Бағалы қағаздар нарығында қызметтi жүзеге асыруға қажеттi бағдарламалық-техникалық құралдар мен өзге жабдықтарға қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 28 сәуірдегі № 165 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 12 маусымда № 7734 тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.01.2018 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      Қолданушылардың назарына!
      Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық-техникалық құралдар мен өзге жабдықтарға қойылатын талаптар бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.01.2018 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы қаулыны қолданысқа енгізілген күннен бастап осы қаулының қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары 2012 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде өздерінің бағдарламалық техникалық қамтамасыз етуін осы қаулыға сәйкес келтірсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық-техникалық құралдардың және өзге жабдықтардың нұсқаулығының 4-тармағы 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін әрекет етеді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.08.2012 № 277 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      Ұлттық Банкінің
Төрағасы
Г. Марченко

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 28 сәуірдегі
№ 165 қаулысымен бекітілген

Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық-техникалық құралдар мен өзге жабдықтарға қойылатын талаптар

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.01.2018 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Осы Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық-техникалық құралдар мен өзге жабдықтарға қойылатын талаптар (бұдан әрі - Талаптар) бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық-техникалық құралдар мен өзге жабдықтарға (бұдан әрі - бағдарламалық қамтамасыз ету) қойылатын талаптарды және бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларында сақталған деректерді сақтауды және оларды санкцияланбаған қол жеткізуден қорғауды қамтамасыз ететін қауіпсіз жұмысты ұйымдастыруды айқындайды.

      Талаптар:

      1) бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) арасында жасалған тиісті келісім негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) уәкілетті органның ақпараттық ресурстарын пайдалану кезінде туындайтын қатынастарға;

      2) бағалы қағаздар нарығында инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға уәкілетті органның лицензиясы бар, "өмірді сақтандыру" саласында қызметті жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдарына қолданылмайды.

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 25.05.2020 № 60 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Бағдарламалық қамтамасыз ету:

      1) кез келген уақытта жабдықтың кез келген учаскесінде электр қореккөзі толық немесе ішінара ажыратылған кезде ақпараттың сенімді сақталуын, санкцияланбаған қол жеткізуден қорғауды, дерекқорларының тұтастығын және электрондық мұрағаттар мен дерекқорлардағы ақпараттың сенімді сақталуын;

      2) ең кем дегенде қол жеткізудің екі деңгейін: әкімшіні және пайдаланушының көздейтін бағдарламалық қамтамасыз етуде іске асырылған кіру деректеріне, функцияларға, операцияларға, есептерге көп деңгейлі қол жеткізуді;

      3) операцияларды жүргізу және тіркеу үшін қажетті, толтырылуы міндетті жолдардың енгізілетін деректерінің толықтығын бақылауды (функцияларды немесе операцияларды барлық жолдарды толығымен толтырмай орындаған жағдайда, бағдарлама тиісті хабарламаны беруді қамтамасыз етеді);

      4) сұратуды сақтай отырып, осы ақпараттық жүйе үшін айқындалған өлшемшарттар мен өлшемдер бойынша ақпарат іздеуді, сондай-ақ кез келген өлшемдер (осы ақпараттық жүйе үшін айқындалған) бойынша ақпаратты сұрыптауды және егер осындай ақпарат ақпараттық жүйеде сақталуға тиіс болса, өткен күндердегі ақпаратты қарау мүмкіндігін;

      5) ақпаратты өңдеуді және оны күні мен уақыты бойынша сақтауды;

      6) бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынатын есептердің, сондай-ақ жеке шоттан үзінді-көшірмелердің, жүргізілген операциялар туралы есептердің нысандарын автоматтандырылған түрде қалыптастыруды;

      7) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасында көзделген бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының ішкі есепке алу жүйесінің журналдарын жүргізуді және автоматты қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Бағдарламалық қамтамасыз ету журналды толық, сондай-ақ ішінара (күндердің аталған диапазонына, белгілі бір күніне, нақты тіркелген тұлғаға, келіп түсетін құжаттың нақты мәртебесіне) қалыптастырады;

