Қор биржасында айналымына жіберілетін (жіберілген) эмитенттерге және олардың бағалы қағаздарына талаптары, және де қор биржасы тізімінің бөлек санаттары туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау Агенттігі Басқармасының 2008 жылғы 26 мамырдағы N 77 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2008 жылғы 30 маусымда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5251 болып енгізілді.

Қолданыстағы

       Қолданушылардың назарына!!!
      Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін  29-тармақтан  қараңыз.

      "Бағалы қағаздар рыногы" туралы 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының  89-бабының  1-тармағына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бағалы қағаздар рыногын одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулы мақсаты үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) Қор биржасының ресми тізімі (ресми тізім) - қор биржасының енгізілуі және болуы белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиісті бағалы қағаздар мен бағалы қағаздар эмитенттерінің тізімі;

      2) маркет-майкер - қор биржасы маркет-майкер ретінде таныған және қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес бағалы қағаздар бойынша баға белгілеуді тұрақты хабарлап отыру және қолдау көрсету жөнінде өзіне міндеттеме қабылдаған қор биржасының мүшесі;

      3) жергілікті атқару органдарының облигациялары - республика дәрежесіндегі қаланың, астананың жергілікті атқару органдары шығарған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары;

      4) ресми тізім секторы - белгіленген талаптарға сәйкес келетін эмиссиялық бағалы қағаздар енгізілген қор биржасының ресми тізімінің бөлігі;

      5) арнайы кәсіпорын (Special purpose vehicle) - шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған, қызметінің жалғыз түрі өзінің жеке құрылтайшысының (қатысушысы, акционері) - осы немесе басқа мемлекеттің заңды тұлғасының кепілдігіне, оның ішінде борыштық бағалы қағаздар шығару және орналастыру жолымен қаржы тарту болып табылатын заңды тұлға;

      6) арнайы қаржы компаниясы - секьюритилендірудің бір немесе бірнеше мәмілесін жүзеге асыру, сондай-ақ бөлінген активтер бойынша уақытша бос түсімдерді инвестициялау үшін "Секьюритилендіру туралы" 2006 жылғы 20 ақпандағы Қазақстан Республикасының  Заңына  сәйкес құрылып отырған заңды тұлға;

      7) рұқсат беру бастамашысы - бастамасымен бағалы қағаздар қаржы орталығының арнайы сауда алаңының ресми тізіміне енгізілетін (рұқсат берілетін) эмитент не қор биржасының мүшесі;

      8) қаржылық емес ұйым - қаржылық ұйым болып табылмайтын ұйым ("Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу және қадағалау туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының  Заңымен  айқындалғандай);

      9) сауда алаңы - ресми тізімге енгізілген (қор биржасында айналымға жіберілген) қаржы құралдарының жекелеген түрлерімен мәмілелер жасалатын қор биржасының бағдарламалық - техникалық кешенінің бөлігі;

      10) листингтік компания - бағалы қағаздары ресми тізімге енгізілген заңды тұлға;

      11) борыштық бағалы қағаз - шығарылым шарттарымен белгіленген мөлшер мен мерзімде оның иесінің эмитенттен алатын негізгі борыш сомасы құқығын растайтын бағалы қағаз;

      12) индекстік қор - активтері осы инвестициялық қор үшін базалық болып табылатын белгілі бір қор индексінің өкілдік тізіміне кіретін ұқсас қаржы құралдарынан тұратын инвестициялық қор;

      13) үлестік бағалы қағаз - Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайда мүліктің белгілі бір үлесіне оның иесінің құқығын растайтын бағалы қағаз;

      14) индекстің өкілдік тізімі - параметрлері қор биржасының сол не басқа индикаторларын есептеу мақсатында пайдаланылатын бағалы қағаздар тізімі.

      2. Қор биржасының ресми тізіміне Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес шығарылған бағалы қағаздар, соның ішінде базалық активі Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес шығарылған мемлекеттік емес бағалы қағаздар болып табылатын туынды бағалы қағаздар енгізіледі (рұқсат беріледі).
      Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногы айналысына шетел мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес шығарылған мемлекеттік емес бағалы қағаздарына және қор биржасының ресми тізіміне енгізілген (рұқсат берілген) халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына рұқсат беріледі.
      Қор биржасының ресми тізімі келесі секторлардан тұрады:

      1) акциялар;

      2) борыштық бағалы қағаздар;

      3) инвестициялық қорлардың бағалы қағаздары;

      4) депозитарлық қолхаттар;

      5) халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары;

      6) мемлекеттік бағалы қағаздар;

      7) туынды бағалы қағаздар.
      Қор биржасының арнайы сауда алаңының ресми тізімінің секторлары бөлек санаттарға және шағын санаттарға бөлінеді.
      Қор биржасының ішкі құжаттарында, осы тармақта көрсетілген ресми тізімнің секторларынан басқа, қосымша секторлардың қызмет етуі қарастырылуы мүмкін.

      3. "Акциялар" секторы үш санатқа бөлінеді: бірінші (ең жоғарғы) санат, екінші (ең жоғарғы) санат және үшінші (ең жоғарғы санатынан кейінгі) санат.

      4. Эмитент акцияларын қор биржасының ресми тізімінің бірінші санаты (ең жоғарғы) бойынша "акциялар" секторына енгізу және онда қалдыру үшін аталған бағалы қағаздар мен олардың эмитенті мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:

      1) эмитентті мемлекеттік тіркеу оның акцияларын ресми тізімге енгізу туралы арыз берген күнге дейінгі үш жыл ішінде жүзеге асырылған. Қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес қайта ұйымдастыру нәтижесінде эмитентті құруды жүзеге асырып отырған ұйымның (ұйымдардың) мерзімі үшін сынақ жасалуы мүмкін.
      Егер қор биржасының ішкі құжаттарында жүз пайыздық акциялары мемлекетке немесе ұлттық холдингке не ұлттық басқарушы компанияларға тиесілі ұйымдар үшін қызмет ету мерзіміне қойылатын талап кем дегенде үш жыл болған жағдайда, осы тармақтың 4) және 6) тармақшаларында белгіленген талаптар осы ұйымдардың нақты қызмет ету мерзіміне байланысты қолданылады;

