды қоспағанда);
      2) электр энергиясының коммерциялық есепке алу жүйесін қабылдау актісі;
      3) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтаманың немесе жеке кәсіпкер куәлігінің көшірмелері;
      4) жылжымайтын мүлікке тіркелген құқық туралы құжат немесе электрмен жабдықтау объектісіне құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі;
      5) жеке басын куәландыратын құжатты қоса ұсынып, электрмен жабдықтау шартына қол қоюға құқығы бар тұлғаға берілетін бұйрық (сенімхат);
      6) техникалық шарттар (көп пәтерлі құрылыс объектілерінде тұратын жеке тұлғаларды қоспағанда);
      7) жеке деректерді жинауға және өңдеуге жазбаша келісіммен жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмелері (жеке тұлғалар үшін);
      8) тұрғын үйде (пәтерде) тұратын жеке тұлғалардың санын растайтын құжат.
      Объектілердің иесі ауысқан жағдайда, техникалық шарттарды беру талап етілмейді.
      5. Электр энергиясының нарығы субъектілерінің арасында туындайтын даулар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.
      6. Заңмен белгіленген тәртіпте тұтынушының электрмен жабдықтау схемасы 1 және 2-ші дәрежелі сенімділік талабына сәйкес келген жағдайда, энергиямен жабдықтаудың авариялық бронь актісі тұтынушымен, энергия беруші (энергия өндіруші) және энергиямен жабдықтаушы ұйыммен бірлесіп жасалады.
      Энергиямен жабдықтаудың авариялық бронь актісі бойынша келіспеушіліктер туындаған жағдайда, тараптар дауды шешу үшін сараптама ұйымына жүгінеді.
      Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымдар энергиямен үздіксіз жабдықтау объектілеріне жатқызылған объектілердің электрмен үздіксіз жабдықталуын қамтамасыз етеді.
      Энергиямен үздіксіз жабдықтау объектілеріне жатқызылған тұтынушылардың объектілерін электрмен үздіксіз жабдықтаудың техникалық мүмкіндігін режимі өңірлік электр тарату желілеріне әсер ететін өңірлік диспетчерлік орталығы, тәртібі өңіраралық және мемлекетаралық электр тарату желілеріне әсер ететін жүйелік оператордың ұлттық диспетчерлік орталығы келіседі.
      7. Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым тұтынушының тұтынатын электр қуатын шартта көрсетілген (қуаттың техникалық шарттармен рұқсат етілген шегінде) мәнінен артуын, сондай-ақ тұтынушылардың жаңа қосалқы тұтынушыларды қосуын энергиямен жабдықтау ұйымымен электрмен жабдықтау шартына тиісті өзгертулер енгізілгеннен кейін келіседі.
      8. Тұтынушы техникалық шарттармен рұқсат етілген қуатының шегінде өзіне меншікті электр құрылғыларын өзіне қарасты желілерге энергия беруші ұйымның қосымша рұқсатынсыз қосылады.
      9. Объектінің иесі өзгерген жағдайда, жаңа меншік иесі жеке меншік құқығын тіркеген сәттен бастап он жұмыс күнінің ішінде энергия беруші (энергия өндіруші) және энергиямен жабдықтаушы ұйымды меншік иесінің ауысқаны туралы жазбаша түрде хабарлайды және энергиямен жабдықтаушы ұйымға энергиямен жабдықтау шартын жасасу үшін құжаттарды ұсынады.
      Иесі өзгергенде, меншік иесі ауысқан жағдайда, бұрын берілген техникалық шарттар қайта ресімделмейді.

