Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік қызметкерлерді аттестаттау қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2011 жылғы 28 маусымдағы № 237-ө бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылғы 19 шілдеде № 7075 тіркелді

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 233-бабына және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңының 8-бабының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 30.09.2015 № 772 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      1. Қоса беріліп отырған Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік қызметкерлерді аттестаттау қағидасы бекітілсін.
      2. Әлеуметтік көмек департаменті (Манабаева Қ.А.) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықтың ресми жариялануын және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Мына бұйрықтардың:
      1) «Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптарын және оларды аттестаттау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 26 қаңтардағы № 25-ө бұйрығының (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 5565 болып тiркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында жарияланған, 2009 жыл, № 7);
      2) «Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптарын және оларды аттестаттау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 26 қаңтардағы № 25-ө бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2010 жылғы 26 қаңтардағы № 21-ө бұйрығының (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 6068 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында жарияланған, 2010 жыл, № 10) күші жойылды деп танылсын.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012.04.23 № 150-ө-м (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С. Ә. Ахметовке жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Еңбек және халықты әлеуметтік
      қорғау министрі                            Г. Әбдіқалықова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Респуликасының             Қазақстан Респуликасының
      Білім және ғылым министрі            Денсаулық сақтау министрі
      __________Б. Жұмағұлов               __________ С. Қайырбекова
      2011 жылғы 29 маусым                 2011 жылғы 29 маусым

Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты  
әлеуметтік      
қорғау министрінің 
2011 жылғы 28 маусымдағы
№ 237-ө бұйрығымен  
бекітілген      

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік қызметкерлерді аттестаттау қағидасы

1. Жалпы ережелер

       1. Осы Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы әлеуметтiк қызметкерлердi аттестаттау қағидасы (бұдан әрi – Қағида) Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 233-бабына, «Арнаулы әлеуметтiк қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы  29 желтоқсандағы Заңына сәйкес әзiрлендi және меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан халықты әлеуметтiк қорғау саласында арнаулы әлеуметтiк қызметтердi көрсететiн әлеуметтiк қызметкерлердi аттестаттаудың тәртiбiн айқындайды.
      2. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы әлеуметтiк қызметкерлердi аттестаттауға (бұдан әрi – аттестаттау) арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін және (немесе) арнаулы әлеуметтiк қызметтерге қажеттiлiктi бағалау және айқындау жүргізетін, бекітілген талаптарға сәйкес қажетті біліктілікке ие әлеуметтiк қызметкерлер (бұдан әрі – әлеуметтік қызметкерлер) жатады.
      3. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік қызметкерлерді аттестаттаудың негiзгi мақсаты:
      1) арнаулы әлеуметтiк қызмет көрсету жүйесiн арнаулы әлеуметтiк қызметтердi көрсету саласындағы заманауи теориялық және практикалық әдiстердi игерген жоғары бiлiктi кадрлармен қамтамасыз ету;
      2) әлеуметтік қызметкер құзыреттілігінің біліктілік талаптарына, оның ішінде тиісті санатты белгілеу немесе жоғарылату үшін сәйкестік деңгейін анықтау;
      3) тұлғалық жетістіктерді жобалау үшін әлеуметтік қызметкер қызметінің уәждемелік аясын кеңейту болып табылады.
      4. Осы Қағидада мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
      1) әлеуметтік қызметкерді аттестаттау – әлеуметтік қызметкердің біліктілік деңгейінің біліктілік талаптарына сәйкестігін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім;
      2) біліктілік санаты – жұмысты орындаудың күрделілігін көрсететін қызметкердің біліктілігіне қойылатын талаптардың деңгейі.
      5. Міндетті аттестаттау әлеуметтік қызметкердің құзыреттілігінің біліктілік талаптарына сәйкестік деңгейін анықтау мақсатында бес жылда кемiнде бiр рет, бірақ осы лауазымға орналасқан күннен бастап кемінде бір жыл өткеннен кейін өткiзiледi, бұл ретте бала күтiмi бойынша демалыста жүрген әлеуметтiк қызметкер жұмысқа шыққаннан соң, кемiнде алты айдан кейiн аттестатталады.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012.04.23 № 150-ө-м (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      6. Меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, атқаратын лауазымы бойынша санатын белгілеу немесе жоғарылату мақсатында халықты әлеуметтік қорғау жүйесі ұйымдарында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкердің өтініші негізінде мерзімінен бұрын аттестаттаудан өтеді. Оның қорытындысы бойынша «Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту жүйесінің басшыларының, мамандарының және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012 жылғы 2 ақпандағы № 31-ө-м бұйрығында (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 7442 болып тiркелген) көрсетілген бірінші, екінші немесе жоғары санат беріледі.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012.04.23 № 150-ө-м (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      7. Қазақстан Республикасының шегінде халықты әлеуметтік қорғау саласындағы ұйымға жаңа жұмыс орнына ауысқан кезде әлеуметтік қызметкердің аттестаттау комиссиясының шешімімен берілген біліктілік санаты сақталады.
      8. Аттестаттау:
      1) тестiлеудi;
      2) әңгiме жүргiзудi;
      3) аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешiмiн шығаруды қамтиды.