      8) бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларды есепке алу жүйелерінде сақталатын деректерді резервтеу және қалпына келтіру мүмкіндігін;

      9) жіберілетін құжаттарды экранға, принтерге немесе файлға шығару мүмкіндігін;

      10) осы ақпаратты енгізуде (қаржы құралдарын сатып алуға және сатуға өтінімдерді қор биржасының сауда жүйесіне енгізуді және орталық депозитарийдің бағдарламалық қамтамасыз етуі арқылы орталық депозитарийі клиенттерінің бұйрықтарды енгізуін қоспағанда) қателерді болдырмау мақсатында түрлі пайдаланушылардың бұйрықтарды екі рет енгізу жүйесін ("бірінші енгізу" және "екінші енгізу") немесе түрлі пайдаланушылардың бұйрықтарды енгізуді растау жүйесін (валидация немесе верификация) қолдануды қамтамасыз етеді.

      Ақпаратты енгізу кезінде "екінші енгізуді" пайдаланушылар "бірінші енгізудің" пайдаланушылары енгізген ақпаратқа қол жеткізе алмайды. "Екінші енгізудің" деректері "бірінші енгізудің" деректеріне сәйкес келмеген жағдайда, бағдарлама тиісті хабарламаны көрсетеді.

      Түрлі пайдаланушылардың бұйрықтарды енгізуін растау жүйесін (валидация немесе верификация) пайдалану кезінде бірінші пайдаланушы енгізген ақпаратты екінші пайдаланушы растайды.

      Пайдаланылатын тәсіл (екі рет енгізу, валидация немесе верификация) және көрсетілген тәсілдерді қолдана отырып енгізілуге тиіс бұйрықтар тізбесі бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысының ішкі құжаттарында айқындалады;

      11) электрондық құжаттармен алмасу мүмкіндігін;

      12) бағдарламалық қамтамасыз етуде іркіліс басталған кезде қызметін 2 (екі) сағат ішінде қалпына келтіруді;

      13) мына атрибуттарды сақтай отырып, ақпараттық жүйеде болып жатқан оқиғаларды тіркеуді және сәйкестендіруді қамтамасыз етеді: оқиғаның басталған күні және уақыты, оқиғаның атауы, іс-әрекет жасаған пайдаланушы, жазбаны сәйкестендіруші, оқиғаның аяқталған күні мен уақыты, оқиғаны орындау нәтижесі.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 261 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 25.05.2020 № 60 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      2. Уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде не "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Бағалы қағаздар рыногы туралы заң) сәйкес номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті, кастодиандық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін Талаптардың 1-тармағында көзделген талаптарға қоса бағдарламалық қамтамасыз ету:

      1) мынадай операцияларды:

      жеке шотты ашуды;

      тіркелген тұлға, инвестициялық пай қоры немесе инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясы туралы мәліметтердің өзгеруін;

      эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын жоюды;

      тіркелген тұлғалардың шоттарынан (шоттарына) бағалы қағаздарды есептен шығаруды (есепке алуды);

      эмитенттің орналастырылған акциялары саны өсуіне байланысты тіркелген тұлғаның жеке шотында акциялардың саны ұлғайғаны (эмитент сатып алған акцияларын есептемегенде) жөніндегі жазбаны енгізуді;

      эмитенттің бағалы қағаздарын және өзге ақшалай міндеттемелерін эмитенттің жай акцияларына айырбастау туралы жазбаны енгізуді;

      эмитенттің бір түрде орналастырылған акцияларын осы эмитенттің басқа түрдегі акцияларына айырбастау туралы жазбаны енгізуді;

      бағалы қағаздардың ауыртпалығы және ауыртпалықты алып тастауды;

      бағалы қағаздарды оқшаулау және бағалы қағаздарды оқшаулауды алып тастауды;

      сенімгерлік басқарушы туралы жазбаны енгізуді және сенімгерлік басқарушы туралы жазбаны жоюды;

      жеке шотты жабуды;

      белгілі күнгі және уақыттағы жеке шоттан (қосалқы шоттан) үзінді-көшірмелерді, жүргізілген операциялар туралы есептерді және бағалы қағаздарды ұстаушылардың, орталық депозитарийдің, эмитенттердің және уәкілетті органның сұратулары бойынша есептерді жасауды және беруді;