2-параграф. Электр желілеріне жалғануға берілетін техникалық шарттар

      10. Энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым электр желісіне рұқсатнама алу үшін көп пәтерлі құрылыстарда тұратын тұтынушыларды қоспағанда тұтынушылардың және жергілікті атқарушы органға әрқайсысына техникалық шарттар береді.
      Электр беруші (энергия өндіруші) ұйым көп пәтерлі құрылыстарда тұратын тұтынушылардың электр желілеріне рұқсатнама алу үшін техникалық шарттарды кондоминиумнің объектісін басқару органының өкіліне береді.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы
31 наурыздағы № 159 бұйрығымен бекітілген Жобалау үшін бастапқы материалдарды (деректерді) ресімдеудің және берудің, сондай-ақ жаңа объектілер салуға және қазіргі бар объектілерді (ғимараттар, құрылыстар, олардың кешендерін және коммуникацияларды) өзгертуге рұқсат беретін рәсімдерден өтудің қағидаларында (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 10633 тіркелен) көзделген жағдайларда техникалық шарттар сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелеріне (бұдан әрі - жергілікті атқарушы органдар) беріледі.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 30.04.2015 № 329 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      11. Тұтынушыға немесе жергілікті атқарушы органға электр желілеріне жалғану үшін техникалық шарттар осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінім негізінде беріледі.
      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 30.04.2015 № 329 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      12. Энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым техникалық шарттарды тұтынушылардың немесе жергілікті атқарушы органдардың өтініші бойынша келесі жағдайларда береді:
      1) энергия беруші (энергия өндіруші) немесе энергия өндіруші ұйымның электр желілеріне жаңа енгізілген немесе жаңартылған электр қондырғыларын қосу;
      2) тұтынылатын электр қондырғысының қуатты бұрын берілген техникалық шартта белгіленген қуаттан артық пайдалануы;
      3) электрмен сырттай жабдықтау схемасының өзгеруі;
      4) тұтынушының электр энергиясы қабылдағыштарын электрмен жабдықтау сенімділігі санатының өзгеруі;
      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 30.04.2015 № 329 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      13. Энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым тұтынушыдан немесе жергілікті атқарушы органнан өтінім алғаннан кейін төмендегі мерзімде қайта енгізілген немесе жаңартылған электр қондырғыларын қосуға техникалық шарттар береді:
      қуаты 200 килоВатт (бұдан әрі – кВт) дейінгі электр қондырғыларына 5 жұмыс күнінің ішінде;
      қуаты 200 кВт – 1000 кВт аралығындағы электр қондырғыларына 10 жұмыс күнінің ішінде;
      қуаты 1000 кВт жоғары электр қондырғыларына 15 жұмыс күнінің ішінде.
      Салынып жатқан объектілерді электрмен жабдықтау үшін тұтынушыға немесе жергілікті атқарушы органға құрылыс кезінде уақытша техникалық шарттар беріледі.
      Тұтынушының энергия беруші ұйымның электрлік желілеріне немесе энергия өндіруші ұйымның электр қондырғыларына қосылуға техникалық мүмкіндігі болған жағдайда, оған техникалық шарттар беріледі.
      Техникалық шарттарды беру және қайта ресімдеу үшін төлем алынбайды.
      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 30.04.2015 № 329 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      14. Энергия беруші ұйым өзінің ғаламтор-ресурсында электрмен жабдықтау желісіне қосылу және техникалық шарттарды беру процесіне арналған тарау ашады.
      электрмен жабдықтау желілеріне технологиялық қосылуға арналған тарауды әзірлейді;
      кемінде 6 ай мерзімділігімен жүктелетін шағын станция туралы ақпаратты орналастырады.
      15. Тұтынушылардың электр қондырғыларының құрылысына, қайта құрылуына және жаңғыртылуының жобалық құжаттамасы құрылыс-құрастыру жұмыстары басталмас бұрын техникалық шарттарды берген ұйыммен келіседі.
      Электр қондырғыларының жобалық шешімдері берілген техникалық шарттарға сәйкестігімен төмендегі мерзімде келісіледі:
      қуаты 200 кВт дейінгі электр қондырғыларын 3 жұмыс күнінің ішінде;
      қуаты 200 кВт – 1000 кВт аралығындағы электр қондырғылары 7 жұмыс күнінің ішінде;
      қуаты 1000 кВт жоғары электр қондырғылары 12 жұмыс күнінің ішінде.
      Техникалық шарттардан ауытқу анықталған жағдайда, техникалық шарттарды берген ұйым жобалық құжаттаманы дәлелденген негіздемесін қоса ұсынып, тұтынушыға пысықтауға қайтарады.
      16. Электр қондырғылары тұтынушылардың электр желілеріне қосылатын қосалқы тұтынушылар тұтынушыға берілген техникалық шарттарды тұтынушыға техникалық шарттарды берген энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымымен келісіледі.
      Энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйымның техникалық шарттарды қосалқы тұтынушыларға тұтынушының келісімімен беруіне жол беріледі.
      17. Тұтынушыны энергия беруші ұйымның электр желілеріне немесе энергия өндіруші ұйымның электр қондырғыларына жалғауға берілетін техникалық шарттарда мыналар көрсетіледі:
      1) техникалық шарттар берілген жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның атауы;
      2) электрмен жабдықтау объектісінің атауы;
      3) объектінің орналасқан жері (қала, ауыл, көше);
      4) электр тұтынуының рұқсат етілген қуаты;
      5) электр энергиясын тұтыну сипаты (үнемі, уақытша, маусымды);
      6) электрмен жабдықтауың сенімділік дәрежесі;
      7) қуаттың рұқсат етілген коэффициенті;
      8) қосылу нүктелері (шағын станция, электр станциясы немесе электр тарату желісі);
      9) қосылатын электр тарату желілеріне (бұдан әрі – ЭТЖ) және шағын станциялар жабдығына қойылатын негізгі техникалық талаптар.
      10) жаңа тұтынушының пайда болуына байланысты қолданыстағы электр желісін күшейту бойынша дәлелді талаптар – сымдардың қималарын ұлғайту, трансформатордың қуатын ауыстыру немесе көбейту, тарататын құрылғылардың қосымша ұяшықтарын салу;
      11) техникалық шарттарды беру себебі;
      12) техникалық шарттардың қолданылу мерзімі.
      Егер энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымда, сондай-ақ тұтынушыларда жеке меншік құқығында электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматты жүйесі (бұдан әрі – ЭЭКЕАЖ) орнатылған трансформаторлық шағын станциялары болса, онда қосымша техникалық шарттарда төмендегі талаптар көрсетіледі:
      ЭЭКЕАЖ қолданумен электр энергиясын коммерциялық есепке алуды ұйымдастыру;
      релелік қорғаныс пен автоматика, диспетчерлік басқару: телеөлшем, телебасқару мен байланыс каналдарын ұйымдастыру құралдарымен электр қондырғыларды жарақтандыру;
      реактивті қуатты өтеу.
      Техникалық шарттардың қолданылу мерзімі электр қондырғысын жобалау және салудың нормативтік мерзіміне сәйкес болады.
      Құрылысы басталған объектілердің техникалық шарттарының жарамдылық мерзімі тұтынушының қолдану мерзімі өтпес бұрын берген өтініші бойынша ұзартылады.
      18. Тұтынушы техникалық шарттарда көрсетілген талаптармен келіспеген жағдайда, энергетикалық сараптама жүргізу үшін сараптама ұйымына жүгінеді. Сараптама ұйымы тұтынушының өтініші бойынша энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға келген кезде, энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым аталмыш тұтынушыға қатысты мәселелер шегінде барлық сұратылған мәліметтерді ұсынады.
      Тұтынушы энергетикалық сараптаманың техникалық шарттарда көрсетілген талаптарының дәйексіздігі туралы қорытындысы негізінде техникалық шарттар алу үшін энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша қайтадан өтінім береді.
      Техникалық шарттарда көрсетілген талаптарды өзгертуден қайта бас тартқан жағдайда, тұтынушы Қазақстан Республикасының белгіленген азаматтық заңнамасымен электр беруші (электр өндіруші) ұйымның әрекетіне шағым береді.
      Өтінім берілген қуаты 10 мегаватт (бұдан әрі – МВт) жоғары электр желісінің пайдаланушыларын электр беруші (электр өндіруші) ұйымның электр желісіне қосу техникалық шарттары жүйелік оператормен келісіледі. Өтінім берілген қуаты 1-10 МВт электр желісінің пайдаланушыларын электр таратушы (электр өндіруші) ұйымның электр желісіне қосу техникалық шарттарының көшірмелері бір айдың ішінде жүйелік операторға мәлімет үшін жолданады.

