Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдарының түрлері қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 11 қыркүйектегі № 370 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 18 қазанда № 8829 тіркелді

Жаңартылған

      «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 44-5) тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдарының түрлері қызметінің үлгілік қағидалары бекітілсін.
      2. «Білім беру ұйымдары қызметкерлерiнiң біліктiлігін арттыратын және оларды қайта даярлайтын оқу орындарының қызметiн ұйымдастыру тәртібі туралы Ережелердi бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2000 жылғы 29 желтоқсандағы № 1211 бұйрығының (2001 жылғы 27 қаңтардағы № 1376 нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
      3. Техникалық және кәсіптік білім департаменті (Қ.Қ. Бөрібеков):
      1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықтың бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет ресурсында орналасуын қамтамасыз етсін.
      4. Техникалық және кәсіптік білім департаменті (Қ.Қ. Бөрібеков), Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (Ф.Н. Жақыпова), Мектепке дейінгі және орта білім департаменті (Ж.А. Жонтаева) осы бұйрықты білім беру ұйымдарының назарына жеткізсін.
      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау білім және ғылым вице-министрі М.А. Әбеновке жүктелсін.
      6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    А. Сәрінжіпов

Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрінің
2013 жылғы 11 қыркүйектегі
№ 370 бұйрығымен    
бекітілген       

Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдарының түрлері
қызметінің үлгілік қағидалары