      2) тіркелген тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болса) немесе толық атауы өзгерген кезде өзгеретін деректердің сақталуын және бұрынғы деректер бойынша тіркелген тұлғаны іздеуді;

      3) барлық кезеңдегі жеке шот бойынша жүргізілген барлық операциялар бойынша ақпараттың сақталуын;

      4) эмиссиялық бағалы қағаздармен операцияларды тіркеу процесінде орталық депозитарийдің бағдарламалық қамтамасыз етуімен өзара әрекеттесуін қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.08.2012 № 277 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; өзгерістер енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 03.02.2014 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.02.2014 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.01.2018 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2018 № 261 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      3. Номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті, кастодиандық қызметті жүзеге асыруға лицензиялары бар ұйымдардың бағдарламалық қамтамасыз етуі Талаптардың 1 және 2-тармақтарында көзделген талаптарға қосымша:

      1) клиенттердің номиналды ұстауға және (немесе) кастодиандық қамтамасыз етуге берілген активтерін есепке алу мүмкіндігін;

      2) мына ақпаратты қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, клиент активтерін, оның шоттары бойынша барлық операцияларды дербес есепке алуды, шоттар бойынша операциялардың тарихын талдау мүмкіндігін, оның ішінде кез келген күнгі және операциялық күн ішіндегі уақыттағы жағдай бойынша ақша қалдықтары туралы, сондай-ақ әрбір клиент және клиенттің ақшасын есепке алуды және сақтауды жүзеге асыратын ұйым бойынша ақша қозғалысы туралы мәліметтерді автоматтандырылған түрде қалыптастыруды:

      ақшамен операция жүргізу күні мен уақыты;

      операцияның атауы;

      растайтын құжаттың деректемелері мен атауы;

      клиенттің тегі, аты, әкесінің аты (ол болса) немесе атауы;

      қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысулар жүзеге асырылатын есептеу-депозитарлық жүйесінің атауы;

      брокердің және (немесе) дилердің және оның клиенттерінің ақшасын есепке алу және сақтау жүзеге асырылатын ұйымның атауы;

      клиенттің шоты бойынша ақша бойынша әрбір операцияның сомасы;

      көрсетілгені (өткізілгені) үшін осы сыйақы есептелген және (немесе) есептен шығарылған қызметті және (немесе) мәмілені (операцияны) көрсете отырып, брокер және (немесе) дилер, кастодиан, қор биржасы және өзге де ұйымдар сыйақысының сомасы;

      төлем мақсаты;

      ақшамен операция бойынша контрагенттің атауы және оның шотының деректемелері;

      ақшамен операция бойынша контрагент тарапынан іс-әрекет жасайтын екінші деңгейдегі банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның атауы және оның шотының деректемелері.

      3) эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеу процесінде қор биржасының және (немесе) клиринг ұйымның бағдарламалық қамтамасыз етуімен өзара әрекеттесуін қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.08.2012 № 277 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.01.2018 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2018 № 261 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      3-1. Номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиялары бар ұйымдардың бағдарламалық қамтамасыз етуі Талаптардың 1, 2 және 3-тармақтарында көзделген талаптарға қосымша мыналарды:

      Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8796 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 214 қаулысымен бекітілген Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызметті, инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларында белгіленген бір клиентке шаққандағы тәуекелдердің мәндерін автоматтандырылған есептеуді;

      Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17005 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 сәуірдегі № 80 қаулысымен бекітілген Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар сақтауға тиісті пруденциялық нормативтердің мәндерін есеп айырысу қағидаларына сәйкес брокер және (немесе) дилер үшін пруденциялық нормативтердің мәндерін автоматтандырылған есептеуді;

      брокерге және (немесе) бірінші санаттағы дилерге тиесілі қаржы құралдарын және ақшаны олардың клиенттерінің қаржы құралдары мен ақшасынан бөлек есепке алуды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

      Инвестициялық портфельді басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың бағдарламалық қамтамасыз етуі Талаптардың 1-тармағында көзделген талаптарға қосымша мыналарды:

      Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17008 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 сәуірдегі № 79 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқаруды жүзеге асыратын ұйымдар сақтауға тиісті пруденциялық нормативтердің мәндерін есеп айырысу қағидаларына сәйкес инвестициялық портфельді басқаруды жүзеге асыратын ұйым үшін пруденциялық нормативтердің мәндерін автоматтандырылған есептеуді;

      инвестициялық портфельді басқаруды жүзеге асыратын ұйымға тиесілі қаржы құралдарын және ақшаны олардың клиенттерінің қаржы құралдары мен ақшасынан бөлек есепке алуды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.08.2012 № 277 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 261 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 21.09.2020 № 84 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.
      4. 01.01.2013 дейін қолданыста болды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.04.2012 № 165 Қаулысымен.

      5. Уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде не Бағалы қағаздар рыногы туралы заңға сәйкес номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті, кастодиандық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар алмасатын электрондық құжаттардың үлгі нысандары орталық депозитарийдің ішкі құжатында айқындалады және орталық депозитарийдің қағидалар жинағында айқындалған талаптарға сәйкес келеді.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 261 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Қор биржасының бағдарламалық қамтамасыз етуi Талаптардың 1-тармағында көзделген талаптарға қосымша мыналарды қамтамасыз етеді:

      1) қор биржасының сауда жүйесін әрбір пайдаланған кезде осы қор биржасының сауда жүйесiн пайдалану арқылы қор биржасының мүшесi атынан мәмiле жасауға және iс-әрекеттердi жасауға уәкiлеттi жеке тұлғаларды (трейдер) сәйкестендіруді;

      2) қор биржасының сауда-саттыққа жіберілген, сауда-сатыққа қатысудан шеттетілген трейдерлері тізілімін жүргізу (шеттету себептерін көрсетумен);

      3) қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес құқығы жоқ тұлғалардың қор биржасының сауда жүйесін пайдалана отырып мәмілелер жасау мүмкіндігін шектеуді;

      4) Бағалы қағаздар рыногы туралы заңның 56-бабының 5 және 6-тармақтарында айқындалған талаптарға, сондай-ақ Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5406 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008 жылғы 29 қазандағы № 170 қаулысымен бекітілген Бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауда ұйымдастыру қызметін жүзеге асыру қағидаларының 9-тарауында белгіленген жағдайларға сәйкес келетін бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді анықтау тұрғысынан қор биржасының сауда жүйесінде жасалатын мәмілелер өлшемдеріне мониторинг жүргізуді;

      5) қор биржасының сауда жүйесінде жасалған мәмілелердің Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасының және қор биржасының қағидаларына сәйкестігіне мониторинг жүргізу;

      6) қор биржасының мүшелері және бағалы қағаздарды қор биржасының тізіміне енгізуді болжап отырған немесе енгізген эмитенттер ұсынатын, оның ішінде олардың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу мақсатында қаржылық есеп беруді және өзге ақпаратты автоматты түрде жинау, өңдеу және сақтауды;

      7) эмитенттердің қор биржасының тізіміне енгізілген бағалы қағаздарды, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы және акционерлік қоғамдар туралы заңнамасымен және қор биржасының ішкі құжаттарымен белгіленген көлемдегі ақпаратты ашу мониторингін жүргізу мүмкіндігі;

      8) алып тасталды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.03.2016 № 106 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.08.2012 № 277 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 03.02.2014 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.03.2016 № 106 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.01.2018 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2018 № 261 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      7. Орталық депозитарийдің бағдарламалық қамтамасыз етуі Талаптардың 1-тармағында, 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген талаптарға қосымша мыналарды:

      1) тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операцияларды жасағанға дейін:

      Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасының және орталық депозитарийдің қағидалар жиынтығының талаптарын ескере отырып, осындай операция жасау мүмкіндігін;

      тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операция жасауға негіз болатын құжаттар деректемелерінің болуы және орталық депозитарийдің қағидалар жиынтығының талаптарына сәйкес келуі тұрғысынан тексеруді;