3-параграф. Тұтынушыларды электр қондырғыларын пайдалануға жіберу

      20. Тұтынушылардың барлық қайта қосылатын және қайта құрылатын электр қондырғылары жобалық және техникалық қабылдау-тапсыру құжаттамасына сәйкес орындалады.
      21. Электр қондырғылары пайдалануға енгізілгенге дейін қабылдау-тапсыру сынағынан өтеді және тұтынушы оны құрастыру-реттеу ұйымынан акт бойынша қабылдайды.
      Тұтынушы анықталған кемшіліктерді жойғаннан кейін энергия беруші (электр өндіруші) ұйым электр қондырғыларын үнемі пайдалану үшін өзінің электр желілеріне қосады.
      22. Сараптама ұйымы электр қондырғыларын пайдалануға енгізбес бұрын электр қондырғыларына энергетикалық сараптама жүргізеді.
      23. Энергия беруші ұйым тұтынушылардың электр қондырғыларын пайдалануға қосу барысында төмендегі мерзімде кернеу жібереді:
      энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым сырттай қосылу және электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесін пайдалануға беру туралы қорытындымен, тұтынушы электр қондырғыларын қосуға материалдар ұсынғаннан кейінгі 1 (бір) жұмыс күнінің ішінде тексеріп байқайды;
      энергиямен жабдықтаушы ұйым энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымды электрмен жабдықтау шартын жасасу туралы 1 (бір) жұмыс күнінің ішінде хабарлайды;
      энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым электрмен жабдықтау шартына қол қойылған күннен кейінгі 1 (бір) жұмыс күнінің ішінде тұтынушының электр қондырғыларына кернеу жібереді.
      Тұтынушыға электр энергиясын қосу және жіберу тек коммерциялық есепке алу жүйесі болған кезде ғана жүзеге асырылады.
      24. Электр энергиясын тұтыну сипаты маусымды болып табылатын электр қондырғыларға кернеу жіберу тұтынушы энергиямен жабдықтаушы ұйымға тұтынушының электр қондырғыларын сараптама ұйымымен еркін нысанда куәландыратын техникалық актіні бергеннен кейін жүзеге асырылады.
      25. Электр қондырғыларын пайдалануға беру тәртібі тұтынушылардың (қосалқы тұтынушылардың) қайта қосылған және қайта жаңғыртылған электр қондырғыларына таралады.
      26. Электр қондырғыларын пайдалануға беру тұтынушыда тиісті біліктіліктегі электр техникалық қызмет көрсету қызметкері және электр қондырғысының сенімді, қауіпсіз жұмысына жауапты тұлға немесе тұрмыстық тұтынушыларды қоспағанда, қолданыстағы электр қондырғыларының жұмысына кіруге рұқсат етілген қызметкерлер құрамы бар ұйыммен жасасқан электр қондырғыға қызмет көрсету шарты болғанда ғана рұқсат етіледі.
      27. Тұтынушылардың электр қондырғыларында құрастырудағы кемшіліктер, берілген техникалық шарттардан, жобалық құжаттамадан және нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарынан ауытқу, электр қондырғыларының сенімді, қауіпсіз жұмысына жауапты тұлғаның, электр қондырғылары пайдалануға берілмейді.

4-параграф. Электр энергиясын тұтыну шарттары мен режимі

      28. Электрмен жабдықтауға жасасқан шартқа сәйкес энергиямен жабдықтаушы немесе энергия өндіруші ұйым тұтынушыларды электр энергиясымен жылдық, тоқсандық, айлық жоспарларға және электр энергиясын жіберу тәуліктік кестесіне сәйкес үздіксіз жеткізіп отырады.
      29. Теңгерімінде өңірлік электр желілік компанияның (немесе басқа энергия беруші ұйымның) желісіне қосылған электрлік желісі бар немесе жалға алған энергия беруші ұйым өзінің электрлік желілеріндегі электр энергиясы шығынын өтеу үшін энергия өндіруші ұйымнан электр энергиясын сатып алады, бұған қоса олар электр энергиясы шығынының жоғарыда көрсетілген көлемін өңірлік электр желілік компаниядан (немесе басқа энергия беруші ұйымдар) электр энергиясы тасымалданатын электрлік желілері арқылы тарату шартын жасасады.
      30. Электр энергетикасы объектілерінде технологиялық бұзушылықтар болған жағдайда, тұтынушыларды электрмен жабдықтау энергия беруші ұйымдар әзірлейтін электр энергиясын авариялық бронь мөлшерінде жеткізуді қамтамасыз ететін схемалар бойынша жүзеге асырылады.
      31. Электр желілеріне тұтынушының электр қондырғылары жалғанған энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым немесе жүйелік оператор тұтынушыға электр энергиясын таратуға қатысатын электр энергиясымен жабдықтау ұйымын және барлық энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымдарды алдын ала ескертіп, электр энергетикасы объектілерін авариялық бронь бойынша электрмен жабдықтау тәртібін белгілейді.

