Экспорттаушы елдердің құзыретті органдары импортталған асыл тұқымды өнімге (материалға) берген асыл тұқымдық куәлікті немесе оған балама құжатты тану тәртібі туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2012 жылғы 26 сәуірдегі № 18-02/212 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 23 мамырда № 7677 тіркелді

Қолданыстағы

      «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі заңының 13-бабының 14) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берілген Экспорттаушы елдердің құзыретті органдары импортталған асыл тұқымды өнімге (материалға) берген асыл тұқымдық куәлікті немесе оған балама құжатты тану тәртібінің ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекциясы комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын;
      3) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің м.а.                            Е. Аман

Қазақстан Республикасы        
Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 
2012 жылғы 26 сәуірдегі № 18-02/212
бұйрығымен бекітілген      

Экспорттаушы елдердің құзыретті органдары импортталған асыл
тұқымды өнімге (материалға) берген асыл тұқымдық куәлікті
немесе оған балама құжатты тану тәртібінің ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Экспорттаушы елдердің құзыретті органдары импортталған асыл тұқымды өнімге (материалға) берген асыл тұқымдық куәлікті немесе оған балама құжатты тану тәртібі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже). «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі Заңының 13-бабының 14) тармақшасына сәйкес әзірленді және оларды тану тәртібін айқындайды.
      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжат - импортталған асыл тұқымды өнімге (материал) экспорттаушы мемлекеттердің құзыретті органдары беретін, асыл тұқымдық өнімнің (материалдың) ата-тегін, өнімділік және өзге де сапаларын растайтын құжат;
      2) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органның ведомствосы – асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органның комитеті және оның аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі - Комитет);
      3) асыл тұқымдық өнім (материал) – асыл тұқымды және селекциялық мал, сондай-ақ асыл тұқымды малдан алынған ұрық, эмбриондар, инкубациялық жұмыртқа, тәуліктік балапандар, уылдырық, құртшабақтар мен жас балықтар, бал араларының асыл тұқымды аналық бал аралары, асыл тұқымды бал ара ұялары мен бал ара пакеттері;
      4) импорттаушы – Қазақстан Республикасына асыл тұқымды өнімді (материал) шет елдерден әкелуді жүзеге асыратын, жеке немесе заңды тұлға.

2. Экспорттаушы елдердің құзыретті органдары импортталған асыл
тұқымды өнімге (материалға) берген асыл тұқымдық куәлікті
немесе оған балама құжатты тану тәртібі