2. Аттестаттауды өткiзу жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру

       9. Міндетті аттестаттаудан өткізуге дайындықты арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекеме (ұйым) басшысының тапсырмасы бойынша оның кадр қызметі ұйымдастырады және мынадай шараларды қамтиды:
      1) аттестаттаудан өткізу кестесін әзірлеу;
      2) аттестаттау комиссияларының құрамын айқындау.
      Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекеме (ұйым) басшысы кадр қызметінің ұсынуы бойынша аттестатталатын әлеуметтік қызметкерлердің тізімін, аттестаттаудан өткізу кестесін және аттестаттау комиссиясының құрамын бекітетін бұйрық шығарады. Аттестаттауға жататын әлеуметтік қызметкердің тікелей басшысы қызметтік мінездеме ресімдейді және оны кадр қызметіне жібереді.
      10.Мерзімінен бұрын аттестаттаудан өткiзу бойынша жұмысты ұйымдастыру үшiн облыстардың жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы, республикалық маңызы бар қаланың (астананың) жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы (бұдан әрі – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың уәкілетті органы) тұрақты жұмыс iстейтiн аттестаттау комиссиясын құрады.
      11. Аттестаттау комиссиясы саны кемiнде бес адамнан тұратын комиссия мүшесінен және комиссия хатшысынан тұрады. Міндетті аттестаттау кезінде аттестаттау комиссиясын оның Төрағасы болып табылатын арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекеменің (ұйымның) басшысы немесе оның орынбасары, мерзімінен бұрын аттестаттау кезінде аттестаттау комиссиясын оның Төрағасы болып табылатын облысты, республикалық маңызы бар қаланың уәкілетті органының бірінші басшысы немесе оның орынбасары басқарады. Аттестаттау комиссиясының Төрағасы оның қызметiн басқарады, оның отырыстарында төрағалық етедi, оның жұмысын жоспарлайды, аттестаттау комиссиясының қызметi мен оның қабылдаған шешiмдерiне жалпы бақылауды жүзеге асырады.
      12. Мерзімінен бұрын аттестаттау кезінде аттестаттау комиссиясының құрамына арнаулы әлеуметтiк қызметтердi ұсыну мәселелерiне жетекшiлiк ететiн тиiстi уәкiлеттi органның қызметкерлерi және жоғары оқу орындары ұйымдарының арнайы және аралас пәндер бойынша оқытушылары (келiсiм бойынша) енгiзiледi.
      13. Міндетті аттестаттау кезінде аттестаттау комиссиясының құрамына мекеменің (ұйымның) түрлі бөлімшелерінің, оның ішінде арнаулы әлеуметтiк қызметтердi ұсыну мәселелерiне жетекшiлiк ететiн бөлімшенің, кадр және заң қызметінің басшылары, ұйым қызметкерлерінің өкілі енгізіледі.
      14. Аттестаттау комиссиясының хатшысы аттестаттау комиссиясы қызметiне техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асырады және шешiм қабылдауға қатыспайды.
      15. Аттестаттау комиссиясының отырысы, егер оның құрамының үштен екi бөлiгi оған қатысса заңды болып есептеледi.
      Аттестаттау комиссиясының шешiмi аттестаттау комиссиясы мүшелерiнiң көпшiлiк даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыс тең болған жағдайда аттестаттау комиссиясы төрағасының дауысы шешушi болып табылады.
      16. Аттестаттау комиссиясы өз қызметiн Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және осы Қағидаға сәйкес жүзеге асырады.
      17. Аттестаттау комиссиясы әлеуметтiк қызметкердi аттестаттауды оның қатысуымен жүргiзедi.
      Әлеуметтік қызметкер аттестаттау комиссиясының отырысына келмеген жағдайда, дәлелдi себептер бойынша (еңбекке уақытша қабiлетсiздiк кезеңiнде, демалыста болған кезеңiнде, кәмелетке толмаған балалардың сырқаты кезiнде, жақын туыстары қайтыс болған кезде, іссапарда жүргенде) келе алмаған жағдайды қоспағанда, ол аттестатталмаған болып есептеледi.
      Аттестатталушы дәлелдi себеп бойынша аттестаттау комиссиясының  отырысына келе алмаған жағдайда, оны аттестаттау жөнiндегi мәселе ол жұмысқа шыққан күннен бастап бір айдан кем емес мерзiмге ауыстырылады.
      18. Әлеуметтiк қызметкер мерзімінен бұрын аттестаттаудан өту үшiн облыстың, республикалық маңызы бар қаланың уәкiлеттi органына мынадай құжаттарды тапсырады:
      еркiн нысанда жазылған жазбаша өтiнiш;
      кадрларды есепке алу жөніндегі жеке парақ;
      ұйымның кадр қызметi растаған бiлiмi туралы дипломның көшiрмесi;
      ұйымның кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi;
      белгіленген немесе жоғарылатылған біліктілік санаты туралы куәліктің көшірмесі (бар болған жағдайда).