      2) эмитент қаржылық есептілікті қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына (International Financial Reporting Standards) (бұдан әрі - ҚЕХС) немесе Америка Құрама Штаттарында қолданылатын стандарттарға (International Accepted Accounting Principles) (бұдан әрі - АҚШ ҚЕС) сәйкес жасайды;

      3) эмитенттің қаржылық есептілігінің аудитін қор биржасы танитын аудиторлық ұйымдардың тізбесіне енетін аудиторлық ұйымдардың бірі жүзеге асырады;

      4) рұқсат беру бастамашысы эмитенттің кем дегенде соңғы аяқталған үш қаржы жылының аудиторлық есебімен расталған қаржылық есептілікті ұсынады. Егер аудиторлық есеппен расталған аяқталған соңғы қаржы жылының қаржылық есептілігі жасалған күннен бастап акцияларды осы санатқа енгізу туралы өтініш берілген күнге дейін алты айдан астам мерзім өтсе, рұқсат беру бастамашысы аралық қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есеп немесе аралық қаржылық ақпаратты шолу (эмитенттің аралық қаржылық есептілігінің толық жиынтығы) бойынша есеп береді;

      5) эмитенттің меншікті капиталы аудиторлық есеппен расталған соңғы есептілік күніне жасалған қаржылық есептілігіне сәйкес оның жарғылық капиталынан кем бола алмайды. Бұл ретте эмитенттің меншікті капиталы аудиторлық есеппен расталған соңғы есепті күнге жасалған қаржылық есептілікке сәйкес тиісті қаржы жылына бекітілген республикалық бюджет туралы заңымен белгіленген айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі - айлық есептік көрсеткіш) сегіз миллион бес жүз алпыс мың еселенген мөлшерінен кем емес соманы құрайды.
      Осы санаттағы акциялар сауда-саттығы ашылған күннен бастап алты ай өткен соң қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес анықталатын осы акциялар эмитентінің рыноктық капиталдандырылуы айлық есептік көрсеткіштің сегіз миллион бес жүз алпыс мың еселенген мөлшерінен кем емес соманы құрауға тиіс.
      Осы тармақшаның екінші абзацының талаптары ресми тізімге артықшылықты акцияларды енгізу жағдайында қолданылмайды;

      6) акция эмитентінің таза табысы соңғы үш жылдың әрқайсысында эмитенттің аудиторлық есебімен расталған соңғы есепті күніне жасалған қаржылық есептілігіне сәйкес айлық есептік көрсеткіштің сексен бес мың алты жүз еселенген мөлшерінен кем емес соманы құрайды.
      Эмитент осы тармақшаның бірінші абзацында белгіленген таза пайданың мөлшері бойынша талаптарды орындамаған жағдайда оның акциялары, егер эмитенттің операциялық қызметінен түскен қаражаттарының таза ағымы оның аудиторлық есеппен расталған қаржы есептілігіне сәйкес әрбір соңғы үш жылда оң болса, осы санатқа көрсетілген талаптар ескерілмей енгізіледі;

      7) еркін айналымдағы акциялар саны аталған акциялар саудасы ашылған күннен бастап алты ай өткен соң орналасқан (сатып алынғандарды қоспағанда) акциялардың жалпы санының кем дегенде он пайызын, аталған акциялар саудасы ашылған күннен бастап бір жыл өткен соң - он бес пайызын және аталған акциялар саудасы ашылған күннен бастап екі жыл өткен соң жиырма бес пайызын құрайды.
      Еркін айналымдағы акциялар санына "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының  64-бабына  сәйкес акционерлік қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылатын тұлғаларға тиесілі акциялар кірмейді.
      Акцияларының жүз пайызы мемлекетке немесе ұлттық холдингке не ұлттық басқарушы компанияларға тиесілі ұйымдар үшін акцияларын ресми тізімге енгізу күніне еркін айналымдағы акциялар саны бойынша талап осы акциялар сауда-саттық ашылған күннен бастап алты ай өткен соң орналасқан акциялар санының кем дегенде бес пайызын, аталған акциялар сауда-саттық ашылған күннен бастап бір жыл өткен соң - он пайызын құрайды;

      8) Қазақстан Республикасының резиденті акционерлік қоғамдарына қатысты - эмитент акционерлерінің жалпы жиналысымен бекітілген корпоративтік басқару кодексінің болуы.
      Қазақстан Республикасының резидент еместеріне қатысты - корпоративтік басқару кодексінің болуы немесе заңды тұлға ретінде эмитентті тіркеу елі заңнамасында қарастырылған тәртіпте бекітілген мазмұны бойынша ұқсас өзге құжаттың болуы, егер заңды тұлға ретінде эмитентті тіркеу елі заңнамасында оның болуы қарастырылса;

      9) акцияларды ресми тізімнің осы санатына енгізу туралы мәселені қарастырғанға дейін қор биржасы мүшелерінің біреуі аталған акциялар бойынша оған маркет-мейкер мәртебесін тағайындау туралы өтініш беруі тиіс, ал олардың осы санатта болуы кезінде маркет-мейкердің болуы міндетті болып табылады;

      10) эмитенттің құрылтай құжаттарында және/немесе бағалы қағаздарды шығару проспектісінде бағалы қағаздардың меншік иелерінің оларды иеліктен шығару (тапсыру) құқықтарына нұқсан келтіретін немесе шектейтін нормалардың болмауы.

      5. Эмитент акцияларын қор биржасының ресми тізімінің екінші (ең жоғарғы) санаты бойынша "акциялар" секторына енгізу және оларды онда қалдыру үшін аталған бағалы қағаздар мен олардың эмитенті келесі талаптарға сәйкес келуі тиіс:

      1) эмитентті мемлекеттік тіркеуі оның акцияларын ресми тізімге енгізу туралы өтініш беру күнінен кем дегенде екі жыл бұрын жүзеге асырылған. Қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес қайта ұйымдастыру нәтижесінде эмитент құрылған ұйымның (ұйымдардың) бар болу мерзімі есепке алынуы мүмкін.
      Егер қор биржасының ішкі құжаттарында акцияларының жүз пайызы мемлекетке немесе ұлттық холдингке не ұлттық басқарушы компанияларға тиесілі ұйымдар үшін бар болу мерзіміне екі жылдан кем талап қойылса, онда осы тармақтың 4) және 6) тармақшаларында белгіленген талаптар осы ұйымдардың нақты бар болу мерзіміне байланысты қолданылады;