      2) тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операция жасауға негіз болатын құжаттарды беретін тұлғалардың, осы іс-әрекеттерді жасауға өкілеттіктерін, сондай-ақ жеке шот (қосалқы шот) бойынша операцияны тіркеуге немесе ақпараттық операция жүргізуге негіз болатын бұйрықтарға қол қойған тұлғалардың өкілеттіктерін растайтын құжаттарды сәйкестендіруді;

      3) егер осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес жүргізілген тексерудің қорытындысы бойынша:

      Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасының және орталық депозитарийдің қағидалар жиынтығының талаптарына жасауға болжанған операцияның сәйкес келмеуі анықталса;

      тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операция жасауға негіз болатын құжаттардағы деректемелердің болмауы немесе орталық депозитарийдің қағидалар жиынтығының талаптарына сәйкес келмеуі анықталса;

      тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операция жасауға негіз болатын құжаттарды беретін тұлғалардың осы іс-әрекеттерді жасауға өкілеттіктері расталмаса, тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операциялар жасаудан бас тартуды;

      4) операциялық күн жабылғаннан кейін, егер келесі операциялық күн ашылмаса, тіркелген тұлғаның жеке шоттары (қосалқы шоттары) бойынша операциялар жүргізу үшін мүмкіндіктерді шектеуді;

      5) бағдарламалық қамтамасыз етудің жұмыс істеуі барысында аудит журналын жүргізуді.

      Талаптардың мақсаттары үшін аудит журналы деп бағдарламалық қамтамасыз етудің жұмыс етуі процесінде штаттық және маңызды іс-қимылдарды көрсету мақсатында әзірленген мамандандырылған құрал түсініледі;

      6) ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған нарықтарда жасалған туынды қаржы құралдарымен мәмілелер тізілімін жүргізуді қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 261 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Клиринг ұйымының бағдарламалық қамтамасыз етуі Талаптардың 1-тармағында көзделген талаптарға қосымша:

      1) клирингтік ұйым клирингтік қызмет көрсетуді, оны салыстыруды және түзетуді жүзеге асыратын мәмілелер бойынша ақпаратты автоматты түрде жинау, өңдеу және сақтауды;

      2) сауда-саттықты ұйымдастырушы сауда жүйесінде және (немесе) тауар биржасында клиринг қызмет көрсетуге қабылданған барлық жасалған мәмілелердің параметрлерін есепке алуды;

      3) сауда-саттыққа клирингтік қатысушылардың талаптарын және (немесе) міндеттемелерін есептеуді, оның ішінде сауда-саттыққа клирингтік қатысушыларының таза позицияларын айқындауды жүзеге асыру мүмкіндігін;

      4) осы тармақтың 3) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты орталық депозитарийге және (немесе) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысуларды (төлемдерді) жүзеге асыратын өзге ұйымдарға автоматты түрде беруді;

      5) есепті сауда-саттыққа клирингтік қатысушылары үшін клиринг қызметінің нәтижелері бойынша құруды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.08.2012 № 277 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.01.2018 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      9. Ақпараттың сақталуы деректер базасы резервтік көшірмесінің және қосымша сервердегі транзакцияның жүйелі журналын күн сайынғы автоматты сақтау жолымен қамтамасыз етіледі.

      10. Бағдарламалық қамтамасыз етудің әр пайдаланушысы үшін жеке пароль бойынша кіру көзделеді. "Әкімші" деген қол жетімділік деңгейі үшін парольдерді өзгерту мүмкіндігі көзделеді. Кіріс деректеріне, функцияларға, операцияларға, есептерге қол жеткізу тиісті парольді енгізу арқылы қамтамасыз етіледі.

      Бағдарламалық қамтамасыз етуде парольді өзгерту кезеңділігі, алдыңғы парольдерді пайдалануды қадағалау мен парольді үш рет дұрыс енгізбеген жағдайда есептік жазбаларды оқшаулау көзделеді.