3. Тестiлеу

      19. Тестiлеу әлеуметтік қызметкердің таңдауы бойынша мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде өткiзiледi. Тестiлер әлеуметтiк қызметкердiң негiзгi қызмет түрлерiн қамтуға және:
      міндетті аттестаттау кезінде 60 сұрақтан тұруға тиiс, оның ішінде:
      1) 10 сұрақ – Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша;
      2) 20 сұрақ – әлеуметтік жұмыс, психология, педагогика дәрігерге дейінгі көмек көрсету негіздері бойынша;
      3) 30 сұрақ – осы лауазымның функционалдық міндеттері бойынша. мерзімінен бұрын аттестаттау кезінде 80 сұрақтан тұруға тиiс, оның ішінде:
      1) 20 сұрақ – Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша;
      2) 20 сұрақ – әлеуметтік жұмыс, психология, педагогика, дәрігерге дейінгі көмек көрсету негіздері бойынша;
      3) 40 сұрақ – осы лауазымның функционалдық міндеттері бойынша.
      Тест сұрақтарын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың уәкілетті органы әзірлейді және бекітеді. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың уәкілетті органы тест сұрақтарын жыл сайын 1 ақпаннан кешіктірмей міндетті аттестаттаудан және мерзімінен бұрын аттестаттаудан өту үшін жеке-жеке әзірлейді және бекітеді. Тестілер жауаптарының біреуі дұрыс болатын кемінде үш нұсқаны қамтуға тиіс. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекеме (ұйым) тиісті жылы алғаш рет аттестаттау жүргізген жағдайда тестілеу күніне дейін кемінде екі ай алдын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың уәкілетті органын бұл туралы хабардар етеді. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың уәкілетті органы тестілеу өткізу күніне дейін 15 күнтізбелік күн алдын арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемеге (ұйымға) тестілік тапсырмаларды жібереді. Тестiлердi орындауға берiлген уақыт міндетті аттестаттау кезінде 60 минутты, мерзімінен бұрын аттестаттау кезінде – 80 минутты құрайды.
      20. Тестілеу өткізу күні рәсімді өткізуге дейін екі апта қалғанда әлеуметтік қызметкерге жазбаша түрде хабарланады.
      21. Тестiлеу нәтижелерi балмен бағаланады және сол тапсырған күнi хабарланады. Әрбiр тест тапсырмасының дұрыс жауабы бір балмен бағаланады.
      22. Тестілеу нәтижелері Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша кемінде 70 %, әлеуметтік жұмыс, психология, педагогика, дәрігерге дейінгі көмек көрсету негіздері бойынша – 80 %, осы лауазымның функционалдық міндеттері бойынша 80 % дұрыс жауаптар жинаған кезде оң болып саналады.
      Жазбаша тестілеу бойынша шекті деңгейден кем балл жинаған әлеуметтік қызметкер әңгімелесуге жіберілмейді және алғаш тестіленгеннен кейін екі ай мерзімнен кешіктірмей қайта тестілеуге жатады.
      23. Тестілеу сұрақтарының құпиялығы мен оларды тестілеу өткізу уақытына дейін жарияламауды аттестаттау комиссиясы мен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың уәкілетті органының, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекеменің (ұйымның) бірінші басшылары қамтамасыз етеді.