      2) эмитент қаржылық есептілігін ҚЕХС немесе АҚШ ҚЕС сәйкес әзірлейді;

      3) эмитенттің қаржылық есептілігінің аудитін қор биржасымен танылатын аудиторлық ұйымдардың тізбесіне енген аудиторлық ұйымдардың бірімен жүзеге асырылады;

      4) рұқсат беру бастамашысы эмитенттің кем дегенде аяқталған соңғы екі қаржылық жылға аудиторлық есебімен расталған қаржылық есептілігін ұсынады. Егер аудиторлық есеппен расталған аяқталған соңғы қаржы жылының қаржылық есептілігі жасалған күннен бастап акцияларды осы санатқа енгізу туралы өтініш берілген күнге дейін алты айдан астам мерзім өтсе, рұқсат беру бастамашысы аралық қаржылық есептілігі бойынша аудиторлық есеп немесе аралық қаржылық ақпаратты шолу (эмитенттің аралық қаржылық есептілігінің толық жиынтығы) бойынша есеп береді;

      5) эмитенттің меншікті капиталы аудиторлық есеппен расталған соңғы есептілік күніне жасалған қаржылық есептілігіне сәйкес оның жарғылық капиталынан кем бола алмайды. Бұл ретте эмитенттің меншікті капиталы аудиторлық есеппен расталған соңғы есепті күніне жасалған қаржылық есептілігіне сәйкес айлық есептік көрсеткіштің жүз жетпіс бір мың еселенген мөлшерінен кем емес соманы құрайды.
      Осы санаттағы акциялар саудасы ашылған күннен бастап алты ай өткен соң қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес анықталатын осы акциялар эмитентінің нарықтық капиталдандырылуы айлық есептік көрсеткіштің сегіз миллион бес жүз алпыс мың еселенген мөлшерінен кем емес соманы құрауға тиіс.
      Осы тармақшаның екінші абзацының талаптары ресми тізімге артықшылықты акцияларды енгізу жағдайында қолданылмайды;

      6) акциялар эмитентінің соңғы екі жылдың әрқайсысында аудиторлық есебімен расталған соңғы есепті күніне жасалған қаржылық есептілігіне сәйкес таза табысының болуы;

      7) еркін айналымдағы акциялар саны аталған акциялар саудасы ашылған күннен бастап алты ай өткен соң орналасқан (сатып алынғандарды қоспағанда) акциялардың жалпы санының кем дегенде бес пайызын, аталған акциялар сауда-саттығы ашылған күннен бастап бір жыл өткен соң - он пайызын және аталған акциялар саудасы ашылған күннен бастап екі жыл өткен соң - он бес пайызын құрайды.
      Еркін айналымдағы акциялар санына "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының  64-бабына  сәйкес акционерлік қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылатын тұлғаларға тиесілі акциялар кірмейді.
      Акцияларының жүз пайызы мемлекетке, ұлттық холдингке не ұлттық басқарушы компанияға тиесілі ұйымдардың акцияларын ресми тізімге енгізу күніне, еркін айналымдағы акциялар саны бойынша талап осы акциялар сауда-саттығы ашылған күннен бастап алты ай өткен соң орналастырылған акциялар санының кем дегенде бес пайызын құрайды;

      8) Қазақстан Республикасының резиденттері акционерлік қоғамдарға қатысты - эмитент акционерлерінің жалпы жиналысы бекіткен корпоративтік басқару кодексінің болуы.
      Қазақстан Республикасының резидент еместеріне қатысты - корпоративтік басқару кодексінің немесе заңды тұлға ретінде эмитентті тіркеу елі заңнамасында көзделген тәртіппен бекітілген мазмұны бойынша өзге ұқсас құжаттың болуы, егер оның болуы заңды тұлға ретінде эмитентті тіркеу елі заңнамасында көзделген жағдайда;

      9) ресми тізімнің осы санатына акцияларды енгізу туралы мәселені қарастырғанға дейін қор биржасы мүшелерінің бірі оған осы акциялар бойынша маркет-мейкер мәртебесін беру туралы өтініш беруі тиіс, ал олардың осы санатта болған уақытында олар бойынша маркет-мейкердің бар болуы міндетті;

      10) эмитенттің құрылтай құжаттарында және/немесе бағалы қағаздардың шығарылым проспектісінде бағалы қағаздардың меншік иелерінің оларды иеліктен шығару (беру) құқықтарына нұқсан келтіретін немесе шектейтін нормалар болмайды.

      6. Қор биржасының ресми тізімінің үшінші санаты бойынша (ең жоғарғы санатынан кейінгі) "акциялар" секторына эмитент акцияларын енгізу және олардың онда болуы үшін осы бағалы қағаздар мен олардың эмитенті мынадай талаптарға сәйкес болуы керек:

      1) эмитент ҚЕХС немесе АҚШ ҚЕС сәйкес қаржылық есептілік әзірлейді; 

      2) эмитенттің қаржылық есептілігінің аудиті қор биржасымен мойындалатын аудиторлық ұйымдардың тізбесіне кіретін аудиторлық ұйымдардың бірімен жүргізіледі;

      3) рұқсат беру бастамашысы аудиторлық есеппен расталған эмитенттің қаржылық есептілігін эмитенттің соңғы аяқталған қаржылық жылына немесе эмитент бір жылдан кем қызметті жүзеге асырған жағдайда нақты жұмыс істеген кезеңіне ұсынылады;

      4) эмитенттің меншікті капиталы аудиторлық есеппен расталған соңғы есептік күндегі қаржылық есептілікке сәйкес айлық есептік көрсеткіштің елу бір мың еселі мөлшерінен кем емес баламалы соманы құрайды;

      5) ресми тізімнің осы санатына акцияларды енгізу туралы мәселені қарағанға дейін қор биржасы мүшелерінің бірі оған осы акциялар бойынша маркет-мейкер мәртебесін беру туралы өтініш беруі тиіс, ал олардың осы санатта болған уақытында олар бойынша маркет-мейкердің бар болуы міндетті;

      6) Қазақстан Республикасының резиденттері акционерлік қоғамдарға қатысты - эмитент акционерлерінің жалпы жиналысы бекіткен корпоративтік басқару кодексінің болуы.
      Қазақстан Республикасының резидент еместеріне қатысты - корпоративтік басқару кодексінің немесе заңды тұлға ретінде эмитентті тіркеу елі заңнамасында көзделген тәртіппен бекітілген, мазмұны бойынша өзге ұқсас құжаттың болуы, егер оның болуы заңды тұлға ретінде эмитентті тіркеу елі заңнамасында көзделген жағдайда;

      7) эмитенттің құрылтай құжаттарында және/немесе бағалы қағаздардың шығарылым проспектісінде бағалы қағаздардың меншік иелерінің оларды иеліктен шығару (беру) құқықтарына нұқсан келтіретін немесе шектейтін нормалар болмайды.