Жалпы ережелер

      1. Осы Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдарының түрлері қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және олардың қызметі тәртібін анықтайды.
      2. Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдары (бұдан әрі - Ұйымдар) төмендегі түрлерге бөлінеді:
      1) меншік нысандарына қарамастан, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын қосымша білім беру институттары (бұдан әрі - Институттар), сондай-ақ оның филиалдары;
      2) меншік нысандарына қарамастан, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын қосымша білім беретін оқу орталықтары (өңірлік, өңіраралық, салалық) (бұдан әрі - Орталықтар);
      3) меншік нысандарына қарамастан, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері (бұдан әрі - Заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері);
      4) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының Білім басқармаларымен, қалалық (аудандық) бөлімдерімен және білім беру ұйымдармен құрылатын әдістемелік кабинеттер (орталықтар).
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 08.01.2016 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.
      3. Білім беру ұйымдары өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексіне, «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарына, білім беру қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Үлгілік қағидаларға және осының негізінде әзірленген білім беру ұйымының жарғысына сәйкес жүзеге асырады.
      Қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын меңгерген тұлғаларға осы Үлгілік қағидаларға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша біліктілік беру туралы куәлік/сертификат беріледі.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 08.01.2016 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.
      4. Осы Үлгілік қағидаларда төмендегідей түсініктер пайдаланылады:
      1) қайта даярлау – басқа кәсіпті немесе мамандықты игеруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны;
      2) біліктілікті арттыру – бұрын алынған кәсіптік білім, білік және дағдыларды қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны;
      3) тағылымдама – қосымша білім беру ұйымының басшысы бекіткен жеке жоспарға сәйкес өткізілетін мамандардың кәсіптік құзыреттерін дамытудың жеке және топтық нысаны;
      4) академиялық сағат – сабақты, оқу сабағын өткізуге бөлінген оқу уақытының көлемі (ұйымның шешімі бойынша ол 40-45 минутты құрайды);
      5) әдіскер – оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік жұмысты орындайтын білім бөлімінің немесе ұйымның педагог қызметкері;
      6) әдістемелік (оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік) кеңес – білім беру ұйымдарының оқу-әдістемелік жұмысын алқалық басқару нысаны;
      7) әдістемелік кабинет - білім беруді басқару органдарының ұйымдастыру - әдістемелік сүйемелдеуді, білім беру процесінің нәтижелілігін талдау мен бағалауды, педагог кадрлардың шығармашылық өсуіне және олардың кәсіптік тұрғыдан өзін-өзі жетілдіруіне жәрдемдесетін инновациялық педагогикалық тәжірибені жинақтау мен таратуды қамтамасыз ететін білім беруді басқару органдарының құрылымдық бөлімшесі;
      8) оқу-әдістемелік жұмыс – оқу-тәрбиелік процесін психо-педагогикалық, дидактикалық-әдістемелік қамтамасыз ету, оқытудың жаңа технологияларын әзірлеу және енгізу, білім беру ұйымдарындағы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі қызмет.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 08.01.2016 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.
      5. Ұйымдардың негізгі міндеттері:
      1) білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін кадрларды қайта даярлау, біліктілігін арттыру, тағылымдамадан өткізуге жағдайлар жасау;
      2) мамандардың кәсіптік дағдыларын жетілдіру және арттыру;
      3) білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесіне оқытудың заманауи әдістерін енгізу;
      4) білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ғылыми зерттеу және тәжірибелік-әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыру және өткізу;
      5) оқу-әдістемелік жұмыстардың ең үздік отандық және шетелдік тәжірибелерін зерттеу, жинақтау, енгізу және алмасу;
      6) теориялық оқыту мен өндірістегі оқыту және еңбек нарығының сұраныстары арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін және қоғамда әрбір адамның білімге негізделген өз әлеуетін барынша пайдалануға мүмкіндік беретін бүкіл өмір бойы оқыту жүйелерін дамыту;
      7) білім алушылармен кәсіби бағдар беру жұмысын ұйымдастыруды әдістемелік қамтамасыз ету;
      8) жұмыстардың белгілі бір түрін орындауға қажетті жаңа немесе өзгертілген кәсіптік дағдыларға ие болу үшін жеке тұлғаны дамытуға бағытталған сапалы кәсіптік оқытуды ұйымдастыру үшін жағдай жасау;
      9) басқа кәсіптік немесе мамандықты игеруге мүмкіндік беретін маман жұмысшыларды, қызметшілерді кәсіптік оқыту;
      10) бұрын алынған кәсіптік білім, білік және дағдыларды қолдау, кеңейту, тереңдету және жетілдіру үшін азаматтардың біліктілігін арттыру.
      6. Ұйымдардың негізгі функциялары:
      1) қосымша білім беру бағдарламалары бойынша сапалы білім беру қызметін ұсыну;
      2) білім беру қызметі нарығының сұраныстарын зерттеу негізінде тыңдаушыларды оқытудың басымды бағыттарын анықтау;
      3) оқу-әдістемелік жұмыстарды жетілдіру үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу;
      4) қосымша білім беру ұйымдарының жаңа перспективалық бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-әдістемелік жұмыстарды өткізу;
      5) ересектерге арналған қосымша білім беру саласында кәсіпорындарға, ұйымдарға, жеке тұлғаларға консультациялық және ақпараттық қызмет көрсету;
      6) кадрларды қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тағылымдамадан өткізудің түрлері мен нысанын, оқыту әдістері және технологияларын жетілдіру және дамыту;
      7) профессорлық-оқытушылық құрамның сапасын жақсарту, олардың кәсіби, арнайы және жалпы мәдени деңгейін арттыру.
      7. Ұйымдар ғылыми, әдістемелік жұмыстар, кадрларды қайта даярлау, біліктілігін арттыру, тағылымдамадан өткізу саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      Ұйымдар шетелдік білім беру ұйымдарымен тікелей байланыстар орнатады, ынтымақтастық туралы екітарапты және көптарапты шарттар жасасады.
      8. Қосымша білім беру бюджет қаражаты есебiнен және ақылы негiзде де жүзеге асырылуы мүмкін. Ақылы негiздегі оқу құнын Ұйымның өзі анықтайды.