      3. Импортталған асыл тұқымды өнімге (материалға) экспорттаушы елдердің құзыретті органдары берген асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатты (бұдан әрі - асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжат) тану, оларда көрсетілген мәліметтердің шынайылығын анықтау, сараптамалық бағалаудан өткізу, селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық базасына тіркеу мақсатында жүзеге асырылады.
      4. Асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатты тануды жүргізу үшін импорттаушы асыл тұқымды өнімнің (материалдың) межелі орны бойынша аумақтық инспекциясына:
      жеке тұлғалар үшін – асыл тұқымды өнім (материал) әкелуді жоспарлаған жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын және мекен жайын;
      заңды тұлғалар үшін – асыл тұқымды өнім (материал) әкелуді жоспарлаған заңды тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын, мекен жайын және бейінін;
      экспорттаушы мемлекеттің атауын, малдың санын, түрін және тұқымын, ұрықтың немесе эмбриондардың саны олардың қай түрге және тұқымға жататынын көрсетіп еркін нысанда өтініш береді.
      Импорттаушы өтінішке әкелуге жоспарланған асыл тұқымды өнім (материал) тізімін асыл тұқымдық куәлiктердің немесе оған балама құжаттардың көшірмелерін қоса береді. Бір уақытта асыл тұқымдық куәлiктердің немесе оған балама құжаттардың көшірмелерін берген экспорттаушы елдің құзыретті органының интернет-ресурсы көрсетіледі.
      5. Комитеттің аумақтық инспекциясына ұсынылған асыл тұқымдық куәлiктердің немесе оған балама құжаттардың үлгілерін шетел тілінде ұсынған жағдайда, импорттаушы өтінішке қоса көшірмелерімен қатар онда келтірілген мәліметтердің мемлекеттік немесе орыс тілдеріне нотариалды түрде куәландырған ресми аудармасын қоса береді.
      6. Импортталған асыл тұқымды өнімге (материалға) берілген асыл тұқымдық куәлiктер немесе оған балама құжаттар, егер оларда мынадай мәліметтер көрсетілген жағдайларда жүзеге асырылады:
      1) асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатты берген, құзыретті органның атауы;
      2) малдың географиялық шыққан жері;
      3) мал иесі;
      4) малдың туған уақыты;
      5) тіркеу нөмірі (малдың жалған аты);
      6) бірдейлендіру нөмірі (татуировка, сырға, чип, таңба), (бұдан әрі – бірдейлендіру нөмірі);
      7) малдың тұқымы;
      8) малдың жынысы;
      9) тіркеу нөмірі асыл тұқымдық кітап немесе өкілетті органның тіркелімі бойынша (олар жүргізілген жағдайда);
      10) генетикалық бағалау нәтижесі, малдардың және олардың арғы ата тегінің өнімділігі (олар жүргізілген жағдайда);
      11) шығу тегі (қатарынан үш атадан кем емес шежіресі, қатарынан екі атасының шежіресіне рұқсат етіледі, егерде асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатты беруші құзыретті органның сайтының деректер базасында қатарынан үш атасының шежіресі орналастырылса;
      12) иесінің өзгергені туралы мәліметтер;
      13) асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжат берілген күні.
      Асыл тұқымды малға берілген асыл тұқымдық куәлiктің немесе оған балама құжаттың түпнұсқалылығы экспорттаушы-мемлекеттердің құзыретті органдарымен расталады (мөртабанмен бекітілген басшысының қолы).
      Импортталған асыл тұқымды малға берілген асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатта, олардың түріне және өнім бағытына қарай осы Ереженің 7-11-тармақтарында келтірілген қосымша деректер көрсетіледі.
      7. Сүт бағытындағы асыл тұқымды мүйізді ірі қара малға берілген асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатта мынадай мәліметтер көрсетілуі қажет:
      1) түсі (және малдың ерекше белгілері);
      2) енелерінің сүт өнімділігі бойынша көрсеткіштерінің деңгейі, енесінің енесі, әкесінің енесі (ең жоғарғы және орта) май және ақуыз пайыздық көрсеткіші;
      3) қашарлар сатылған жағдайда, қай әдіспен ұрықтанғаны немесе қашырылғаны, бұқаның жалған аты, тіркеу нөмірі, бұқаның тұқымы және оның өнімділік сапасы.
      8. Ет бағытындағы асыл тұқымды мүйізді ірі қара малға берілген асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатта мынадай мәліметтер көрсетілуі қажет:
      1) түсі (және малдың ерекше белгілері);
      2) өз өнімділігінің көрсеткіштері (экспорттаушы елде қабылданған параметрлер бойынша индекстік бағалау немесе төлдің туғандағы, енесінен айырғандағы (айырғандағы жасын көрсетіп) және бір жастағы тірі салмағы туралы, килограмм (бұдан әрі - кг);
      3) қашарлар сатылған жағдайда, қай әдіспен ұрықтанғаны немесе қашырылғаны, бұқаның жалған аты, тіркеу нөмірі, бұқаның тұқымы және оның өнімділік сапасы.
      9. Асыл тұқымды қойларға берілген асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатта, осы Ереженің 6-тармағындағы деректерден басқа мынадай мәліметтер көрсетіледі:
      өз өнімділігінің көрсеткіштері (төлдің бір жастағы тірі салмағы және жуылмаған қырқылған жүннің салмағы, кг).
      10. Асыл тұқымды шошқаларға берілген асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатта мынадай мәліметтер көрсетілуі қажет:
      1) енесінің көптөлділігі (енесінің енесі);
      2) әкесі және аталарының өз өнімділіктері бойынша бағалануы (30 килограмнан 100 кг дейін);
      3) 100 кг салмаққа жететін жасының мерзімі, күндер;
      4) тірілей салмақтың тәуліктегі орташа өсімі, грамм;
      5) тірілей салмақтың өсім бірлігіне жұмсалған азық;
      6) шпиктің орташа қалыңдылығы;
      7) ұрпағының етінің сапасы (ұшадағы еттің шығымы, %);
      11. Асыл тұқымды жылқыларға берілген асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатта, мынадай мәліметтер көрсетілуі қажет:
      1) түсі және малдың ерекше белгілері;
      2) өз өнімділігінің көрсеткіштері (қашықтықтардағы қарқыны, бәйгеден алған жүлделі орындары, жүлделердің ақшалай сомасы);
      3) малдың және оның арғы ата тегінің типтік және өнімділік бойынша генетикалық бағалау нәтижесі, таза қанды мініс жылқысының генетикалық сараптау нәтижесі туралы құжаттары;
