Тарихи-мәдени сараптама жүргізудің ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің 2007 жылғы 20 тамыздағы N 219 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 14 қыркүйекте Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4933 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      "Тарихи-мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі Заңының 19-бабы 7) тармақшасына сәйкес  БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Тарихи-мәдени сараптама жүргізудің ережесі бекітілсін.

      2. Тарихи-мәдени мұра департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жолдасын;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр А.И. Бөрібаевқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның бірінші рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Министр

                                         Қазақстан Республикасы
                                         мәдениет және ақпарат
                                             Министрінің
                                        2007 жылғы 20 тамыздағы
                                      N 219 бұйрығымен бекітілген

Тарихи-мәдени сараптама жүргізудің ережесі 1. Жалпы ереже

      1. Осы тарихи - мәдени сараптама жүргізудің ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  19-бабы 7) тармақшасына сәйкес әзірленген және тарихи-мәдени мұра объектілеріне тарихи-мәдени сараптама жүргізудің тәртібін айқындайды.

      2. Тарихи-мәдени сараптама (бұдан әрі - Сараптама) мәдени-мұра объектісінің тарихи-мәдени маңызын және сақталу деңгейін белгілеу мақсатында жүргізіледі.

      3. Халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне сараптаманың жүргізілуін тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - Уәкілетті орган) қамтамасыз етеді.

      4. Тарихи-мәдени мұра объектілеріне немесе жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне сараптаманың жүргізілуін қамтамасыз етуді облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы (бұдан әрі - Жергілікті атқарушы орган) жүзеге асырады.

  2. Тарихи-мәдени сараптама жүргізудің тәртібі мен шарттары

      5. Тарихи-мәдени мұра объектілеріне немесе тарих және мәдениет ескерткіштеріне сараптама уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның шешімі негізінде тарих және мәдениет ескерткіштерінде археологиялық және (немесе) ғылыми-жаңғырту жұмыстарын жүргізу лицензиясы бар сарапшыны (сарапшыларды) тарту арқылы жүргізіледі.

      6. Уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган сарапшыға (сарапшыларға) мынадай материалдар ұсынады:
      1) тарихи-мәдени мұра объектісіне тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін беру мақсатында:
      сипаттамасы, орнатылған уақыты мазмұндалған мәлімет;
      тарихи-мәдени мұра объектісінің фотосуреті;
      2) тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесінен айыру мақсатында; тарих және мәдениет ескерткішінің төлқұжаты, есеп карточкасы; тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау міндеттемесі.

      7. Сараптама сарапшыға (сарапшыларға) материалдарды ұсынған күнінен бастап отыз күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде жүргізіледі.

      8. Сараптаманы жүргізу үшін қосымша материалдар мен ақпаратты зерделеу қажет болған кезде сараптаманы жүргізу мерзімі отыз күнтізбелік күнге ұзартылуы мүмкін.

      9. Уәкілетті орган және жергілікті атқарушы орган мүдделі мемлекеттік органдарға және басқа ұйымдарға сұрау салулар жіберу жолымен сарапшыға (сарапшыларға) қосымша материалдар мен ақпарат алуға жәрдем көрсетеді.

      10. Сараптама жүргізу кезінде сарапшы (сарапшылар):
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органмен жасалған шарттың талаптарын сақтау;
      2) тарихи-мәдени мұра объектісінің немесе тарих және мәдениет ескерткіштерінің орнына барып, тікелей қарауды жүзеге асыру қажет.

      11. Сараптама жүргізу барысында сарапшы (сарапшылар):
      1) уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган қойған мәселелер бойынша дәлелді, объективті және толық сараптамалық қорытынды дайындайды;
      2) сараптама жүргізу үшін ұсынылған сараптама объектісі, материалдар мен ақпараттар туралы мәліметтерді жария етпейді, сондай-ақ оларға жария баға беруден тартынады.

      12. Сараптама жүргізу мүмкін еместігі және оны жүргізуге кедергі келтіретін жағдайлар туралы сарапшы (сарапшылар) уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органды жедел хабардар етеді.

      13. Жүргізілген сараптаманың нәтижелері бойынша сараптамалық қорытынды жасалады, ол сараптама жүргізудің мәні бойынша сарапшылардың дәлелді, ғылыми негізделген, объективті және толық тұжырымдарын қамтуға тиіс.

      14. Сараптамалық қорытынды сараптама жүргізген ұйымның фирмалық бланкісінде дайындалады, ал сараптаманы жеке тұлға жүргізген жағдайда қорытындыда оның тегі, аты, әкесінің аты және оның құзыреттілігін көрсететін деректер көрсетіледі.

      15. Сараптамалық қорытындыда мыналар көрсетілуге тиіс:
      1) сараптама жүргізген ұйым немесе тұлға лицензияның нөмірі және оның берілген мерзімі;
      2) ғылымның ол бойынша сараптама жүргізілген саласы;
      3) сараптаманың мәні мен мақсаттары;
      4) сараптама объектісінің атауы;
      5) сараптама объектісінің белгіленуі;
      6) қойылған сұрақтарға негізделген және толық жауаптар.

      16. Сараптама қорытындысында сараптама объектісі бойынша қосымша мәліметтер көрсетілуі мүмкін.

  3. Қорытынды ереже

      17. Жүргізіліген сараптама нәтижесі бойынша сарапшы (сарапшылар):
      1) сараптама объектісіне тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін беру жөнінде;
      2) сараптама объектісін тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесінен айыру жөнінде қорытынды шығарады.