      7. "Борыштық бағалы қағаздар" секторы екі санатқа бөлінеді: 

      1) рейтингтік бағасы бар борыштық бағалы қағаздар (ең жоғарғы санат);

      2) рейтингтік бағасы жоқ борыштық бағалы қағаздар:
      бірінші шағын санаттың рейтингтік бағасы жоқ борыштық бағалы қағаздары (ең жоғарғы санат);
      екінші шағын санаттың рейтингтік бағасы жоқ борыштық бағалы қағаздары (ең жоғарғы санатынан кейінгі).

      8. Қор биржасының ресми тізімінің "борыштық бағалы қағаздар" секторының "рейтингтік бағасы бар борыштық бағалы қағаздар (ең жоғары санат)" санатына эмитенттің борыштық бағалы қағаздарын енгізу және олардың онда болуы үшін, осы бағалы қағаздар және олардың эмитенті мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:

      1) рейтингтік бағалары қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша қор биржасымен мойындалатын рейтингтік агенттіктердің тізбесіне кіретін рейтингтік агенттіктердің бірімен борыштық бағалы қағазына рейтингтік баға берілді. Бұл ретте қор биржасы соңғы он екі ай ішінде берілген (расталған, жаңартылған) сол рейтингтік бағаға ғана назар аударады. Бірнеше рейтингтік агенттіктер берген рейтингтік бағалар бар болғанда, осы бағалардың соңғысына мән беріледі;

      2) эмитентті мемлекеттік тіркеу оның бағалы қағаздарын ресми тізімге енгізу туралы өтініш берген күнге дейін екі жылдан кем емес уақыт ішінде жүзеге асырады. Қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес оны (оларды) қайта ұйымдастыру нәтижесінде эмитент құрылған ұйымның (ұйымдардың) қызмет атқару мерзіміне сынақ жүргізілуі мүмкін.
      Егер, қор биржасының ішкі құжаттарымен акцияларының жүз пайызы (жарғы капиталына қатысу үлестері) мемлекетке, ұлттық холдингке не ұлттық басқарушы компанияға тиесілі ұйымдар үшін екі жылдан кем қызмет атқару мерзіміне қойылатын талап белгіленген жағдайда, осы тармақтың 5) тармақшасында белгіленген талап осы ұйымдардың нақты қызмет ету мерзіміне байланысты қолданылады;

      3) эмитент ҚЕХС немесе АҚШ ҚЕС сәйкес қаржылық есептілікті әзірлейді;

      4) эмитенттің қаржылық есептілігінің аудиті қор биржасымен мойындалатын аудиторлық ұйымдардың тізбесіне кіретін аудиторлық ұйымдардың бірімен жүргізіледі;

      5) рұқсат беру бастамашысы соңғы екі аяқталған қаржы жылынан кем емес мерзім үшін аудиторлық есеппен расталған эмитенттің қаржылық есептілігін ұсынады. Егер аудиторлық есеппен расталған, соңғы аяқталған қаржы жылы үшін қаржылық есептілік жасалған күннен бастап, осы санатқа борыштық бағалы қағаздарды енгізу туралы өтініш берген күнге дейін, алты айдан астам уақыт өтсе, рұқсат беру бастамашысы аралық қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есепті немесе аралық қаржы ақпаратын (эмитенттің аралық қаржылық есептілігінің толық жиынтығын) шолу жөніндегі есепті ұсынады;

      6) Қазақстан Республикасының резиденттері акционерлік қоғамдарға қатысты - эмитент акционерлерінің жалпы жиналысы бекіткен корпоративтік басқару кодексінің болуы.
      Қазақстан Республикасының резидент еместеріне қатысты - корпоративтік басқару кодексінің немесе заңды тұлға ретінде эмитентті тіркеу елі заңнамасында көзделген тәртіппен бекітілген, мазмұны бойынша өзге ұқсас құжаттың болуы, егер оның болуы заңды тұлға ретінде эмитентті тіркеу елі заңнамасында көзделген жағдайда.

      7) ресми тізімнің осы санатына борыштық бағалы қағаздарды енгізу туралы мәселені қарастырғанға дейін қор биржасы мүшелерінің бірі оған осы борыштық бағалы қағаздар бойынша маркет-мейкер мәртебесін беру туралы өтініш беруі тиіс, ал олардың осы санатта болған уақытында олар бойынша маркет-мейкердің бар болуы міндетті.

      8) эмитенттің құрылтай құжаттарында және/немесе бағалы қағаздардың шығарылым проспектісінде бағалы қағаздардың меншік иелерінің оларды иеліктен шығару (беру) құқықтарына нұқсан келтіретін немесе шектейтін нормалар болмайды;

      9. Қор биржасының ресми тізімінің "борыштық бағалы қағаздар" секторының "рейтингтік бағасы бар борыштық бағалы қағаздар (ең жоғары санат)" санатына арнайы қаржы компаниясымен немесе арнаулы кәсіпорынмен шығарылған секьюритилендірілген борыштық бағалы қағаздарды енгізу және олардың онда болуы үшін, осы бағалы қағаздар және олардың эмитенті мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:

      1) эмитент бір немесе бірнеше секьюритилендіру мәмілелерін жүзеге асыру үшін арнайы құрылған заңды тұлға болып табылады;

      2) эмитент және оның рейтингтік бағасы бар борыштық бағалы қағаздары осы қаулының 8-тармағының 1), 3), 4) және 7) тармақшаларында белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс.

