Нотариустың үй-жайы талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы № 29 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 27 ақпанда № 7444 тіркелді

Жаңартылған

      «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған нотариустың үй-жайы талаптары бекiтілсін.
      2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің төрағасына жүктелсін.
      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Б. Имашев

Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің  
2012 жылғы 31 қаңтардағы
№ 29 бұйрығымен   
бекітілген     

Нотариустың үй-жайына қойылатын талаптар

      1. Осы Нотариустың үй-жайына қойылатын талаптар (бұдан әрі - Талаптар) Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 15-бабының 4-тармағына және 21-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді.
      Нотариустың үй-жайына қойылатын талаптар жеке және заңды тұлғалардың кедергісіз қол жеткізуіне, нотариаттық іс-әрекеттер жасаудың құпиялылығын сақтауға және нотариаттық іс өндірістерді сақтауға қолайлы жағдайды қамтамасыз етуі тиіс.
      2. Нотариустың үй-жайы аумақтық әділет органдары аумақтық нотариаттық палатамен бірлесіп белгілеген аумақ шеңберінде орналасуы тиіс.
      Нотариус үй-жайының оған белгілеген аумақтан тыс орналасуына жол берілмейді.
      3. Нотариустың нотариаттық қызметті жүзеге асыратын бір ғана үй-жайы болады.
      Бір үй-жайда бір немесе олар Заңның 15-бабы 4-тармағына талаптарын және осы Талаптарды сақтаған жағдайда бірнеше нотариустар жұмыс істей алады.
      4. Нотариустың үй-жайын жертөле үй-жайларда, жер асты өтпелдерінде, киоскілерде, паркингтерде және басқа да уақытша құрылыстарда орналастыруға жол берілмейді.
      Ғимараттың кіретін жерінде осы ғимаратта нотариустың бар екендігі және оның жұмыс тәртібі туралы ақпарат орналастырылады.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2012.10.10 № 342 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      5. Нотариустың үй-жайы нотариаттық іс-әрекет жасауға арналған, келушілер күтетін (холл), нотариаттық іс жүргізуді сақтайтын кабинеттерден тұрады.
      Нотариаттық іс жүргізуді сақтау үшін жеке үй-жай болмаған кезде, нотариаттық іс жүргізуді нотариаттық іс-әрекет жасауға арналған кабинетте жабылатын темір шкафтарда сақтауға жол беріледі.
      Нотариустың үй-жайы орналасқан ғимарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1682 қаулысымен бекітілген Өрт қауіпсіздігі ережесінің талаптарына сәйкес келуі тиіс.
      Нотариустың үй-жайы басқа нотариуспен бір офис үй-жайында орналасқан жағдайда нотариаттық іс-әрекеттерді жасайтын кабинеттер мен нотариаттық өндірісті сақтауға арналған үй-жай саны нотариустардың саны бойынша болуы тиіс.
      Нотариаттық іс өндірісін келушілердің күтетін үй-жайында (холлда) сақтауға жол берілмейді.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Әділет министрінің 2012.10.10 № 342 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 05.04.2013 № 111 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.
      6. Нотариаттық іс-әрекеттерді жасауға арналған кабинет нотариаттық іс-әрекеттерді жасаудың құпиялылығын сақтауды қамтамасыз етуі тиіс.
      Келушілердің күтетін үй-жайында (холлда) қолайлы көрінетін жерде нотариус, қабылдау кестесі, аумақтық нотариаттық палата туралы ақпарат (мекенжайы, телефоны), нотариаттық іс-әрекетті жасау үшін заңда белгіленген тарифтер, тарифті төлеу жөнінде заңмен белгіленген жеңілдіктерге қатысты азаматтар санатының тізбесі және нотариаттық іс-әрекет жасағаны үшін төленетін мемлекеттік баж туралы ақпарат орналасуы тиіс.
      7. Ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылады.
      8. Нотариаттық іс өндірісін сақтауға арналған үй-жайда жекеше нотариус нотариаттық іс өндірісін сақтау, оның жоғалуына жол бермеу, уақытында қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін тиісті жағдай жасайды.
      9. Жекеше нотариус үй-жайдың сақталуын қамтамасыз ету және мүліктің ұрлануының немесе жоғалуының алдын алу мақсатында үй-жайға жұмыстан тыс уақытта қол жеткізуді болдырмау, нотариаттық іс өндірісінің сақталуы, нотариустың мөрі мен бланкілерінің сақталуы жөнінде шараларды қамтамасыз етеді.