2. Ересектерге арналған қосымша
білім беру ұйымдарының түрлері қызметінің тәртібі

1-параграф. Қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске
асыратын қосымша білім беру институттары

      Ескерту. 1-параграфтың атауы жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 08.01.2016 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      9. Институттар мемлекеттік немесе мемлекеттік емес (жекеменшік, Қазақстан Республикасы аумағында тіркелген) және халықаралық болып бөлінеді.
      10. Институттардың негізгі функциялары:
      1) кадрлардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлауды қамтамасыз ету;
      2) білім беру процесі және білім беру технологияларының әдістемесін пайдалану және жетілдіру;
      3) оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, оқыту процесінің күнтізбелік кестесін әзірлеу және бекіту;
      4) тыңдаушылар контингентін қалыптастыру.
      11. Институттардағы оқыту процесі оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады. Оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, оқыту процесінің күнтізбелік кестелерін Институт басшылары бекітеді.
      12. Біліктілікті арттыру тақырыбы бойынша тыңдаушылардың құзыреттілік деңгейі кіріс және шығыс диагностикасымен анықталады; 36 сағаттық курста – өздік жұмыс жазу; 36 сағаттан асатын курстарда жобалық жұмыс орындау, сынақ, емтихан немесе Институт белгілейтін білімді бақылаудың өзге де нысанында анықталады.
      13. Аттестаттау жұмыстарын, рефераттарды қорғау, емтихан, сынақ тапсыру, әңгімелесу кезінде білім деңгейін бағалауды Институт басшысы бекіткен құрамда арнайы құрылған комиссия өткізеді.
      14. Институттар оқытуды келесі нысандар бойынша өткізеді: біліктілікті арттыру, тағылымдама өткізу, қайта даярлау.
      Біліктілікті арттыру:
      1) негізгі жұмыстан қол үзу;
      2) біріктірілген (күндізгі-қашықтан) біліктілікті арттыру;
      3) кезеңділігі және ұзақтылығымен қашықтықтан оқыту арқылы жүргізіледі.
      15.Тыңдаушылар контингентін қалыптастыру мемлекеттік тапсырыстар мен заңды және жеке тұлғалармен шарт жасасу негізінде жүзеге асырылады.
      16. Оқытуға қабылдау Институт басшысының бұйрығымен жүргізіледі.
      17. Институттардың тыңдаушылары:
      1) біліктілікті арттыру бойынша қосымша білім берудің оқу бағдарламалары мазмұнын қалыптастыруға қатысады;
      2) Институттардағы кәсіптік қызмет мәселелері бойынша нормативтік, нұсқаулық, оқу және оқу-әдістемелік құжаттаманы, сондай-ақ кітапхана, ақпараттық қор және басқа да бөлім қызметтерін қосымша білім беру ұйымының Жарғысымен анықталған тәртіпте пайдаланады;
      3) конференция мен семинарларға қатысады, оқу орындарының басылымдарына өз жарияланымдарын, ғылыми еңбектерін және басқа да материалдарын ұсынады.
      18. Институт құрылымы, профессорлық-оқытушылық құрам, әдіскерлер мен басқа қызметкерлердің саны құрылтайшының келісімі бойынша штат кестесіне сәйкес анықталады және ұйым басшысымен бекітіледі.
      19. Профессорлық-оқытушылық құрамның, тренерлердің оқу жүктемесі «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес анықталады.
      20. Институттарды қаржыландыру:
      1) бюджет қаражаттары;
      2) заңды және жеке тұлғалармен жасалған шарттар бойынша тыңдаушылардан алынатын қаражаттар есебінен жүзеге асырылады.

2-параграф. Әдістемелік орталықтар (кабинеттер)

