Кірме жолдарды пайдалану қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің м.а. 2011 жылғы 12 мамырдағы № 275 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 20 маусымда № 7020 тіркелді

Қолданыстағы

      "Темір жол көлігі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 14-бабының 2-тармағының 19) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Кірме жолдарды пайдалану қағидасы бекітілсін.
      2. "Жалпы пайдаланымдағы кiрме жолдарға қойылатын талаптарды бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2004 жылғы 6 тамыздағы № 306-I (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3006 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілер бюллетенінде жарияланған 2004 ж., № 37-40, 1001-бабы) және "Кірме жолдардағы жұмыс ережесін бекіту туралы" 2004 жылғы 29 қыркүйектегі № 367-I (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3179 болып тіркелген, 2005 ж., 24 тамызда № 91 (715) "Заң газеті" газетінде жарияланған) бұйрықтарының күші жойылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік және қатынас жолдары комитеті (Н И. Қилыбай) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу үшін ұсынуды қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация вице-министрі Е.С. Дүйсенбаевқа жүктелсін.
      5. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін күшіне енеді.

      Министрдің
      міндетін атқарушы                             А. Бектұров

      "КЕЛІСІЛГЕН"
      Қазақстан Республикасы Табиғи
      монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы
      ________________ Н. Алдабергенов
      2011 жылғы 12 мамыр

Қазақстан Республикасы
Көлік және коммуникация
Министрінің м.а. 
2011 жылғы 12 мамырдағы
№ 275 бұйрығымен 
бекітілген     

Кірме жолдарды пайдалану қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Кірме жолдарды пайдалану қағидасы (бұдан әрі - Қағида) "Темір жол көлігі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы заңына сәйкес әзірленген және кірме жолдарды пайдалану тәртібін, кірме жолдарға қойылатын талаптарды белгілейді, сондай-ақ кірме жолдарды пайдалану кезінде тармақ иеленуші, контрагент, тасымалдаушы, магистральдық темір жол желісінің операторы және тасымалдау процесіне өзге де қатысушылардың қарым-қатынасын реттейді.
      2. Осы Қағидада пайдаланатын ұғымдар темір жол көлігі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген мағыналарда қолданылады.

