Дерекқорды қайта сәйкестендірілген түрде ғылыми мақсатта ұсыну және пайдалану ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі Төрағасының 2010 жылғы 2 шілдедегі № 168 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 13 тамызда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6388 болып енгізілді

Қолданыстағы

      «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңының 8-бабының 6-тармағына «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН: .Z110407 қараңыз 
      1. Қоса беріліп отырған Дерекқорды қайта сәйкестендірілген түрде ғылыми мақсатта ұсыну және пайдалану ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің Құқықтық және ұйымдық қамтамасыз ету департаменті (С.К. Бралина) Жарияланымдар және ақпараттық технологиялар департаментімен (Д.Т. Жармұхамбетов) бірге заңнамада белгіленген тәртіпте:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің жауапты хатшысына жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Төраға                                     Ә. Смайылов

Қазақстан Республикасы
Статистика агенттігі 
төрағасының      
2010 жылғы 2 шілдедегі
№ 168 бұйрығымен  
бекітілді      

Дерекқорды қайта сәйкестендірілген түрде ғылыми мақсатта ұсыну және пайдалану ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже «Мемлекеттік статистика туралы» 2010 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 6-тармағына, «Ғылым туралы» 2001 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді. .Z110407 қараңыз
      2. Ереже дерекқорды қайта сәйкестендірілген түрде ғылыми мақсатта ұсыну және пайдалану шарттарын, тәртібін анықтайды.

2. Осы Ережеде қолданылатын негізгі ұғымдар

      3. Осы Ережеде келесі негізгі ұғымдар қолданылады:
      1) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – мемлекеттік статистика саласындағы басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      2) алғашқы статистикалық деректер – статистикалық нысандарда алынған немесе тіркелген деректер;
      3) ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерi - ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
      4) аккредиттеу - ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органның ғылыми және ғылыми-техникалық салада мемлекеттiк емес ғылыми ұйымның құқықтылығын ресми тануы;

3. Дерекқорды қайта сәйкестендірілген түрде ұсыну

      4. Дерекқорды (электронды түрде сақталатын ақпараттық дерекқорларды) қайта сәйкестендірілген түрде ғылыми мақсатта ұсыну және пайдалану ғылыми қызмет субъектілерінің (жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламаны іске асырушы ұйымдар) жазбаша сұрау салуы жағдайында (бұдан әрі - сұрау салу) білім беру қызметін жүргізуге құқық беретін мемлекеттік лицензияның көшірмесі мен лицензияға қосымшалары немесе аккредиттеу туралы куәлік қоса берілуімен жүзеге асырылады.
      5. Сұрау салу қабылдауға, тіркеуге, есепке алуға және қарауға жатады.
      6. Сұрау салу түскен күні құжаттамалық қамтамасыз ету қызметімен тіркеліп, уәкілетті органның басшылығына (бұдан әрі - басшы) қарауға беріледі.
      7. Сұрау салу қажетті дерекқорды қалыптастыруға мүмкіндік беретін ақпаратты қамтуы тиіс (статистикалық көрсеткіштер атауы, көрсеткіштер тізбесі, кезеңділігі, аумақтық бөлініс).
      8. Уәкілетті орган басшысы уәкілетті органның ақпараттық қауіпсіздігіне жауапты құрылымдық бөлімшесіне (бұдан әрі - құрылымдық бөлімше) жауапты қалыптастыру және сұратылатын ақпаратты ұсыну үшін сұрау салу жолдайды.
      9. Құрылымдық бөлімше сұралатын дерекқорды олардың қалыптасқандығын, нақты барын және қайта сәйкестендіру үшін техникалық мүмкіндігін анықтай отырып ұсыну мүмкіндігін қарастырады. Құрылымдық бөлімше Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің ведомстваға бағынысты ұйымы «Ақпараттық-есептеу орталығы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорынына (бұдан әрі – ведомствоға бағынысты ұйым) респондетті тікелей немесе жанама белгілеу немесе ол туралы алғашқы статистикалық деректерді анықтау мүмкіндігін қоспағанда, дерекқорды қайта сәйкестендірген күйде қалыптастыру үшін жазбаша сұрау салу жібереді. Ведомствоға бағынысты ұйым респондет туралы сәйкестендірілген ақпаратты (респонденттің тегі, аты, әкесінің аты, заңды тұлғаның атауы, кәсіпорындар мен ұйымдардың жалпы жіктеуіші бойынша коды, бизнес-сәйкестендірілген нөмірі және тағы басқа) орнына нөмірлеуді қолдана отырып жояды.
      10. Ведомствоға бағынысты ұйыммен қалыптастырылған дерекқор негізінде құрылымдық бөлімше респондентті сәйкестендіру мүмкіндігін анықтайды. Мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда уәкілетті орган осы дерекқорды ұсынады.

4. Сұрау салуды қарау мерзімдері

      11. Сұрау салуды қарау мерзімдері:
      1) Сұрау салу он бес күнтізбелік күн ішінде қарастырылады;
      2) Сұралатын дерекқорды ұсыну мүмкіндігін қарастыру, дерекқорды қалыптастыру және респондентті сәйкестендіру мүмкіндігін анықтау үшін қосымша уақыт қажет болған жағдайда, қарау мерзімі ең көп дегенде отыз күнтізбелік күн және бұл жайлы ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісіне қарау мерзімі ұзартылған сәтінен бастап 3 күнтізбелік күн ішінде хабарланады.

5. Дерекқорды қайта сәйкестендірілген түрде ғылыми мақсатта ұсыну және пайдалану бойынша бас тарту

      12. Дерекқорды ұсыну және пайдалану бойынша бас тарту мына жағдайларда көзделеді:
      1) дерекқорды иесіздендіру үшін техникалық мүмкіндіктердің болмауы;
      2) субъектінің негізгі іскерлігінің мәні ғылыми және ғылыми-техникалық іскерлік болып табылатындығын растайтын құжаттарды ұсынбау:
      білім беру қызметін жүргізу құқығына мемлекеттік лицензия мен лицензияға қосымшалардың көшірмелері;
      аккредиттеу туралы куәлік;
      3) сұралатын ақпарат жиналынбаса және мемлекеттік статистика органдарымен құрастырылатын мәліметтер есебінің негізінде алынуы мүмкін болмаса;
      4) егер сұрау салу сұралатын ақпараттың мазмұнын бір мағыналы анықтауға мүмкіндік бермесе (статистикалық көрсеткіштер атауы, көрсеткіштер тізбесі, кезеңділік, аумақтық бөлініс);
      5) сұралатын ақпарат сәйкестендірілсе.