      21. Әдістемелік орталық (кабинет) қызметінің мақсаты білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын және бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім берудің білім беретін бағдарламаларын іске асыруда білім беру ұйымдарын оқу-әдістемелік қолдауды жүзеге асыру, үздіксіз білім беру үшін жағдайлар жасау, педагог және басқарушы кадрлардың кәсіби біліктілігін жетілдіру болып табылады.
      22. Әдістемелік орталықтар (кабинеттер) аудандық, қалалық, облыстық, республикалық болып бөлінеді.
      23. Оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысқа басшылық жасау:
      орта білім беру ұйымдарында – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әдістемелік кабинеттеріне және аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің әдістемелік кабинеттеріне;
      техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім беруді басқару органдарының әдістемелік кабинеттеріне жүктеледі.
      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 08.01.2016 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.
      24. Білім беру ұйымдарындағы және тиісті инфрақұрылымдағы, оның ішінде оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету ұйымдарындағы оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қызметтерді үйлестіру Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2007 жылғы 29 қарашадағы № 583 бұйрығымен бекітілген Оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5036 болып тіркелді) жүзеге асырылады.
      25. Әдістемелік орталықтардың (кабинеттердің) Оқу-әдістемелік жұмыстар қызметінің негізгі бағыттары мыналар болып табылады:
      1) әдістемелік жұмыстың әртүрлі нысанын және оқу тәрбие процесін жетілдіруге және педагогтерге, білім беру ұйымдарына көмек көрсетуге бағытталған білім беру қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты (консультациялар, сабақтарды талдау, дәрістер, мастер-кластар, семинарлар, ғылыми-практикалық конференцияларды, педагогикалық оқуларды, педагогикалық шеберлік мектептерін, кәсіби шеберлік конкурстарын өткізу,) ұйымдастыру және өткізу;
      2) білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша оқу-әдістемелік жұмыс мазмұнын жетілдіру жөніндегі ұсынымдаманы, әдістемелік құралды әзірлеуді ұйымдастыру;
      3) педагогикалық қызметті зерделеу, талдау және бағалау, тәрбиеленушілер мен оқушылардың білім беру жетістіктерін мониторингілеу, жұмыс тәжірибесін жинақтауды және жүйелендіруді қамтамасыз ету, тиімді нысандар және олардың нәтижелілігі туралы деректер банкін құру;
      4) білім беру ұйымдарына және жекелеген педагогтерге инновациялық қызметте қолдау көрсету, тәжірибелік-эксперименттік және зерттеу жұмыстарын жүргізу;
      5) педагогтерді мемлекеттік білім беру саясатының негізгі үрдістерімен уақытылы танысу, оқытудың, сыныптан тыс, мектептен тыс және тәрбие жұмыстарының инновациялық нысандары мен әдістерін зерделеу және шығармашылық меңгеру;
      6) педагогтерді балалар мен ересектерді оқыту, тәрбиелеу және дамыту проблемалары бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік әдебиеттер туралы қажетті ақпараттармен қамтамасыз ету, ақпараттық-библиографиялық жұмысты өткізу, бейне-медиатека жасау;
      7) білім алушыларға білім беру мен оларды тәрбиелеуге қатысатын білім беру ұйымдары, мемлекеттік және үкіметтік емес құрылымдардың ЖОО ғалымдарымен өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын қалалық, аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейлерде ұйымдастыру;
      8) жетекші мамандарды тарта отырып, оқу-әдістемелік материалдарды сараптау, оқу-әдістемелік және сарапшылар кеңестерінің, уақытша ғылыми-зерттеу және шығармашылық топтардың қызметін үйлестіру;
      9) біліктілікті арттыру ұйымдарымен бірлесіп, педагог және басшы қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруды болжау, жоспарлау және ұйымдастыру, педагогтерге үздіксіз білім беру жүйесінде ұйымдастыру-әдістемелік көмек көрсету.
      26. Әдістемелік орталықтардың (кабинеттердің) құрылымы мен штаттары білім беру ұйымдарының мақсаттары мен міндеттеріне, ерекшеліктеріне педагог қызметкерлердің санына қарай қалыптастырылады және құрылтайшы келісімімен анықталып, ұйым басшысымен бекітіледі.
      27. Әдістемелік орталықты (кабинетті) басқару Қазақстан Республикасының заңнамалық, нормативтік және құқықтық актілеріне, осы Қағидаларға және Жарғыға сәйкес жүзеге асырылады.
      28. Әдістемелік орталықтардың (кабинеттердің) штаттық қызметкерлерімен қатар әдістемелік, консультациялық және басқа да жұмыстардың түрлерін, ғалымдар, мамандар және білім басқармасы органдары мен білім беру ұйымдарының өкілдері қосымша Еңбек заңнамасында белгіленген тәртіпте еңбекақыны сағат бойынша төлеу жағдайларында қамтамасыз ете алады.
      29. Әдістемелік орталықтар (кабинеттер) қызметкерлері:
      1) оның құзыретіне қатысты мәселелерді шешу кезінде материалдар мен қажетті ақпараттарды алу үшін барлық құрылымдық бөлімшелермен өзара іс-қимыл жасауды;
      2) бөлімше басшысына, әдістемелік кабинет меңгерушісіне оқу-әдістемелік жұмыстарды жетілдіру жөніндегі ұсынысты қарастыруға енгізеді;
      3) әдістемелік кабинет қызметін жоспарлауға қатысады;
      4) сарапшы органның мақұлдауынан кейін олардың әзірлеген және құрған оқу-әдістемелік өнімдерін, бақылау-диагностикалық және дидактикалық материалдарын жариялайды және көбейтеді;
      5) зерттеушілік және эксперименттік жұмыстарды ғылыми сүйемелдеуде консультативтік көмек алады.
      30. Әдістемелік орталықтар (кабинеттер) қызметкерлері:
      1) басшы бекіткен функционалды міндеттер шеңберінде көрсетілетін әдістемелік қызметтер сапасын қамтамасыз етеді;
      2) жеке кәсіби біліктілікті жетілдіру, курстық даярлық арқылы және өз бетінше білім алу шеңберінде біліктілікті арттыру бойынша тұрақты жұмыс жасайды.
      31. Әдістемелік орталықты (кабинетті) қаржыландыру:
      1) бюджет қаражаттары;
      2) ұйымдармен, заңды және жеке тұлғалармен шарт бойынша орындалатын жұмыстар үшін алынатын қаражаттар есебінен жүзеге асырылады.