      Бағдарламалық қамтамасыз етуде операцияны жасау немесе дерекқорына өзгерістер енгізу және осы операцияны немесе жазбаны жүзеге асырған пайдаланушыны сәйкестендіру уақытына қатысты мәліметтерді сақтау көзделеді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.03.2016 № 106 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Ақпаратты қорғау "әкімші" қол жеткізу деңгейінің мынадай негізгі функцияларымен қамтамасыз етіледі:

      1) пайдаланушылар тобын айқындау, орындайтын функциялары бойынша оларды санаттарға бөлу және олардың ақпаратқа қол жеткізу деңгейін белгілеу, парольдерді ауыстыру;

      2) бағдарламалық қамтамасыз етудің деректері мен функцияларына пайдаланушылардың қол жеткізуін оқшаулау;

      3) бағдарламалық қамтамасыз етудің қызмет ету өлшемдерін реттеу;

      4) бағдарламалық қамтамасыз етудің деректер базасына қосылған пайдаланушыларды қарау;

      5) операция күнін ашу (жабу);

      6) қажет болған жағдайда бағдарламалық қамтамасыз етудің деректер базасынан пайдаланушыларды ажырату;

      7) жұмыс күнін ауыстыру;

      8) ұзақ уақыт сақталатын деректердің сыртқы тасымалдағыштарында және (немесе) деректерді өңдеудің резервтік орталықтарында мұрағаттық және резервтік көшірмелерді жасау.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 261 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      12. "Пайдаланушы" қол жеткізу деңгейінің негізгі функциялары:

      1) пайдаланушының меншікті паролін ауыстыруы;

      2) бағдарламалық қамтамасыз етудің деректер базасындағы анықтамалық ақпаратты мерзімді жаңарту;

      3) бағдарламалық қамтамасыз етуге деректерді енгізу;

      4) бағдарламалық қамтамасыз етуде меншікті және клиенттің активтеріне қатысты қаржы құралдарымен, сондай-ақ басқарудағы өзге мүлікпен белгілі бір операцияларды жүргізу;

      5) есеп беру (қорытынды) нысандарын қалыптастыру;

      6) қажетті ақпаратты сақтау;

      7) есептер мен қорытынды құжаттарды басу болып табылады.

      13. Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушы қызметінің ерекшелігіне байланысты "әкімші" және "пайдаланушы" қол жеткізу деңгейі үшін бағдарламалық қамтамасыз ету осы бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылар ішкі құжаттарымен белгіленген тәртіпте қосымша функцияларды көздейді.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 261 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      14. Бағдарламалық қамтамасыз етуде (қол жеткізу деңгейіне қарамастан) мыналарға:

      1) оларды орындаудың белгіленген тәртібін бұза отырып белгілі функциялар мен операцияларды орындауға мүмкіндік жасайтын қаражатты ұстауға;

      2) қалыптастырылған шығыс нысандарының деректеріне өзгерістер енгізуге мүмкіндік беретін функцияларға ие болуға;

      3) осы үшін арнайы белгіленген операцияларды (функцияларды) қоспағанда, жүргізілген операциялар туралы және жеке шоттардың жай-күйі туралы деректерді өзгертуге (жоюға);

      4) электр қоректенудің өшуі, желінің, телекоммуникацияның істен шығуы, қосылған жерлердің ажырауы, рұқсатсыз кіру әрекеті нәтижесінде тоқтатылған операцияларды автоматты аяқтауға жол берілмейді.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 261 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      15. Операцияларды орындаған кезде бағдарламалық қамтамасыз ету мынадай жағдайлар орын алғанда:

      1) жеке шоттан есептен шығарылуы тиіс бағалы қағаздардың (ақшаның) саны шоттағы бағалы қағаздар (ақша) санынан асып кеткенде;

      2) есептен шығарылуы тиіс бағалы қағаздар ауыртпалық салынғанда немесе оқшауланғанда хабарлама беруге тиіс. Хабарламада жеке шотқа сілтеме мен кепіл ұстаушының тарауы бар;

      3) жеке шотта есепке алынған есептен шығарылатын бағалы қағаздар бірнеше тұлғалардың жалпы меншігінде болғанда;

      4) бағалы қағаздар есептен шығарылатын жеке шот оқшауланғанда хабарлама береді.