2. Кірме жолдарды пайдалану тәртібі

      3. Кірме жолдар тікелей немесе басқа кірме жолдар арқылы магистральдық және (немесе) станциялық жолдармен жанасады. Кірме жол шекарасы "Кірме жол шекарасы" белгісімен белгіленеді.
      Мұндай белгі қою орнын магистральдық темір жол желісі операторы жер учаскесіне (кірме жолдарға) жеке меншік құқығына арналған акті негізінде айқындайды.
      4. Тармақ иеленуші (контрагент) келісім негізінде тасымалдау процесінің қатысушыларына кірме жолдар қызметтерін көрсетеді.
      Тармақ иеленуші (контрагент) табиғи монополия субъектісі болып табылған жағдайда, ол Қазақстан Республикасының Табиғи монополия және реттеу нарығы туралы заңнамасына сәйкес қызметтер көрсетуге шарт жасасады, кірме жолдарды техникалық күтіп ұстауды қамтамасыз етеді және жөндеу жұмыстарын жүзеге асырады.
      5. Тармақ иеленуші кірме жолдарды техникалық күтіп ұстауды қамтамасыз етеді және жөндеу жұмыстарын жүзеге асырады.
      6. Тармақ иеленуші әрбір кірме жолға мыналардан тұратын құжаттамалар пакетінің екі данасын ресімдейді:
      жолдың бойлық пішіні бар техникалық паспорт;
      жасанды құрылыстар сызбасы;
      мамандандырылған жолдар мен қойма алаңдарын көрсете отырып, тиеу-түсіру (босату) орындары көрсетілген масштабты схема-жоспары.
      Құжаттаманың бірінші данасы тармақ иеленушіде қалады, екінші данасын тармақ иеленуші кірме жолдың қызметтеріне шарт жасасқан кезде магистральдық темір жол желісі операторына береді.
      Жаңа объектілерді пайдалануға енгізгеннен немесе олардың жабылуынан кейін тармақ иеленуші техникалық паспортқа тиісті өзгерістер енгізеді және паспортқа енгізілген барлық өзгерістері туралы хабарлай отырып, техникалық паспорттың бір данасын магистральдық темір жол желісі операторына береді. Магистральдық темір жол желісі операторы жанасу станциясының техникалық-басқару актісіне өзгерістер енгізеді және оған қосымша кірме жолдар ведомосін жасайды.
      7. Кірме жолдар уақытша және тұрақты пайдалану үшін ашылады. Салынған кірме жолды тұрақты пайдалануға ашу және мұндай жолға жылжымалы құрамды беру құрамына магистральдық темір жол желісі операторының өкілі кіретін комиссия жол пайдалануға қабылдағаннан кейін рұқсат етіледі.
      8. Кірме жолды пайдалану тармақ иеленуші әзірлеген және тасымалдау ережесіне сәйкес магистральдық темір жол желісі операторы бекіткен кірме жолда қызметтер көрсету және қозғалысты ұйымдастыру тәртібі туралы нұсқаулықтың негізінде жүзеге асырылады.
      9. Кірме жолдарды пайдалану қозғалыс қауіпсіздігі мен жылжымалы құрамның, жүктердің, контейнерлердің сақталуына қауіп төндіретін ақаулар анықталған жағдайда магистральдық темір жол желісі операторының өкімі негізінде оларды жойғанға дейін тоқтатылады.
      10. Тармақ иеленушілер өздерінің орналасқан аумағы шегінде кірме жолдарды жарықпен қамтамасыз етеді, сондай-ақ кірме жолдарында қоқыстар мен қардан тазарту жұмыстарын жүргізеді.
      11. Бір тармақ иесінде станцияға (бірнеше станцияларға) жеке жанасатын бірнеше кірме жолдары болған кезде, вагондарды беру-әкету шарты әрбір жанасатын жеке кірме жолына жасалады.

3. Кірме жолдарға қойылатын талаптар

      12. Жолдың жоспары мен бойлық бейіні көрсетілген жұмыстарды орындауға лицензиясы бар ұйым жүргізген аспаптық суретке түсіру негізінде жасалады.
      13. Кірме жолдардың жоспары мен бейінін мерзімді аспаптық тексеру кірме жолдардың бейінін өзгертетін жөндеу-жол жұмыстарын жүргізгеннен кейін жүргізіледі. Егер кірме жолдарды пайдалану кезінде кірме жолдардың бейінін өзгертетін жұмыстар жүргізілмесе, кірме жолдардың жоспары мен бейінін аспаптық тексеру он жылда бір рет жүргізіледі.
      14. Кірме жолдарды осы Қағидада белгіленген талаптарға сәйкестендіру тармақ иесінің қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі.

4. Кірме жолдарды пайдалану кезіндегі тасымалдау процесіне
қатысушылар арасындағы өзара қарым-қатынас

