Қазақстан Республикасында ортақ су пайдаланудың үлгі ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2009 жылғы 19 қазандағы N 595 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2009 жылғы 28 желтоқсанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5977 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 17 қаңтардағы № 10-1/18 бұйрығымен

Күшін жойған

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.01.17 № 10-1/18 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Су кодексінің 37 бабының 1 тармағының 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында ортақ су пайдаланудың үлгі ережесі бекітілсін.
      2. Табиғат ресурстарын пайдалану стратегиясы департаменті (Е.Р.Толқымбеков) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада бекітілген тәртіппен мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау жасау Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Әбілахатұлы Оразаевқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                   А. Күрішбаев

      Келісілді:
      Қазақстан Республикасының
      Денсаулық сақтау министрі
      _________ Ж.А. Досқалиев
      2009 жылғы 12 қазан 

      Қазақстан Республикасының
      Көлік және коммуникация министрі
      _____________ Ә.Қ. Құсайынов
      2009 жылғы 20 қараша

      Қазақстан Республикасының
      Төтенше жағдайлар министрі
      _____________ В.К. Божко
      2009 жылғы 23 қазан

Қазақстан Республикасы  
Ауыл шаруашылығы министрінің
2009 жылғы 19 қазандағы 
№ 595_бұйрығымен бекітілген

Ортақ су пайдаланудың үлгі ережесі

      1. Осы Ортақ су пайдаланудың үлгі ережесі (әрі қарай - Ереже) Қазақстан Республикасының Су кодексінің 37 бабы 1 тармағының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді.
      2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары экологиялық, техникалық және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгi мақсатында өңірдегі жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, ортақ су пайдалану ережелерінде тиісті өңірдің аумағында орналасқан су объектілерінде шомылу, ауыз су және тұрмыстық қажеттіліктерге су алу, мал суару, шағын кемелерде және басқа да жүзу құралдарында жүзу тыйым салынған жерлерді айқындайды.
      3. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары суда жүзетін жабайы құстар мен жүні бағалы аңдардың, балық ресурстары мен басқа да су жануарларының мекен-жайы болып табылатын су объектілерінде ұя салу және уылдырық шашатын кезеңде ортақ су пайдалану құқығына шектеу қояды.
      4. Жеке немесе бірлесіп су пайдалануға берілген су айдындарында, ортақ су пайдаланудың облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдармен бекітілген талаптары ескеріледі.
      5. Ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын жариялау үшін жеке немесе бірлесіп су пайдалануды жүргізетін су пайдаланушы, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдарына оларды қабылдаудың қажеттігі негізделген өтінім тапсырады.
      6. Бекітілмеген су объектілерінде осы Ережені бұзғаны үшін айыппұл мөлшері туралы ескертулер бар тыйым салатын белгілер мен плакаттарды орнатуды жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді.
      7. Су объектілерін ортақ су пайдалану тәртібінде, мал суару үшін пайдалану, ауыз сумен жабдықтаудың су көздерін санитарлық қорғау аумақтарынан тыс жерлерде және су объектілерін ластану мен қоқымданудан қорғайтын құрылғылар бар болғанда жол беріледі. Басқа жағдайларда жергілікті атқарушы органдар суару алаңшаларын жайластыру жөніндегі шараларды жүргізеді.
      8. Жүзудің қауіпсіздігін сақтау мақсатында кемелер қозғалысын шектеуді жүзеге асыру «Iшкi су көлiгi туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шiлдедегi Заңымен және «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 17 қаңтардағы Заңымен реттеледі.
      9. Бұқаралық ақпарат көздері арнайы ақпараттық белгілермен тұрғындарға шомылудың және ортақ су пайдаланудың басқа шарттарын шектеу туралы хабарландырады.