4. Әңгiмелесудi өткiзу

      24. Әлеуметтiк қызметкермен әңгiмелесу шынайы, сыпайы және жанашырлық жағдайында өтеді. Әңгімелесу рәсімі аудио таратушыға жазып алынады.
      25. Әлеуметтік қызметкерге қойылатын сұрақтар кәсiби және бiлiктiлiк даярлық, iскерлiк қасиеттер мәселелерiндегi оның құдiреттiлiгi деңгейiн анықтауға бағытталған және оның лауазымына сәйкес болуға тиiс.
      26. Әңгімелесу нәтижесi бойынша аттестаттау комиссиясы мынадай хаттамалық шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
      міндетті аттестаттау кезінде:
      1) атқаратын қызметiне лайықты;
      2) қайта аттестаттауға жатады;
      біліктілік санатын белгілеу немесе жоғарылату үшін мерзімінен бұрын аттестаттау кезінде:
      1) біліктілік санаты талаптарына лайықты;
      2) біліктілік санаты талаптарына лайықты емес.
      Біліктілік санаты талаптарына сәйкессіздігі туралы шешім шығарылған жағдайда әлеуметтік қызметкердің хаттамалық шешім шығарылған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін мерзімінен бұрын аттестаттаудан өтуге құқығы бар.

5. Қайтадан аттестаттау

      27. Қайтадан міндетті аттестаттау бастапқы аттестаттау өткен күннен бастап үш айдан кейiн, осы Қағидада айқындалған тәртiппен өткiзiледi.
      28. Аттестаттау комиссиясы қайтадан міндетті аттестаттаудың нәтижелерi бойынша мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
      1) атқаратын қызметiне лайықты;
      2) атқаратын қызметiне лайықты емес.
      29. Әлеуметтiк қызметкерлердiң аттестаттаудан (қайта аттестаттаудан) өту қорытындылары аттестаттау комиссиясының төрағасы мен оның басқа да мүшелерi қол қоятын хаттамалық шешiмде тiркеледi.
      30. Аттестаттау комиссиясының шешімімен келіспеген жағдайда әлеуметтік қызметкердің сот тәртібімен оған шағымдануына болады.

6. Қорытынды рәсiмдер

       31. Міндетті аттестаттау қорытындысы бойынша әлеуметтік қызметкерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекеме (ұйым) хаттамалық шешімнің көшірмесін береді.
      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012.04.23 № 150-ө-м (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      32. Ескерту. 32-тармақ алынып тасталды - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012.04.23 № 150-ө-м (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      33. Ескерту. 33-тармақ алынып тасталды - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012.04.23 № 150-ө-м (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      34. Мерзімінен бұрын аттестаттаудан нәтижелі өткен әлеуметтік қызметкерге облыстың, республикалық маңызы бар қаланың уәкілетті органы хаттамалық шешім шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы Қағидаға 2-қосымшаға сәйкес біліктілік санатын белгілеу немесе жоғарылату туралы куәлік бередi.
      Біліктілік санатын белгілеу немесе жоғарылату туралы куәлік куәлік беру журналында тiркеледi.
      35. Ескерту. 35-тармақ алынып тасталды - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012.04.23 № 150-ө-м (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

Халықты әлеуметтік қорғау
саласындағы әлеуметтік   
қызметкерлерді аттестаттау
қағидасына 1-қосымша     

Нысан

Сертификат № _________

      Ескерту. 1-қосымша алынып тасталды - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012.04.23 № 150-ө-м (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

Халықты әлеуметтік қорғау
саласындағы әлеуметтік   
қызметкерлерді аттестаттау
қағидасына 2-қосымша     

Нысан

      _________________________________________________________
      (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың
      уәкілетті органының атауы)

Біліктілік санатын белгілеу немесе жоғарылату туралы
куәліктің № _________

      20__ жылғы «__» ___________ аттестаттау комиссиясының шешімімен
      №________хаттама,
      Т.А.Ә.________________________________________________________
      20__ жылғы «___» _____________ аттестаттау комиссиясының
      шешіміне сәйкес_______________________________________________
                              (лауазым атауы)
      _____________біліктілік санаты белгіленді немесе жоғарылатылды

      Аттестаттау
      комиссиясының төрағасы:_______________________________________
                                      (Т.А.Ә., қолы)
      Аттестаттау
      комиссиясының хатшысы: ________________________________________                                        (Т.А.Ә., қолы)
      М.О.

      Берілген жері _____________________ Күні «___»_________ 20__ ж.                 (қала, облысты көрсету керек)
      Тіркеу № ______