      10. Эмитенттің борыштық бағалы қағаздарын "борыштық бағалы қағаздар" секторының "рейтингтік бағасы жоқ борыштық бағалы қағаздар" санатының "бірінші шағын санаттың рейтингтік бағасы жоқ борыштық бағалы қағаздар (ең жоғарғы санат)" шағын санатына енгізу үшін, инфрақұрылымдық облигацияларды, қор биржасының ресми тізімін және олардың онда болуын қоспағанда, бағалы қағаздар және олардың эмитенті мынадай талаптарға сәйкес болуы керек:

      1) эмитенттің мемлекеттік тіркелуі оның бағалы қағаздарын ресми тізімге енгізу туралы өтініш берген күнге дейін кем дегенде екі жыл ішінде жүзеге асырылады. Қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес қайта ұйымдастыру нәтижесінде эмитент құрылған ұйымның (ұйымдардың) қызмет атқару мерзіміне сынақ жүргізілуі мүмкін.
      Егер қор биржасының ішкі құжаттарында акцияларының жүз пайызы (жарғы капиталына қатысу үлестері) мемлекетке, ұлттық холдингке не ұлттық басқарушы компанияға тиесілі ұйымдар үшін екі жылдан кем қызмет атқару мерзімі талабы белгіленген жағдайда, осы тармақтың 4), 6) және 7) тармақшаларында белгіленген талаптар осы ұйымдардың нақты қызмет ету мерзіміне байланысты қолданылады;

      2) эмитент ҚЕХС немесе АҚШ ҚЕС сәйкес қаржылық есептілікті әзірлейді;

      3) эмитенттің қаржылық есептілігінің аудиті қор биржасымен мойындалатын аудиторлық ұйымдардың тізбесіне кіретін аудиторлық ұйымдардың бірімен жүргізіледі;

      4) рұқсат беру бастамашысы соңғы екі аяқталған қаржы жылынан кем емес мерзім үшін аудиторлық есеппен расталған эмитенттің қаржылық есептілігін ұсынады. Егер аудиторлық есеппен расталған соңғы аяқталған қаржы жылы үшін қаржылық есептілік жасалған күннен борыштық бағалы қағаздарды осы санатқа кіргізу туралы өтініш берген күнге дейін алты айдан астам уақыт өтсе, рұқсат беру бастамашысы аралық қаржылық есептілігі бойынша аудиторлық есепті немесе аралық қаржы ақпаратын (эмитенттің аралық қаржылық есептілігінің толық жиынтығын) шолу жөніндегі есепті ұсынады;

      5) эмитенттің меншікті капиталы аудиторлық есеппен расталған соңғы есепті күндегі қаржылық есептілікке сәйкес оның жарғылық капиталынан кем болмауы тиіс. Бұл ретте эмитенттің меншікті капиталы аудиторлық есеппен расталған соңғы есепті күндегі қаржылық есептілікке сәйкес айлық есептік көрсеткіштің екі миллион елу мың еселі мөлшерінен кем емес баламалы соманы құрайды;

      6) соңғы екі жылдың әрқайсысындағы эмитенттің таза кірісі аудиторлық есеппен расталған соңғы есепті күндегі қаржылық есептілікке сәйкес айлық есептік көрсеткіштің сексен бес мың алты жүз еселі мөлшерінен кем емес баламалы соманы құрайды;

      7) лизингтік ұйымды және кредиттік серіктестікті қоспағанда қаржылық емес ұйымның негізгі қызметі бойынша соңғы екі жылдың әрқайсысындағы сату көлемі аудиторлық есеппен расталған қаржылық есептілік деректері бойынша айлық есептік көрсеткіштің екі миллион елу мың еселі мөлшерінен кем емес баламалы соманы құрайды;
      Егер облигация эмитенті соңғы аяқталған қаржы жылының төртінші тоқсаны немесе өтініш берген жылдың бірінші тоқсаны ішінде басқа ұйымдарға бақылауды алған жағдайда, оның бағалы қағаздарын қор биржасының ресми тізіміне енгізу туралы мәселе осы эмитенттің аудиторлық есеппен расталған аралық қаржылық есептілігінің (ағымдағы жылдың алты немесе тоғыз айындағы) деректері негізінде қарастырылуы мүмкін, оған сәйкес көрсетілген кезеңдегі оның сату көлемі осы тармақшаның бірінші абзацында белгіленген талаптарға сәйкес болады;

      8) Қазақстан Республикасының резиденттері акционерлік қоғамдарға қатысты - эмитент акционерлерінің жалпы жиналысымен бекітілген корпоративтік басқару кодексінің болуы.
      Қазақстан Республикасының резидент еместеріне қатысты - корпоративтік басқару кодексінің болуы немесе егер заңды тұлға ретінде эмитентті тіркеу елінің заңнамасымен оның болуы көзделген жағдайда, заңды тұлға ретінде эмитентті тіркеу елінің заңнамасымен көзделген тәртіппен бекітілген мазмұны бойынша ұқсас құжаттың болуы;

      9) ресми тізімнің осы шағын санатына борыштық бағалы қағаздарды енгізу туралы мәселені қарастырғанға дейін қор биржасы мүшелерінің бірі оған осы борыштық бағалы қағаздар бойынша маркет-мейкер мәртебесін беру туралы өтініш беруі тиіс, ал олардың осы шағын санатта болу уақытында олар бойынша маркет-мейкердің бар болуы міндетті;

      10) эмитенттің құрылтай құжаттарында және/немесе бағалы қағаздардың шығарылым проспектісінде бағалы қағаздардың меншік иелерінің оларды иеліктен шығару (беру) құқықтарына нұқсан келтіретін немесе шектейтін нормалар болмайды.

      11. Қор биржасының ресми тізімінің "борыштық бағалы қағаздар" секторының "рейтингтік бағасы жоқ борыштық бағалы қағаздар" санатының "екінші шағын санаттың рейтингтік бағасы жоқ борыштық бағалы қағаздар (ең жоғарғы санаттан кейінгі)" шағын санатына эмитенттің борыштық бағалы қағаздарын енгізу және олардың онда болуы үшін осы бағалы қағаздар және олардың эмитенті мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:

      1) инфрақұрылымдық облигациялар эмитентін қоспағанда, эмитенттің мемлекеттік тіркелуі оның бағалы қағаздарын ресми тізімге енгізу туралы өтініш берген күнге дейін кем дегенде бір жыл ішінде жүзеге асырылады. Қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес қайта ұйымдастыру нәтижесінде эмитент құрылған ұйымның (ұйымдардың) қызмет атқару мерзіміне сынақ жүргізілуі мүмкін.
      Егер қор биржасының ішкі құжаттарында акцияларының жүз пайызы (жарғы капиталына қатысу үлестері) мемлекетке, ұлттық холдингке не ұлттық басқарушы компанияға тиесілі ұйымдар үшін бір жылдан кем қызмет атқару мерзімі талабы белгіленген жағдайда, осы тармақтың 4), 7) және 8) тармақшаларында белгіленген талаптар осы ұйымдардың нақты қызмет ету мерзіміне байланысты қолданылады;