5-параграф. Электр қондырғыларын пайдалану кезіндегі тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекарасы

      32. Тараптардың электр қондырғылардың жай-күйі мен оларға қызмет көрсету үшін пайдалану жауапкершілігінің шекарасы олардың теңгерімдік тиесілігімен белгіленеді және электрлік желілердің теңгерімдік тиесілігі мен тараптардың пайдалану жауапкершілігін шектеу актісінде көрсетіледі.
      33. Тараптардың кернеуі 1000 вольт (бұдан әрі – В) және одан да жоғары электр қондырғылардың күту, қызмет жасау мен техникалық жай-күйі бойынша пайдалану жауапкершілігінің шекарасы:
      1) жабық тарату құрылғыларының сырт жағындағы әуе желісінің өтпелі оқшаулағышының жалғанымы мен ашық тарату құрылғылары оқшаулағыштарының тартпалы портальды тізбегінің керілген қысқышынан шығатын сымның шығар жерінде;
      2) қоректендіру және кері қайту желілердің кабельдік немесе әуе кірмелерінің ұшында белгіленеді.
      34. Түрлі тұтынушыларға тиесілі дәнекері бар (бітеу немесе айырғыштар арқылы) кернеуі 1000 В және одан да жоғары ЭТЖ жағдайы үшін күту, қызмет жасау мен техникалық жай-күйі пайдаланудың жауапкершілік шекарасы және оларға қызмет көрсету дәнекер жүргізілген негізгі желінің тіреуішінде бекітіледі.
      Дәнекерді жалғастырушы қысқыштардың жай-күйі мен оларға қызмет көрсетуін теңгерімінде негізгі желі тұрған ұйымға жүктеледі.
      35. Тараптардың келісімі бойынша шартпен электр қондырғыларды пайдалану ерекшеліктерімен шарттыланған өзге тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекарасы белгіленеді.
      36. Тұтынушы мен энергия беруші ұйым арасындағы кернеуі 1000 В дейінгі электр қондырғыларын күту, оларға қызмет көрсету және олардың техникалық жағдайы үшін тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекарасы:
      1) әуелік тармақталу кезінде – тіреулерге орнатылған өтпелі және соңғы оқшаулағыштағы қоректендіру желісін қосу түйіспесінде;
      2) кабельдік ену кезінде - ғимаратқа кірердегі қоректендіру кабелінің ұштарындағы бұрандалы жалғанымдарда белгіленеді.
      Тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекарасы осы тармақта көрсетілген жерлерге сәйкес келмеген жағдайда, шекара тікелей шартта анықталуы мүмкін.
      37. Тұтынушының энергиямен жабдықтау ұйымының басқа тұтынушыларына электр энергиясы тасымалданатын электр қондырғыларын жөндеуге шығару, сондай-ақ аталған жабдықты жөндеуден кейін қосу энергиямен жабдықтаушы ұйыммен келісілгеннен кейін жүргізіледі.