3-параграф. Қосымша білімнің оқу орталықтары (өңірлік,
өңіраралық, салалық)

      32. Орталықтар оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруды, кадрларды іріктеу және орналастыруды оқу-әдістемелік, қаржы-шаруашылық қызметін дербес жүзеге асырады.
      33. Орталық жүзеге асыратын оқу, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысын жоспарлау және есепке алу оқу және тәрбие процесін ұйымдастырудың негізі болып табылады.
      34. Орталықтарда оқу жұмысын жоспарлау оқу жылына арналған оқу-тәрбие процесінің кестесін және теориялық, практикалық сабақтардың кестесін бекіту жолымен жүзеге асырылады.
      Оқу процесінің кестесі мен оқу сабақтарының кестесін Орталықтың басшысы бекітеді.
      Орталықтардағы оқу жұмысын есепке алу теориялық және өндірістік оқытуды есепке алу журналдарын және оқу бағдарламаларын оқыту сағаты бойынша орындауды есепке алу табельдерін жүргізу жолымен жүзеге асырылады.
      35. Орталықтар оқу жұмыс жоспарларын және оқу жұмыс бағдарламаларын жұмыс берушілердің қатысуымен әзірлейді және жұмыс берушілердің келісімімен Орталық басшысы бекітеді.
      Кадрларды кәсіби даярлау, қайта даярлаудың нысаны, мазмұны және көлемі жұмыс берушілердің келісімі бойынша анықталады.
      Білім беру бағдарламаларының мазмұнына қарай жеке адамның қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін, кәсіптік оқытудың қолжетімділігіне жағдайлар жасауды ала отырып, Орталықтарда оқыту мынадай нысандарда жүзеге асырылады: күндізгі, кешкі.
      Ескерту. 35-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 08.01.2016 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.
      36. Білім алушылардың үлгерімін ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығымен бекітілген Білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды мемлекеттік аттестаттау жүргізудің үлгілік ережесіне сәйкес (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 5191 болып енгізілді) жүзеге асырылады.
      37. Орталықтарда оқу сабақтары сабақтар, дәрістер, семинарлар, практикалық сабақтар, зертханалық, бақылау және өзіндік жұмыстар, консультациялар, әңгімелер факультатив сабақтары, курстық жобалар, жұмыстар және оқу сабақтарының басқа нысандары түрінде өткізіледі.
      38. Орталықтарда білім алушылармен оқу сабақтарын ұйымдастыру және өткізу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 қаулысымен бекітілген Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкес оқу топтары құрылады.
      Орталықтардағы оқу топтары мамандықтар бойынша күндізгі оқу бөлімінде саны 25 адамнан аспайтын, кешкі оқыту нысандарында кемінде 15 адамнан құралады.
      Мамандық немесе кәсіп бейінінің ерекшелігіне қарай Орталықтарда жекелеген білім алушылармен жеке сабақтар өткізіледі.
      Ескерту. 38-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 08.01.2016 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.
      39. Орталықтың білім алушыларына студенттер, курсанттар, тыңдаушылар жатады.
      40. Орталықтың педагогикалық қызметкерлеріне білім алушыларды оқыту және тәрбиелеуге байланысты білім беру қызметімен айналысатын тұлғалар жатады.
      41. Білім алушыларды өндірістік оқыту оқу-өндірістік шеберханаларда, зертханаларда, полигондарда, Орталықтың оқу шаруашылықтарында, шарт негізінде жұмыс берушілер ұсынатын оқушы орындарында жүзеге асырылады.
      42. Орталықтың оқу-өндірістік шеберханалары, оқу шаруашылықтары, оқу полигондары мамандықтар бойынша кадрлар даярлау бейініне қарай өндірістік оқытудың оқу бағдарламаларының мазмұнын және кәсіптік практиканы іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
      Оқу өндірістік шеберханалар төмендегіні қамтамасыз ететін оқу және өндірістік базалар болып табылады:
      1) өндірістік еңбекті теориялық оқытумен ұштастыру;
      2) оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес білім алушылардың кәсіптік дағдыларға ие болуы;
      3) өнімдер шығаруды, шеберханаларға арналған құралдар мен жабдықтарды, кабинеттер мен зертханаларға арналған көрнекі құралдар мен аспаптарды жасауды, сондай-ақ жабдықтар, машиналар мен механизмдерді жөндеуді ұйымдастыру;
      4) оқу жоспарлары мен бағдарламаларының талаптарын орындау шеңберінде кәсіпорындарға, ұйымдарға және халыққа ақылы қызметтер көрсету.
      43. Оқу шеберханаларындағы, оқу шаруашылықтарындағы оқу-өндірістік жұмыстарды орындау жөніндегі тізбені, мазмұнды және талаптарды кадрлар даярлауды жүзеге асыру үшін жұмыс берушілермен келісім бойынша тікелей Орталық айқындайды.

