Валютаны айырбастаудың нарықтық бағамын анықтау және қолдану тәртібін белгілеу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министірің 2009 жылғы 28 қаңтардағы N 36 Бұйрығы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқарамасының 2009 жылғы 26 қаңтардағы N 4 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2009 жылғы 27 ақпанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5570 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 12-бабы 1-тармағының 10) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы министрі БҰЙЫРАДЫ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Валютаны айырбастаудың нарықтық бағамын анықтаудың мынадай тәртібі белгіленсін:
      1) "Қазақстандық қор биржасы" ашық қоғамы таңертеңгі (негізгі) сессиясында (бұдан әрі - сессия) сауда-саттық өткізілетін (өткізілген) шетел валюталары бойынша шетелдік валюталардың нарықтық бағамы Алматы уақытымен сағат 11-00 жағдай бойынша сессияда қалыптасқан шетел валюталарына қарағанда теңгенің орташа мөлшерлі биржалық бағамы ретінде анықталады;
      2) осы бұйрықтың және қаулының қосымшасында көрсетілген сессияда сауда-саттық өткізілмейтін (өткізілмеген) шетел валютасы бойынша валютаны айырбастаудың нарықтық бағамы "Reuters" ақпараттық агенттігінің арнасы бойынша алынған сұраныстық бағалауға сәйкес Алматы уақытымен сағат 15-00 жағдайы бойынша қалыптасқан АҚШ долларына қарағанда кросс-бағамдарды пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі есептейді.
      2. Осы бұйрықтың және қаулының 1-тармағына сәйкес анықталған валютаны айырбастаудың нарықтық бағамы сессиядағы сауда-саттық өткізетін күннен кейінгі күні қолданылады.
      3. Қаржылық есептілікті қалыптастыру мақсатында халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес қайта есептеуге жататын активтер мен міндеттемелерді қайта есептеу осы бұйрықтың және қаулының 1-тармағында белгіленген тәртіппен анықталған валюта айырбастаудың нарықтық бағамын пайдаланып сауда-саттық өткізілген жұмыс күнінің аяғында жүзеге асырылсын.
      4. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2002 жылғы 23 желтоқсандағы N 629 бұйрығы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын анықтау тәртібін белгілеу туралы" 2002 жылғы 23 желтоқсандағы N 512 қаулысы (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 2106 тіркелген, Қазақстан Республикасы Орталық атқарушы және өзге мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілерінің бюллетенінде жарияланған 2003 ж., N 8, 802-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2002 жылғы 23 желтоқсандағы N 629 бұйрығына және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын анықтау тәртібін белгілеу туралы" 2002 жылғы 23 желтоқсандағы N 512 қаулысына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2004 жылғы 26 шілдедегі N 299 бұйрығы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2004 жылғы 9 шілдедегі N 94 қаулысы (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 3025 тіркелген, Қазақстан Республикасы Орталық атқарушы және өзге мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілерінің бюллетенінде жарияланған 2004 ж., N 37-40, 1023-құжат);
      3) "Қаржылық есептілікті қалыптастыру мақсатында қаржы ұйымдарында және арнайы қаржы компанияларында валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын қолдану туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2007 жылғы 25 ақпандағы N 11 қаулысы (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2008 жылғы 27 наурыздағы Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5171 тіркелген).
      5. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі осы бұйрық пен қаулының Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуден өтуін және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етсін.
      6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі осы бұйрық пен қаулы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуден өткен күннен бастап он күндік мерзімде осы бұйрықты және қаулыны орталық аппараттың мүдделі бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдарының, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің, "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігі мен қаржы ұйымдарының назарына жеткізсін.
      7. Осы бұйрықтың және қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Ә.А. Смайыловқа және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Д.Т. Әкішевке жүктелсін.
      8. Осы бұйрық пен қаулы олар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі                                  Б. Жәмішев

      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық Банкінің Төрағасы                        Г. Марченко

Қазақстан Республикасы   
Қаржы министрінің     
2009 жылғы 28 қаңтардағы 
N 36 бұйрығына және   
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2009 жылғы 26 қаңтардағы 
N 4 қаулысына қосымша  

Шетелдік валюталардың тізбесі

      1. Австралия доллары
      2. Ағылшын фунт стерлингі
      3. Белорусь рублі
      4. Венгер форинті
      5. Дат кронасы
      6. Біріккен Араб Әмірліктерінің дирхамы
      7. АҚШ доллары
      8. Еуро
      9. Канада доллары
      10. Қытай юаны
      11. Кувейт динары
      12. Қырғыз сомы
      13. Латвия латы
      14. Литва литі
      15. Молдова лейі
      16. Норвег кронасы
      17. Польша злотыйы
      18. Сауд Арабиясының риалы
      19. Ресей рублі
      20. СДР
      21. Сингапур доллары
      22. Түрік лирі
      23. Өзбек сумы
      24. Украин гривнасы
      25. Чехия кронасы
      26. Швед кронасы
      27. Швейцар франкі
      28. Эстон кронасы
      29. Оңтүстік Африка ранды
      30. Оңтүстік Корея вонасы
      31. Жапон йенасы