"Экспорттаушы елдердiң құзыреттi органдары импортталған асыл тұқымды өнiмге (материалға) берген асыл тұқымдық куәлiктi немесе оған балама құжатты тану тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2012 жылғы 26 сәуірдегі № 18–02/212 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2012 жылғы 19 қыркүйектегі № 15-04/466 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 24 қыркүйекте № 7930 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 3-2/1078 бұйрығымен

Күшін жойған

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 11.12.2015 № 3-2/1078 (02.06.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      БҰЙЫРАМЫН:
      1. «Экспорттаушы елдердiң құзыреттi органдары импортталған асыл тұқымды өнiмге (материалға) берген асыл тұқымдық куәлiктi немесе оған балама құжатты тану тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2012 жылғы 26 сәуірдегі № 18–02/212 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7677 болып тіркелген, «Егемен Қазақстан» 2012 жылғы 8 тамыздағы № 477-482 (27386) жарияланған) бұйрығына мынадай өзгеріс енгізілсін:
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Экспорттаушы елдердiң құзыреттi органдары импортталған асыл тұқымды өнiмге (материалға) берген асыл тұқымдық куәлiктi немесе оған балама құжатты тану тәртiбi туралы ереже, осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң Агроөнеркәсiптiк кешендегi мемлекеттiк инспекциясы комитетi заңнамада белгiленген тәртiпте:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн;
      2) бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын;
      3) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсiн.
      3. Осы бұйрық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Министрдің м.а.                            Е. Аман

Қазақстан Республикасы     
Ауыл шаруашылығы министрiнiң м.а.
2012 жылғы 19 қыркүйектегі   
№ 15-04/466 бұйрығына      
қосымша             

Қазақстан Республикасы     
Ауыл шаруашылығы министрiнiң м.а.
2012 жылғы 26 сәуiрдегi    
№ 18-02/212 бұйрығымен     
бекiтiлген           

Экспорттаушы елдердiң құзыреттi органдары импортталған асыл
тұқымды өнiмге (материалға) берген асыл тұқымдық куәлiктi
немесе оған балама құжатты тану тәртiбi туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Экспорттаушы елдердiң құзыреттi органдары импортталған асыл тұқымды өнiмге (материалға) берген асыл тұқымдық куәлiктi немесе оған балама құжатты тану тәртiбi туралы Ереже (бұдан әрi – Ереже) «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шiлдедегi Заңының 13-бабы 14) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және оларды тану тәртiбiн анықтайды.
      Импортталған асыл тұқымды өнiмге (материалға) экспорттаушы елдердiң құзыреттi органдары берген асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатты тану мына кезеңдерді қамтиды:
      1) асыл тұқымдық өнімді (материалды) импорттауға арналған асыл тұқымдық куәліктің өтінімдері мен үлгілерін қарауды;
      2) асыл тұқымдық куәліктің көшірмелерін (түпнұсқаларын) қарауды;
      3) асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатты тану туралы шешім қабылдау немесе дәлелді бас тартуды.
      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) импорттық асыл тұқымдық өнімге (материалға) асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжат - экспорттаушы елдердің құзыреттi органдары берген құжат (асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжат);
      2) асыл тұқымдық куәліктің үлгісі – экспорттаушы елдердің құзыретті органдары қабылдаған асыл тұқымдық өнім (материал) туралы, сондай-ақ асыл тұқымдық өнімнің (материалдың) ата-тегі, өнімділігі және өзге де сапаларының белгілі бірізділікпен орналасқан жалпы мәліметтерінің жиынтығы;
      3) асыл тұқымдық мал шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның ведомствосы – асыл тұқымдық мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын аумақтық бөлімшелерімен асыл тұқымдық мал шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның комитеті;
      4) асыл тұқымдық өнiм (материал) – асыл тұқымды және селекциялық мал, сондай-ақ асыл тұқымды малдан алынған ұрық, эмбриондар, инкубациялық жұмыртқа, тәулiктiк балапандар, уылдырық, құртшабақтар мен жас балықтар, бал араларының асыл тұқымды аналық бал аралары, асыл тұқымды бал ара ұялары мен бал ара пакеттерi;
      5) импорттаушы – Қазақстан Республикасына асыл тұқымды өнiмдi (материалды) шет елдерден әкелудi жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      6) Асыл тұқымдық куәлiктерді немесе оған балама құжаттарды қарау жөніндегі комиссия – оларды тануға асыл тұқымдық куәлiктердің немесе оған балама құжаттардың үлгілерін, көшірмелерін және түпнұсқаларын қарау құзыреті кіретін жыл сайын Комитет құрайтын алқалы орган (бұдан әрі - Комиссия);
      7) импортталған асыл тұқымды өнiмге (материалға) экспорттаушы елдердiң құзыреттi органдары берген асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатты тану - оларда көрсетiлген мәлiметтердiң шынайылығын анықтау, сараптамалық бағалаудан өткiзу, селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық базасына тiркеу рәсімі.