6-параграф. Есепке алу құралдарын орнату және пайдалану

      38. Энергиямен жабдықтаушы ұйыммен тұтынылған электр энергиясы бойынша есеп айырысу үшін электр энергиясын тұтынушылардың электр қондырғылары қажетті коммерциялық есепке алу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Электр энергиясының есебін жүргізу үшін типтері Өлшем бірліктерін қамтамасыз ететін мемлекеттік тізілімге енгізілген және энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымда коммерциялық есепке алу құралдарының автоматтандырылған паркі болған жағдайда, алыстағы байланысқа бұрын орнатылып, икемделген құрал-жабдықтың ЭКЕАЖ жұмыс өлшемдеріне толық сәйкес келетін жұмыс өлшемдерін ұстайтын электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралының түрі пайдаланылады.
      Электр тұтынудың 100 кВт, астам шарттық қуаты бар, электр энергиясы белгіленіп, жеткізілген тұтынушыларда тұтынылған электр энергиясы, жүктемелердің қуаты мен сағаттық кестесі туралы деректерді жадында ұзақ уақыт сақтайтын активті және реактивті энергияның коммерциялық есепке алу құралдары болады.
      Электр тұтынудың 40-100 кВт шарттық қуатымен еркін жеткізілетін электр энергиясын тұтынушыларда тұтынылған электр энергиясы туралы деректерді жадында ұзақ уақыт сақтайтын активті және реактивті энергияның және максималды қуаттағы есептеуіштер болады.
      Электр тұтынудың 40 кВт дейінгі шарттық қуатымен электр энергиясы еркін жеткізілетін тұтынушыларда активті энергия есептеуіштері орнатылады.
      39. Тұтынушыларда қондырылатын электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралы энергия беруші ұйымның ЭКЕАЖ-де тұтынылған электр энергиясының көлемі туралы деректерді тарату құрылғыларымен жабдықталады.
      Жаңа салынып жатқан және қайта құрылатын объектілерде электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралын ЭКЕАЖ мақсатында орнату тұтынушының есебінен, ал электр энергиясын тұрмыстық қажеттілікке пайдаланатын тұтынушылардың бұрын қойылған коммерциялық есепке алу құралын ауыстыру, аталмыш норма электр энергиясы тарифінің ішіне кіретін жағдайда ғана энергия беруші ұйымның есебінен жүргізіледі.
      40. Электрмен жабдықтаудың бір көзінен бірнеше тұтынушылар қуаттанған жағдайда, электр энергиясын есепке алу әрбір тұтынушы үшін жүзеге асырылады.
      41. Электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралдарын ұстау, техникалық қызмет көрсету және салыстырып тексеру теңгерімдік тиесілікке сәйкес жүзеге асырылады. Тұтынушымен жасасқан шартқа сәйкес электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралдарына техникалық қызмет көрсетуді энергия беруші ұйым немесе қызметтің осындай түріне рұқсаты бар өзге мамандандырылған ұйым жүргізеді.
      42. Электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралдарын салыстырып тексеру Қазақстан Республикасының өлшем бірліктерін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізілімінде көрсетілген мерзімдерде салыстыру тексерісаралық интервалға сәйкес жүргізіледі. Мүдделі тараптардың бірінің өтініші бойынша коммерциялық есепке алу құралдарын жоспардан тыс салыстырып тексеру жүргізіледі.
      Жоспардан тыс салыстырып тексеру өткізгенде және коммерциялық есепке алу құралының жарамдылығын белгілеген жағдайда, салыстырып тексеру шығынын (оның ішінде алу және қондыру бойынша) жоспардан тыс тексеруге бастама болған тарап өтейді.
      43. Егер салыстырып тексеру кезінде электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарының көрсеткіштері олардың дәлдік сыныбымен рұқсат етілетін кінараттан асып кетсе немесе электр энергиясын есептеу схемасында электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарының дәлдігін бұрмалайтын бөгде элементтер табылса, онда жоспардан тыс салыстырып тексеру бойынша шығындарды электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарының тұтынушысы өтейді.
      44. Энергиямен жабдықтаушы, энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымдар мен тұтынушы арасында есеп айырысу үшін электр энергиясын есепке алу электр желілерінің теңгерімдік тиесілігі шекарасында жүргізіледі.
      45. Техникалық мүмкіндік болмаған жағдайда, тараптардың өзара уағдаластығы бойынша электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралдарын тараптардың өзара келісуі бойынша электр желілерінің теңгерімдік тиесілік шекарасынан тыс жерге орнатуға рұқсат етіледі.
      Электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралын электр желісінің теңгерімдік тиесілік шекарасынан тыс орнатқан жағдайда, электр желісінің теңгерімдік тиесілік шекарасынан электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралдарын орнатқан жерге дейінгі учаскедегі электр энергиясының шығындары шарт негізінде теңгерімінде желінің көрсетілген учаскесі тұрған иегердің меншігіне жатқызылады және қолданыстағы нұсқаулар мен әдістемелерге сәйкес энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның есептік жолымен анықталады.
      46. Электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдары қаптамаларының бекіткіштерінде салыстырып тексеруге құқығы бар ұйымдардың пломбасы, ал электр есептегіштің қысқыштары қалыбының қақпағында, ток пен кернеу трансформаторлары бөлшегінің қақпаларында, ток пен кернеу және сынақ блоктарында және қораптарда энергия беруші ұйымның пломбасы болады.
      47. Электр қондырғысының иесі электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарын қуаттандыратын кернеу трансформаторларының айыру жетектерін, есептеу құралдарына келетін сымдардағы қысқыштардың жинамаларын, сондай-ақ коммерциялық есепке алу құралдарына дейін орналасқан кірме коммутациялық аппараттардың шкафтарын рұқсатсыз пайдаланудан сақтау үшін қоршаумен жабады және энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым оларға тұтынушының қатысуымен пломба қояды.
      Кернеуі 0,4 кВ қондырғыларда кірме қондырғылардан бастап токты өлшеу трансформаторларына дейін қоса алғанда, барлық ток жүргізу бөліктері қоршауға және пломбалауға жатады.
      Тұтынушы батареяларды пайдаланбаған жағдайда, энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым статикалық конденсаторлар батареялары жетектерінің тұтқаларын пломбалайды.
      Электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарына дейінгі кірме кабельдері (сымдары) бүтін, қарай алатындай, шиыршықталмаған және тазаланған болады.
      Электр энергиясын есепке алу схемасын өзгерту немесе пломбаларды (таңбаларды), электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесін бұзумен байланысты кез келген жұмыс түрін жүргізерде, тұтынушы жұмысты бастамас бұрын жазбаша түрде энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымды ескертіп, тиісті рұқсат алады.
      49. Жөндеу жұмысын жүргізу кезеңінде электр энергиясын есептеу энергия беруші (энергия өндіруші) ұйыммен келісілген уақытша электр энергиясын есептеу схемалары бойынша жүзеге асырылады.
      Соңғы шағын станцияны толық ажырату арқылы трансформаторлық шағын станцияларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп болғаннан кейін энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым қажетінше, коммерциялық есепке алу схемаларына кезектен тыс тексеріс жүргізеді.