      2) эмитент ҚЕХС немесе АҚШ ҚЕС сәйкес қаржылық есептілікті әзірлейді;

      3) эмитенттің қаржылық есептілігінің аудиті қор биржасымен мойындалатын аудиторлық ұйымдардың тізбесіне кіретін аудиторлық ұйымдардың бірімен жүргізіледі;

      4) рұқсат беру бастамашысы инфрақұрылымдық облигациялар эмитентін қоспағанда, соңғы толық аяқталған қаржы жылынан кем емес мерзім үшін аудиторлық есеппен расталған эмитенттің қаржылық есептілігін ұсынады. Егер аудиторлық есеппен расталған соңғы аяқталған қаржы жылы үшін қаржылық есептілік жасалған күннен борыштық бағалы қағаздарды осы санатқа кіргізу туралы өтініш берген күнге дейін алты айдан астам уақыт өтсе, рұқсат беру бастамашысы аралық қаржылық есептілігі бойынша аудиторлық есепті немесе аралық қаржы ақпаратын (эмитенттің аралық қаржылық есептілігінің толық жиынтығын) шолу жөніндегі есепті ұсынады;

      5) эмитенттің құрылтай құжаттарында және/немесе бағалы қағаздарды шығару проспектісінде бағалы қағаздардың меншік иелерінің оларды иеліктен шығару (беру) құқықтарына нұқсан келтіретін немесе шектейтін нормалар болмайды;

      6) эмитенттің меншікті капиталы аудиторлық есеппен расталған соңғы есепті күндегі қаржылық есептілікке сәйкес оның жарғылық капиталынан кем болмауы тиіс. Бұл ретте эмитенттің меншікті капиталы аудиторлық есеппен расталған соңғы есепті күндегі қаржылық есептілікке сәйкес айлық есептік көрсеткіштің үш жүз қырық мың еселі мөлшерінен кем емес баламалы соманы құрайды;

      7) соңғы аяқталған қаржы жылы үшін инфрақұрылымдық облигациялардың эмитентін қоспағанда, эмитенттің таза кірісі соңғы есепті күнде аудиторлық есеппен расталған қаржылық есептілікке сәйкес айлық есептік көрсеткіштің үш мың төрт жүз еселенген мөлшерінен кем емес баламалы сомасын құрайды;

      8) лизингтік ұйым және кредит серіктестігінен басқа, қаржылық емес ұйымның сату көлемі аудиторлық есеппен расталған қаржылық есептіліктің деректері бойынша соңғы қаржылық жыл ішінде негізгі қызметі бойынша айлық есептік көрсеткіштің үш жүз қырық мың еселенген мөлшерінен кем емес баламалы сомасын құрайды;
      Егер облигация эмитенті соңғы аяқталған қаржы жылының төртінші тоқсаны немесе өтініш берген жылдың бірінші тоқсаны ішінде басқа ұйымдарға бақылауды алған жағдайда, оның бағалы қағаздарын қор биржасының ресми тізіміне енгізу туралы мәселе осы эмитенттің аудиторлық есеппен расталған аралық қаржылық есептілігінің (ағымдағы жылдың алты немесе тоғыз айындағы) деректері негізінде қарастырылуы мүмкін, оған сәйкес көрсетілген кезеңдегі оның сату көлемі осы тармақшаның бірінші абзацында белгіленген талаптарға сәйкес болады;

      9) Қазақстан Республикасының резиденттеріне - акционерлік қоғамдарына қатысты - эмитент акционерлерінің жалпы жиналысы бекіткен корпоративтік басқару кодексінің болуы.
      Қазақстан Республикасының резидент еместеріне қатысты - корпоративтік басқару кодексінің болуы немесе егер заңды тұлға ретінде эмитентті тіркеу елінің заңнамасымен оның болуы көзделген жағдайда, заңды тұлға ретінде эмитентті тіркеу елінің заңнамасымен көзделген тәртіппен бекітілген мазмұны бойынша ұқсас құжаттың болуы;

      10) ресми тізімнің осы шағын санатына борышты бағалы қағаздарды енгізу туралы мәселені қарастырғанға дейін қор биржасы мүшелерінің қайсыбірі аталған борышты бағалы қағаздар бойынша оған маркет-мейкер мәртебесін беру туралы арыз беруі, ал олардың осы шағын санатта болуы кезінде олар бойынша маркет-мейкердің болуы міндетті болып табылады;

      12. Инфрақұрылымдық облигациялар қор биржасы ресми тізімінің "борыштық бағалы қағаздар" секторының "рейтингтік бағасы жоқ борыштық бағалы қағаздар" санатының "рейтингтік бағасы жоқ борыштық бағалы қағаздар екінші шағын санатына" (ең жоғарғы санатынан кейінгі) шағын санатына енгізіледі.
      Қор биржасының ресми тізіміне инфрақұрылымдық облигацияларды енгізу және сонда қалдыру үшін осы облигациялар және олардың эмитенті осы қаулының 11-тармағының 2), 3), 8), 9) және 10) тармақшаларында белгіленген талаптарға сәйкес болуы қажет.

      13. Қор биржасының ресми тізіміне арнайы кәсіпорындармен шығарылған борыштық бағалы қағаздарды енгізу үшін, осы эмитенттің жалғыз құрылтайшысы (қатысушысы) болып табылатын ұйымның кепілдігіне шығарылған, талаптар борыштық бағалы қағаздардың эмитентінің өзіне емес, кепілдік беруші ұйымға қолданылады.