4-параграф. Қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске
асыратын заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері

      Ескерту. 4-параграфтың атауы жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 08.01.2016 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      44. Заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелеріне қосымша білімнің білім беру бағдарламалары бойынша ғылыми, педагогикалық, инженерлік-техникалық және медициналық қызметкерлердің және экономиканың басқа салаларының қызметкерлерін тағылымдамадан өткізуді, біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыруға арналған біліктілікті арттыру орталықтары жатады.
      Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу ұйымдарында, кәсіпорындарда және өзге де ұйымдарда (бұдан әрі - Бөлімшелер) құрылады.
      Ескерту. 44-тармаққа өзгеріс енгізілд - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 08.01.2016 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.
      45. Бөлімшелердің негізгі функциялары:
      кадрлардың білiктiлiгiн арттыруды және қайта даярлауды қамтамасыз ету;
      білім беру процесі мен білім беру технологияларының әдiстемелерiн пайдалану және жетiлдiру;
      оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, оқу процесінің күнтiзбелiк кестелерiн әзiрлеу және бекіту;
      тыңдаушылардың контингентiн қалыптастыру;
      Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған және ұйымның жарғысында көзделген өзге де қызметтi жүзеге асыру болып табылады.
      46. Бөлімшелердің оқу процесі оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады. Оқу процесіндегі оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, күнтiзбелiк кестелердi Бөлімшелер бекiтедi.
      47. Білім беру бағдарламалары бойынша тыңдаушылардың білім деңгейiн бағалауды құрамын Бөлімше басшысы бекiтетiн комиссиялар жүргiзедi.
      48. Кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау кәсiпорындармен (бiрлестiктермен), ұйымдармен, мекемелермен және жұмыспен қамту қызметiмен, сондай-ақ басқа да заңды және жеке тұлғалармен жасалған шарттар негізiнде жүзеге асырылады.
      49. Бөлімшелерге қабылдау тыңдаушының өтiнiші немесе кәсiпорынның, мекеменiң, сондай-ақ басқа заңды тұлғалардың жолдамасы негiзiнде жүзеге асырылады.
      50. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында қарастырылған жағдайларды қоспағанда, мамандардың біліктілікті арттыру курстарынан өту кезеңділігін тапсырыс беруші белгілейді.
      51. Бөлімшелердің тыңдаушылары:
      біліктілікті арттыру курстары білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтауға қатысады;
      қосымша білім беру бағдарламасын игеру үшін қажетті қолда бар нормативтік және нұсқаулық құжаттарды, оқу және оқу-әдістемелік материалдарды, сондай-ақ кітапхана мен ақпараттық қорларды, басқа да бөлiмшелердің қызметтерін пайдаланады;
      конференциялар мен ғылыми семинарларға қатысуға, өз рефераттарын, еңбектерi мен басқа да материалдарын ұйымдардың басылымдарында жариялайды.
      52. Оқытушылық құрам, әдiскерлер мен басқа да персоналдың штаттарын, құрылымын ұйымның басшысы бекiтедi.
      53. Бөлімше қызметі осы Үлгілік қағидаларға және ұйымның Жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
      54. Бөлімшені тiкелей басқаруды Ұйым басшысы тағайындаған басшы жүзеге асырады.
      55. Бөлімше басшысы ұйымның атынан әрекет етедi және оның мүдделерiн қорғайды.
      56. Бөлімшені қаржыландыру:
      бюджет қаражаттары;
      заңды және жеке тұлғалармен жасалған шарттар бойынша тыңдаушыны оқыту, тағылымдаманы ұйымдастыру үшін алынған қаражаттар есебінен жүзеге асырылады.