      16. Қателерді түзеткенде тіркеу журналының қате жазбасының "түсініктеме" ашық жиегінде "қате" (егер қате операция туралы жазбаны түзету мүмкіндігі болған жағдайда) деген мәтін жазылады және қатені түзетуге арналған операциялар туралы тіркеу журналы жазбасының нөмірі көрсетіледі.

      17. Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының ішкі құжаттарында көзделмесе, оның бағдарламалық қамтамасыз етуінде қосымша деректер, функциялар мен есептер көзделеді.

      18. Пайдаланушының жұмыс орнында жүйелі жаңартылып отыратын вирусқа қарсы базасы бар вирусқа қарсы бағдарламалық қамтамасыз ету және операциялық жүйенің жүйелі жаңартуларын автоматты қосу міндетті түрде қондырылады.

      19. Пайдаланушының операцияларды жүргізу үшін пайдаланылатын дербес компьютерінде оның лауазымдық міндеттерімен байланысты міндеттерді шешуге арналмаған бағдарламалық құрал-жабдықтар орнатылмайды.

      Пайдаланушының дербес компьютерінде орнату үшін рұқсат етілген бағдарламалық құрал-жабдықтар тізбесі бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысының ішкі құжаттарында айқындалады, ол осы бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысының ақпараттық қауіпсіздік қызметімен және (немесе) тәуекелдерді басқаруды жүзеге асыратын бөлімшесімен келісіледі.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 261 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      20. Бағдарламалық ортаға кіргенде пайдаланушы сол бойынша сәйкестендірілетін пайдаланушының жүйедегі бір атына бір жеке тұлға сәйкес келеді.

      21. Пайдаланушы дербес компьютерінің жүйе блогын бағалы қағаздар нарығы кәсіби қатысушысының жауапты тұлғасы мөрлейді немесе таңбалайды. Қажет болған жағдайда, жүйе блогына қол жеткізу жауапты тұлғаның қатысуымен жүзеге асырылады. Жұмыс аяқталған соң жүйе блогын жауапты тұлға мөрлейді не таңбалайды.

      22. Ақпараттық және аппаратық ресурстарға қол жеткізу тәртібі осы ресурстарға рұқсат алмай кіру мүмкіндігін жоққа шығарады.

      23. Бағдарламалық қамтамасыз етудің іркіліссіз және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында біреуі негізгі ретінде, қалғаны - резервтік ретінде қолданылатын екіден кем емес үздіксіз электр қоректену көзі, не дереу іске қосылуға дайын резервтік генераторы бар жалғыз үздіксіз электр қоректену көзі бар болуы көзделеді.

      24. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдер жүйесін жүргізу бойынша қызметті жүзеге асыру үшін серверлік және клиенттік аппараттық қамтамасыз етудің құрамында негізгі жабдық бұзылған, жойылған немесе оны қолдануға мүмкіндік болмаған жағдайда, дереу іске қосылуға дайын резервтік жабдығы бар. Бұл ретте серверлік жабдығы бар үй-жай қол жетімділік жүйесін бақылау жүйесімен жабдықталады.

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 28 cәуірдегі
№ 165 қаулысының қосымшасы

Күші жойылды деп танылған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      1. "Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық-техникалық құралдарға қойылатын талаптар туралы нұсқаулықты бекіту жөнінде" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасының 2005 жылғы 19 сәуірдегі № 132 Қаулысы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 3649 тіркелген).

      2. "Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық-техникалық құралдарға қойылатын талаптар туралы нұсқаулықты бекіту жөніндегі" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 19 сәуірдегі № 132 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 27 қазандағы № 228 Қаулысы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 4463 тіркелген).

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Бағалы қағаздар нарығында қызметтi жүзеге асыруға қажеттi бағдарламалық-техникалық құралдарға қойылатын талаптар туралы нұсқаулықты бекіту жөнiнде" 2005 жылғы 19 сәуірдегі № 132 қаулысына толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2010 жылғы 4 қазандағы № 152 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 6622 тіркелген).

      4. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық-техникалық құралдарға қойылатын талаптар туралы нұсқаулықты бекіту жөніндегі" 2005 жылғы 19 сәуірдегі № 132 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009 жылғы 26 қаңтардағы № 9 Қаулысы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 5576 тіркелген).