      14. Қор биржасының ресми тізіміне инвестициялық қордың бағалы қағаздарын енгізу үшін және онда қалдыру үшін, осы бағалы қағаздар, инвестициялық қорды басқарушы компания немесе акционерлік инвестициялық қор, егер ол инвестициялық портфелді басқаруға лицензиясы не болмаса заңды тұлға ретінде инвестициялық қордың тіркеу елінің заңнамасымен көзделген тиісті құжаты болса (бұдан әрі - инвестициялық қорды басқарушы компания немесе акционерлік инвестициялық қор) мынадай талаптарға сәйкес болуы тиіс:

      1) инвестициялық қордың бағалы қағаздар шығарылымын тіркеу елінің заңнамасына сәйкес олар шығарған бағалы қағаздар қор биржасының сауда-саттық жүйесінде орналастырылуына және айналымда болуына рұқсат етілуі тиіс;

      2) инвестициялық қорды басқарушы компания немесе акционерлік инвестициялық қор ҚЕХС немесе АҚШ ҚЕС сәйкес қаржылық есептілікті құрайды;

      3) ресми тізімнің осы секторына бағалы қағаздарын енгізу туралы өтініш берілген күніне инвестициялық қорды басқарушы компания немесе акционерлік инвестициялық қор инвестициялық портфелді басқаруға лицензия немесе заңды тұлға ретінде инвестициялық қордың тіркеу елінің заңнамасымен көзделген тиісті құжатты алған күннен бастап бір жылдан кем емес уақыт өтті;

      4) рұқсат беру бастамашысы соңғы толық аяқталған қаржы жылы не нақты қызмет атқарған кезеңі үшін инвестициялық қорды басқарушы компаниясының немесе акционерлік инвестициялық қордың аудиторлық есеппен расталған қаржылық есептілігін ұсынады.
      Егер соңғы аяқталған қаржы жылы үшін аудиторлық есеппен расталған қаржылық есептілік жасалған күннен бастап ресми тізімнің осы секторына инвестициялық қордың бағалы қағаздарын енгізу туралы өтініш берілген күнге дейін алты айдан астам уақыт өтсе, рұқсат беру бастамашысы инвестициялық қорды басқарушы компаниясының немесе акционерлік инвестициялық қордың аралық қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есепті немесе аралық қаржы ақпаратын шолу (эмитенттің аралық қаржылық есептілігінің толық жиынтығы) жөніндегі есепті ұсынады;

      5) инвестициялық қорды басқарушы компаниясының немесе акционерлік инвестициялық қордың меншікті капиталы жарғы капиталынан аз болмауы тиіс және соңғы есептілік күнде аудиторлық есеппен расталған қаржылық есептілікке сәйкес айлық есептік көрсеткіштің төрт жүз мың еселенген мөлшерінен кем емес баламалы сомасын құрайды.

      6) инвестициялық қорды басқарушы компаниясының немесе акционерлік инвестициялық қордың қаржылық есептілігінің аудиті қор биржасымен мойындалатын аудиторлық ұйымдардың тізбесіне кіретін аудиторлық ұйымдарының бірімен жүргізіледі;

      7) инвестициялық қордың оның басқарушы компаниясы немесе инвестициялық қорда болуының барлық мерзімі ішінде оның бағалы қағаздарды ұстаушылар алдындағы міндеттемелерді орындамау немесе уақтылы орындамау жағдайлары жоқ;

      8) ресми тізімнің осы секторына бағалы қағаздарды енгізу туралы мәселені қарастырғанға дейін қор биржасы мүшелерінің бірі оған осы бағалы қағаздар бойынша маркет-мейкер мәртебесін беру туралы өтініш беруі тиіс, ал олардың ресми тізімде болуы кезінде олар бойынша маркет-мейкердің бар болуы міндетті;

      9) инвестициялық қорды басқарушы компанияның немесе акционерлік инвестициялық қордың соңғы есептілік күнде таза активінің құны инвестициялық қордың басқарушы компаниясының немесе акционерлік инвестициялық қордың аудиторлық есеппен расталған қаржылық есептілікке сәйкес айлық есептік көрсеткіштің екі жүз он бес мың еселенген мөлшерінен кем емес баламалы сомасын құрайды.
      Егер қор биржасының ресми тізіміне енгізу күнге осы инвестициялық қордың орналастырылған бағалы қағаздары жоқ болған жағдайда, таза активтердің құны бойынша осы тармақшаның талаптары инвестициялық қордың осы бағалы қағаздармен сауда-саттық ашылған күннен бастап үш айдан кейін қолданылады;

      10) инвестициялық қордың бағалы қағаздарды ұстаушылардың саны осы бағалы қағаздармен сауда-саттық ашылған күннен бастап үш ай өткен соң елуден кем емес құрауы тиіс;

      11) инвестициялық қорды басқарушы компания немесе акционерлік инвестициялық қор, қор биржасының ішкі құжаттарымен белгіленген талаптарға сәйкес инвестициялық қордың инвестициялық декларациясын ашуды жүзеге асырады.

      12) басқарушы компанияның немесе акционерлік инвестициялық қордың құрылтай құжаттарында бағалы қағаздардың меншік иелерінің оларды иеліктен шығару (беру) құқықтарына нұқсан келтіретін немесе шектейтін нормалардың болмауы.

      15. Индекстік қордың бағалы қағаздарын қор биржасының ресми тізіміне енгізу және онда қалдыру үшін индекстік қор мен оның бағалы қағаздары мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:

      1) осы қаулының 14-тармағының 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10) және 11) тармақшаларында көзделуі;

      2) индекстің өкілдік тізіміне кіретін бағалы қағаздар қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша қор биржасымен мойындалатын, биржалардың тізбесіне кіретін қор биржаларының ішіндегі біреуінің ресми тізіміне енгізілуі.

      16. "Депозитарлық қолхаттар" секторындағы айналымға базалық активі Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің заңнамасына сәйкес шығарылған акция болып табылатын депозитарлық қолхаттар жіберіледі.
      Депозитарлық қолхаттарды қор биржасының ресми тізіміне енгізуге қойылатын талаптар осы қаулының  5-тармағында  белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс және базалық актив болып табылатын акцияларға және олардың эмитентіне қатысты қолданылады.

      17. "Халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары" секторындағы айналымға халықаралық қаржы ұйымдарының мынадай талаптарға сәйкес келетін эмиссиялық бағалы қағаздары жіберіледі:

      1) олардың есебі орталық депозитарийдің есеп жүйесінде жүзеге асырылуы;

      2) ресми тізімнің осы секторына бағалы қағаздарды енгізу туралы мәселені қарастырғанға дейін қор биржасы мүшелерінің бірі оған осы бағалы қағаздар бойынша маркет-мейкер мәртебесін беру туралы өтініш беруі тиіс, ал олардың осы секторда болу кезінде олар бойынша маркет-мейкердің бар болуы міндетті.
      Эмиссиялық бағалы қағаздары қор биржасының сауда жүйесінде айналымға жіберілетін халықаралық қаржы ұйымдарының тізбесін қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша қор биржасы белгілейді.