2. Асыл тұқымдық өнiмді (материалды) импорттаушылардың
өтінімдерін қарау тәртібі

      3. Импорттаушы асыл тұқымдық өнiмнiң (материалдың) межелi орны бойынша Комитетінің аумақтық бөлімшесіне төмендегілерді:
      жеке тұлғалар үшiн – асыл тұқымды өнiм (материал) әкелудi жоспарлаған жеке тұлғаның тегiн, атын, әкесiнiң атын және тұратын жерін;
      заңды тұлғалар үшiн – асыл тұқымды өнiм (материал) әкелудi жоспарлаған заңды тұлғаның тегiн, атын, әкесiнiң атын, мекен жайын және бейiнiн және оның қызмет түрін;
      экспорттаушы елдiң атауын, малдың санын, түрiн және тұқымын, ұрықтың немесе эмбриондардың саны олардың қай түрге және тұқымға жататынын көрсете отырып еркiн нысанда өтiнiш бередi.
      Импорттаушы өтiнiшке экспорттаушы елдердің құзыреттi органдары берген асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттың үлгісін қоса бередi.
      4. Ұсынылған үлгіде мынадай мәлiметтер көрсетiлуі тиіс:
      1) асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатты берген құзыреттi органның атауы;
      2) малдың туған жерi;
      3) мал иесi;
      4) малдың туған уақыты;
      5) малдың жалған аты (болған жағдайда);
      6) бiрдейлендiру нөмiрi (татуировка, сырға, чип, таңба – көрсетілгеннің ішінен біреуі немесе бірнешеуі);
      7) малдың тұқымы;
      8) малдың жынысы;
      9) тiркеу нөмiрi асыл тұқымдық кiтап немесе өкiлеттi органның тiркелiмi бойынша (олар жүргiзiлген жағдайда);
      10) генетикалық бағалау нәтижесi, малдардың және олардың арғы ата тегiнiң өнiмдiлiгi (олар жүргiзiлген жағдайда);
      11) шежіресі (экспорттаушы елдердің талаптарына сәйкес толтырылады);
      12) иесiнiң өзгергенi туралы мәлiметтер (болған жағдайда);
      13) асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжат берiлген күнi (болған жағдайда);
      14) малдың түсі және ерекше белгілері (болған жағдайда);
      15) экспорттаушы елде қабылданған әдістемелер бойынша малдың индекстік бағасының немесе мал өнімділігінің немесе экспорттаушы елде қабылданған әдістемелер бойынша оның арғы ата тегінің бірінің дара көрсеткіштерінің болуы.
      Мал шаруашылығында ата тегінің бірінің өнімділігі туралы мәліметтерді экспорттаушы елдің құзыретті органының интернет-ресурсында орналастырылған құжаттарда ұсынуға рұқсат етіледі.
      5. Ұрықтанған (қашырылған) малды импорттаған жағдайда болашақ ұрпағының әкесі туралы (жалған аты, тұқымы, тіркеу нөмірі, ұрықтанған немесе қашырылған күні) мәліметтер қосымша беріледі.
      Асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатқа қосымша ретінде жеткізуші куәландырған фермерішілік есеп құжаттары бойынша малдың шығу тегі және өнімділігі туралы деректерді ұсынуға рұқсат етіледі.
      6. Комитеттiң аумақтық бөлімшесіне үлгi шетел тiлiнде ұсынылған жағдайда, импорттаушы өтiнiшке онда келтiрiлген мәлiметтер жазбаларының мемлекеттiк немесе орыс тiлдерiне ресми аудармасын қоса бередi.
      7. Комитеттiң аумақтық бөлімшелері өтiнiштi тiркеуге алады және өтiнiштi тiркеуге алған күннен кейін үш жұмыс күнi iшiнде үлгіні Комиссия қарау үшін Комитетке жолдайды.
      8. Комиссия Комитеттің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің салалық құрылымдық бөлімшелерінің, салалық ғылыми ұйымдардың өкілдерінен, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен тұрады.
      Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын Комитеттiң құрылымдық бөлiмшесiнiң лауазымды тұлғасы Комиссияның төрағасы болып табылады.
      9. Келiп түскен асыл тұқымдық куәлiктердiң немесе оған балама құжаттардың үлгілерін оларды тану мүмкіндігіне қарауды Комиссия жүзеге асырады.
      10. Комиссияның үлгілерді қарау мерзімі Комитетке келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнін құрайды.
      11. Үлгі қаралғаннан кейін Комиссия оң немесе теріс қорытынды шығарады, ол асыл тұқымдық өнімді (материалды) импорттауды жүзеге асыру үшін асыл тұқымды өнім (материал) әкелiнетiн жердегi Комитеттiң аумақтық бөлiмшелерiне жiберіледi.
      Теріс қорытынды шығарған жағдайда Комиссия өтініш берушіге бас тарту себептерін көрсете отырып, жазбаша түрде дәлелді жауап жібереді.
      12. Осы Ереженің 4-5-тармақтарында көрсетілген мәліметтерді үлгіде, немесе құзыретті органның интернет-ресурсында орналасқан құжаттарда толық көрсетпеу бас тартуға негіздеме болып табылады.