7-параграф. Электр энергиясын беруді тоқтату (шектеу) шарттары

      50. Электр энергиясын беру, сондай-ақ беруді тоқтату (шектеу) тұтынушымен жасалған электрмен жабдықтау шартының негізінде жүзеге асырылады. Электр қабылдағыштарының санаты мен электрмен жабдықтау сенімділігімен қамтамасыз ету және электрлік желіге қосу схемасы нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес белгіленеді және электрмен жабдықтау шартында келісіледі.
      51. Энергиямен жабдықтаушы немесе энергия беруші ұйым мына жағдайларда электр энергиясын толықтай немесе жартылай беруді тоқтатады:
      1) электр энергиясы үшін төлем электрмен жабдықтау шартында белгіленген мерзімде өтелмегенде, сондай-ақ толық өтелмегенде;
      2) электрмен жабдықтау шартында белгіленген электрді тұтыну режимі бұзылғанда;
      3) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның осы Қағидалардың бұзушылықтарын жою туралы талабы белгіленген мерзімде орындалмағанда.
      Бұл ретте энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым тұтынушыны электр энергиясымен жабдықтау тоқтатылғанға дейін 3 (үш) жұмыс күні бұрын (электр энергиясын тұрмыстық қажеттілікке пайдаланатын тұтынушыларды күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын) ескертіп, электр энергиясымен жабдықтауды тоқтатады (шектейді).
      52. Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым электр энергиясын беруді мына жағдайларда алдын ала хабарламай, толық тоқтатады:
      1) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның желісіне электр энергиясының қабылдағыштарын өз еркімен жалғау;
      2) электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралдарынан басқа (есепсіз) электр энергиясының қабылдағыштарын қосу;
      3) тұтынушының кінәсінен электр энергиясы сапасының көрсеткіштерін энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның және басқа тұтынушылардың электр қондырғыларының қызметін бұзатын мәнге дейін түсіру;
      4) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның және энергетикалық қадағалау және бақылау органының өкілдерін жұмыс уақытында тұтынушының электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдары мен электр қондырғыларына жібермеу (іссапарға жіберілген жұмыскер құқығында);
      5) апатты жағдайда.
      53. Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйым резервтік қуаттандыру болмаған жағдайда, жабдықты жөндеу және жаңа тұтынушыларды қосу бойынша жоспарлы жұмыстарды жүргізу үшін тұтынушыны электр энергиясымен жабдықтауды тоқтату туралы ажыратудан күнтізбелік үш күн бұрын ескертеді.
      54. Энергия беруші ұйым адам өміріне қауіпті, айтарлықтай экономикалық зиянға, коммуналдық шаруашылықтың және электрмен жабдықтау жүйесінің айрықша маңызды элементтерінің істен шығуына әкелуі мүмкін апаттардың алдын алу немесе жою бойынша шұғыл шараларды қабылдау үшін тұтынушыны дереу хабарлап, сұраныс бойынша электр энергиясымен жабдықтауды тоқтатады.
      55. Тұтынушы электрмен жабдықтау шарты бойынша қолдануға рұқсат етілген электр қуатынан асып кеткен жағдайда, энергия беруші (энергия өндіруші) және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушыдан жүктемені электрмен жабдықтау шартында белгіленген мәнге дейін түсіруін талап етеді. Тұтынушыны электр жүктемесін түсіру жөнінде хабарлау тәртібі электрмен жабдықтау шартымен белгіленеді.