      Таза қанды мініс жылқылары экспорттаушы мемлекеттердің жокей клубтарымен берілген халықаралық үлгідегі куәліктері болған жағдайда және онда иесінің өзгергені туралы мәлімет болған кезде әкелінеді.
      12. Комитеттің аумақтық инспекциялары өтінішті тіркеуге алады және өтінішті тіркеуге алған күннен бастап үш жұмыс күнінің ішінде берілген асыл тұқымдық куәлiктердің немесе оған балама құжаттардың көшірмелерін тану мақсатында қарау үшін Комитетке жолдайды.
      13. Келіп түскен өтініштерді, асыл тұқымдық куәлiктер немесе оған балама құжаттардың көшірмелерін қарауды Комитеттің экспорттаушы мемлекеттердің құзыретті органдарымен берілген асыл тұқымдық куәлiктерді немесе оған балама құжаттарды қарау үшін жыл сайын құратын Комиссиясы жүзеге асырады (бұдан әрі – Комиссия).
      14. Комиссия құрамы төрағадан, мал шаруашылығы салалары бойынша секциялардың жетекшілерінен тұрады. Комитеттің құрылымдық бөлімшесінің асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырушы лауазымды тұлға Комиссияның төрағасы болып табылады.
      Мал шаруашылығы салалары бойынша жүргізілетін селекциялық асыл тұқымдық жұмысқа жетекшілік жасайтын салалық ғылыми мекемелердің ғалымдары, мал шаруашылығы салалары бойынша секциялардың жетекшілері болады.
      Асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша қоғамдық бірлестіктердің және ірі қара мал тұқымдары бойынша республикалық палаталардың өкілдері комиссия мүшелері болып табылады.
      15. Асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттың көшірмесіндегі мәліметтерді асыл тұқымдық куәлiктердің немесе оған балама құжаттардың түпнұсқасындағы мәліметтермен салыстыру;
      асыл тұқымды малдардың бірдейлендіру нөмірлерін асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттың түпнұсқасындағы мәліметтермен салыстыру мақсатында, комиссия жұмысына аумағында мал әкелінетін межелі орын орналасқан Комитеттің аумақтық бөлімшелерінің асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша мемлекеттік инспекторлары тартылады.
      16. Комиссия ашық дауыс беру жолымен дауыс басымдылығына қарай шешім қабылдайды. Комиссияның шешімі қорытынды түрінде қабылданады. Комиссия мүшелерінің Комиссия қортындысынан өзгеше пікірлері болған жағдайда қортындыға Комиссияның осы мүшелерінің дәлелденген уәждері қоса тіркеледі.
      17. Комиссияның асыл тұқымдық куәлiктер немесе оған балама құжаттардың көшірмелерін, оларды тануды қарау мерзімі арызды тіркегеннен кейін отыз күнтізбелік күнді құрайды.
      18. Асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттардың көшірмелерінде осы Ереженің 6-11-тармақтарында келтірілген мәліметтер; импортталған малдың экспорттаушы елдерде қабылданған стандарттары бойынша өнімділік параметрлеріне сәйкестігі;
      бірдейлендіру нөмірі, шығу тегі, малды өз өнімділігі және индекстік бағалау туралы деректер расталған жағдайда, Комиссия мал әкелінетін жердегі Комитеттің аумақтық бөлімшелеріне оң қортынды жібереді.
      19. Комиссия асыл тұқымдық куәлiктер немесе оған балама құжаттардың көшірмелерін оларды тану мақсатында қарағаннан кейін үш жұмыс күні ішінде мынадай жағдайларда:
      асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттардың көшірмелерінде малдардың түріне және өнім бағытына қарай осы Ереженің 6-11-тармақтарында келтірілген мәліметтердің толық көрсетілмеуі;
      экспорттаушы елдерде қабылданған стандарттары бойынша өнімділік параметрлеріне сәйкес келмеуі;
      бірдейлендіру нөмірін, шығу тегін, малды өз өнімділігі және индекстік бағалау туралы деректерін, асыл тұқымды малға берілетін асыл тұқымдық куәлiктер немесе оған балама құжаттардың көшірмелерінде  берілген ақпаратты экспорттаушы-мемлекеттердің құзыретті органдарының интернет-ресурстарында жарияланған сәйкесті деректермен салыстырғанда айырмашылықтар шыққанда импорттаушыға дәл деректерді сұратып алдыру шараларын жасау немесе асыл тұқымды малды айырбастау туралы жазбаша түрде хабарлама жібереді.
      20. Мал межеленген орнына әкелінгесін Комитеттің аумақтық инспекцияның асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша мемлекеттік инспекторлары осы Ереженің 15-тармағында көрсетілген шараларды жүргізеді.
      21. Малдардың түріне және өнім бағытына қарай асыл тұқымдық куәлiктер немесе оған балама құжаттардың көшірмелерінде көрсетілген мәліметтер асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттардың түпнұсқаларымен, сонымен қатар бірдейлендіру нөмірлері сәйкес келген жағдайда мал межеленген орнына әкелінгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде Комитеттің аумақтық инспекциясы өтінім берушіге асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттардың танылғандығы туралы хабарлама және тізімін қоса жібереді.
      22. Асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттардың көшірмелерінде көрсетілген мәліметтер асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттардың түпнұсқаларымен сәйкес келмеген;
      бірдейлендіру нөмірлерін асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжаттардың түпнұсқаларымен салыстырғанда айырмашылық шыққан жағдайда, мал межеленген орнына әкелінгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде аумақтық инспекция өтінім берушіге танудан бас тарту себебін көрсетіп жазбаша түрде уәжді жауап қайтарады және оған танудан бас тартылған асыл тұқымдық куәлiктердің немесе оған балама құжаттардың тізімін қоса жібереді.
      23. Өтінім берушінің танудан бас тартылған жағдайда, жауапта көрсетілген ескертулерді жойғаннан кейін Комитеттің аумақтық инспекциясына асыл тұқымдық куәлiк немесе оған балама құжатты тану рәсімін өткізу мақсатында қайтадан өтініш беруге құқығы бар.
      24. Асыл тұқымдық куәлiктердің немесе оған балама құжаттардың күшін танудан бас тарту туралы шешімге өтініш беруші уәкілетті органға және (немесе) сотқа заңнамада белгіленген тәртіппен шағым жасай алады.