3. Экспорттаушы елдердiң құзыреттi органдары импортталған асыл
тұқымды өнiмге (материалға) берген асыл тұқымдық куәлiктi
немесе оған балама құжатты тану тәртiбi

      13. Импорттаушы асыл тұқымдық өнімді (материалды) іріктегеннен және сатып алғаннан кейін әкелінетін әр асыл тұқымды малға немесе асыл тұқымды малдың партиясына экспорттаушы елдердің құзыреттi органдары берген асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттың көшірмелерін немесе түпнұсқаларын Комиссияға ұсынады. Болған жағдайда асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатты беруді жүзеге асыратын экспорттаушы елдің құзыретті органының интернет-ресурсында көрсетіледі.
      14. Асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатты тануды жүргiзу үшiн импорттаушы асыл тұқымды өнiмнiң (материалдың) межелi орны бойынша Комитетінің аумақтық бөлімшесіне төмендегілерді:
      жеке тұлғалар үшiн – асыл тұқымды өнiм (материал) әкелудi жоспарлаған жеке тұлғаның тегiн, атын, әкесiнiң атын және тұратын жерін;
      заңды тұлғалар үшiн – асыл тұқымды өнiм (материал) әкелудi жоспарлаған заңды тұлғаның тегiн, атын, әкесiнiң атын, мекен жайын және бейiнiн және оның қызмет түрін;
      экспорттаушы елдiң атауын, малдың санын, түрiн және тұқымын, ұрықтың немесе эмбриондардың саны олардың қай түрге және тұқымға жататынын көрсетiп еркiн нысанда өтiнiш бередi.
      Импорттаушы өтiнiшке экспорттаушы елдердің құзыреттi органдары берген асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттың үлгісін қоса бередi.
      15. Комитеттiң аумақтық бөлімшесіне экспорттаушы елдердің құзыреттi органдары берген асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттың көшірмелері немесе түпнұсқалары шетел тiлiнде ұсынылған жағдайда, импорттаушы өтiнiшке онда келтiрiлген мәлiметтер жазбаларының мемлекеттiк немесе орыс тiлдерiне ресми аудармасын қоса бередi.
      Мал шаруашылығында ата тегінің бірінің өнімділігі туралы мәліметтерді экспорттаушы елдің құзыретті органының интернет-ресурсында орналастырылған құжаттарда ұсынуға рұқсат етіледі.
      Таза қанды мiнiс жылқылары иесiнiң өзгергенi туралы мәлiметтерді көрсете отырып, экспорттаушы мемлекеттердiң жокей клубтары берген халықаралық үлгiдегi куәлiктерi болған жағдайда әкелiнедi.
      16. Ұрықтанған (қашырылған) малды импорттаған жағдайда болашақ ұрпағының әкесі туралы (асыл тұқымдық куәлiкке немесе оған балама құжатқа қосымша ретінде жалған аты, тұқымы, тіркеу нөмірі, ұрықтанған немесе қашырылған кезеңі қосымша беріледі.
      Асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатқа қосымша ретінде жеткізуші куәландырған фермерішілік есеп құжаттары бойынша малдың шығу тегі және өнімділігі туралы деректерді ұсынуға рұқсат етіледі.
      17. Асыл тұқымды өнімге (материалға) асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттың түпнұсқасын экспорттаушы елдің құзыретті органы растайды (басшының қолымен расталады және мөрмен куәландырылады).
      18. Комиссияның асыл тұқымдық куәлiктердің немесе оған балама құжаттардың көшiрмелерiн немесе түпнұсқаларын оларды тануды қарау мерзiмi импорттаушы оларды Комитетке ұсынған күннен бастап он жұмыс күнін құрайды.
      19. Комиссия ашық дауыс беру жолымен дауыс басымдылығына қарай шешiм қабылдайды.
      Комиссияның шешiмi импортталған асыл тұқымды өнiмге (материалға) экспорттаушы елдердiң құзыреттi органдары берген асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатты тану туралы қорытынды түрiнде қабылданады.
      Комиссия мүшелерiнiң Комиссия қорытындысынан өзгеше пiкiрлерi болған жағдайда қорытындыға Комиссияның осы мүшелерiнiң дәлелденген уәждерi қоса тiркеледi.