8-параграф. Электр энергиясы үшін есеп айырысу

      56. Тұтынушыларға жеткізілген электр энергиясы үшін есеп айырысуы Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Заңының 15-бабы 1-тармағына сәйкес белгіленген тарифтер бойынша жүргізіледі.
      57. Заңының 18 және 19-баптарына сәйкес электр энергиясының тұтынушылары электр энергиясын энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан сатып алады.
      58. Электрмен жабдықтау шартының талаптарына сәйкес тұтынушы тұтынылған электр энергиясы үшін есеп айырысуды энергиямен жабдықтаушы ұйым электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралдары көрсеткіштерінің немесе тұтынудың өзге есеп айырысуы негізінде жазып берген төлем құжаты негізінде жүргізеді.
      Тұтынушылар (электр энергиясын тұрмыстық қажеттілікке пайдаланатын тұтынушыны қоспағанда) төлем құжатын өздігімен энергиямен жабдықтаушы ұйымнан алады.
      59. Есептік кезеңнің ұзақтығы, жіберілген электр энергиясы үшін есеп айырысудың мерзімі, шарттары және нысандары тараптардың келісімі бойынша электрмен жабдықтау шартында анықталады.
      60. Электр энергиясы сапасының төмендеуіне кінәлі тұлға электр энергиясы бөлшек сауда нарығының субъектісіне келтірген залалды өтейді.
      61. Тұтынушының кінәсінсіз (пломбаның бүтіндігі және есептеу құралының алдыңғы актіде көрсетілген орнатуы және аспаптық тексерісіне сәйкес келген жағдайда) коммерциялық есепке алудың бұзылуы анықталған жағдайда, тұтынудың есебін энергия беруші ұйым алдыңғы немесе электр энергиясының қаржысы мен есепке алу схемасы түзетілген келесі есептік кезеңнің орташа тәуліктік шығыны бойынша жүргізеді. Есеп айырысу кезеңі бұзылу анықталған күннен бастап коммерциялық есепке алуды бұрынғы қалпына келтіру күніне дейінгі аралықты қамтиды, алайда ол мерзім күнтізбелік отыз күннен аспауы қажет.
      Тұтынушы коммерциялық есепке алуды бұзушылық анықталған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күндік мерзім ішінде қалпына келтіреді.
      Бұзушылық анықталған күннен кейінгі күнтізбелік отыз күн өткен соң коммерциялық есепке алу қалпына келмеген жағдайда, есеп айырысу техникалық шарттарға сәйкес рұқсат етілген қуат бойынша, ал техникалық шарттар болмаған жағдайда, тәулігіне 24 сағат пайдалануды ескеріп, қосу коммутациялық аппаратының номиналды тогы бойынша жүргізіледі.
      62. Егер тұтынушы шарттың талаптарын бұзғандығы үшін электрмен жабдықтаудан ажыратылған болса, онда оны энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым бұзушылықты жойғаннан кейін және қосу қызметінің төлемі өтелгеннен кейін қосады.
      63. Тұтынушылар электр және энергия қондырғыларының техникалық жағдайы мен қауіпсіздігін бақылау үшін энергиямен жабдықтаушы және энергия таратушы (энергия өндіруші) ұйымдардың жұмыскерлерін, сондай-ақ мемлекеттік энергетикалық бақылау бойынша мемлекеттік органның жұмыскерлерін коммерциялық есепке алу құралдарын қарауға жібереді.
      64. Электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралдарының көрсеткіштерін алу мүмкіндігі болмаған жағдайда, бұған қоса тұтынушы өздігінен пайдаланған электр энергиясының көлемі жөнінде мәлімет бермесе, энергия таратушы (энергия өндіруші) немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым алдынғы кезең үшін есептесуді орташа тәуліктік шығын бойынша есептейді.
      Бұл ретте электр энергиясының орташа тәуліктік шығыны бойынша есептеу кезеңі үш есептік кезеңнен аспауы қажет, ол кезең аяқталған соң электр энергиясымен жабдықтау тоқтатылады.
      65. Тараптардың келісімі бойынша тұтынушы өздігінен электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарының көрсеткіштерін алып, оларды энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға тапсыруына болады. Тұтынушының электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарының көрсеткіштерін алу кезінде жіберген қателіктерін энергия беруші (энергия өндіруші) және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйым олардың анықталуы бойынша түзетеді.
      66. Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым мына бұзушылықтар болғанда, тұтынушыға еркін нысанда бұзушылық туралы акт толтырады, оны ажыратады және қайта есептеу жүргізеді:
      1) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның желілеріне өздігінен қосылуы;
      2) электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралынан (бұдан әрі – КЕҚ) басқа электр энергиясының қабылдағыштарын қосу;
      3) КЕҚ әйнегі мен қорабын зақымдау;
      4) тексеруге құқығы бар ұйымның (бұл ұйымның қорытындысы бойынша) алғашқы немесе мерзімді салыстырып тексеруі туралы пломбаның (белгінің) немесе пломбалау құрылғысының болмауы, бұзылуы, зақымдалуы, сәйкес келмеуі;
      5) бұрын энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым орнатқан жерлерде энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым пломба құрылғысының (пломбалау құрылғысының) болмауы, бұзылуы, зақымдалуы, сәйкес келмеуі;
      6) КЕҚ, ток пен кернеу трансформаторларын қосу схемасының өзгеруі;
      7) КЕҚ дискісінің жасанды тежелуі;
      8) КЕҚ көрсеткішін бұрмалайтын құрылғыларды орнату.
      Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым пломба құрылғысының (пломбалау құрылғысының) болмауы, бұзылуы, зақымдануы, сәйкес келмеуі анықталған жағдайда, қайта есептеу пломбаның (пломбалау құрылғысының) орнатылғанын растайтын энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым өкілдерінің және тұтынушы немесе оның өкілінің қолы бар құжат болғанда ғана жүргізіледі.
      Қайта есептеу техникалық шарттарға сәйкес рұқсат етілген электр қуаты бойынша, ал техникалық шарттар болмаған жағдайда, тәулігіне 24 сағатты пайдалануды есепке алып, қосу коммутациялық аппаратының қуаты бойынша жүргізіледі.
      Қайта есептеу кезеңі КЕҚ соңғы рет ауыстыру немесе оны қосу схемасының соңғы аспаптық тексеру күнінен бастап бүкіл уақыт ішінде анықталады, алайда ескіру мерзімінен аспауы қажет.
      Қайта есептеуге сәйкес есепке толық алынбаған немесе мүлде алынбаған электр энергиясының көлемі энергиямен жабдықтаушы ұйымның таратқан электр энергиясы көлеміне қосылады және тұтынушыға ағымдағы есептік кезеңде қолданылатын жіберу тарифі бойынша төлеуге ұсынылады.
      Тұтынушы электрлік желіге схемадағы және электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарындағы бұзушылықтар жойылғаннан кейін және қайта есептеу төлемі мен қосылу үшін төлем өтелгеннен кейін қосылады.
      Тұтынушының энергия беруші және энергиямен өндіруші ұйымның электр желілеріне өздігінен қосылғаны анықталса, акт жасалып, жеке меншіктілік құқығын иеленген сәттен бастап нақты қосылған жүктеме бойынша пайдаланған электр энергиясының көлеміне қайта есептеу жүргізіледі.
      Тұтынушы электр желісіне электр энергиясының схемасы мен есепке алу құралдарындағы бұзушылықтарын жойғаннан, қайта есептеу және электрмен жабдықтау шартын жасасу немесе электрмен жабдықтау шартына толықтырулар енгізу сомасы мен қосу сомасы өтелгеннен кейін қосылады.
      Тұтынушы қайта есептеу төлемін мерзімде өтемеген, сондай-ақ толық өтемеген жағдайда немесе төлем өтеуден бас тартқан жағдайда, энергиямен жабдықтаушы ұйым, ал энергиямен жабдықтаушы ұйыммен электрмен жабдықтау шарты болмағанда, энергия беруші ұйым материалдарды сотқа тапсырады.

9-параграф. Электр энергиясын тұрмыстық қажеттілікке пайдаланатын тұтынушыларға арналған қосымша ережелер