      18. "Мемлекеттік бағалы қағаздар"секторындағы айналымға Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің заңнамасына сәйкес шығарылған мемлекеттік бағалы қағаздар жіберіледі:

      1) олардың есебі орталық депозитарийдің есеп жүйесінде жүзеге асырылады;

      2) ресми тізімнің осы секторына бағалы қағаздарды енгізу туралы мәселені қарастырғанға дейін қор биржасы мүшелерінің бірі оған осы бағалы қағаздар бойынша маркет-мейкер мәртебесін беру туралы өтініш беруі тиіс, ал олардың осы секторда болу кезінде олар бойынша маркет-мейкердің бар болуы міндетті. Осы тармақтың талабы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына қолданылмайды.
      Қор биржасының сауда жүйесіндегі айналымға "В-" (Standard & Poor's және Fitch рейтинг агенттіктерінің жіктелімі бойынша) немесе "В3" (Moody's рейтинг агенттігінің жіктелімі бойынша) төмен емес шетел валютасындағы егемен ұзақ мерзімді кредиттік рейтинг бағасы бар мемлекеттер шығарған шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары жіберіледі.

      19. Жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын "мемлекеттік бағалы қағаздар" секторына енгізу және онда қалдыру үшін аталған облигациялар мен олардың эмитенті осы қаулының 18-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс.

      20. Қор биржасының ресми тізімінің "Туынды бағалы қағаздар" секторына туынды бағалы қағаздарды енгізу және онда қалдыру үшін аталған бағалы қағаздар мен олардың эмитенті қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісілген қор биржасының ережесінде белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс.

      21. Қор биржасының ресми тізіміне эмитенттердің бағалы қағаздарын ықшамдалған рәсім бойынша енгізу және онда қалдыру үшін аталған бағалы қағаздар мен олардың эмитенті мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:

      1) бағалы қағаздары қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша қор биржасымен мойындалатын, биржалар тізбесіне кіретін қор биржаларының ішіндегі біреуінің ресми тізіміне енгізілуі тиіс;

      2) эмитенттердің ақпаратты ашуы тиісті қор биржаларының ресми сайттарында және қор биржасы мен рұқсат беру бастамашысы немесе  эмитент арасында жасалған ақпаратты ашу туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылуы;

      3) ресми тізімге бағалы қағаздарды енгізу туралы мәселені қарастырғанға дейін қор биржасы мүшелерінің бірі оған осы бағалы қағаздар бойынша маркет-мейкер мәртебесін беру туралы өтініш беруі тиіс, ал олардың осы секторда болу кезінде олар бойынша маркет-мейкердің бар болуы міндетті;

      4) эмитенттің құрылтай құжаттарында және/немесе бағалы қағаздардың шығарылым проспектісінде бағалы қағаздардың меншік иелерінің оларды иеліктен шығару (беру) құқықтарына нұқсан келтіретін немесе шектейтін нормалардың болмауы.

      22. Бағалы қағаздарды секторлардың жекелеген санатына (шағын санатына) ықшамдалған рәсім бойынша жатқызу қор биржасының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      23. Қор биржасының ережелерінде осы қаулыда айтылған талаптардан өзге рұқсат беру бастамашыларына және листингтік компанияларға қойылатын қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.

      24. Қор биржасының ережелерінде бағалы қағаздарды ресми тізімге енгізу, сондай-ақ ресми тізімнен алып тастау, бір санаттан екінші санатқа ауыстыру туралы өтінішті қарастыру тәртібі мен мерзімдері бекітіледі.

      25. Қор биржасындағы жария компанияның жай акцияларымен сауда-саттық жасау көлемі соңғы он күнтізбелік ай ішінде ай сайын айлық есептік көрсеткіштің жүз мың есе мөлшерінен кем болмауы тиіс.

      26. Осы қаулыны қолданысқа енгізгенге дейін қор биржасының ресми тізіміне ең жоғарғы және ең жоғарғыдан кейінгі санат бойынша енгізілген бағалы қағаздар осы қаулыны қолданысқа енгізген күннен бастап үш ай ішінде бағалы қағаздардың тиісті санатына аударуға жатады.
      Осы қаулының 8, 9, 10, 11 және 12- тармақтарында  көзделген талаптарға сәйкес келмейтін, қор биржасының ресми тізіміне ең жоғарғы және ең жоғарғыдан кейінгі санат бойынша енгізілген борыштық бағалы қағаздар "рейтингтік бағасы жоқ борыштық бағалы қағаздар" санатының екінші шағын санатына аударылады.

      27. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қор биржасының ресми тізіміне осы қаулының 8 және 9- тармақтарында  көзделген талаптарға сәйкес келетін борыштық бағалы қағаздар ғана енгізіледі.
      2009 жылғы 31 желтоқсанға дейін ресми тізімге енгізілген рейтингтік бағасы жоқ борыштық бағалы қағаздар осы қаулының 10, 11 және 12- тармақтарына  сәйкес өтеу күніне дейін ресми тізімнің тиісті санатында қалдырылады.

      28. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Эмитенттерге және қор биржасында айналысқа жіберілетін (жіберілген) олардың бағалы қағаздарына, сондай-ақ қор биржасының тізіміндегі жеке санаттарға қойылатын талаптар туралы" 2007 жылғы 30 наурыздағы N 73  қаулысы  (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 4664 тіркелген, "Заң газеті" газетінде 2007 жылғы 1 маусымдағы N 82 (1285) санында жарияланған) қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      29. Осы қаулы 2008 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

      30. Қор биржасы 2008 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде өзінің ішкі құжаттарын осы қаулының талаптарына сәйкес келтірсін.

      31. Бағалы қағаздар нарығының субъектілерін және жинақтаушы зейнетақы қорларын қадағалау департаменті (М.Ж. Хаджиева):

      1) Заң департаментімен (Н.В. Сәрсенова) бірлесе отырып осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;

      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде оны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне және "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне мәлімет үшін жіберсін.

      32. Агенттіктің Төрайым қызметі осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.

      33. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрайымының орынбасары А.Ө. Алдамбергенге жүктелсін.

       Төрайым                                          Е. Бахмутова