      20. Осы Ереженің 4-5-тармақтарында көрсетілген мәліметтер асыл тұқымдық куәлiктер немесе оған балама құжаттарда көрсетілген жағдайда Комиссия асыл тұқымдық өнімді (материалды) импорттауды жүзеге асыру үшін асыл тұқымды өнім (материал) әкелiнетiн жердегi Комитеттiң аумақтық бөлiмшелерiне оң қорытынды жiбередi.
      Осы Ереженің 4-5-тармақтарында көрсетілген малдар туралы мәліметтерді интернет-ресурста орналастырған жағдайда, Комиссия асыл тұқымдық куәлiктер немесе оған балама құжаттардың көшiрмелерiнде келтірілген деректерді экспорттаушы елдің құзыретті органының интернет-ресурсында орналастырылған ұқсас деректермен тексереді.
      21. Осы Ереженің 4-5-тармақтарында көрсетілген мәліметтерді асыл тұқымдық куәлiктер немесе оған балама құжаттардың көшiрмелерiнде толық көрсетпеген жағдайда, Комиссия импорттаушыға нақтыланған деректерді сұрату және ұсыну немесе асыл тұқымды малды ауыстыру бойынша оның шара қолдануы үшін жазбаша түрде қорытынды жібереді.
      22. Төмендегі мақсаттарда, Комиссия жұмысына аумағында мал әкелiнетiн межелi орын орналасқан Комитеттiң аумақтық бөлiмшелерiнiң мемлекеттiк инспекторлары тартылады:
      малдарды көзбен шолып тексеру;
      асыл тұқымдық куәлiктер немесе оған балама құжаттардың көшiрмелерiнде көрсетілген мәліметтерді асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттың түпнұсқасындағы мәлiметтермен салыстыру;
      асыл тұқымды малдардың бiрдейлендiру нөмiрлерiн асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттың түпнұсқасындағы мәлiметтермен салыстыру.
      23. Мал межеленген орнына әкелiнгесiн және карантин аяқталғасын Комитеттiң аумақтық бөлімшесінің асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша мемлекеттiк инспекторы үш жұмыс күні ішінде осы Ереженiң 22-тармағында көрсетiлген шараларды жүргiзедi.
      24. Малдардың түрiне және өнiм бағытына қарай асыл тұқымдық куәлiктер немесе оған балама құжаттардың көшiрмелерiнде көрсетiлген барлық мәлiметтер асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттардың түпнұсқаларымен, сонымен қатар бiрдейлендiру нөмiрлерi сәйкес келген жағдайда мал межеленген орнына әкелiнгеннен кейiн үш жұмыс күнi iшiнде Комитеттiң аумақтық бөлімшесі өтiнiм берушiге асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттардың танылғандығы туралы жазбаша түрде хабарлайды және тiзiмiн қоса жiбередi.
      25. Комитеттiң аумақтық бөлімшесі өтiнiш берушiге танудан бас тарту себебiн көрсетiп жазбаша түрде уәждi жауап қайтарады және оған танудан бас тартылған асыл тұқымдық куәлiктердiң немесе оған балама құжаттардың тiзiмiн қоса жiбередi:
      асыл тұқымдық куәлiктер немесе оған балама құжаттардың көшiрмелерiнде көрсетілген мәліметтерді асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттың түпнұсқасындағы мәлiметтерге сәйкес келмесе;
      асыл тұқымды малдардың бiрдейлендiру нөмiрлерiн асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттың түпнұсқасындағы мәлiметтермен салыстыру кезінде айырмашылықтар анықталса.
      26. Асыл тұқымдық куәлiкті немесе оған балама құжатты танудан бас тартылған жағдайда, жауапта көрсетiлген ескертулердi жойғаннан кейiн Комитеттiң аумақтық бөлімшесіне асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатты тану рәсiмiн өткiзу мақсатында өтiнiш берушiнің қайтадан өтiнiш беруге құқығы бар.
      27. Асыл тұқымдық куәлiктердi немесе оған балама құжаттарды танудан бас тарту туралы шешiмге өтiнiш берушi уәкiлеттi органға және (немесе) сотқа заңнамада белгiленген тәртiпте шағым жасай алады.