Ересектерге арналған қосымша білім беру
ұйымдарының түрлері қызметінің үлгілік
қағидаларына 1-қосымша      

нысан

КУӘЛІК

Осы куәлік _________________________________________________ берілді,
               (тегі, аты, әкесінің аты)
ол ___ жылғы «___» бастап ____ жылғы «___»
кезеңінде ________________________________ оқып,
         (білім беру ұйымының толық атауы)
________ жылы ________________________________________ кәсібі бойынша
толық курсын бітіріп шықты және қайта даярлаудың толық курсын
бітіргеннен кейін мынандай құзыреттілігін көрсетті:
Модульдің атауы         Бағалары/балл
_______________________ ______________________
_______________________ ______________________
Қосымша білім беру ұйымының басшысы _________________________________
М.О. _____ жылғы «_____» _______
Тiркеу нөмірі № __________
Біліктілік комиссиясының ______ жылғы "___" ___________
шешімімен оған ________________________________
___________________________________ біліктілігі және
_____ жылғы «_____» _______ №________сертификат берілді

Біліктілікті сертификаттау жөніндегі органның басшысы ____________/______________/______________/

М.О.

_______ жылғы «_____» _______

Тiркеу нөмірі N __________

Ересектерге арналған қосымша білім беру
ұйымдарының түрлері қызметінің үлгілік
қағидаларына 2-қосымша       

Приложение 2 к Типовым правилам деятельности
видов организаций дополнительного образования
для взрослых              

нысан / форма

    Ұйымның атауы                     Наименование организации

     Мекен-жайы:... көшесі,...,            Адрес:, ул....,...
     ...                                                    
     e-mail: …                             e-mail:               
     тел...                                  тел...

Сертификат
№______

Осы сертификат,_______________________
          (тегі, аты, әкесінің аты)
_____________________ тақырыбында
сағат көлемінде
_________________________________
біліктілікті арттыру/қайта даярлау курстарынан өткенін растайды.


Настоящим подтверждает, что
_________________________________________
  (фамилия, имя, отчество)
______________________________
прошел(ла) курсы повышения квалификации/ переподготовки на тему: _____________________
в объеме ____ часов.

Басшы ____________/_____________/
М.О. __________ жылғы «___»_____
Тіркеу нөмірі № _______


Руководитель ____________/_____________/
М.П. «___» __________ года
Регистрационный номер № ______