      15. Тармақ иесі магистральдық темір жол желісінің операторымен, тасымалдаушымен шарты бойынша маневрлік жұмыстарды және вагондарды уақытша орналастыру қызметтерін көрсетеді.
      16. Тармақ иесінің локомотивпен кірме жолына қызмет көрсету кезінде вагондар тасымалдаушының локомотивімен магистральдық темір жол желісі операторының белгіленген шартымен қабылдау-тапсыру (шығарып тоқтату) жолында береді. Вагондардың одан әрі жүруі, олардың тиеу орындарында орналастыру, түсіру (жүк түсіру) және қабылдау-тапсыру (көрмелі) жолға қайтару тармақ иесінің локомотиві қамтамасыз етеді.
      Магистральдық темір жол желісі операторының, тасымалдаушының локомотивімен кірме жолға қызмет көрсету кезінде вагондар кірме жолға беріледі және кірме жолдан оларға жүк тиеу, түсіру (босату) орындарына осы локомотив әкетеді.
      17. Тиеу, түсіру (босату) жолы болып жабық және ашық қоймаларға және жүктерді тиеуге, түсіру (босату) үшін тағайындалған жерлерге жанасатын кірме жолдардың бір бөлігі табылады.
      Тиеу, түсіру (босату) орындарына берілетін вагондардың максималды саны кірме жолдың қоймалық, тиеу-түсіру құрылғыларының пайдалы ұзындығы бойынша анықталады.
      Вагондарды шығарып тұрақтату темір жолдарына тапсыру кезінде берілетін вагондардың максималды саны оларда қабылданатын – түсірілетін пайдалы ұзындығы бойынша анықталады.
      18. Вагондарды кірме жолға беру және әкету және кірме жолдан қайтару хабарлама, кесте немесе шарттарда белгіленген уақыт интервалы бойынша жүргізіледі.
      19. Ол арқылы вагондарды беру және әкету жүзеге асырылатын уақыт интервалын есептеу негізгі өндірістің технологиясына, кірме жолдың және жанасу станциясының техникалық жарақтандырылуы мен жұмыс технологиясына байланысты болады.
      Уақыт интервалының шамасын анықтайтын негізгі элементтер қабылдау-тапсыру операцияларын орындау, вагондарды кірме жолға беру/кірме жолдан әкету, тиеу, түсіру (босату) жөніндегі операциялар мен вагондардың орнын ауыстыру (кіргізу-шығару) үшін қажет уақыт болып табылады.
      20. Вагондарды беру уақыты туралы тасымалдаушы тармақ иеленушіні вагондарды бергенге дейін 2 сағаттан кешіктірмей хабардар етеді. Вагондарды беру уақыты туралы хабарламаларды тапсыру тәулік бойы телефон арқылы немесе хабарламалар кітабындағы жазбалармен электронды алмасу желісін қоса алғанда қолда бар байланыс құралдарымен жүргізіледі.
      Тармақ иеленуші хабарламаларды қабылдау үшін өзінің жауапты өкілдерін тағайындайды және тасымалдаушының өкіліне олардың тектері мен телефондарының нөмірлерін жазбаша хабарлайды.
      Шартта вагондарды кесте немесе белгіленген интервалдар бойынша беру көзделген жағдайда вагондарды беру уақыты туралы хабарлама талап етілмейді.
      Егер тиеу осы кірме жолда түсіруден (босатудан) босаған вагондарға жүргізілетін болса (қосарланған операциялар) бос вагондарды тиеуге беру уақыты туралы хабарлама талап етілмейді.
      Вагондарды беру уақыты туралы хабарламаларды беру тәртібі мен мерзімдерін тасымалдаушының өкілі бекітеді.
      21. Магистральдық темір жол желісі операторының немесе тасымалдаушының кінәсі бойынша вагондарды тиеу, түсіру (босату) орындарына, қабылдау-тапсыру (шығарып қою) жолдарына беру уақытының кешіктірілуі вагондарды беру туралы хабарламада көрсетілген уақыттан бастап есептеледі.
      22. Вагондарды тиеу, түсіру (босату) орындарынан, қабылдау-тапсыру (шығарып қою) жолдарынан беру және әкетуге арналған уақыт жанасу станциясы жұмысының технологиясы негізінде белгіленеді.
      23. Вагондарды хабарлама бойынша әкеткен жағдайда, сондай-ақ вагондардың кесте бойынша немесе белгіленген интервалдар арқылы әкетуге дайын болмағаны жағдайында жүк жөнелтуші (жүк алушы), тармақ иеленуші алдын ала (вагондарды беруге-әкетуге арналған шартпен белгіленген мерзімдерде) магистральдық темір жол желісі операторына, тасымалдаушыға вагондардың әкетуге дайындығының уақыты туралы хабарлайды. Вагондарды хабарлама бойынша әкеткен кезде әкету мерзімі хабарлама тапсырылған кезден бастап есептеледі. Вагондарды кесте бойынша немесе белгіленген интервалдар арқылы әкеткен кезде әкету мерзімі, егер өзге шартта көзделмесе, кестеде немесе интервалда көзделген уақыттан бастап есептеледі.