      67. Тұтынушылардың электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралдары энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның өкілдері оларды қарап тексеруі үшін кедергісіз жерлерге орнатылады.
      68. Тұтынушының электр энергиясы қабылдағыштарын электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралдарынсыз қосуға болмайды.
      69. Энергиямен жабдықтаушы ұйым электр энергиясын тұрмыстық қажеттілікке пайдаланатын тұтынушы үшін электр энергиясын шартпен белгіленген қуат шегінде оған қажетті мөлшерде жеткізеді.
      70. Тұрғын үйдегі тұтынушы мен энергия беруші ұйымның арасындағы электрлік желілердің техникалық жағдайы мен 1000 В дейінгі кернеудегі электр қондырғыларына қызмет көрсету бойынша тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекарасы төмендегідей анықталады:
      1) бір қабатты және көп қабатты құрылыстарда әуеде тармақталу кезінде – 0,4 кВт жақын тірек оқшаулатқыштарындағы қуаттандыру желісінің жалғанған жерлерінде. Бұған қоса бір қабатты құрылыстарда оқшаулатқыштардағы қосылған жерлер мен электр есептеуіштің қысқыш қалыбы арасындағы электр өткізгіш айқын, оқшауланған, дәнекерсіз және шиыршықсыз болады;
      2) кабельдік қосу кезінде – ғимаратқа кірер жерде қуаттандырушы кабельдің ұштарындағы бұрандамалы қосылымдарда.
      71. Электр энергиясын тұрмыстық қажеттілікке пайдаланатын тұрмыстық тұтынушының құрылыстары мен басқа да жылжымайтын объектілердегі электр желілерінің теңгерімдік тиесілік шекарасындағы жалғанымдардың жай-күйі мен пайдалану қызметтерін энергия беруші ұйым жауапты болады.
      72. Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым өкілінің тұтынушыға электр энергиясының коммерциялық есепке алу схемасын тексеру мақсатында келуі тиісті актімен ресімделеді. Акт энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым өкілінің және тексерілуші тұтынушының немесе оның өкілінің қолдары болған жағдайда ғана, заңды күшке ие. Акт тұтынушы қол қоюдан бас тартқан жағдайда да, заңды күшке ие болады, алайда оны құрамы кемінде үш адамнан тұратын энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым және кондоминиум объектісін басқару органының (соңғысы болған жағдайда) комиссиясы ресімдейді.
      73. Электр энергиясын тұрмыстық қажеттілікке қолданатын тұрмыстық тұтынушы пәтерде (үйде) уақытша (3 айдан астам) немесе тұрақты тұрмаса, энергиямен жабдықтаушы ұйымға еркін нысанда сапарға шығуы жөнінде өтініш қалдырып, шығу күні бойынша электр энергиясы үшін есептеседі.
      74. Жарғылық құжаттар негізінде азаматтардың ұжымын біріктіретін ұйымдар және өзінің теңгерімінде электрмен жабдықтау көзі және (немесе) таратушы желілері бар жеке тұлғалар электрмен жабдықтау ұйымдарымен электрмен жабдықтау шартын жасасады және басты коммерциялық есепке алу бойынша тұтынылған электр энергиясы үшін есептеседі.
      75. Көп қабатты құрылыстарда (қосу-тарату құрылғысы, кіреберісті, ауланы, нөмірлі шамдарды, жертөле және шатырларды жарықтандыруға арналған электр өткізгіші) жалпыүйлік мұқтаждықтағы электр қондырғыларының техникалық жағдайы, пайдалануы, техникалық қауіпсіздігі үшін кондоминиумнің объектісін басқару органдарына немесе ететін тұтынушылардың уәкілетті тұлғаларына немесе тұрғын үйге иелік ұйымға жүктеледі.
      Жалпыүйлік КЕҚ сақтау және бүтіндігі үшін кондоминиум объектісін басқару органына немесе тұтынушының уәкілетті тұлғасына жүктеледі.
      Жалпыүйлік мұқтаждыққа пайдаланылған электр энергиясының көлемі электр желісінің теңгерімдік тиесілілігін бөлу шекарасында орнатылған есепке алу құралымен анықталады. Қосалқы тұтынушылар жалпы үйлік мұқтаждық есепке алу құралынан қосылған жағдайда, қосалқы тұтынушылар тұтынуының жиынтық көлемі жалпы сомадан алынады.
      Кондоминиум объектісін басқару органы немесе тұрғын үй пәтері иелерінің кооперативі тұтынушының немесе тұтынушылар тобының талабы бойынша қондырғылардың қуатын және осы қондырғылардың есептік кезеңде немесе бірнеше кезең ішінде пайдаланған электр энергиясы төлемақысының дәл есебін көрсетіп, жалпыүйлік мұқтаждықтағы электр қондырғыларын электрмен жабдықтау схемасын ұсынады (тұтынушының талабымен).
      76. Сараланған тарифтер бойынша есептесетін тұтынушылар үшін төлемақы есебін өзгертуге алып келетін барлық түзетулер тұтынушы энергиямен жабдықтаушы ұйымға өтініш пен негіздемелік құжаттарды берген сәттен бастап жүзеге асырылады.

Электр энергиясын пайдалану
қағидаларына қосымша   

Өтінім білдіруші:   
__________________________
(Т.А.Ә.)         
__________________________
(қолы)          

20___ж. « ___» ___________

Нысан

Жалғауға өтінім

_____________________________________________________________________
(объектінің толық атауы (қолданыстағы, қайта құрылатын) және оның
                   мекенжайы, орналасқан жері)
_____________________________________________________________________
  (электр энергиясымен уақытша жабдықтауға (құрылыс кезеңі), электр
      энергиясымен тұрақты негізде ТШ беру қажеттілігін көрсету)

Өтінім берілген қуат: _________________ кВт/сағ.
_____________________________________________________________________
  (электр энергиясымен уақытша жабдықтауға (құрылыс кезеңі), электр
      энергиясымен тұрақты негізде ТШ беру қажеттілігін көрсету)

Электрмен жабдықтау сенімділігінің санаты: _____________ (1,2,3)
Қосалқы тұтынушылардың және олардың электр қондырғылары сипаттамаларының тізбесі:
_____________________________________________________________________

      Өтінімге төмендегі құжаттар қоса ұсынылады:
      1) Жеке тұлға үшін жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі немесе заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтаманың немесе жеке кәсіпкер куәлігінің көшірмелері;
      2) ситуациялық жоспар;
      3) өздігімен немесе сараптама ұйымын жұмылдыру арқылы орындалған өтінім берілетін электрлік қуатты есептеу-негіздемесі;
      4) электрмен жабдықтау объектісіне құқық белгілейтін құжаттар;
      5) электр қондырғыларының есептік қуаты 5 мВт және одан жоғары тұтынушылар өтінімге жобалық қызмет түрімен айналысуға лицензиясы бар мамандандырылған жобалық ұйым әзірлеген тұтынушыны электрмен сырттай жабдықтау схемасын қоса ұсынады. Тұтынушыны электрмен сырттай жабдықтау схемасы электрлік желілеріне жалғану жоспарланатын энергия беруші және/немесе энергия өндіруші ұйыммен келісіледі.